• Руханият
  • 14 Шілде, 2021

«СИЗО»-ның СЫРЫ

Түрмені адамның пешенесіне жазады. «Хулиганство» деген баппен екі рет сотталған ағам Саратовтан Шиеліге қыдырып келіп, ұлттық намысына тиген орысты алқымнан тартып жіберіп, үшінші жолы ату жазасын алды. Сот интернационализм талаптарын орындай отырып, қатаң үкім шығарды. Мәскеу Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер екенін, Қызыл Жұлдыз бен басқа да марапаттарын ескеріп, ату жазасын 15 жылға ауыстырды. Ағам үкім бекігенше 11 ай СИЗО-да отырып, бір блокнот өлең жазыпты. Он екі жылдан соң қайтып кеп, «Пешенеңе жазылғаны ғой» деген ағайынға: «Бір жазғыш адам жазған екен де» дегені есімде. Бұл кейіпкердің болмысы «Атуға бұйырылған Адам» деген әңгімеде егжей-тегжейлі суреттеледі.

Маңдай-тағдыр ештеңеге көнбейді, ешкімді де тыңдамайды екен. Үш обкомды билеген Коммунистік партия сұңғыласы, Социалистік Еңбек Ері, әдебиет жанашыры бір жақсы көршім бір күнде қолына кісен салынып, төрт жыл тергеу изоляторында отырып, ақталып келгенде бұл да тағдырдың сый-сойы ғой деп таңғалдым. Ал, енді мынау тай-құлындай тебісіп бірге өскен, жаны жомарт, көңілінде қылауы жоқ Бигелді түрмеге түсті дегенді естігенде тағдыр сойылы бұған да оңбай тиген екен ғой деп өзімді-өзім тоқтаттым. Жігіт десең жігіт,  қаламгер десең қаламгер, газет шығарып, қоғамның көкірек-көзін ашып, замана қайығын құлаштай ескен жігітке не болды? Таңғалдым. Сөйтсек, бұл да уақыттың сыйы екен. Тәуелсіздік алғасын да қоғамға тәуелді адамдар керек болды. Бұл да соның бірі боп торға түсті.

Осы Бигелді құрдас кім өзі?

КазГУ-дің журналистика факультетін үздік бітірген орыстілді журналист. Онан кейін екеуміз Мәскеудің Әдебиет институтында бірге оқыдық. Екі қазақ «ағайынды қоңыр қаз» боп ешкімге беріспедік. Армян да, грузин де қазақпен санасты. Алдымызда «АЗ и Я»-ны жазып, «Сен азиятсың» деп көңіліне қылау түсіргендерді Тверская, 25-тің жатақханасында бір шыбықпен айдаған Олжас тұр. Семинарда Бунин мен Чеховты талдағанда славян тектестер біздің Бигешке (мен құрдасымды Бигеш деймін) аузын ашып қалады. Иә, көкірек-көзі ашық тағы бір қараторғай торға түсті. Бұл – өзімізге тән ұлттық болмыс. Біз «өз жақсымызды жаттай сыйлай» алмаймыз. Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің «Охран бастығы» атты әңгімесінде ауылдастары охран бастығы ғып сайлаған күннің ертеңіне Қорғанбек әкесін қамап тастайды. Ақсақалдар жиылып кеп: «Әкеңнің кінәсі не?» десе, «Контра» дейді тайсалмай. Бұл 1933 жылы жазылған әңгіме, баласы әкесін қамаған, «халықтар әкесі» Сталинге ғана сенген заман. Ал «СИЗО» 2020 жылы шыққан кітап, 2016-17 жылдары болған оқиға. Кітап – тағдыр, ол – қоғамға берілген баға, біздің құқық қорғау орындары лас тіршілігінің сайқымазақ көрінісі. Деректі повестің беташарында «сол жақты» көріп қайтқан режиссер Ермек Тұрсынов былай дейді: «Главная ценность этой повести – ее документальность. Ее фактологическая правдивость и хроникальная точность. Говорю это, как человек, тоже побывавший «там» и испытавший на себе все «прелести» карательной машины государства. Мне близко и понятно то, о чем пишет автор. Такие книгы нужны. В них ощущается «дыхание» эпохи». Иә, бұл кітап жаңа қоғамның жаңа ауасымен демала алмай қалған көкіректің жанталасы, «жедел жәрдем» күткен жігіттің тағатсыз төзімі. Кітаптың алғысөзінде автор Бигелді Ғабдуллин бас әріптермен «Бұл жазбамды гуманизм, адам құқығы, сөз бостандығын бағалай білгендерге арнаймын» дейді. Автор – гуманист. Ол темір тордың есігін ашып, қоңсық иісті жұтып тұрып та өмірден нәзіктік іздейді, мына өмірді Пабло Пикассоның «Склеп» («Сағана») картинасына ұқсатады, көрмегенім осы еді деп өзін-өзі жұбатады, саналы азамат жарық өмірден соқыр өмірге келіп тұрғанын тағдырдың пешенеме жазған сыйы деп сезінеді. Бұл жердегі погон таққандардың маңдайында көзі бар, көкірегі соқыр екен. Олар адамзатты жарық дүниеден аласталған тірі организм деп есептейді. Автор осының бәрін өзінің нәзік сезімімен шынайы суреттейді, біз бір жұтым таза ауа мен бір нәзік сәулеге зар болған қоғамнан  аласталған адамдарды көреміз. Ол – тұтқын. Ол – қоғамнан бөлініп қалған тұлға. Ол бір Алладан ғана медет күтеді, алыста қалған адал адамдарға сенеді.

Бигелді Ғабдуллинге тағылған кінә не?

Халықаралық Қазақ ПЕН-клубының тізгінін ұстап, қазақ әдебиетінің байрағын әлемдік деңгейде желпілдетем деп жүрген жігіттің кінәсі не? Ол «Central Asia Monitor» деп апталық газет шығарып, «Радиоточка» деп танымал портал ашып, қазақтың көкірегіне сәуле құям деп жүргенде  неге оңбай сүрінді? Өткенге бұрылсақ, көз алдымызда Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы мен тарихшы Ермұхан Бекмаханов бейнелері көлең-көлең етеді. Әрине, «Язык мой – враг мой» деген қағидаға сүйенсең, ешкімге тіл тигізбеуің керек, әсіресе билікте отырғандарға. «Айға қарап саусағыңды шошайтпа» – қазақтың қанына сіңген менталитеттік мәтел. Оу, заман тыныш, тәуелсіздіктің тұсауын ағытып тастап, күнде асар жасап жатқан ел емеспіз бе? Жоқ, бізде әлі де үкімшіл деспоттық машинаның моторы гүрілдеп тұр. Сен әлі де «ләббай тақсырлап» билікке бас иіп тұрмасаң болмайды. Бигелді секілді көкірегінде маздап жанған алауы бар азамат бұған көне қоймас. Ол өз сөзін айтып, өз ісінің дұрыстығын дәлелдейді. Оған дейін темір тор – тергеу изоляторының «қонағы» болады.

Әділет оған қол ұшын берді. Достары ышқынып алға шықты, жол көрсетті, тәжірибесі мол ақтаушы іздеді. Смағұл тектес әріптес ағалар, Үміт тектес сауатты әпкелер бел буып жолға шықты. Үміт Тәжікеннің «Новая газета Казахстан»-ға осы кітап туралы жазған пікірін келтіре кетейін: «Эта книга об упований на силу разума, о конечном торжестве разума, о вере и справедливость. Эта книга о сохранении чести и достоинства в любой ситуации, о том, чтоб «не терять самоуважения, верить в будущее» дейді. Таза жүректен шыққан таза пікір.

Бигелді келер күндерге сенді, нұрлы болашақ оны қол бұлғап шақырып тұр. Өйткені оның ісі әділ, қаламы үшкір журналистің жалғыз арманы – халқына қызмет ету.

Ол темір тордың ар жағында жатып та аузынан Алланы тастамайды, күбірлеп Құран сүресін айтып отырады. Сырт келбеті мен жүріс-тұрысы ширақ, орысша оқып, еуропаша тәрбие алған жігіт қылкөпірде Алласы бар азамат кейпін танытты. «О, Аллам, маған мынау өмір сынағында күш-қуат бере гөр. Өмірдің құқайын көп көрсем де, мұндай теперішті бұрын көрмеген екенмін. Күш-қуат бере гөр» деп жан тазалығын алға тартады. Адам өзгереді, адамды уақыт шіркін уысына алғанда кімнің кім екені тайға таңба басқандай көрінеді. Автор-Бигелді қайтсе де өзінің адамдық әділ мұратынан айнымайды, тергеуші қалай бұлтартса да оның қармағына түспейді, оған кейіпкердің буырқанған күш-қуаты мен биік интеллектісі жетеді, ол тіпті баспасөздің иісі мұрнына бармайтын шенді майорды мысқылдап та отырады, тергеу кезінде өзін тергеушіден биік ұстайды.

Уақыт аққа қара жаға алмайды. Жемқор жүйе  азаматтың қажыр-қайратын мұқалта алмады. Ол – ХХІ ғасыр адамы, тәуелсіз елдің өрені емес пе? Өзінің биік санасымен қара ниеттілерді жолда қалдырып, әділдік деген «Рейхстагтың» төбесіне ту тікті. Сөйтіп, өмірге тажал-түрме туралы деректі кітап әкелді. Бұл – «СИЗО» деп аталған осынау азат күндерге деген адами сағыныш, пенденің қайратын мұқалтуға тырысқан қоғамның лас алаңқайы – түрменің тірі суреттері: Түрме – жазықтылар мекені, бірақ онда әділет іздеген қаншама жазықсыз отыр. Сол жақтың дәмін татқан жазықсыз қазақ баласының осы бір дүниесі ұрпақ үшін бағалы. Өйткені онда ақ пен қара айқасып тұр.

«Аққа Құдай жақ» дейміз.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

 

2035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы