• Қоғам
  • 14 Шілде, 2021

ТАТУЛЫҚ.ТЫНЫШТЫҚ

Алматы облысында елдегі індеттің өршуіне байланысты Zoom платформасы арқылы «Тұрмыстық және отбасылық қатынастар саласындағы медиация» тақырыбында облыстық онлайн конференция  өтті.  
Тұрмыстық және отбасылық қатынастар саласындағы медиация бағыты бойынша өңірдегі қоғамдық медиаторлардың жұмысын жандандыру, татуласудың тиімді тәсілдерін жетілдіру және медиаторлар жұмысындағы шешілмеген өзекті мәселелерді талқылау мақсатында өткен конференцияға медиация саласында қызмет етіп жүрген барлық жауапты маман қатысты. 

Кездесуді Алматы облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік бастамалар мен медиацияны қолдау қызметінің жетекшісі Жансұлу Б­ашенова жүргізді. Облыстағы тұрмыстық және отбасылық қатынастар туралы толық ақпаратпен бөліскен ол соңғы жылдары отбасындағы түрлі дау-дамайлар санының артқанын айтты. Әсіресе жас отау құрған ерлі-зайыптының бірін-бірі түсінбегендіктерінен ажырасу салдарының көбейгенін айтты.

– Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылы 28-қаңтарда қабылданды. Бұл Заң бүгінгі таңда елімізде өте жақсы жүзеге асып келеді. Бұл сала қоғамдық қатынастарды оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді. Сіздер тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиаторларсыздар. Медиаторлар екіге бөлінеді: олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар, ал, екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асыра алады. Медиацияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың даула­сушылық деңгейін төмендету. Міне, осы аталған міндеттерді әрқайсыңыз мінсіз атқарып келесіздер. Оның нәтижесін барлығымыз да көріп отырмыз. Бірақ бұл жұмысты әлі де жандандырып, ширатуымыз керек. Себебі қазіргі таңда біздің қызметке жүгінушілердің саны артып келеді. Әсіресе тұрмыстық, отбасылық дау-дамайдың саны артқаны көңілге көлеңке түсіреді. Осының алдын алып, даудың неден шығатынын анықтап, сол бойынша жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, – деді  Жансұлу Башенова.

«Тұрмыстық және отбасылық қатынастар саласындағы медиация» деген тақырыптың қазіргі таңда өзекті болуы да орынды. Себебі қазіргі таңда отбасылық мәселелер екеуара  шешілмегендіктен медиаторлардың араласуына тура келеді. Қазір барлық медиаторлар тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ оны жүзеге асыруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға қызмет етіп келеді.

Конференцияға қатысушылар медиация саласы біздің қоғамға өте ерте, яғни ата-бабаларымыздың тұсында орын алғанын айтты. Бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі екені айтылды. Осы жақсы істі ары қарай жалғап, тараптарды татуластырып, бітімгершілік орнату осы салада жақсы нәтиже көрсетіп жүргендердің еңбегі екенін айтып, әсіресе, отбасылық татулықты, сыйластықты сақтаудың негізгі қағидаларымен бөлісті. Олардың айтуынша, отбасындағы келеңсіз оқиғалар болмауы үшін, отбасылық жағдай шиеленісіп, сот алдына дейін барып, соңы ажырасуға алып келмес үшін шаңырақ көтеретін жастарға о бас­тан түрлі семинарлар мен тренингтер өткізу керек деген ұсыныстарын айтты. Алдағы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша жұмыстар атқарылатын болады.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

1064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы