• Тұлға
  • 14 Шілде, 2021

Жолдасбектің жазбалары

Жазу – қасиетті өнер. Осы қасиетті өнерді өміріне серік еткен азаматтың бірі де бірегейі ел білетін Жолдасбек ­Дуанабай болатын. Қаламға деген құштарлығы мектеп партасында басталған екен. Әуелі балалардың сүйікті басылымы «Қазақстан пионері» – бүгінгі «Ұлан», одан кейін аудандық, облыстық газеттерге тырнақалды дүниелерін үзбей жіберіп, елге жас тілші ретінде ерте танылады. 8-ші сыныптан кейін кәсіптік-техникалық училищені үздік бітіреді, Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде режиссерлік білім алады. Бірер жыл өзі туып-өскен Мерке ауданында әртүрлі қызмет атқарады. Қай жерде жүрмесін жазуға деген құштарлық оған маза бермеген екен. Ақыры алаула­ған арманы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне әкеледі. Талапкер ретінде қабылдау комиссиясына келгенде, Жолдас­бектің құжаттарының ішінде 2000-дай жарық көрген материалы болғаны ұстаздардың да айта жүрер аңыз-әңгімесіне айналыпты.

Жолдасбектің өзі бірге оқыған курстас­тардан ерекшелігі – үшінші курстан бастап, күнделікті оқуын журналистік қызметпен ұластырып, өзі бір кездері белсенді жас тілшісі болған «Қазақстан пионерінде» жұмыс істейді. Одан кейінгі кәсіби қызметі «Лениншіл жаста», КТК телеарнасында, «Айқын», «Жас қазақ» газеттерінде сәттілікпен жалғасады. Бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарады. Өмірден озар кезінде «Жас Алаш» газетінде журналистік қызметімен мыңдаған оқырманның ойын қозғап, жүрегін тербейтін танымдық, тағылым­дық мақалалар жазып, толғақты мәселелер төңірегінде әр саланың басшыларымен, танымал тұлғаларымен сұхбаттар жүргізеді.

Қырық жылдан аса өмірін журналис­тикаға арнаған Жолдасбек Дуанабайдың артында мол мұра қалды. Бұған дейін «Дөңгеленген дүние» деген кітабы жарық көрсе, енді міне, өзі өмірден озғаннан кейін іріктелген екі кітабы қатар басылып отыр. Аты да, заты да сай кітаптары «Қалам ұшындағы өмір» деп аталған екен. Мөрлі мақалалар мен сырлы сұхбаттардан және автордың өзі туралы әріптес ағалары мен әпкелерінің, курстас достарының естеліктерінен тұратын қомақты қос кітап бүгінгі ғана емес, болашақ оқырманның да ес­кірмейтін есті кітабы болады деп сенеміз.

Қалаулы қаламгерлердің өмірі өз өмірімен ғана шектелмейді. Ол – артында қалдырған шығармалары арқылы жалғасатын шексіз өмір.

Ендеше, журналист Жолдасбек ­Дуана­байдың екінші – мәңгілік өміріне мәнділік тілеп, пейіште нұры шалқысын дейміз.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

 

1952 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы