• Мәдениет
  • 14 Шілде, 2021

РЕКОРДТАР ЖАҢҒЫРҒАН ЧЕМПИОНАТ

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

11 маусымда басталып, футбол сүйер қауымды көгілдір экран алды мен стадиондарға жинаған  Еуропа чемпионаты 11 шілдеге дейін созылды. Жалпы бұл доп додасының тарихы 1960 жылы Францияда басталған болатын. Төрт жылда бір өткізілетін байрақты бәсеке УЕФА аталатын, әлемде футболдың мәселесін шешіп тұрған халықаралық ұйымның басшылығымен өткізіледі. Сондықтан да бұл чемпионаттың бәсі биік, беделі жоғары, жеңімпаздарға берілетін қаржысы да еуровалютамен есептеліп, төленеді. 

 

Биылғы Еуропа чемпионатына 24 команда қатысып, 20 команда біліктілігі бойынша жолдама алды. Ал тағы 4 құрама УЕФА – Ұлттық лига турнирінің ұсынуымен додаға араласты. Бір айға созылған турнир кезінде жанкүйерлер 51 ойынды тамашалады. 36 ойын топтық кезеңде, тағы 15 кездесу плей-офф аясында ойналды. Еуропа чемпионатының матчтары он бір қалада өтті: Амстердам, Баку, Будапешт, Бухарест, Глазго, Копенгаген, Лондон, Мюнхен, Рим, Санкт-Петербург және Севилья. Ал турнирдің бас қаласы – Лондон болды. Дәл осы шаһарда құрамалар арасындағы сегіз кездесу, оның ішінде шешуші кездесулер – жартылай финал мен финалдық ойын ойналды.

16-шы чемпионатты асыға күткен футбол жанкүйерлерінің сұрауы бойынша және карантин жағдайы сәл жеңілдеген соң көрерменге стадиондарға кіруге рұқсат берді. Бірақ стадионның көрерменге толу деңгейі 50 пайыздан аспауы керек деген талап қойылды. Турнирдің бойтұмары ретінде фристайл мен көше футболын жақсы көретін Скиллзи атты ұл бала таңдалды.

Еуропа чемпионатының 16-шы туры бірінші кезеңнен эмоцияға толды. Оның ішінде Дания құрамасының футболшысы Кристиан Эриксеннің жүрек талмасы ұстап, оны дәрігерлердің футбол алаңында дефибриллятордың көмегімен реани­мациялағаны біраз әңгімеге арқау болды.

Алғашқы кезеңнің сегіз ойында да бұрыннан танымал фавориттері жеңіске жетті. Сондай-ақ ойындарындағы алғашқы гол ретінде Түркия құрамасының қорғаушысы Мерих Демиралдың автоголы тіркелді. Бұған дейін турнир тарихында автогол алғашқы гол болған емес...

Сонымен, Лондондағы «Уэмбли» стадионында футболдан Еуропа чемпионатының финалдық ойыны өтті. Өз топтарынан жеңімпаз болып шыққан Италия мен Англия құрамалары Еуропаның 16-шы чемпионы атағына таласты. Ағылшындар жылдам гол соқты. Ойынның небәрі 2 минутында Люк Шоу финалдағы алғашқы голдың авторы атанды. Бұл «Манчестер Юнайтед» қорғаушысының ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы екенін де футбол мамандары айтып үлгерді. Айтпақшы, Шоудың голы – Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жылдам гол болғаны да кейін белгілі болды. Бұған дейінгі рекорд испан футболшысы Хесус Передаға тиесілі еді. Ол 1964 жылғы додада 5 минут 17 секундта мергендік танытыпты. Қош. Бұл жылдам гол да футбол жылнамасына еніп кетті.

Финалдық ойынның есебі жылдам ашылғанымен, сол нәтиже 67 минутқа дейін өзгеріссіз тұрды. 67 минутта Италия құрамасының қорғаушысы Леонардо Бонуччи гол соғып, италиялық жан­күйерлердің үміт шоғын үрледі. Жеңістен теңдей үмітті қос құрама қосымша уақытта да жеңімпазды анықтай алмай, пенальти сериясына жүгінді. Пеналти кезеңінде Роберто Манчини шәкірттері 3:2 есебімен жеңіп кетті. Соңғы сәтте Пикфорд Италия ойыншысы Джорджиньоның соққысын қайтарып, үміт отын оятқан. Алайда соңғы болып допқа жақындаған ағылшын құрамасының жас ойыншысы Сака соққысының траекториясын Доннарума дәл тапты. Кейіннен ағылшын құрамасының бас бапкерінің шешуші сәтте жас ойыншыға сенім артқанын мамандар сынға алып жатты...

Бұл Италия құрамасының Еуропа чемпионатындағы екінші жеңісі. Соңғы рет 1968 жылы жеңіске жеткен еді. Ал ­Англия құрамасы турнир финалына тұңғыш рет шығып және онысы сәтсіз аяқталды.

Италия құрамасының бұл жолғы жеңіс жолын сараптасақ, топтық кезеңдегі үш ойыннан толық 9 ұпай жиып, плей-офф кезеңіне сенімді шықты. Бұдан әрі қарай да Роберто Манчини шәкірттері жанкүйерлер сенімін иеленген команда болды. Әр кездесу сайын бабы келісіп, бағы жанған құрамаға айналды. Мәселен, 1/8 финалда Бэйл бастаған Уэльс жігіттерін 2:1 есебімен жеңді. Ширек финалда көпшілік үміт күткен Бельгияны да дәл осы есеппен ұтты. Жартылай финалда Испания құрамасымен тең түсті. Алайда пенальти сериясында Луис Энрике шәкірттеріне қарағанда мерген екенін дәлелдеді. Сөйтіп, финалға мол тәжірибемен сенімді жетті.

Англия құрамасының да чемпио­наттағы ойыны жеңіспен басталып, өз тобында бірінші орын алды. Жиғаны – 7 ұпай. Олар Хорватияны 1:0 есебімен жеңсе, Шотландиямен тең түсті (0:0), топтағы соңғы матчта чех құрамасын тағы да 1:0-мен жеңді. Ал 1/8 финалда неміс футболшылары ағылшындарға қарсы айла жасай алмады. Бұл ойын 2:0 есебімен Саутгейт командасының жеңіске жетті. Ағылшындар ширек финалда тіпті ширақ ойын көрсетті. Украинаны 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Одан соң жартылай финалда Дания құрамасымен жолықты. Бұл екі құрама 1992 жылы да кездесіп, дат ойыншылары жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы ағылшындар есе қайтарды. Есеп 2:1, Англия құрамасының пайдасына шешілді. Экстра-таймда пенальтиді сәтті орындаған капитан Хәрри Кейн өз құрамасын осылайша финалға алып шыққан еді.

Еуропа чемпионатындағы голдар статистикасына көз салсақ, жарысты жарты жолдан тәмамдаған Криштиану Роналду Португалия мен Патрик Шик (Чехия) турнирдің бас сұрмергендері атаныпты. Екеуінің де еншісінде 5 голдан бар. Нәтижелі пас беру бойынша Швейцария құрамасының ойыншысы Стивен Цуберге тең келер ешкім болмаған. Ол турнир барысында 4 рет голға айналар пас беріп, ­шебер ойыншы екенін дәлелдеген. ­Осылайша Еуропаның 16-шы чемпионатының тарихы өз ерекшеліктерімен өрнектелді.

1524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы