• Руханият
  • 14 Шілде, 2021

Ақылдың кені

«1963 жылы Қарақалпақстанда Мойнақ ауданында туып-өстім. 1980 жылы тігіншілік кәсіп – өнер техникумын бітіріп, Мойнақ ауданының кәсіби өнер училищесіне жұмысқа орналастым. Технология мастері бойынша қыздарға тігіншілік өнерінен отыз жылдай дәріс бердім. Оқушыға сапалы білім беру үшін, біріншіден, жан-жақты академиялық білімімнің болуы, екіншіден, өз мамандығыма шынайы сүйіспеншілігімнің, үшіншіден, ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық  қабілетім, ізденгіш жаңашыл болуды өзімнің басты мақсатым деп білдім.

«Ұстаз» атағына ие  болу, адам санасының ақылының, жанының дәрігері болу бүкіл әлемдегі ең беделді жанға ғана тән дер едім. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникумын сырттай бітіріп, ұл балаларға да сабақ бердім. Қай заманда да адамзат алдында тұратын ұлы  мақсат пен мұратының ең бастысы – елі мен жерін көркейтетін салауатты ұрпақ тәрбиелеуді көкседім.

 Кейіннен Алматы қаласына көшіп келдім, бұл жақта қыздарым тұратын еді. Үш  қыз,  бір ұлым бар, Аллаға шүкір, менікі емес, Алланың  берген он үш  немерем бар.

Қазір діни ілімге бет бұрдым. Тарихта дінсіз, яки имансыз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі адам баласы сенімге мұқтаж. Дін – ұлы күш. Адамзат ХХІ ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстар мен бетпе-бет келді. Діни саясаттандыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге анық қарсы әрекет. Сондықтан діни экстремизмнің алдын алу үшін ислам мен ғылым байланысын салыстыра отырып, жас ұрпақтың таным белсенділігін арттыру керек. Діннің тұнған ғылым мен білім екендігін түсіндіре отырып, жас ұрпақтың діни мәдениетін қалыптастыру қажет» дейді Розахан Кеусербайқызы.

Парасат парқы да, аналық нарқы да, ұстаздық қабілеті де, тұрмыстағы іскерлігі де, тіршіліктегі көрегенділігі де асқақ ­Розахан апай отбасы – алтын діңгек, тәрбие басы – тал бесіктен басталатынында сөзге тиек етті: «Әр отбасының өзіне тән тыныс-тіршілігі, әдет-дәстүрі бар. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата-ана ұл-қызына көрсететін үлгі-өнегені айтамыз. Дүниенің тұтқасы – Ана, мерейі бала. Сондықтан тату-тәтті қазақ отбасында өскен ұл-қызымыз бабаларымыздан дарыған асыл қасиеттердің арқасында ақылды да, көрікті шебер болып өсуіне көп көңіл бөлемін. Балалық шақта алған жақсы тәлім-тәрбие өмірлік азық болары хақ. Ас ішерде тазалықты, киім киерде тиянақтылықты, әңгіме тыңдауда зейінділікті, жүріп-тұруда ұқыптылықты ең бірінші ана бақылап отыратыны шындық. Балалары ақылды, алғыр, жауапкершілігі мол болып өссе, ана қашанда олардың қуанышты келбетінен қуат алып, өзін сергек сезінеді. Ана үйдің берекесі, ошақ анасы, ұрпақ әкелуші. Әйелдің иманы ердің сеніміне қолдау көрсетеді. Мұхаммед Пайғамбарымыздың: «Дүние бір қазына. Соның ішінде ең жақсысы – салиқалы әйел» дегені бар. Ал  салиқалылық имаммен жетілетін қасиет. Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер... Ертелі-кеш перзенттің көзі ата-анасында, құлағы бесік жырында, бағыты ата-анасының тәрбиесінде болу қажет. Әрбір ана қыздары ес білгеннен бастап, оның мінез-құлқын, іс-әрекетін қадағалап, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулығаны абзал. Негізінде қазақтың отбасында қыздың тәрбиесімен ана айналысады. Бойжеткен барлық сырын да, қуанышын да, ең алдымен, анасымен бөліседі. Сондықтан парасатты  әрбір ана қыздарының, шын мәніндегі, сырлас досындай болып жатса артық емес. «Қыз – болашақ, қыз – өріс» екендігін ескеріп қыз балаларға  жан-жақты тәрбие беру, іскерлікке ­баулу, шеберлік құра білуге тәрбиелеу өте қажет. Өзім немерелерімді, қыздарымды үнемі іскерлікке тәрбиелеп отырамын... Мысалы, құрақ құрауға, көрпе-жастық жасауға, түрлі-түсті, кішігірім ою оюға дағдыландырамын. Ұлттық тағамдарды жасауды үйретемін».

Әулетінің қара шаңырағын қастерлеп ,ырысын ортайтпай, берекесін ұйытқан ­Розахан Кеусербайқызының жомарттығын да айта кетуді парызым деп санадым.

Иә, көптің құрметі, жұрттың сыйы –  бағасыз байлық. Ізгі адамның мейірімі мен кішіпейілдігі  бағаланбай қалуы мүмкін емес. Айналасына беделді болудан артық қандай бақыт болмақ. Ол – шәкірттері, ұрпағы бар, ақ тілеуімен ұрпағының өркендеуіне ықпал еткен жан.

Айжан АРМИЯҚЫЗЫ

 

1119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы