• Қоғам
  • 14 Шілде, 2021

Қазаққа қарыздармыз

Шағын ғана отбасыдан үлкен мемлекет қалыптасады. Егер отбасында бақыт пен береке, татулық пен ауызбірлік, сыйластық пен құрмет орнаған болса ол отбасының берекесі артып, мерейі үстем болады. Сол секілді мемлекеттің де ішкі тұрақтылығы аса маңызды. Сондықтан да Тәуелсіз елімізде тұратын әрбір азамат елдің тыныштығы мен берекесіне тікелей жауапты екенін ұмытпаса деймін. 

Мен Тәуелсіз Қазақстанның бақытты ұрпағымын. Тәй-тәй басқан жас мемлекеттің енді аяққа тұрып келе жатқан кезінде, яғни 1999 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылында дүние келдім. Біз үшін мына өмірде бәрінен отбасы қымбат. Өйткені бізді ата-анамыз солай тәрбиеледі. Мейрімге, махаббатқа толы, берекесі артқан бір отбасының тұңғышымын. Ата-анамыз бізге «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуімізді, еліне адал, Отанымыздың нағыз патриоты болуды үйретті. Үй ішінде барлығымыз қазақ тілінде жақсы сөйлейміз. Себебі әкем бізге үнемі: «Тұрып жатқан мемлекеттің азаматы болдың ба, онда сол елдің тілін, дінін, мәдениетін білу бірінші парызың. Сондықтан да қазақ тілін бірінші жетік меңгеріңдер. Содан кейін ғана басқа тілді үйренесіңдер. Ал тағылымды тарихтан бәрің де хабардар болғандарың абзал. Бізге осынау дарқан даланы, бостандық, азаттық, теңдік деген қасиетті ұғымды сезіндірген ата-бабалардың қажырлы еңбегіне бас иіңдер. Сендердің алаңсыз өмір сүріп жатқандарың сол жандардың арқасы» деп айтудан шаршамайтын. Сондықтан да, қазақ тілін үйрену бізге еш қиындық тудырған емес. Тіпті, тамақтанып отырғанда қалай қазақ тілінде сөйлеп кеткенімізді өзіміз байқамай қаламыз. Осындай сәтте ата-анам бізге ризашылықпен қарайды.

 Ата-анам бізге ылғи, қазақ елі қиын-қыстау заманда басқа ұлт өкілдерін құшақ жайып қарсы алып, төрден орын ұсынып, бауырына басқаны  жайында айтады. Тарихты тереңнен қозғаған ол кісілер сөзін:  «Су ішкен құдығыңа түкірмеңдер» деп аяқтайды. Кішкентай күнімізде балалықпен  «Осы неге бір нәрсені қайта-қайта қайталай береді?» деп ренжитінбіз. Кейін бойжете келе бұл мәтелдің мағынасын түсіндік. Қазір бұл сөз менің үнемі санамда сақтаулы. Осы бір ауыз сөз маған үлкен сабақ болғандай.  Өзімнің Отан алдындағы борышымды толықтай сезінуге, туған елге, жерге, Отанға деген махаббатымды еселеп тәрбие берген ата-анама өте ризамын. Алғысымды білдіргім келеді.

Мен өте керемет, естеліктерге толы балалық шағымды осы Рахат ауылында өткіздім. Шағын ғана ауыл болса да бұл жерде туып-өскен халықтың барлығы бір-бірімен өте бауырмашыл. Мамыражай күн кешіп жатқан ауылдағы ағайын дәл бір атаның баласындай тату. Қандай жағдай болса да, біріне-бірі көмек қолын созуға әрдайым дайын. Қайғыда да, қуанышта да ең алдымен іздейтін адамдарымыз туған-туысымыз емес, көршілеріміз десем артық айтпаған болар едім. Көршілеріміздің барлығы өзге ұлт өкілдері болса да, бәрі бір-бірінің әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрін құрметтеп, сыйластық көрсетеді. Біз де солай бала күнімізден тәрбиелендік. Үлкендеріміз бізге ­бауырмал ­болуды, бір-бірімізді қазақ, орыс, татар, түрік деп бөлмеуді үйретті. Осындай тәрбие алған біз бұдан жамандық көрген жоқпыз. Әлі есімде, шамамен 3-4 жастағы кезімде қазақ тілін толық білмейтіндіктен көрші балалар қазақша сөйлесе, түрікше жауап беретінмін. Жалпы кез келген ортада тез тіл табысып кете аламын. Сол себептен әрбір жағдайдан шығу жолдарды тез қарастыратынмын. Дос­тарым үнемі біздің ұлттың тіліне, салт-дәстүріне, әдеп-ғұрпына, тіпті ұлттық тамағына қызығып жатса, мен олардан қазақтың салт-дәстүрлерін сұрай беретінмін. Көкейімдегі сұрақтарды қойып, көзіммен көріп бірнеше дүниені үйрендім. Уақыт өте келе байқасам, көршілерім түрік тілін, мен қазақ тілін жетік меңгеріп алыппыз. Күнделікті ойын ойнап жүрген балалар осылайша бір-бірімізге жақын, тіпті туыс болып кеттік. Үйдің маңыңдағы балалардың арқасында қазақ тілін өте жақсы меңгердім. Тіпті кейде қазақша мақал-мәтелмен сөйлесем көпшілік таңғалады. Қоршаған  ортамның тең жартысы, достарымның көбі қазақ болғанына қуанамын. Қазір маған тіпті, басқа этнос өкілдерімен қарым-қатынас орнату, солардың мәдениеті мен әдеп-ғұрпын үйрену қатты қиын емес. Осындай дәрежеге жеткенім үшін көршілеріме алғысым шексіз. 

Ауыл – қаймағы бұзылмаған құтты мекен. Ауылдағы ағайынның бәрі маған ыстық, жаныма жақын. Ауыл өмірі маған еңбексүйгіштікті, адалдықты, ұлт-ұлысқа  бөлінбей, көмек сұраған жанның барлығына бірдей қол ұшын созуды үйретті. Сондықтан ауылдың тыныс-тіршілігі, ағайын-туыс, көрші-қолаңның барлығы бір-біріне тілеулес болып келеді. Бұл қасиет әсіресе, қазақ  халқына тән. Олар бар жақсы мен бар дәмдіні қонақтың алдына тосады. Осындай қамқорлықты біз қазақ аналарының бойынан жиі байқаймыз. Кезінде қиын-қыстау шақта талай жанның аман қалуына осы аналар себепкер болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Жалпы, қазақ елінің қаншалықты қонақжай, мейірбан екенін айтуға сөз таппайсың.  Қаншама ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында  бейбіт, тыныш өмір сүруінің өзі бір емес, мың бақыт. Осы бақтың баянды болуы жолында әрқайсымыз талмай еңбек етуге тиіспіз.

Алақандай ауылымызда тек бір ғана  қазақ мектебі болғандықтан, қазақ сыныбында оқыдым. Әрине, мектепке бармас бұрын қазақ тілінде сөйлеуді үйренгенімнің пайдасы қатты тиді. Мектеп кезінде көптеген байқауға қатысып, жүлделі орындар алдым. Мектебіміздің абыройын асырып,  кішілерге үлгі көрсету, ата-анамның мақтан тұтар қызы болу басты міндетім деп түсіндім. Ұлағатты ұстаздарымыздың арқасында еліміздің сан ғасырлық тарихымен танысқаныма қуанамын. Қазақ елінің тарихымен алғаш танысқанымда таңғалдым. Ауыр кезеңдерді бастан кешкен ұлы халықтың ерлігіне бас идім. Ата-бабамыздың ұрпағы үшін жан алысып, жан беріскен ерліктерін оқығанымда көз жасыма ерік бердім. Ата-бабамыздың жарқын болашақ үшін ақтық демі қалғанша жойқын соғыстарда ерлікпен қаза тапқандарын ойласам жанымды қоярға жер таппай кетемін. Енді, міне, осынау байтақ жерде, тыныш кезеңде, баянды ғұмыр кешіп, бақытты екенімізді түсініп, әрбір атқан бейбіт күн үшін шүкіршілік етемін.

Біздің елде әрбір жасқа барлық жағдай жасалған. Тек оқимын, еңбек етемін деген ынта-жігер бойыңызда болса болғаны.  Елбасымыз жасаған мүмкіндікті пайдалана отырып, 9-сыныпты бітірген соң Талғар экономикалық колледжіне оқуға түстім. Ол жерде қазақ тобында  білім алдым. Бірінші күннен бастап-ақ үлкен жауапкершілікті сезіндім. Дұрыс әрі сапалы білім алып, білікті қызметкер болуды аңсап, білімімді барынша жетілдіру жолында тынбай еңбек еттім. Соның жемісін бүгін көріп жүргеніме қуанамын. Елбасымыз «Болашақ жастардың қолында» деп айтқан сөзіне селкеу түсірмеуіміз керек. Себебі елдің ертеңі бізге байланысты. Қазіргі таңда аудандық Халыққа қызмет көрсету орнында АХАТ бөлімінде қызмет етемін. Жұмыс орнында ұстанатын ең басты қағидам – халыққа сапалы қызмет көрсетіп, қажет ақпаратпен толық қамттамасыз етіп, еліме адал, халқыма пайдалы қызметкер болу. Біз қандай салада қызмет етсек те қазақтай текті халықтың болашағы жолында аянбай тер төгуге міндеттіміз. Себебі біз қазаққа қарыздармыз.

София МИРЗАЕВА

Еңбекшіқазақ ауданы

Рахат ауылы

 

1162 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы