• Руханият
  • 09 Шілде, 2021

«ҚАЗАҚ ҮШІН ШАМ ҚЫЛҒАН ЖҮРЕК МАЙЫН»

Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ         

«Ana tili»

Тәуелсіздіктің 30 жылы аясында және Астана күні қарсаңында Алаштың үш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Алаш ардақтыларын ардақтаған ескерткіштің тарихи мәніне тоқталды.

– Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағар­тушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұра­нына айналған «Оян, қазақ!» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де бірегей, тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі. «Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашан да қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті... Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алаш» автономиясының 100 жылдығын атап өттік. Биыл Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтуде. Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық. Менің Жарлы­ғыммен Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мемле­кеттік комиссия құрылды. Алаштану ғылымы арыстарымыздың еңбектерін барынша қамтуы керек. Жыл өткен ­сайын Алаштың абыройы асқақтап, беделі биіктей береді. Олардың атқарған ісі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Себебі ұлт мүддесі, ел қамы деген ұғымдар – мәңгі құндылықтар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рас, «Алаш» ұғымы, идеясы, ұста­нымы мәңгілік болуы тиіс. Бұлар – мем­лекетіміздің негізін қалаған құн­дылықтар. Сондықтан Алаш арыстарына көрсетілген мұндай құрмет еліміздің бар өңірінде жалғасып, елдің рухын көтере беруі қажет!

«Қараңғы қазақ көгіне» Күн болып шығуға серт берген ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров заманында үш арыстың бейнесіне арнап өлеңмен мүсін соққан еді.

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді,

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын – деген ақын өлеңі Алаш арыстарының еліне қызмет еткен еңбегіне қойылған сөз-ескерткіш іспетті...

Ахмет Байтұрсынұлы:

    Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан Алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-­сауабына сіздер қаласыздар.

    Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек.

 

Әлихан Бөкейхан:

    Қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір тасы өзінің өңіріне түйме болып қадалуы тиіс.

    Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу  керек.

    Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге  телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.

 

Міржақып Дулатұлы:

    Әрбір адам шенеунік болуы мүмкін. Бірақ әрбір шенеунік қазақ бола алмайды.

    Халқың надан болса, мың депутатың болсын онан пайда жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс.

            Сот түзелмей – халық түзелмейді.

1727 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы