• Тарих
  • 14 Шілде, 2021

ОРБҰЛАҚ ЖЕҢІСІ – БІРЛІКТІҢ ЖЕМІСІ

 Орбұлақ шайқасы өткен орынға қойылған белгітас.

 

Тәуелсіз ел болғанымызға – отыз жыл. Бірлік – басты ұранымыз. Өйткені бірліктен басқа бізді қорғайтын қарыу жоқ. Болмайды да. Ұлтымыздың ұлы ұстаздарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі топтың я екі рудың намысы деп ұғады» деген екен бір ғасырдай бұрын.  «Ел» деген мен «Мен» дегеннің арасында сан ғасырлық сана жатады. Біздің санамыз «Ел» мен «Меннің» арасында тым ұзақ ырғалып келеді. Әлем ғалымдарының дәлелдеуінше, қәзіргі заманда бірлік болмаудың басты себебі – білімсіздік. Білімсіздіктен мәденійетсіздік тұуындайды, мәденійет жетпейтін жерді өсек-айаң, талас-тартыс жайлайды. Өсек-айаң біріктірген топ елдің қамын ешқашан ойламайды: оны деңгейі көтермейді. 
 Осыдан он үш жыл бұрын Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жыйында еліміздің Тұңғыш Пірезійденті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарыйхый маңызды жойқын жеңістер де азаттықтың ақ туы астында желбіреді» деген болатын. 

Бірлікті де, ерлікті де ұлттық намыс тұудырады. Оған қазақ халқының тарыйхы күуә: біріге алмаған кезде жеңілдік, біріге білгенде жеңдік. Рұу да әркімнің ата-бабасы, бірақ ол халқыңның бір құрамы ғана, ал халық – тайпа мен рұудың қара шаңырағы. Шаңыраққа түкірсең, ол өзіңнің үстіңе шашырайды. Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолы – ел бірлігін нығайтыуды мақсат еткен заңдар. Оны сақтау – бабадан атаға, атадан балаға жалғасатын ұлы борыш. Орбұлақ шайқасы – сол борышты ақтаудың әрі азаматтық, әрі әлемде теңдесі жоқ үлгісі. Елін шабыуға келе жатқан еліу мың жауға жеті жүз ғана жауынгердің қасқайып қарсы тұрыуы және оны жеңіуі бабаларымыздың бірлік күші. Олардың ерлігі бас-көзге қарамайтын соқыр ерлік емес, алды-артын ойластырған батыл ерлік. Олар, біріншіден, от қарыуларына сенді. Қалмақтарда мылтықтың аз екенін алдын ала біліп отырды. Екіншіден, олар бір-бірін бұрыннан білетін, бір-біріне сенетін; елі үшін, жері үшін сан ірет ыйықтасып соғысқан кілең ержүректер еді. «Біз біріксек, бізге шақ келетін жау жоқ» деген ерлер еді шетінен. Үшіншіден, соғысқа аса ыңғайлы, жау жабыла кете алмайтын тар жерге бекінді. Төртіншіден, бұрын-соңды көшпенді халықтар қолданып көрмеген әдіспен – жайау әскер мен атты әскерді бірлестіре соғысты. Бесіншіден, Іленің сол жағындағы қазақтар мен қырғыздарды шауып, он мың тұтқын алып, қырыуар мал айдап келе жатқан, әбден дандансынған қонтайшының бейқам, босаң келе жатқанын барлап, біліп отырды. Алтыншыдан, оқпана ішінде тұрып мылтық атыуға, садақ пен мылтықты бір-біріне сүйеу ете біліуге алдын ала дағдыланды.

 ...1993 жылы Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын тойлау алдында Қазақстан үкіметі әлденеше ірет тексерген болатын. ҚР тарыйхый ескерткіштерді қорғау кәмійтетінің төрағасы Мұхаметқасым Шәкеновті, жазыушы ағамыз Қалмұқан Исабаевты, Ұлттық теле-арнаның қызметкері Назгүл Әбутұрапованы, тағы басқаларды Орбұлақ жотасына апарып, талай аралатқан едім. Жазыушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаров ініміз – сол тойдың басы-айағында болған адам. Ол кезде ол ҚР Жоғарғы кеңесінде қызмет атқаратын. ҚР Қорғаныс міністірі, Кеңес одағының батыры, ҚР халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов Орбұлақ оқпанасының дәл түбінде тұрып тебірене сөйлеген болатын. «Бұрын біз бабаларымыз тек ат үстінде соғысты деп келсек, енді міне жайау соғысып та ерлік көрсеткеніне күә болып отырмыз» деген-ді. Орбұлақ жеңісін мерекелеу шараларын алдын ала ұйымдастыру жұмыстарын қәзіргі ҚР Халық қаһарманы Б.Ертаев басқарған еді. Ордың бұлағын көріп, жердің көркіне сүйсініп тұрып, Халық жазыушысы Әбіш Кекілбаев Ұлы жеңістің 350 жылдық мерейтойында байандама жасаған болатын. Оның бәрі аңға қазылған ор мен жауға қазылған орды ажырата білетін адамдар-ды.

 Ұлы бабаларымыз 1643 жылы ұлы жеңіске жеткен жер – халқымыздың аса қасійетті мекені. Әлдеқашан анықталған жерді қайта-қайта көкпарға салыу, оған қарсы ұыйымдасу нені мақсат етеді?

 1643  жылы жазда қазақ пен қалмақ арасында жойқын соғыс болып, қалмақтың еліу мың қолын Жәңгір сұлтан бастаған алты жүз қазақ жауынгерінің жеңіп кеткенін алғаш мәлімдеуші – орыс елшілері Тобылдың әскерій қызметкерлері орыс Григорий Ильин мен татар Көшімбердіке Көшеев деген екеу. Олар қонтайшыға орыс патшалығы беріп тұратын жалақысы мен сый-сыйапатын алып, оның Еміл бойындағы ордасына келсе, ол еліу мың қолмен қазақ пен қырғызды шабыуға аттанып кетіпті. Олар оның оралыуын төрт ай күтеді. Қазақтардан жеңіліп қайтқан қонтайшының қасында тағы екі ай болады. Тобылға 1644 жылдың қысында оралады. Естіген-білгендерін байандап, Тобыл әскербасы Г.С.Куракинге 16 ақпан мен 9  мамыр аралығында мәлімет жазып береді. Ол мәлімет «Материалы по истории русско-монгольских отношений» деген жыйнақтың 2 томында толық жарыйаланған (Москва, 1959, 237-239-бет).

Бұл құжатты қазақтың тарыйх айналымына алғаш алып келген адам – В.Галиев. Ол, сірә, бұл құжаттың түпнұсқасын көрген. Өйткені Куракиннің мәліметі патша ағзамның қолына тійгенін, оның оған бұрыштама салғанын – бәрін келтіреді. Сондықтан ол мәліметте жалғандық болмауға тійіс. Ол мәліметтің ең өзекті жері мынау: «Қонтайшының қалай Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөске қарсы соғысыуға барғанын, қалай ол Қонтайшы екі жерден Алатау қырғыздары мен Тоқымақтықтардан он мың алғанын айтып берді. Содан кейін оның хабары Жәңгір сұлтанға жетеді. Жәңгір Қонтайшыға қарсы әскермен шығады, ал Жәңгірдің әскері 600 адам болады. Жәңгір тастардың арасынан оқпана (орысшасында «шанцы» – Б. Н.) қазып, ол оқпанаға отты қарыумен үш жүз адамын отырғызғаны да, ал өзі үш жүз адаммен тау-тастың артына жасырынады. Қонтайшы жауынгерлерімен оқпанаға жақын келгенде, оқпанадағылар Қонтайшының көп адамын қырады. Екінші жағынан оған, Қонтайшыға, Жәңгірдің өзі жауынгерлерімен шабыуылдап, сол екі ұрыста Қонтайшының он мың адамын қырады. Дәл сол кезде сол ұрысқа Жәңгір сұлтанға көмекке Жалаңтөс келеді, ал онымен бірге жыйырма мың жауынгер болады. Қонтайшы ол жауынгерлерді көрген соң, кейін шегінеді, ал Жәңгірдің қолға түскен адамдарын ол, Қонтайшы, өзімен бірге алып кетеді». («Орбұлақ шайқасы», 2003, 208, 209-бет). Бұл құжат В.Галиевтің «Хан Джангир и Орбулакская битва» деген кітәбінен (1998) қазақшаланды.

Осыны жөндеп оқымағандар шаужаға жармасып, шындықтың шырқын қайта-қайта бұза берді. Мұнда ап-анық жазылған: қонтайшы қырғыздарды шауып, сонан соң ғана Жәңгірге ауыз салған. Кейбіреу айтқандай, Жәңгір қонтайшыны Қарқарада қарсы алып, сол арада қырып салған болса, онда ол Тоқмақты қалай шабады, тұтқындарды қайдан алады? Айтыуға ұйат, бірақ айтпасқа амал жоқ, мұндағы мақсат біреу-ақ: ол шайқас, қалай болғанда да, менің өсіп-өнген жерімде болмауы керек, мені мұқатыу үшін, мені рұушыл, жершіл етіп көрсетіу үшін ғана Орбұлақты жоқ қылғылары келеді.

Ал менің жазығым не? Менің жазығым – Қазыбек бек Тауасарұлының кітәбін шығар­ғаным. Ал ол кітәптің жазығы не? Жазығы – Батыр қонтайшы мен Жәңгір сұлтанның 1643 жылы қай арада соғысқанын анық көрсетіп бергені. Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» атты 1776  жылы жазып қалдырған кітәбінде: «Соғыс көне Жәркент балығынан күншілік жерде Қосқалаң тауының арасында болды» дейді (Алматы, 1992, 203-бет). Ол қала қәзір де Жәркент деп аталады. Жұрт тек «Қосқалаң тауы» дегенді кәзір айтпайды, алайда оның мағынасы – екі ұзын тау: өргісі – Бұурақожыр, төменгісі – Баркөрнеу, екі арасы – Белжайлау. Орбұлақ сол жайлаудың батыс жақ шетінде.

«Қосқалаң ұрысқа әдейі таңдалған болатын, – дейді Қазыбек бек атасы жазған шежіреге сүйеніп.  – Өйткені таудың күнгейі беткей, түстігі тауға кірер өзен еді. Ал жау келетін жақ тегіс және көп жер көрініп тұратын. Оқпана қазылған жер бійікте еді де, сырты – терең сай. Аттар сонда әзір тұрды. Хан өзі Қызылқыйадан атой салды. Сөйтіп қалмақ тағы шығындалды» (сонда, 203-бет). 1993 жылға дейін Ордың бұлағы аталып келген жер мен Қазыбек бектің жазып отырған жері жүз пайыз ұқсас. Және Қызылқыйа беткейі кәзір де Қызылқыйа деп аталады, «тауға кірер өзеннің» аты – Қарғалы.

Қазыбек бек тағы былай дейді: «Осы ұрыста Суан Елтінді батырдың көрсеткен ерлігі ерекше болатын. Әсіресе жер жағдайы соның ғақылы еді. Ғәләбқа жеткен Жарбұлақ үстіндегі Асар төбеге жалау тігіліп қойылды» (сонда, 203-бет). Суан Елтінді тұуып-өскен жерде қәзір де қазақтың суан тайпасы өмір сүріп отыр. Мені «рушыл» деп жүргендердің жаласына осыдан басқа ілгішек жоқ. Жарбұлақ жотасы әлі де солай аталады, тек оның «үстіндегі жалау тігілген жер» қәзір Жалаулы деп аталады. Қазыбек бектің жазығы – осыны жазып кеткені, менің жазығым – осының бәрі шындыққа сай келетініне құуанғаным.

Тағы Қазыбек бектен сөздәйек келтірейін. «Жәңгірдің жекпе-жекке шығыуына тұура келді. Сесеннің ұлы Қалдан (орыс деректерінде Ғалдама – Б.Н.) Жәңгірді атап шақырды... Ұзаққа созылған ұрысқа сәскеден үлкен бесінге дейін Жәңгір он жеті жасар Қалданға шыдап бере алмады. Ақыры ханды Қалдан сайып түсірді... Жәңгірдің сүйегі өзі алғаш қаздырған оқпанадан атшаптырым Сарыбелге қойылды (сонда, 204 – бет).

Шынында, Орбұлақтан атшаптырым Үйгентастың белінде Салқам Жәңгірдің бейіті жатыр: ортада үйілген тас оба, айналасы шәйіт болған сарбаздар мен сардарлардың бейіті қоршап жатыр, ұзын саны еліуден асады. Шоқан Уәлійханов 1856 жылы Құлжаға бара жатқан сапарында осы үйілген тас обаны көріп, оны Батыр қонтайшының бейіті деп айтқандарды жазған. Шын мәнінде, ол – қазақ ханы Жәңгірдің бейіті екені Қазыбек бектің жазыуынан белгілі. 2017 жылы, Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығы қарсаңында ал­қаушы Бекет Тұрғара – ұлы бауырымыз Жәңгірдің басына ескерткіш орнатып, қалған бейіттерді әдемі қоршаумен қоршап қойды.

Қазақтан басқа ел болса, «Орыс елші­лерінің жазғаны шындық екен, оны құуаттайтын тағы бір дерек өзімізден табылды!» деп құуанар еді. Себебі «бір дерек – дүдәмәл, екі дерек – дәлел» деп бағаланады.

Қазақша дерекке бізді қарық қылып отырған Қазыбек бек кім? Ол – ұлы жүз жұртына белгілі бій Матай деген кісінің немересі. Ал Матай ХVII ғасырда өмір сүрген адам. Мұсылманша білім алған, «Ата шежіре» деп ат қойып, қазақ шежіресін Қадыр, Қалша бабаларымыздан бастап, өзі өмір сүрген заманға дейін жазып кеткен кісі. Сонымен қатар әр кездегі тарыйхый оқыйғалар тұуралы да арасында байандап отырған. Алматы обылысының Кербұлақ ауданы мен Алтынемел қорығының ортасындағы Матай тауы со кісінің атымен аталған. Өйткені ол кісінің өзі, біраз үрім-бұтағы сол таудың бойында өмір сүрген.

Шәкәрім Құдайберді-ұлының «Түрік, қазақ-қырғыз хандар шежіресінде» мынандай дерек бар: «Ғалдан ханның қатыны, Әмірсананың шешесі қытайдың Ежен ханының қызы екен, оны аларда Ғалдан өзі бармай, бірталай сенген жақсы кісілерін жіберіп, Ежен қысты күні ұзатқан екен. Жолда қыс жаман болып, неше күндей боран соғып, әбден өлер болып адасып жүргенде, Алатауда қанша батырларымен жол тосып батырлық қылып жатқан ұлы жүздің Төлекей деген батырына жолығыпты, Төлекей оларды ауылында екі-үш күн қонақ қылып, еліне бар десе, қыстың жамандығынан кете алмай, Төлекейге жалынып, қыстай тұрып, жаз шыққанда кеткен екен. Сонда қыз Төлекейден бұуаз болып барып Әмірсананы тапты деген өсек болған екен» (Алматы, 1991, 29-бет).

Сол Төлекей – Матай бійдің тұуған інісі. Бейіті Алматы обылысындағы Ақешкі деген жерде. Бұрынғылар Үйсін Төленің бейіті дейтін. Матай бій жазып қалдырған Ата шежіресін сақтап, аман-есен Қазыбек бек інісіне тапсырған осы Төлекей. Ал Қазыбек бек – Матай бійдің Тауасар атты баласынан тұуған немересі, Ораз Жандосовтың арғы атасы. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған отыз бес жылға созылған ұлт азаттық майданына бастан-айақ қатысқан адам. Жау Жетісұуды тұтқыйыл басып алған аласапыран кезде, ұлы жүз қолына бас болып, ел мен ерлерді біріктіріп, халыққа ес жыйғызған білімдар адам. Ол – Әбілқайыр басшылығымен 1723 жылы, кейін «Қалмақ қырылған» аталып кеткен Айрантөгілген деген жердегі қазақ пен қалмақтың алғашқы шайқасында Бұланты бойында ұлы жүз қолын басқарып, Жолбарыс хан мен Төле бійдің нұсқауын абыроймен орындап шыққан батыр. Содан кейін өзінің досы Мүйізді Өтеген батыр қалмақтың Ботхыйшар деген батырын жекпе-жекте жеңетін Ұзынбұлақ шайқасына қолбасшылық жасап, жеңіске жеткен, сол жылы жазғытұрым Аңырақай шайқасында бас қолбасшы Бөгенбай батырдың сенімді серігі болып, ұлы жүз қолын басқарған қалмақтар жеңіліп қашқан соң, бір тобын Бөгенбай қолы, екінші тобын Қазыбек бек қолы құуа соғысып, екі батыр екі жаққа бөлініп кетеді. Бөлінген жаудың бір-екі батырымен жекпе-жекке шығып, жеңген соң, Қазыбек бек батыр атанып, қолбасшылықты жас батыр Наурызбайға беріуді ұйғарады. Өз ұлы Қасқары мыңбасы, ал Наурызбай соның қолындағы жүзбасы ғана болатын. Соған қарамастан батырлар кеңесіне салып, ­Науырзбайды ұлы жүз қолына қолбасшы етіп сайлайды. Ол кісінің қәтелеспегенін кейін өмір өзі дәлелдеді.

Қазыбек бектің үлкен ұлы Қасқары – Көкжонның етегінде қалмақтың Боралдай деген батырын жекпе-жекте өлтірген батыр. Ол ара бұл күнде Боралдай аталады. Қасқарының ұлы Малдыбай да батыр болған. Әкесі Қасқары екеуін Бұқар бабамыз жырына қосқан. Марқұм жазыушы ағамыз Балғабек Қыдырбекұлы – Қазыбек бектің шөбелегі, 5-ші ұрпағы. «Алатау» атты романында 1932 жылдың ашаршылығын алғаш ашына жазған адам.

Қазыбек бек Абылай, Әбілқайыр, Жолбарыс хандармен үзеңгілес жүрген; Төле, Қазыбек, Әйтеке бійлермен пікірлес болған.

Қазыбек бек Бөгенбаймен де, Қабан­баймен де қандыкөйлек дос болған батыр. Қожаберген жырау, Бұқар жырау, Ақтамберді жыраулармен жүздескен, сөйлескен. Оның ерлігін Сүйімбай да, Жамбыл да жырына қосқан. Қысқасы, бір өңірдің ғана, бір рұу-тайпаның ғана ардағы емес, барша қазаққа өзінің де, ұрпағының да еңбегі сіңген адам. Біз білмейміз, біз естімеген адам деп, оңды-солды шайпау сөз айта беруге болмайтын адам. Тархан Жәнібекті Бекежанның балалары Тайлақ, Қайрақ, Байрақты; Бөгенбай мен Қабанбайды Алатауды өз ұырпағы қалай қастерлесе, Қазыбек те өз ұырпаған солай қастерлеген батыр. Оны өз ұырпағы асыра мақтап, өзгелерден жоғары қойып жатқан жоқ. Ал оны жабыла даттап жатқандарды өз басым текті ұырпақ дей алмаймын.

Ол өзінің аталмыш кітәбінде былай дейді: «Мен оларға – Қабанбайға, Бөгенбайға, Наурызбайға – қазақтан шыққан арыстандар деп қарадым, құрмет тұттым» («Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», 1993, 335-бет).

Мұны айтқан адамның арыуағынан айналып кетіу керек деп ойлаймын. Біреуді жек көріудің, жақтырмаудың себебі де, дәлелі де болады. Жақсы көріу де солай. Жақсы көріу адамдарды біріктіріуі, жек көріу іріктілейді. Бізге Орбұлақты қорғаған бабалардың бірлігі ай сайын емес, жыл сайын емес, күн сайын керек. Онсыз тәуелсіздігімізді тағы отыз жылда да нығайта алмаймыз.

Ал енді Орбұлақта қазылған ор жаудан қорғайтын оқпана ма әлде аң қамайтын әлдене ме? Жәңгір сұлтан да, Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай да, Найман Көксерек пен Бөдес батыр да, басқалары да «есі дұрыс емес деген» дәлелдемелері жоқ адамдар. Өйткені есі дұрыс адам біріншіден, тау-таудағы аңды жазықтағы орға құуалап әкеліп ауламайды, тауда тұрған жерінде атады. Екіншіден, екі таудың арасындағы екі шақырым жерге екі ай бойы ор қазғанша, төбенің басына екі жүз мергенді қойа салса да жетпей ме? Үшіншіден, аңға қарсы қазылған ор мен адамға қарсы қазылған оқпананың айырмасы жер мен көктей емес пе? Көтеріле алмайтын қыр жотаға ор қазып аң аулайтындай, бабаларымыз шетінен ақымақ болмаған шығар. Орбұлақтағы оқпана бес қыйлы қазылған.

Біріншісі – бейқам келе жатқан жауды кенет қырыу үшін қазылған ор. Оның ұзындығы, шамамен, екі жүз қадамдай жер. Қарғалы өзенінің бойымен бағыттас, Қызылқыйа беткейінің батысынан бас­талып, оңтүстіктен солтүстік тауға дейін созылып жатқан төбенің оңтүстік шетіне барып тіреледі. Екі таудың ортасымен келе жатқан жаудың негізгі жолы – осы ара. Жарбұлақ жотасы мен Жалаулы төбенің арасындағы тар мойнақтан өткен жау тепсеңге шығады да, жаңағы екі жүз қадамға созылған еңістен төменге түседі. Оқпана дәл сол еңістің етегінен қазылған. Еңістеп келе жатқан жау оқапананы көрсе де, көрмесе де, енді артқа шегіне алмайды: артында – қаптап келе жатқан өз әскері, алдында – мергендер жатқан оқпана. Қәйтерін білмей қапылысқан жауға бабаларымыз, сірә, сол сәтте оқ жаудырыуды ойластырған. Жау енді лап қойа да алмайды, өйткені өз әскерінің өлігі кедергі болады. Бұл, меніңше, жан-жақты ойластырған әдіс: бейқам келе жатқан жауды баудай түсіретін әдіс. Бабаларымыздың орды жаудан бұғып қалыу үшін емес, оларды қырып салыу үшін қазғанын осыдан байқаймыз. Екіншісі – Қарғалы өзенінің оң жағасындағы жеке төбеге қазылған ор. Тепсеңнің етегіндегі ордан бұл төбе 60 – қадамдай алыс. Ор төбенің қақ ортасынан қазылыпты. Сірә, тепсеңнің түбінде жатқандарға қосымша көмек үшін әрі оларға басшылық жасау үшін қазылды ма екен деп шамалаймын. Үш жүз атты әскерімен Жәңгірдің өзі осы төбенің тұу сыртына тығылған болыу керек. Деректерде айтылған алғашқы соғыс осы арада қазақтардың жеңісімен айақталған.

Үшіншісі – жаңағы көлденең тепсеңнің батыс жақ шетінен басталатын бійік жотаның үстінен қазылған ор. Бұл ара – бүкіл бекіністің ең мықты тұсы: жау келетін беті – тік беткей, атты адам тұрмақ, жайаудың өзі тырмысып шыға алмастай. Оқпана жотаның жайпақтау үстінің батыс жақтағы ең шетіне қазылған. Оқпананың сырты тік құлама, ат тұрмақ құс та қонақтай алмайтын құз. Оқпанадағы жауынгер алдын анық көреді, ал оқпанаға ұмтылған жау құзға құлап өзі-ақ өледі. Тіпті, шынын айтқанда, бұл жота – жауды тосатын жауынгерлерді қоймай-ақ, басы мен айағына ғана ійе болып тұрса да, жау өте алмайтын табыйғый бекініс, оның ұзындығы бір шақырымға жетеді.

Төртіншісі – сол жотаның солтүстік шетінен солтүстіктегі таудың түбіндегі жотаға дейінгі ара. Сірә, бекіністің қыйындау жері де осы аралық шығар деп шамалаймын. Өйткені Жарбұлақ жотасынан басталған еңістің біраз жері атпен лап қойыуға мүмкіндік береді. Алғашқы шайқастан қатты қырылған жау екінші іреткі шабыуылында осы араға айрықша күш жұмсауы мүмкін. Алайда бабаларымыз оны да ескерсе керек. Өйткені бұл арадағы оқпананың ені кең болғаны әлі күнге дейін байқалады. Лап қойған жаудың аты әрі терең, әрі кең ордан орғып өте алмауын да ойластырған болыу керек. Орыс деректері Жәңгірдің қолы 600 адам десе, Қазыбек бек 700 дейді. Менің ойымша, орыс дерегі қырғыз батырлары Табай мен Көтенге ілесіп келген жүз жауынгерді білмейді. Оқпанадағы үш жүз жауынгерде мылтық болса, жүз жауынгерде садақ болған. Ол кездегі мылтықтың оқтауы, оталыуы өте тез бола қоймаған, сондықтан атыста үзіліс болмауы үшін, мылтықшылардың ара-арасына садақшыларды да отырғызған болар.

Бесіншісі – солтүстіктегі таудың түбіндегі таға секілді дөңгелек жотадағы ор. Тағаның аузы жау келетін жаққа қараған. Ал оқпана тағаның айнала шетіне қазылған. Оқпананың сырты – 60-70 қадамдай құлама жар. Тағаның аузынан кірген жау не лап қойа алмайды, не кейін шегіне алмайды, ортада ұйлығып тұрып, тек оққа ұшады. Қысқасы, екі таудың ортасында не айналып өтетін жер жоқ, не таптап өтетін тегістік жоқ.

Қорытындылап айтсам, Орбұлақтағы оқпана – әскерій әдістің әлемде теңдесі жоқ үлгісі. Оны қазған бабаларымыздың басты мақсаты жаудан бұғыныу емес, жауды қырыу болғаны тек таң қалдырады. Бұл арада болған жау шығынын бір дерек он мың қалмақ деп көрсетсе, бір дерек он бір жарым мың деп көрсетеді. Қалай десе де, жаудың қырыуар шығынға ұшырағаны – шындық. Ал қазақтардың шығыны тіптен аз болса керек, ол жайлы ешбір дерек жұмған аузын ашпайды. Алайда Қарғалы мен Терісаққанның ортасында үш-төрт үлкен тас оба бар, қәзір жермен-жексен болып жатыр. Кіші қолбасылардың моласы болар. Ал Терісаққан мен Ақсұу өзенінің ортасында шағын қорым жатыр, оған қосылған жаңа бейіттер де бар. Бәрібір көп емес. Соған қарағанда, бабаларымыз көп шығынға ұшырамаған. Орбұлақ жеңісінің ол да бір басты ерекшелігі.

Орбұлақ жеңісіне зор үлес қосқан біраз бабаларымыздың атын Матай бій шежіресі бізге жеткізді. Олар: Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс батыр, Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай, Дулат Жақсығұл мен Қаңлы Сарбұқа, Арғын Қомпай мен Суан Елтінді, Найман Көксерек пен қырғыз батырлары Табай мен Көтен, әйгілі жырау Кіші жүз Жійембет.

Әттең, амал жоқ, жеті жүзінің де атын білсек, бабаларымызды атап-атап ұлықтар едік! Дегенмен, іздеген жан азды-көпті деректі табатын да тәрізді. Шежіреге, ел арасындағы жазба деректерге сүйеніп, жоғарыдағы батырлармен бірге Найман Бөдес батырдың, Дулат Сырымбет пен Суан Ұзынмұрт Ұзақ батырдың ол шайқаста болғанын анықтай алдық. Бір-бірімізге тап-тап бергенше, XVII ғасырдың арғы-бергісін ақтара берсек, әлі де бабаларымыздың біразын анықтай алармыз деген ойдамын.

Орбұлақты барып көрмей-ақ, оқпананың қалай қазылғанына көз жеткізбей-ақ шайқас жайында шатпақтап жазып, ел мен жерді, арыуақтарды күстәналап сөйлей беретіндерді өз басым түсінбей-ақ қойдым. Біреулерді айдап салғыш көрінбейтін көсеулерді де түсіне алмаймын. Өйткені не мақсатпен өйтетініне мыйым жетпейді. Орбұлақ жер түбінде жатқан жоқ. Іздегенің адалдық пен әділдік, тарыйхый шындық болса, бар да көр, көр де, көргеніңді жаз. Ол жерде менің де ата-бабам соғысқан, сенің де ата-бабаң соғысқан. Шынымен шындыққа көзді жеткізгің келсе, «Басқа жер таппағандай, дәл осы араға неге бекіндіңдер?» деп, солардан сұра. Олар тіл қатпаса, оқпананың өзі-ақ көзіңді шындыққа жеткізеді.

Ана бір жылы Қызылордадан сексеннен асқан Ыдырыс Қалиев деген ақсақал жыйырма шақты інісімен келіп, Жалаңтөс бабамыз соғысқан жер екен деп, тәу етіп қайтты. Жеңістің 375 жылдығы қарсаңында Қазығұрттан Жақсығұл мергеннің он шақты жерлесі келіп, оқпананы өз көздерімен көріп қайтты. Қәзіргі Алматы обылысы әкімінің орынбасары Рүстем Алпысбаев ініміз еліу шақты жастың басын қосып, Орбұлақ үстінде маған дәріс оқытты. Обылыс әкімі болып тұрған кезінде қәзіргі депутат Аңсар Тұрсынханов Орбұлақ оқпанасын бастан-айақ атпен аралап көріп қайтты. Жазыушы ғалым ініміз Тұрсын Жұртбай, Болат ­Назарбаев та арнайы келіп көріп қайтты деп естідім. Тарыйхшы, моңғолтаныушы Марал Томпиев: «Достарыммен бардым. Ордың ішінен оқтың қорғасысын таптық» дегенді айтты. Ал он шақты ақын-жазыушы достарымның қанша ірет барып-қайтқанын тіпті санаған да емеспін. Соған қарағанда, Орбұлақты қасійетті жер санап, қәдір тұтыушылардың саны көбейіп келе жатқан сыйақты. Ауыз өзінікі болған соң, айта беріушілер табылады, бірақ үш жарым ғасырдан астам уақыт жоғалып кетпей сақталған ор өз шындығын өзі айта алатын жағдайда, әзірше ордың орны өше қойған жоқ. Көрем деген ұрпағын құшақ жайа қарсы алады. Барам деген адамды мен де алып бара алам.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Қайран Абай, ай емес, жыл емес, қаншама ғасыр бізден озып кеткенсің? Біз бір-бірімізді көре алмай жүрсек, сен бүкіл әлемді бауырыңа тартасың. Саған сіңген білім бізге неге жұқпады екен?

Орбұлақ жеңісінің 350 жылдығы мен 375 жылдығы кезінде мемлекет тарапынан біраз ійгі шаралар жүзеге асты: оқпананың оңтүстік шетіне жас ұрпақтар атынан бійік белгі қойылды, Жәңгір ханның бейіті қоршалды, Жәркент қаласында Орбұлақ жеңісіне арналған ескерткіш кешене орнатылды, Қазығұрт түбіндегі Сарапхана ауылының іргесіне Бекет Тұрғараұлының басшылығымен Жақсығұл батыр мен оның Орбұлақ шайқасындағы қарыулас достарына арналған үлкен кешене орнатылды, оның сыртында Шымкентте, Талдықорған мен Жәркентте ғылымый конференциялар мен жыйындар өткізілді. Жеңістің 375 жылдығы қарсаңында Талдықорған мен Жәркент қаласында Орбұлақ шайқасын бейнелейтін іспектәкіл қойылып, «Орбұлақ шайқасы» атты сегіз бөлімді телехыйкайа түсірілді.

Орбұлақ – еліміздің шығыс шекара­сындағы жер. Қытай елінен өте қалған адам бірден Панфилов ауданына тап келеді. Оны Қазақстан жерінен қазақ атауы қарсы алмайды. Сайасат жағынан да, ұлттық намыс тұрғысынан да көңілге кірбің салатындай жағдай. Генерал Панфиловты бүкіл қазақ жоғары бағалайды. Ол – Бауыржан атамыздың атақты ұстазы, Талғар түбінде 316-шы атқыштар дивизиясын құрған қайраткер, Мәскеу қаласының оңтүстік шығысын ерлікпен қорғаған қаһарман қолбасшы. Оның атына Алматы қаласының ең әдемі, Опера және балет театрына келіп тірелетін тамаша көше берілген және қаланың қақ ортасында 28 Панфиловшы – гвардияшылар паркі бар, онда батыр генералдың бійік мүсіні тұр. Панфилов көшесінің бойында генералдың аты берілген гимназия тағы бар. Алматыдан он сегіз шақырым шығыста Талғар ауданында Панфилов атында үлкен ауыл бар. Қазақстанның басқа жағындағы ескерткіштер мен атауларды айтпай-ақ қойғанда, осының бәрі батыр генералға деген аз құрмет емес. Панфилов ауданының атын Орбұлаққа берсек, онымыз генералға деген құрметтің азайыуы емес, тарыйхый ерлікті бағалауымыз ғана болмақ.

Кезінде ондай ұстанымға Елбасы ­Назарбаев «Мен келісемін» деп бұрыштама қойған болатын. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық тойына орай бір ауданның атын Орбұлақ деп атасақ, рұуханый жаңғы­рыуымыздың нақты үлгісі болар еді! Бірлік пен ерліктің теңдессіз үлгісі болған Орбұлақ – күллі қазақтың мақтанышы әрі қәсійетті атамекені. Оны ардақтай білу – барша қазақтың борышы!

 

Бексұлтан Нұржеке-ұлы,

жазыушы

(Ескерту: жазушының жеке

жазу стилі сақталды)

 

888 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы