• Тұлға
  • 14 Шілде, 2021

ҰЛТТЫҚ КИНО ҮШІН ТУҒАН

Сатыбалды Нарымбетов ұлттық кино үшін туғандай көрінеді. Ұлттық кинематографияның өркендеуіне қомақты үлес қосты. Соңғы демі біт­кенше кино саласында еңбек етті. Ұлттық киноның корифейлері Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықовтардың көзін көрген, ағалық аялы алақанын сезінген, олардың тәлім-тәрбиесін алған шәкірттерінің бірі. Өзім қаршадайымнан Сатыбалды ағамның өкшесін басып, соңынан еріп өстім. Ауылымызда Әуезов атындағы шағын ғана көше бар, міне, сол көшенің бойында қаз-қатар тізілген, арасында үй жоқ көрші қонған қос отбасының бірінде Сатыбалды ағам, екіншісінде мен өстім. Одан бері қаншама уақыт өтсе де арамыз бұзылмай, тату болып жүрген едік. Сатыбалды ағамыздың інісі Нышанәлі Жәлелұлы деген азамат былтыр қайтыс болып кетті. Жақында ғана жылдық асын бергенбіз. Қайран, ағам-ай...

Сатыбалды ағамен өткерген балалық күндер, ағаның кейінгі жастық дәурені көз алдыма тізіліп кеп тұра қалады. Ол ерте жетілді, ерте есейді. 6-7 сыныпта оқып жүргенінде, бойын түзеп, жайдары жігіт болып ел аузына ілікті. 5-6 жастағы баламыз, Сатыбалды ағамыздың соңынан еріп жүреміз. Ол әлі мектеп оқушысы, 7 сыныптың баласы, бізді жинап алып кино қойып беретін. Қалай дейсіз ғой? Ол кезде сабанхана деген болатын, соны қараңғылап, киноның сюжетін өзі жазады. Ол кезде бір аппарат бар еді, соның көмегімен, жарық түсіріп қабырғаға әртүрлі мульт­фильм көріністерін көрсетіп тұрады. Өзі олардың сөзін айтып, түсіндіріп береді. Міне, ол мектеп қабырғасынан-ақ болашақ мамандығын айнымай таңдады ғой деп ойлаймын. 16 жасында мектеп бітірді, Алматыға чемоданын көтеріп кетті де, ҚазҰУ-дың филология факультетіне түсіп келді. Жоғары оқу орнын оқып жүргеннің өзінде әдебиетке, шығармашылыққа бейімдігін көрсетіп, алғашқы әңгімелері «Жұлдыз» журналында, «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Сол кездің өзінде қазақтың классик жазушылары Сатыбалды ағамыздың тырнақалды әңгімелеріне жылы лебіздерін, жақсы пікірлерін білдірді. Ол оқу орнының екінші курсын бітіргенде Сатыбалды ағамыз оқуын тас­тап, Мәскеуге кетіп қалды ғой. Жоғары кинематография институты бар, ВГИК дейді, соған барып құжат тапсырады. Режиссерлер даярлайтын факультетіне адам толып қалғанын біледі. Сол кезде Мәскеуде Камал ­Смаилов, Шәкен Айманов ағаларымыз жүрген екен. Солардың демеуімен ­сценарий бөліміне қабылданады. Алғашқы жазған сценарийі – «Шоқ пен Шер» «Искусство и кино» деген одақтық танымал журналда жарық көреді. Осы сценарийі бойынша Қанымбек Қасымбеков фильм түсіргенін барлығы біледі. Бұл фильм жоғары бағаланып, Германияның ­Монте-Карло қаласында өткен фестивальде күміс жүлдеге ие болған. Кейінірек С­атыбалды ағамыз «қалай да режиссерік мамандықты иегеремін» деп Мәскеуге қайта барып, оқу оқиды. Одан кейін кино түсіруді өзі қолға алады.

Екеуіміз оңашада отырғанда «Бар-жоғы 7-ақ фильм түсірдім, менімен бірге Мәскеуде оқыған орыс кинорежиссерлері 41 көркем фильм түсірді» дейтін. Сатыбалды ағамыз­дың мақсаты көп еді. «Жаңғырық» атты фильмнің сценарийін жазып, жоғарыдан бекітіп, енді қолға алуы керек еді. Өткен жылғы індетке байланысты кейін шегерілді. Биыл енді-енді кірісіп жатқанда, бақиға жүзін бұрды. Сатыбалды ағаның екі ұлы бар. Ескендір және Мұхит. Күні кеше жақсы хабар естіп қалдым. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Сәкеңнің аяқталмаған «Жаңғырық» деген фильмін балалары жалғастыруына мүмкіндік беретінін айтты, соған да шүкіршілік айтып отырмыз.

Сәкеңнің бүкіл фильмі қазақ ұлттық киносында ерекше орын алатыны белгілі. Сатыбалды ағамыздың киносымен көрермен қауышып, оның мұрасынан рухани қуат алады деп ойлаймын. Демек, оның өлмес ғұмыры енді басталды...

Өтеш  ҚЫРҒЫЗБАЙ

 

2742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы