• Тарих
  • 14 Шілде, 2021

ӨМІРІМІЗДІҢ КӨКТЕМІ...

(Курстас достар туралы толғаныс)

Біз де Ұлы Даланың ұрпақтарымыз. 
«Біз» деп отырғаным – 1976 жылдың жайдары жазында аспанмен таласқан алып Алатаудың алтын тәжі секілді ғажайып Алматыда бас қосқан курстастарым. 
Дарқан көңілді қазақтың пейіліне біткен шалқар даласының әр қиырынан келіп, бағы жанған қыз-жігіттердің шоғыры әу баста қалың еді. Артық-кемі жоқ 50 студент! 
Тағдыр жазуымен шұрқыраса табысқан сол елудің қаншасы арадағы қырық жылдың қырқасынан аса алмады. Санамалауға құлық жоқ. Бір шаһарда табысып, бір шаңырақта тай-құлындай шұрқырасқан замандастар қатарының сирегеніне жүрек сыздайды. Өткен шақпен айту да ауыр. 
Өміріміздің көктеміндей жарқ еткен сол бес жыл бес күндей болмай өте шығыпты...
Алғашқы үлкен танысуымыз қалай басталып еді өзі? Иә, әдеттегідей.
Қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы орналасқан ғимараттың үлкен бір аудиториясында бірінші курстың сайыпқырандары төрт көзіміз түгел бас қостық. Жаңадан түскеніміз бар, «рабфак» аталып кеткен дайындық курсынан келгендер бар, араның ұясындай дуылдасып отырғанымызда қасына нөкерлерін ілестіріп, журфактың деканы Темірбек Қожакеев кіріп келді. Тапалдау бойлы, толықтау денелі кісі екен. Жүрісі ширақ, нық-нық басады. Орнымыздан дүркірей көтерілдік.

 

– Отырыңдар! – деді деканымыз ортадағы үстелге жайғасқан соң. Сосын жалтыр маңдайындағы көзәйнегін шешіп, ерніне тістеген күйі сөзін бастап кетті. Сәл ыңырана, әуендете сөйлейді екен.

– Барлығыңның да өмірбаяндарыңмен танысып шықтым, – деді барлай шолып. – Шеттеріңнен «Толмаған Толстой, болмаған Бальзак» екенсіңдер! Өлеңшілер мен әңгіме жазғыштар сендерсіз де жетеді. Ал, жарайды, одан басқа қандай өнерлерің бар?

Аудиторияда шыбынның ызыңы естілердей өлі тыныштық орнады. Апыр-ау, бұл кісі не өнерді сұрап тұр? Болашақ журналистке жазудан басқа қандай өнер керек? Түсінсек бұйырмасын. Жауап болмағасын декан көзәйнегін жылтыр маңдайына қайта қондырып, алдындағы журналға үңілді.

– Жаппасов Еркін! Қайдасың? – Қоңыраулай шыққан үн аудиторияны кезіп кетті.

Бұл фамилияны Қожакеевтің неге таңдағанын, Жаппасовтың кім екенін білмейміз. Сөйтсек, сатира ауылына із тас­тап жүргендерге жіп тағып отырады екен ғой, жарықтық. Болашақ сықақшы Еркіннің де алғашқы қадамын дөп басып таныған сияқты. Ортаңғы қатардан шашы желкесіне түскен, сары ала шақпақ костюм киген ақсұр өңді, қағілездеу жігіт ағасы орнынан қасқая көтерілді. Қатарластарынан едәуір ересектеу. «Мен!» деді қырылдап.

– Сен екеніңді көріп тұрмын. Маған мынаны айтшы. Мәдениет клубының меңгерушісі болдым деп жазыпсың. Өзің домбыра тарта аласың ба? Жоқ әлде, патефонды ойнатып қойып, қойдың басын мүжіп, малшыларды алдап жүрген қусың ба?

Көңілді жаралайтын қанжардай сұрақ. Жалбыр шашын артқа қарай бір сілкіген Еркін шамырқана тіл қатты: «Домбыраңызды әкеліңіз, тартып көрсетейін. Баяныңыз бен пианиноңыз болса, оны да қоса алдыртыңыз. Мен Семейдің музыкалық училищесін бітіргенмін».

– Өй-дөйт! Не дейді-ау, мынау! – Бұл жолы Қожакеевтің дауыс ырғағында ырзалықтың белгісі аңғарылды. – Отыр, факультеттің домбырашылар оркестріне қатысасың. Тағы кімде қандай өнер бар? Спортшылар бар ма? Әлде бәрің кілең салбөксе, жатыпішерсіңдер ме?

Қуырып барады. Намыс қысып, «бар» деп айтуға оқтала беріп, тоқтай қалдым. Авиация полкында жүріп, парашюттен секіруден үшінші разряд алып қайтып едім. Бет қаратпай тұрған деканымыз «О не пәле, тағы?» десе, күлкіге қалармын ба деп ойлап, іркіле бердім. Оның үстіне парашютпен секіру дегеніңіз – едәуір уақытыңды алатын әуресі көп спорттың түрі. Ондай еркіндікті бізге кім береді? Факультет басшысына керегі палуан, боксшы, футболист, желаяқтар сияқты. Ат үстінде өскен қазақтың баласы емеспіз бе, ондайлар баршылық екен. Қожакеев мұрнынан тізіп, біразының есімдерін қатирасына түртіп алды.

Осы жиынның үстінде кураторларымызбен таныстық. 101-ші топқа қазақ журналистикасы теориясының негізін салушы ғалым, профессор Тауман Амандосов, 102-ші топқа журфакті жаңа бітірген жас маман, кешегі Лениндік стипендиат Ержұман Смайылов жетекшілік жасайтын болды. Тауман Салықбайұлы бірден шалқамыздан түсірердей мәлімдеме жасады: «Естеріңде болсын! Журналистика факультеті ақын-жазушы дайындамайды, біздің міндетіміз – бұқаралық ақпарат құралдарына кадрлар даярлау».

Әрине, ұстазымыз солай айтты екен деп тосыла қойған біз жоқ, мақала­ла­рымызбен қатар әңгімемізді жазып, өлеңімізді бұрқыратып жүре бердік. «Б» тобындағыларды білмеймін, біздің «А» то­бындағылар үшін Амандосов Тәңірдің өзі жіберген елшісіндей көрінді. Алда-жалда желдіртіп «тежегіші» ұстамай, декан­ның қаһарына ұшырап қалғандар болса, шыр-пыры шығып қорғап жүргені. «Әй, іше­тіндеріңді ән-ө-ө-өу «Орбита» жаққа барып ішіңдерші!» деп күйінгенін де естідік. Ол кезде «Орбита» қаланың ең шеті болатын.

Негізінен Тауман ағамыз кешірімшіл, жүрегі кең, әрі әзілкеш адам ғой. Көңілденгенде қыздарға да қалжыңдап қоятын. Қалжыңын былай бастайды: «Ал, журналист болдың дейік. Ал, арманыңа жеттің дейік. Содан бір күні алыс таудағы қойшының ауылына бара жатырсың. Түн. Орта жолда трактор бұзылып, далада қалдыңдар. Кабинада тірәктіріс екеуің ғана... Ал, не істейсіңдер?..». Жігіттер шиқ-шиқ күліп, қыздар жағы беті қызарып сала беретін. Кураторымыз енді бірде, ұлы Мұхтар Әуезовтің ізімен Үндістанға сапарлап барған екінші адам екенін мақтанышпен айтар еді. Қызды-қыздымен: «Бұл үнділер дегенің қызық халық екен ғой» деп, шиқылдап бір күліп алып, әңгімесін жалғастырады.

– Храмға кірсек, адам бойындай ескерткіш тұр екен. Тыр жалаңаш еркектің мүсіні. Бәрі ап-айқын. Әйел біткен әлгінің алдына иіліп, қолдарындағы гүл дестелерін кіндігінен төмен жерге іліп жатыр екен. Ондайды көрмеген біздің сәбеттік әйелдер шошып кетті! – деп, аудиториядағы қыздарға сығырая қарайды. Қыздар төмен қарайды. Қалай десек те, «Журналистиканың тео­риясы мен практикасы» атты дәрісті Амандосовтай қызықты, әрі ұғынықты етіп жүргізетін ұстаз кемде-кем...

Ал кіші топтың кураторы Ержұман журфакта көп тұрақтаған жоқ, республикалық «Лениншіл жас» газетіне бас редактордың орынбасары қызметіне ауысып кетті. Кейін «Социалистік Қазақстанға» бөлім меңгерушісі болып барып, бас редакторлыққа дейін көтеріліп, зейнетке бір-ақ шықты. Дәм жазып 1996-98 жылдары ол кісімен «ЕҚ»-да әріптес болдық. Өз дегені болмаса, біреудің айтқанымен жүре қоймайтын бірбеткей, принциптің адамы еді ғой. Ғұмыр бойы мойнына галстук тақпай өтті. Тіпті Президенттің қабылдауына да галстуксыз барғаны бар...

Кураторлармен танысқан соң, старосталарды сайладық. Біздің топқа көк қаршығадай тұрпаты бар орта бойлы, әскерде сержант болып бөлімше басқарған жамбылдық Талғат Өтегеновтің (қазір Айтбайұлы) кандидатурасы ұсынылды. «Бәрің қолдайсыңдар ма? Мына Жаппасов мен неге болмаймын деп отырған сияқты ғой» деп, Темкең тағы бір қыжыртып өтті. Өзінен бұрын құлағымызға дақпырты жеткен темірдей тәртіптің иесіне қарсы шығып, өле алмай жүрміз бе? Талғатты танымасақ та қолдадық. Өмір қателестірмепті. Турашылдығымен, әділдігімен курстастарын тәнті еткен ол осы күнге дейін топтың көшбасшысы, ұйытқысы болып жүр. Бұл күнде құлаққа жиі естілетін әлгі бір сөзді сәл икемдеп айтсақ, «мәңгілік староста».

Кезек 102-ші кіші топқа келді. Бұл топқа да жамбылдық бозбаланың біреуі ие болар деп ойлағанбыз. Бізге дейінгілер миымызға солай шегелеп тастаса, басқаша қалай ойлайсың? «Қожакеев өзінің жерлестерін оқуға көп түсіреді, соларға бүйрегі бұрып тұрады екен» деген күңкілге имандай сенеміз. Өтежан Нұрғалиев дейтін қыңырлау ақынның: «Сені оқуға түсірген – Қонаев пен Дүйсетай, мені оқуға түсірген – ­Махамбет пен Исатай» дейтін өлең жолдары да сол жылдары шыққан. Оған да сенеміз. Жоқ, шешім біз күткендегіден басқадай болды! Старосталық тізгінді ауылдағы жас сауын­шылар бригадасында ысылып, еңбек озаты атанып келген қара торының әдемісі, талдықорғандық Мәншүк Бақжаева ұстады. Именуді білмейтін өжет, сартылдап тұрған қыз екен.

Кезек дәуір ағымына сай қоғамдық сипаттағы әлдебір мансаптарды бөлісуге келді. Партиялық идеология бұған да әжептәуір мән беретін. Бастауыш партия ұйымына «күлмесхан» Болатбек Орманов, комсоргтікке сөзі пысық Гүлмира Тойболдина, мәдени секторға әуесқой композитор Еркін Жаппасов, спорт жағына допты жақсы көретін Дүрәлі Дүйсебаев, студсоветке өмір көріп келген Күләш Маманова, профкомға өзі де, лебізі де салмақты Шолпан Әлханова сайланып, тағы да сондай саяси ақпаратшы, тазалықшы сияқты қызық міндеттерді бөлісіп, әжің-гүжіңмен зорға тарқастық.

***

Университет бітіргеніміздің 30 жылдығына орай шыққан «Құс қайтып оралды Алматыға...» атты ұжымдық жина­ғымызда курстың жігіттері мен қыздары ұмытылмас жылдардың елесін еске алып, көп нәрсені толғаған еді. Одан бері де сырғып 10 жыл өтіпті. Әрбір парағы ыстық сағынышқа толы қызық естеліктерді қайталамауға тырыссақ та, жастық шақтың шулы белестеріне еріксіз қайта айналып соға береміз.

Біз арман қуып келген 70-жылдардың ортасы әсем Алматының ең бір құлпырған әдемі шағы еді. Алатаудың көгілдір шыңдарын алғаш көргенімде, есімнен танып қала жаздағам. Керемет! «Әлемде осындай да биік тау болады екен ғой!» деп көп уақыт тамсанып қарап жүрдім. Ал көшедегі сылдырлап ағып жататын ақ бұлақтар, жағалай өскен алма мен гүлдердің жұпар исі қандай еді, шіркін! Курс болып шұрқырасып, Көктөбеге, Медеуге қыдырыстаған сәттеріміз, театр, кинода, «Дос-Мұқасан» мен «Гүлдердің», «Тамашаның» концерттерінде отырған алаңсыз кездеріміз көңілдегі суреттер сияқты. Бәрі де есте...

Бірақ көркі де, сәні де келіскен алып шаһардың бүгінгі ұрпақ түсіне бермейтін бір сұрапыл нәрсесі жанымызды жабырқатушы еді. Қарнымыз аш болмағанымен, біз рухани кемсітуді көп көрдік. Отаршылдық саясатты жалғастырған кеңестік жүйенің қорлығын бастан өткердік. Ұяттан безген матушкалардың «говори по-русский» деген өшпенділікке толы сөздерін естідік. Бір сөзбен айтқанда, сүйікті қаламыздың төріне шыға алмай, босағасынан ғана сығалап жүрдік. Ұлы Желтоқсан қарсаңында қаладағы бір миллионға жуық халықтың 16 пайызы ғана қазақ болыпты. Сұмдық енді! Сол үркердей қазақтың басым бөлігі ашқұрсақ студенттер мен үйсіз-күйсіз жұмысшы жастардан құралған болатын.

Бір нәрсе айқын – қызыл империяның құрсауында сынға түскен ауыр кезеңде Алматының (барша елдің десем де, артық емес) ұлттық рухын, халықтық келбетін сақтап қалған ұлт зиялылары мен ауылдан шыққан студентттер болатын. Бұл ақиқат! Арыға бармай-ақ, Алаш ардақтыларының ізін жалғаған көрнекті ғалымдарымыз Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Зейнолла Қабдолов, Қайыржан ­Бекхожин, Әбілфайыз Ыдырысов, Қабижан Құсайынов, Марат Барманқұлов, Белгібай Шалабаев, Қапан Қамбаров, Зейнолла Тұрарбеков, Файзолла Оразаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Сұлтанғали Садырбаев, Сейділда Ордалиев, Дандай Ысқақов, Абул-Хамид Мархабаев, Сағымбай Қозыбаев, Намазалы Омашев, Рақымбай Сатаев, Ләтипа Ахметова, Қоянбек Ахметовтың шәкірт тәрбиелеуде ғана емес, ұлтқа қызмет етудегі үлгі-өнегесі ұшан-теңіз еді. Біз тарихта қазақтың бітік жазулары болғанын, «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Айқап» сияқты журналдар жарық көргенін сол кісілерден алғаш рет естіп, таңдай қақтық. Көкірек көкжиегіміз кеңейді. Рухымыз өсті. Қалам қарымын жаңа Қазақстанның қалыптасуына арнаған күрескер әріптестерім көптеп шықса, сол аузы дуалы ұстаздарымыздың еңбегінің нәтижесі.

«Едігені айтсам, ертегіге кетермін» дегендей, әңгімені ұзатып алмайын. Десе де, жасының үлкендігімен ғана емес, сөзімен де, ісімен де кейінгі інілеріне абыздай болған курстас ағаларымызды аттап кету мүмкін емес. Ең үлкеніміз – Ақтөбенің Ырғызынан келген, бүгінде 74-тің белесінде жағасы жайлауда отырған Жайлаубай Қазиев. Белгілі ақын. Мінезі баладай аңғал. Бір адам қартаймаса, осы кісі қартаймайды деп айтуға болады. Ширақ. Студент кезінен-ақ сөзбен жан бағудың шеберлігін Жәкеңдей меңгерген ақын кемде-кем шығар. «Ах, шіркін ақ Балқияш! Ох, шіркін гүл Мақпал!..» деп аузынан маржан төгілгенде, еріп түспейтін ақжаулықты аз шығар. Барын алдына тосып, патшадай күтеді. Бірақ шөлі әбден қанған соң, Жәкеңнің мұны ұмытып кететін әдеті жаман. «Жанарың түнгі аспанның жұлдызындай, ажарың күншығыстан атқан таңдай! Балқияш, жүрегімді еріттің ғой, қаймақтап құйған сенің шайың балдай!..» деп желпініп алып, кешке келесі бір бөлмеде «Б»-ның орнына «С»-ны қойып, әлгі өлеңін сыңқытып отырғанын көресің. «Өй, Жәке, сізде ұят деген бар ма өзі? Түсте ғана мұны басқа сұлуға арнап едіңіз ғой» десең, ырқ-ырқ күліп, езуін шала сүрткен күйі қиралаңдап зыта жөнеледі. Сол әдеті өзіне жарасатынын қайтерсің.

Жайлаубай ақынның қалай оқығаны есте жоқ. Әйтеуір, Саголович дейтін дөң қабақ апайдың орыс әдебиетінен емтихан тапсырғанда, Жұмабекпен қапталдаса кіретін. Себебі Жәкең қазақша жауап береді, аудармашысы сол. «Жүке-е, ал мен кеттім. Өзің жайлап айта бер...» деп бастайды да, өлеңдетіп тоқтамай заулайды. Күлкі қысқан біз әрең отырамыз. Жүкең берілген тақырыпты әп-әдемі «аударып» береді. Разы болған оқытушымыз тәуір бағаны қонжитады. Өзге ұстаздар да ол кісіні аса көп қинамайды. Тырп-тырп басып, таяғын сілкіп қойып аудиторияға қабаттаса кіріп келе жатқан Жәкеңе жол беріп тұрғаны.

Диплом қолға тиісімен Жайлаубай ақын «Жазушы» баспасында редакторлық қызмет істеді. «Айдын», «Қарлығаш» атты жыр жинақтарына топтамалары енді. Бірнеше өлең кітабын шығарды. Азулы арыстанның өзін ықтыратын Бақытгүл жеңгемізбен шаңырақ құрды. Ұл-қыздарды өрбітті. Өлеңдетіп жүріп, құзіреті күшті Заманбек Нұрқаділовтың қолынан төрт бөлмелі пәтердің кілтін алды. Көп адамға иліге бермейтін тау тұлғалы әкімнің тілін табу да оңай шаруа емес еді. Қазиев иліктірді. Кейін ақын да, әкім де бірін-бірі керек қылмайтын нарық заманы туды да, Жәкең қаламды қытайдың ала қабына айырбастап, «Барахолка» атты қызық әлемнің қойнауына еніп кетті. Әлі де сол маңда нәпақа айырып жүр. Жыр арнасы ортайыңқырап, сарқыншағы қырғыздың қыз-келіншектеріне қарай ауып кетті...

Курстың тағы бір ақылшы ағасы – журналистиканың еңбек торысы Әшірбай Еркебаев. Сәтен жеңгемізбен екеуі бірінші курста шаңырақ көтерген Әш-ағаң «отты судың» әсерімен кейде шешіліп сөйлегені болмаса, көбінесе сырбаз қалпынан танбайтын. Қашан көрсең де бірқалыпты. Университеттен соң, қалада аялдамай ел жағына аттанып, тілшіліктен бастап, аудандық газеттің бас редакторлығына дейінгі сатылардың бәрінен өтті. Ауылдың тыныс-тіршілігін, елдің мұң-мұқтажын шама-шарқы келгенше айтты, жазды. Өз қолтаңбасы қалыптасты. Шымкенттен таяқ тастам жердегі аудан орталығында кең сарайдай сегіз бөлмелі үй тұрғызыпты. 2018 жылы көктемде жерлес бауыры Иса Тасқұловтың баласы үйленгенде, Шым қаланың үлкен бір мейрамханасында бас қосып, сол тойдан кейін үйіне қонаққа шақырды. Пойызға билет алып қойғандықтан, үлкендік салт, қазақы дәстүрді көрсеткен ағамызға рақмет айтып, тарқастық.

Сол жылы күзде Әшағаң 70 жылдығын атап өтетін болып, өз қуанышына арнайы шақырды. Өкінішке қарай, тағы да дәм тартпады. Алыс шетелде жүргендіктен, Ыстанбұл қақпасынан інілік құттықтау жолдадым. «Өзіңізге арабтың ай маңдай сұлуы мен сымбатына көз сүрініп жығылатын түріктің падишасын сыйға тартамын. Сәтен жеңгеміз қарсы болмаса, қалағаныңызды таңдаңыз!» деп бейнебаянды қоса салдым. Әзілді қалжыңмен өрбітіп әкеткен Әшекең қауқалақтап: «Осы ай маңдайың дұрыс-ау!» деп, ризашылығын білдіріп жатты. Көп ұзамай, аяқ астынан бақиға аттанып жүре бергенін естіп, сенер-сенбесімізді білмей қалдық. «Бақұл бол» дегеннен басқа, не шара бар? Көңілге медет тұтарымыз – қызы Айнаш әкесінің жолын қуып, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде отбасылық журналистік дәстүрді абыроймен жалғастырып келеді.

Жалпы арамызда журфакқа есейген шағында, кештеу келіп түскен сақа жігіттер баршылық еді. Соның ішінде оңтүстік жақтан келген Жаппар Гаппаров пен Сапарәлі Мүтәлиев көп сыр шаша бермейтін. Олардың ел жақта айттырған сыңарлары бар екенін бертінде бірақ естідік. Мейлі ғой, әркімнің өмірі өз құзырында. Қазбаймыз, қазбаламаймыз. Ал курс ақсақалының тағы бір ірісі – Өзбекстаннан келген Қалдыбай Бердалиев ағамыз керісінше, ашық-жарқын жан болып шықты. Саусылдаған бозөкпелерді үйіне қонаққа шақырғыш еді. «Үй» дейтін үйі де жоқ. №12 мектептің бірінші қабатындағы күрек-сайман сақтайтын қуықтай бір бөлме. Екі баланы бағып-қағуды міндетіне алған жеңгеміз сонда еден жуушы еді. Еңкейіп кіріп, бүгіліп тұрып, сол аядай жерде талай рет алаңсыз отырыппыз ғой. Не деген жылтсыздық, а? Қазір топырлап жүргенімізді ойласам, ұят қысады. Пейілі жомарт Қалдыбай ағамыздың сақылдай күлген риясыз күлкісі ғана есте қалды. Өзі сол оқу бітіргеннен кейін Алматыға ат ізін салмады. Жүректен құлады деп естідік.

Жетісай қаласындағы жекеменшік университетте ұстаздық еткен Сапарәлі де осындай кенеттен келген кеселдің құрбаны болды. Қайыры аз, бейнеті көп ауыр қызметке неге ұрынды екен деп, ойлап қоямыз? Әйтпесе, қаламы жүйрік дарынды журналистің бірі еді. Балалар тақырыбына көп жазатын. Мақала, очерктері «Қазақстан пионері» мен «Лениншіл жасқа» бұрқырап жиі шығатын. Өзі де Алматыға жыл аралатып соғып тұрушы еді. Кейін денсаулығына байланысты барыс-келісі сиреді.

Ал пісірген палауының дәмі талайдың таңдайында қалған Жаппар көкеміз болса, шүкір, дін-аман екен, Жетісайда аудандық газетке бас-көз болып жүріп жатыр. Жол түсіп бара қалсақ, өзбек ағайындарша қос қолын кеудесіне айқастыра қойып: «Есенсіздер ме? Төрлетіңіздер!» деп, иіліп жылы қарсы аларына күмәнім жоқ.

***

Біздің қатарымызда қандай талантты, марқасқа жігіттер оқығанын бүгінгі ұрпақ көп біліңкірей бермейді. Оған енді жастар кінәлі емес. Төңкеріліп түскен уақыт, заман ағымы солай боп тұр. Қазіргі буын өкілдері (бірен-сараны болмаса) қатардағы қалам иелерін қойып, кезінде даңқы жер жарған классиктердің өзін білмейді. Білмейтіні – газет-журнал оқымайды. Оқымайтыны – материалдық игіліктер алға шығып, рухани құндылықтар құлдырады. Жұрт кітап емес, доллар жинайды. Дастарқан төрінде ақ шашты жазушы емес, бұғағы салбыраған бай-бағлан отырады. Оған көзіміз үйренген.

Соған қарамастан, жансыз қаламға жан бітіріп, бұлыңғыр қоғамда әлдебір үмітпен алға қарап, газет, журнал шығарып келе жатқан журналистердің жанкештілігін мойындау керек. Экс-мәжілісмен, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, публицист Кәрібай Мұсырманов; республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, эстет-жазушы Қали Сәрсенбай; қазақ сықақшыларының айтулы легіне қосылған сатирик, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакция меңгерушісі Еркін Жаппасұлы; бір өзі бір институттың жұмысын атқарып, Ұлы Желтоқсан көтерілісінің жылнамасы туралы том-том кітап шығарған талантты баспагер, «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайұлы; ұзақ жылдар Атырау облысының «Атырау» газетіне басшылық жасаған ақпарат саласының ақтаңгері, «Құрмет» орденді Өтеген Наукиев; Қазақстанның Құрметті журналисі, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев; «Меркі тынысы» аудандық газетінің редакторы, қоғам белсендісі Әтіркүл Сопбекова, «Замана» жекеменшік газетінің бас редакторы, журналист-жазушы Иса Тасқұлов сынды жазу-сызудан кіндігі ажырамаған қаламгерлердің арқасында жазба басылымдардың ғұмыры ұзарып отырғаны ақиқат.

Қыр-сыры мол жазу өнері азапқа толы шығармашылық процесс екенін басы-қасында жүргендер ғана біледі. Жазу бүкіл жан-дүниеңді жаулайды. Ойландырады, толғандырады, жүйкеңе, жүрекке салмақ түсіреді. «Қазақ газеттері» сияқты іргелі ұжымға ұзақ жыл басшылық жасаған ­талантты публицист, іскер басшы, саясаттану ғылымының кандидаты Жұмабек ­Кенжалин, Еуразия университетінің журналистика факультетінде ұстаздық қызмет пен республикалық «Спорт» газетінің бас редакторлық қызметін қатар ұштастырған Дүрәлі Дүйсебаев, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, филология ғылымының кандидаты Әмір Оралбаев, Жанкелдин аудандық газетінің редакторы, энциклопедист Мылтықбай Исмағұлов, белгілі теле-журналист, ­«Алатау» телеарнасының директоры ­Абдолла Сүлейменов, Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Мұрат Әбуов, Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры, ­филология ғылымының докторы Жұмабай Әбілев, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты қызметкері, қарымды тілші-аудармашы ­Болатбек Ормановтың мезгілсіз бақиға аттануына да осы жүйкеге түскен шығармашылық салмақтың әсері тигені рас. Ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы мен ізі қалған осынау әріптестерімнің қай-қайсысы да ардақтауға лайықты тұлғалар.

Мысалы, көш бастар тұлға дәрежесіне көтерілген, екінің біріне бұйырмайтын атақ пен қызметтің биігіне шыққан Жұмабек Кенжалинді ерекше мақтан тұтамыз. Жібек мінезді, парасаты мол азамат еді. Анасынан бастық боп туғандай сызданатын әлдекімдер сияқты емес, алды да кең болатын. Заңғар биікке көтерілдім деп асқан жоқ, қиындыққа душар болдым деп сасқан жоқ. Сырбаз мінезінен айнымады. Досқа адал. Дұшпандық ниет танытқандардың өзіне де кешірімшіл болды. Ертеректе мемлекеттік емтиханнан «үш» қойып сүріндірген профессордың жазбаларын өз құзырындағы басылымдарға кідіртпей жария­лауы соның дәлелі. Қай жағынан алсаң да, адамгершіліктің тұмадай тұнық мөлдірлігін танытқан азамат ­туралы көп айтылды, көп жазылды. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіндегі өзіміз соңғы курста дәріс алған аудиторияның біріне есімі берілді. Арнаулы кітап пен деректі фильм, көптеген мақалалар жарық көрді. Соңында өзі тәрбиелеген шәкірттері мол, іздеушісі бар Жұмабек жайында әлі де талай айтылатынына, жазылатынына сенемін. Сол сияқты, жоғарыда аты аталған курс жампоздарының әрқайсысы жөнінде қалай қалам тербесек те, жарасар еді. Бірақ оған бір мақаланың жүгі көтере қоймас-ау...

Оқырманы іздеуге лайықты жандардың бірі – Болатбек Орманов болатын. ­Ауылдан «Қазақстан пионеріне» күн сайын оншақты хат жолдап, белсенді жас тілші ретінде «Артек» пионер лагеріне жолдама жеңіп алған ол ерте танылды. Бұл сол кезең үшін үлкен жетістік еді. Қолға ­диплом тиісімен Болатбек қалаға жақындау Талғар аудандық газетіне орналасты. Біз, Талғат, Сәбит үшеуміз «Қазақстан пионері» газетінде қызмет істейтінбіз. Ретін тауып, қатарымызға Болатбекті тарттық. Сөйтіп, балалар басылымында төрт курстас болдық. Ол кезде республикалық үш-ақ басылым болғанын ескерсек, бұл да ауыз толтырып айтарлықтай жеңіс еді. Балалар газетіне келісімен Болатбектің тынысы ашылды. Өндіріп жазды. Басшылардың көзіне түсті. Содан ба, сарыуыз практиканттарға жетекшілік жасау Бөкеңе тапсырылатын. «Дүниеге баланың көзімен қарай біліңдер. Олай болмаса, сендердің жазғандарыңды кішкентай өрендер қабылдай алмайды» деп, ерінбей-жалықпай үйрету үшін де күш-жігер керек. Бөкеңде ол бар. Баланың тілін жақсы көретін оның өзі де кейде балаға ұқсап кететін. Бір жолы Жайлаубайдың үйіне қонаққа барғанда, біржарым жастағы Розаның құлағына кірқыстырғыш шаншып кетіпті. Баламен балаша ойнамаса, Бөкең бола ма?.. Егер, бұлағай тіршіліктің әрқилы арнасына бұрылмай, таза әдебиетпен айналысқанда, одан тамаша балалар жазушысы шығатыны кәміл еді. Бір кем дүние деген сол.

Кейін елордамыз Сарыарқа төріне қоныс аударғанда, Бөкең де алғашқы лекпен бірге Астанаға ауысты. Денсаулық сақтау министрлігінің Баспасөзбен байланыс және аударма-құжаттама бөлімінде өмірінің соңына дейін адал қызмет істеді. Тіпті, өз кеңсесінде қан қысымы көтеріліп отырса да сыр бермей, жоғарыға қажетті шұғыл құжаттарды әзірлеп кеткенін әріптестерінен естіп, досымыздың жанкештілігіне қайран қалғанбыз...

Тағы бір ескерусіз қалған көрнекті курс­тасымыз – Жұмабай Әбілев. Негізінен ол ескерусіз қалатындай қаражаяу адам емес еді. Білімі терең сыншы, өнер зерттеушісі болатын. Филология ғылымының докторы атағын қорғаған жалғыз курстасымыз. Жұмабай көкшетаулық Кәрібай Мұсырманов, атыраулық Қайыржан Жұмашев үшеуі біздің топқа екінші курста келіп қосылды. Алдымыздағы курстан. Содан ба, үшеуі де саяқтау жүрді. Себебін сұрамадық. Біреудің өткенін қазбалау біздің курсқа жат нәрсе. Тіпті бес жыл қатар жүргенде, бір-бірімізден ру сұрасқан емеспіз.

Жұмакеңнің қолында үнемі шиыр­шықтал­ған қоңыр блокнот жүретін. Не жазатынын білмейміз, кейде Бас поштаның алдында тұра қап, бүкшиіп бірдеңені шимайлап тұратын. Сосын төменіректегі Жазушылар одағына қарай бүлкілдеп, желіп бара жатқанын көресіз. Жалпы Жұмакеңнің бойында біреудің алдына түсейін, білімділігімді көрсетейін дейтін адуындылық жоқ. Көбінесе үндемей тыңдайды. Білетіндердің айтуынша, кешкілік Әуезов драма театрынан шықпайды. Репетиция болып жатқан уақытта ортаңғы қатардың бірінде қисайып отыратынын актерлер талай көрсе керек. Жұмакеңнің «Қазақ комедиясы», «Жазба комедиясының даму ерекшелігі», «Қалтай Мұхамеджановтың драматургиясы» атты монографияларының алғашқы негіздері сол студенттік шақтарында жазылғанында шәк жоқ.

...Университетті жақсы аяқтаған Жұмабай Әбілев ойланбастан еліне тартып кет­кенін білеміз. Алдымен аудандық мәдениет бөлімінде істеп, содан газетке ауысыпты. Ауыл оқырманының өресі жете бермейтін ойлы мақалаларын байқаған ректор Мұрат Жұрынов жаңадан ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне ұстаздық қызметке шақыртады. Сөйтіп, журналистика факультетінің деканы ретінде, кәсіби БАҚ мамандарын дайындауға үлкен үлес қосады. Докторлық диссертациясын абыроймен қорғайды. Университетте де жастардың шығармашылығына көп көңіл бөліп, әдебиетке баулиды. Жергілікті жас ақындардың үздік өлеңдерінен «Темірқанат» атты жинақ шығаруы соның дәлелі. Бұл күнде Жұмабай Әбіловтың «Этнодеформация» (Ұлттық сана мәселелері) атты кітабын болашақ журналистер қосымша оқулық ретінде пайдаланып жүр.

Зайыбы Раушан Мұратқызының айтуын­ша, Жұмабай 2008 жылы күзде қызының ұзатылу қамымен жүріп, Түркістан мен Жаңақорғанның ортасындағы белесте жол апатына ұшырайды. Соңында қалған жары мен ұрпағы аман болсын дейміз. Басқа не айтамыз...

Көріп отырсыздар, бес жылымыз бес күндей болмай өте шыққан сағым жылдарда тоқайласқан (о дүниелігі бар, бұ дүниелігі бар) әрбір курстасымыз туралы осындай естелік айтуға болады. Жоғарыда есімдері аталып өткен баспасөз сардарларын қайталамайын.

Өлең өлкесіне «Шақырып келе жатыр арман алға, қаншама біз жүретін жолдар алда...» деп арындап келіп, қиядан қайтып, аудандық газеттің күйкі тіршілігінде қайраңдап қалған Самат Асқаров; 50-ге дейін көшпенді тірлік кешіп, Астанаға қоныс тепкенше әзіл әлемінен алыстамаған, сыршыл қаламын қолдан түсірмеген Абдул-Ғазиз Есембаев; Желтоқсан дүрбелеңінде қуғынға түссе де жігері жасымаған алымды публицист, Парламент мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенов; белгілі аудармашы-журналист, Парламент Сенаты аппаратының бөлім басшысы Дәуітәлі Медеев; Астанада бірнеше газет шығарып, қазақ журналистикасының жаңа бағытын қалыптастырған Шархан Қазығұлов; өмірдің әрбір сәтін мөлдіретіп, әдемі әңгімеге айналдыратын дарынды жазушы Сәбит Дүйсенбиев; теледидардың дүлдүлі, жазудың хас шебері, ақын, ­публицист Қайнар Олжай; отыздан асқанда домбыра үйреніп, қазақы жыр-дәстүрді жиын-тойлардың төрінде әспеттеп жүрген Әндіржан Мұханғалиев; аудандық баспахананы жекешелендіру ісі оң жамбасына дөп келіп, өз тірлігін дөңгелетіп алған Азат Жақыпбеков; барлауға аттанған жауынгерлердей «хабар-ошарсыз» кеткен – Ержан Исаев, Мырзағали Нұрсейітов, Бауырғали Әкімбеков, Серғазы Қабылдаұлының әрқайсысының еңбек жолы бір-бір хикаятқа кейіпкер болуға лайықты азаматтар. Бұл орайда жетіспеген тұсымызды өзге әріптестерім толықтыратынына сенімдімін.

Міне, кешегі Жұмабектің сөзімен айтқанда: «Арман қуып, арғымақ ойнатқан...» қызуқанды жастарға ғана жара­сатын гүл дәуреннің елестері. Бүгінде әр қиырда, әр салада хал-қадірін­ше еңбек етіп жүрген, бірін-бірі еркелете білген, еркеліктерін көтере білген заман­дастарымның ғасырға бергісіз бес жылы әлі талай естелікке азық болары сөзсіз.

Қарап тұрсам, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың көктемі мен жазы өтіп, күзгі тоғайдағы ағаштардай қатарымыз селдіреп-ақ қалыпты. Бірақ тағдырға қарсы тұрарлық күш бар ма? Өмірден өткендерге салауат, тірілерге амандық тілейміз! Бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйғызған мынау бір алапат ауыр сынақтан барша еліміз, елмен бірге бәріміз аман-есен өтейік!

Арғымақтарымыз жеткізсе, алдағы 50 жылдың белесінде қауышайық!

Курстастар керуенінің көші жалғаса берсін!

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

5017 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы