• Қоғам
  • 14 Шілде, 2021

САЙЛАУ – ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАН­ДЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ИНСТИТУТЫ

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін сайлауды енгізудің қажеттігін тұңғыш рет айтқан болатын. Осыдан соң «Ауыл әкімдерін сайлау туралы» заң дайындалып, бұл саяси науқанға дайындық басталып кеткен еді.

ҚАШАН САЙЛАЙМЫЗ?

Сайлау – қоғамды демократиялан­дырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі. Қазақстан азаматтарының мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы (әкім) өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті сезініп, бұл оның жұмысына оң әсер етеді. Енді, міне, сол саяси науқанның өтетін уақыты да белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, елімізде аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы шілде айының соңғы онкүндігінде өтеді.

«Әдетте дауыс беру күні демалыс күніне сәйкес келеді, бұл сайлаушыларға жұмыс уақытында алаңдамау үшін ыңғайлы. Менің ойымша, бұл тәжірибе дұрыс және оны жалғастыру керек деп есептеймін» дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев.

«Бұл науқанның айырмашылығы – сайлау бір реттік болмайды, ол әкімдердің өкілеттілігінің аяқталуына немесе мер­зімінен бұрын тоқтатылуына байланысты өтеді» деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауын тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы тағайындайды. Сайлау науқанының жалпы ұзақтығы – бір ай. Саяси науқан әкімнің өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын белгіленеді және кемінде 10 күн бұрын өткізіледі.

 

КАНДИДАТТАРДЫ ҰСЫНУ  ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН

ТАЛАПТАР

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады. Ұсыну мерзімі сайлау өтетін күнге 15 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін бір ғана кандидат тіркелсе, сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартады.

Кандидаттар саяси партиялардың мүшесі ретінде және жеке адамның өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлау комиссиясына тіркеле алады. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ал өзін-өзі ұсынған кандидат тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1%-ның қолдауына ие болуға тиіс.

Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге дейін бір ғана кандидат тіркелген болса, онда сайлау комитеті кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады және аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша кемінде екі кандидат ұсынуға құқылы.

Cот шешімі бойынша жазасы өтелмеген немесе алынбаған адам кандидат бола алмайды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық үшін кінәлі деп танылған адам да сайлауға канидат болмайды.

Орталық сайлау комиссиясының талабына қарағанда жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматы кандидат болуға тиіс. Бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлауға 10 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарға тиісті куәліктер береді. Тіркелгеннен кейін бесінші күннен кешіктірмей жергілікті БАҚ-та кандидатты тіркеу туралы хабарлама жарияланады.

 

САЙЛАУАЛДЫ  ҮГІТ ЖҰМЫСТАРЫ ЖӘНЕ

ДАУЫС БЕРУ

Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары сайлау күніне 10 күн қалғанда кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Сайлау болатын күннің алдында жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады.

Сайлау сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді. Сайлау учаскелерінде дауыс ­санау дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі. Қорытынды сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде шығарылады.

Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары 7 күн ішінде сайланған әкімді тіркейді. Сайланған әкімге тиісті куәлік береді. Сайланған әкімнің өкілеттілігі оны аумақтық сайлау комиссия­сы тіркеген кезден басталады. Бұған дейін Мемлекет басшысы бірінші кезекте 729 ауыл әкімін сайлау өткізілетінін, ал жыл соңына дейін жергілікті билік органдарының тағы 46 басшысы сайланатынын хабарлады.

25 маусымда аудандық сайлау комис­сияларының шешімі бойынша еліміз­дің 14 облысының 176 ауданындағы (қаласындағы) 730 сайлау округінде сайлау өтетіні жарияланды. Науқан басталғалы бері республика бойынша 2322 кандидат, оның ішінде 7 шілдеде – ауылдық әкімдікке 102 кандидат ұсынылды. Өзін-өзі ұсынған кандидаттар – 1 455 адам (62,7%), ал саяси партиялар ұсынған кандидат 867 адам (37,3%). Саяси партиялардың ішінен ең көп кандидатты «Nur Otan» партиясы ұсынды: 588 кандидат (67,8%), «Ауыл» – 100 кандидатты (11,5%), ҚХП – 70 кандидатты (8,1%), «ADAL» партиясы – 56 кандидатты (6,5%) «AQ JOL» партиясы – 53 кандидатты (6,1%) ұсынған. ЖСДП кандидат ұсынбады.

Кандидаттардың ең көбі Ақмола өңіріне тиесілі (300), Қарағанды (267), Алматы (247) және Шығыс Қазақстан (237) облыстарының ауылдық округтері көп болғандықтан, бұл көрсеткіште алдыңғы орында. Кандидаттардың ең азы Маңғыстау (36), Атырау (60) және Батыс Қазақстан (82) облыстарына тиесілі. Жалпы Қазақстан аумағына шаққанда, бұл сайлауда бір орынға 3,2 кандидат таласады. Осы сайлауда бір орынға таласатын кандидат саны бойынша көрсеткіш деңгейі мынадай: Түркістан (3,8), Маңғыстау (3,6), Қарағанды (3,6) және Алматы (3,5) облыс­тары алдыңғы қатарда. Ал Қостанай облысында бір орынға 2,3 кандидат,  Батыс Қазақстан облысында бір орынға 2,6 кандидат таласады. Кандидаттарды ұсыну 9 шілде, 18.00-ге дейін жалғасады, сонымен бірге кандидаттарды тіркеу ісі қатар жүреді (үміткерлерді тіркеу 14 шілде, 18.00-ге дейін жүреді).

7 шілдедегі жағдай бойынша 456 кандидат тіркелді (бұл осы кезге дейін ұсынылған кандидаттардың жалпы санының 19,6%-ы). Бұл мәліметтерді аумақтық сайлау комиссиясының деректерінен алдық.

Ал алдағы әкім сайлауы елді азаматтық қоғамға одан әрі жақындата түсетініне сенеміз.

 

1576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы