• Қоғам
  • 14 Шілде, 2021

ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН!

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында облыс көлемінде «30 игі іс» ­акция­сы бастау алған болатын. Акция аз қамтылған, көпбалалы отбасына көмек қолын созу мақсатында ұйымдастырылған. Соның аясында Талдықорған және Текелі қаласынан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан 80 бала Балқаш көліне ­барып, демалып қайтты.

Аталмыш акцияны «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыстық спорт және дене шы­нықтыру мекемесімен бірлесе ұйым­дастырды. Ұйымдас­тырушы­лардың айтуынша, ата-анасымен бірге барған 80 бала бұл демалысты ұмытпайтыны сөзсіз. Бірнеше күнге ғана созылған демалыстары естен кетпестей өтті.

Балалар Балқаш көлі жағалауын­дағы «Сәтті» демалыс орнында демалды. Күнделікті күйбең тірліктен ата-ана да, бала да сергіп қалды. Жақсылыққа жаны жақын жандар қай кезде де табылады. Солардың қатарында «Сәтті» демалыс орнының иесі Руслан С­аттыбеков те бар. Ол балалардың әр күндік шығынын көтеріп қана қоймай, күнделікті сергіту жаттығуларын ұйымдастырды. Кешкісін демалыс орнында би билеп, ән айтып, түрлі спорттық шара, жарыстар өткізілді. Руслан Саттыбеков ешкімнің көңілін қалдырмай, әр келген балаға естелікке сыйлық табыстады. Бұған өз кезегінде балалар да дән риза. Өз кезегінде демалыс орнының иесі алдағы уақытта да осындай қайырымдылық акциясына белсенді түрде қатысатынын жеткізді.

– «Қуанса, бала қуансын!» деп үлкендер бекер айтпаған. Балалардың қуанышынан артық қуаныш жоқ деп ойлаймын. Демалуға келген балалар әр ұлттың балалары. Мен олардың достығына риза болдым. Олар бір-бірін бөлмеді. Керісінше, бәрі бір үйдің баласындай тату-тәтті жүрді, ойнады. Олар мұндай тәрбиені үлкендерден көргені анық. Демек, біздің елдегі бірлікті, достықты, татулықты олар кішкентай болса да сезініп жүр. Бәріміз адам баласымыз. Бірақ бәрімізді татулық, достық, тұрақтылық біріктіріп тұрғанын ұмытпауымыз керек. Достық мәңгі жасасын! – деген Руслан Саттыбеков ұлт достығы берік болса алынбайтын қамалдың жоқ екенін айтты.

– Балқаш көліне бірінші рет келіп тұрмын. Көлді бір көруді армандап жүр едім. Біз 5 ағайындымыз. Ата-анамыз күн-түн демей жұмыс істейді. Оларға демалыс туралы айтуға да ұяламыз. Осындай жомарт аға-апайлардың арқасында біздің арманымыз орындалды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Сондай-ақ Руслан ағаға да рақмет. Күнде сергіп қалсын деп түрлі ойын  ойнатты. Мен бұл демалысты ешқашан ұмытпаймын, – деген Павел Николаев демалыстан алған әсерімен бөлісті.

Иә, бүгінгінің ұрпағы татулығы жарасқан, берекелі елде өмір сүруде. Бір-бірін бөліп-жармай, бауырым деп татулықта күн кешуде. Олар береке-бірлігі жарасса ғана талай асуларды бағындыратынын біледі. Осындай акция татулықты нығайтатыны шүбәсіз.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

1117 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы