• Тұлға
  • 14 Шілде, 2021

ДЖЕФФЕРСОННЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМЫН ҰСТАНҒАН ЖАНША ТУРАЛЫ

Басқа-басқа, тіпті зиялылар арасында да осы есімге қатысты айтыс ол ақталғаннан кейін де тартысты жүрді. «Көзқарасы тұрақсыз, түлкі бұлаң саясат ұстанды» деген сияқты тұрлаусыз бағаның ызғары ұзаққа созылды.

«АЛАШ ДЕГЕН  СӨЗ БОЛМАСЫН…»

немесе ҚАЙТПАС, ҚАЙСАР

ҚАЛАМГЕР ҚАЛИХАН

 

Қысылтаяң кезде  құрып кетпеудің қамымен Б.Қаратаев інісі полковник, Астрахань қаласының қалабасы Арон Қаратаевты Жайықтың ақ казактарын басқаратын генерал Толстовқа келіссөз жүргізуге жұмсады. «Бұл соғыста қазақтардың бейтарап қалғаны жөн, жүз миллион халқы бар Ресей он миллионынан айрылса да қылшығы құрамайды, ал он миллионға жетер-жетпес қазақтар миллионнан бірін жоғалтса, бұл қымбат құрбандық, қызылдар жеңсе де, ақтар жеңсе де Ресей қалады, соны ұмытпаңдар...» деді генерал келіссөзде. Жау да болса, достық пиғылын ашық айтқан генералдың кейін Англияға бас сауғалап, ағылшын газеттеріне берген сұхбатында: «Если бы мне пришлось возвращаться опять Россию, я бы поставил в Эрмитаж скелет последного туземца как уникальный памятник для потомство» деуінде бүкіл бір ұлттың тағдырын шешуге қатысты тарихи ақиқат ұшығы бар-ды. Алайда мұндай ақиқатты түсіну және оны мойындау тіпті де оңай болған жоқ. Белгілі жылымықтан соң, осы ақиқаттардың беті ашыла бастаған шақта «Қазақфильм» «Ұрпағың сені ұмытпас» атты көркем фильм түсірді. 2004 жылғы 28 қаңтарда сценарий авторы, қабырғалы қаламгер Қ.Ысқақтың «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі М.Төлепбергенге берген сұхбатында айтылғандай, фильмді ­киностудия қабылдағанмен, Қазақстанның Орталық Партия Комитеті: «Персонаждардың аты өзгертілсін. Алаш деген сөз болмасын, жағымсыз кейіпкерлер жағымды кейіпкерлердің пысын басып жатыр, ­автор осыны қайта қарасын» деген талап қойды. Ақиқатқа адал қаламгер айтқанынан   қайт­пады. Мұхамедияр Тұнғашин, Жаһанша, Халел Досмұхаме­дов­тер сияқты арыстарын іздеген қалың көрерменнің жолы болмады.

...Алдымда шекесіне құпиялық белгісі соғылған мұрағат құжаты жатыр. Ол – ­Жанша (Жаһанша) Дос-Мұхамедовты айыптау жөніндегі № 6516-іс. Жылымықтан кейін де сан жылдар сарылтып, Ресейдің Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысы бойын­ша федеральды қызмет басқармасы тек 1999 жылғы 10 ақпанда ғана танысуға рұқсат еткен, қазір Ресей Федерация­сы Мемлекеттік мұрағатында сақтаулы, тек үш-ақ адамның –  Тұрар Рысқұловтың немересі Владимир Рысқұловтың, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының құрылтайшысы, оның бұрынғы президенті, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Бақтығали Мәмбетовтің және аталған мұрағат қызметкерінің ғана құжатпен танысқаны жөнінде қолы қойылған, сақтықта қорлық жоқ, кейбір себептермен басқаларының қолы қойылмаған да болуы мүмкін,  құжатты парақтаған сайын жоғарыдағы ойдан еріксіз алшақтай бересің.

Жымпитыны жайлаған қалың тананың әлді де беделді әулетінен шыққан Жанша қаршадайынан қанына тартып өсті. Он жасында Текенің әскери реалдық училищесінің дайындық курсына қабылданып, әп дегеннен зеректігімен көзге түсті. Негізгі сыныпқа да, келесі сыныптарға да емтихансыз көшіп отырды. Мәскеудің Императорлық университетінің заң факультетін үздік бітірді. Алайда өз түлегін тек өз мүддесіне қызмет еткізуге дағдыланған империялық саясат бұл жолы да өз дағдысынан айныған жоқ, ­Ж.Дос-Мұхамедов Ресейде қызметке қалдырылды. Мұндай кепті киген тек жалғыз Жанша емес болатын. 1887 жылы Қазан университетінің медицина факультетін бітірген, қазақтың тұңғыш жоғары білімді дәрігерлерінің бірі М.Қарабаев туған жерінде тұрақтай алмай Сібірде, Сақа елінде еңбек етті. Ал 1890 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін үздік бітірген Б.Қаратаев бірден Грузияға жіберілді, яғни оның ең уызды шағының жеті жылы сонда өтті. Дәл сол жылдарда дәрігер Мұхамеджан Қарабаев та, заңгер Бақытжан Қаратаев та кіндік қаны тамған не жастық шағы өткен Ырғыз, Жайық бойын жайлаған жерлестерін былай қойғанда, бүкіл қазақ халқына қаншалықты қажет еді десеңізші?! Бірақ өктемдік заңы солай, сол өктемдік «қылбұрауын» босаңсытпай, сан түрлі нысанда, соның ішінде қазақ зиялыларының рухани әлеуетін де тегеурінді қыспақтан шығармаған күйі, белгілі сәуір төңкерісіне келіп ұласты. Азаттық рухымен рухани дертке шалдыққан Алаш зиялыларының ол төңкерісті неліктен ерекше үмітпен қарсы алғанын осыдан-ақ түсінуге болады.

Елдік рухтың ұраншылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары дереу бүкіл шаруаны тыйып қойып, бай, кедей болып жаға жыртыспай, тұтас ұлт болып ұйысуға, кең байтақ қазақ даласын мекендеген ұлттардың бәрінің басын қосып, ерікті мемлекет құруға шақырған кезде Жанша Том округтық сотында прокурор көмекшісі (товарищ прокурор)  қызметінде еді, яғни әділет генералы шеніндегі, әлі отызға да толмаған жас жігітке айдаудағылардың саяси істерін қадағалау жүктелген болатын. Жанша аяқ астынан Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы, ысылған қоғам қайраткері Ғұбайдолла Әлібековтен өз халқына қызмет етуді өтінген жедел хат алды. Ойланған жоқ. Айтыс-тартысқа толы, бір жағынан қалың қазақтың басындағы санаға сіңіп қалған езгілік, екінші жағынан ұлы орыстық шовинистік-империялық психология кеңірдектен қысқан жағдайда ұлттық мүдденің сіңірлі қағидасынан айнымаған тағдырлы өмір осылай еркінен тыс басталып кетті.

 Жаншаның 1938 жылғы 2 маусымдағы ­жауабы бойынша: Сәуір төңкерісімен жалғаса, яғни сол сәуір айында Орал қазақтарының облыстық съезі шақырылды. Егемен мемлекеттік құрылымы жоқ өңірдің болашағы да өте бұлыңғыр еді. Міндет үлкен, уақыт тапшы. Неден бастау керек? Ж.Дос-Мұхамедов съезд жұмысына белсене қатысып, съезд төрағасы болып сайланды. Жаншаға Орал бөлігін басқаруға қатысты алғашқы ереже жобасын жасау тапсырылды. Жанша жасаған жобаны съезд бір ауыздан қабылдады, сонымен бірге араға ай салып, яғни 1-11 мамырға белгіленген Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне (Мәскеудегі) делегат етіп ұсынды.

 

Негізінен меньшевиктердің ұйым­дасты­руымен өткен съезд Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесін және оның атқару комитетін құрды, Комитет төрағасы болып меньшевик А.Целиков, төрағаның орынбасары болып Ж.Дос-Мұхамедов сайланды. Елді басқару түрі мен конституция ж­асау сияқты түбірлі мәселелерді Құрылтай жиналысы шешуге тиісті еді. Жанша мемлекеттік құрылыстың осындай өзекті мәселелерін қызу талқылаған депутаттар алдында сөз сөйлеп, басқа да пікірлес әріптестерімен бірге буржуазиялық-демократиялық федеративтік республика мәртебесін жақтады. Мұсылмандар съезі кеңестендіру қағидасын қабылдамады. Ұлттың дербес даму жолын таңдаған ұстаным жөргегінде пісіп-жетілгені айқын бола түсті, ғасырлар қойнауынан жеткен алаштық үн ресми алаштық қозғалыс дабылына ұласты. Болашақ үкіметті Алаш үкіметі деп атау жөніндегі пікір нақ осы күндерде көтеріліп, кейін ресми орнықты. Белгілі алаштанушылар Д.А.Аманжолова мен В.В.Рысқұловтың пікірі ­бойын­ша Алаш автономиясы реквизиті авторларының бірі Жанша (Жаһанша) Дос-Мұхамедов бұған сүбелі үлес қосты.

 

«ӘУЕЛІ ПАРТИЯ,

СОСЫН ҮКІМЕТ…»

 

Алаштық үн, алаштық қозғалыс 1917 жылғы 21-28 сәуір аралығында Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ съезінде үн-ұраннан нақты іс-қимылға ұласты. Съезд басқа да аса маңызды саяси міндеттерді айқындаумен бірге, жеке, ұлттық мүдде ұраншысы мен ұйымдастырушысына айнала алатын жеке саяси партия, Алаш партиясын құру туралы шешім қабылдады. Партия бағдарламасын әзірлеу Д.А.Аманжолова мен В.В.Рысқұлов айтқандай, А.Тұрлыбаевқа, А.Сәтбаевқа, Б.Танашевке, А.Байғаринге, Ж.Досмұхамедовке, Н.Мәметовке, М.Шоқайға, Ғ.Оразаевқа тапсырылды. Алайда уақыт аласапыраны бұған мүмкіндік бермеді. Жанша 15 қыркүйекте арнайы хат жазып, «Қазақ» газетінде комиссия мүшелерінің саяси оқиғалар ағысымен жан-жаққа бытырап, бастары қосылмай жалғыз қалғандығына байланыс­ты маңызды саяси тапсырманың тұйыққа тірелгенін баяндады. Бағдарлама жобасын кейін Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов бастаған топ әзірлеп, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашасындағы нөмірінде жариялады. Жоба облыстық қазақ комитеттерінде талқыланып, оны Құрылтай жиналысының қазақ депутаттары бекітуі керек еді. Бірақ Құрылтай жиналысының өзі «бас-басына би болған» адуын күштер толқынындағы «ескексіз» қайықтай бұлыңғыр әлем көкжиегіне сіңіп, жоғалып кетті.

Алқын-жұлқын саяси оқиғалар аясында, соншалықты қысқа уақытта, соншалықты тегеурінді күштер қыспағында партиясыз үкіметтің өзін қалай құрып, қалай сақтағаны, қазіргі күннің өлшемімен ойлағанда, сөз жоқ зәре-құтыңды қашырады. Сол күндердегі ұрпақ арасынан суырылып шыққан санаулы топ қана ұлт жауапкершілігіне саналы түрде терең зерде-біліммен бас тігіп, қайтпас қайрат көрсете алды. Автономия алу қажеттігі айқындалды, енді оны қалай, қашан жариялау керек? Уақыт пен кеңістік кеңірдектен қысып тұр. Кең дала, тұрғындарының басым бөлігі өзге ұлт өкілдері, бір-бірімен байланысу қияметтің қиыны, демек, ұлтаралық тірлік сәл нәрседен ушығуы мүмкін. Сондықтан Ә.Бөкейхан бастаған топтың ең алдымен осы проблеманы шешіп барып, автономия жариялау керек деген пікірі осы қауіптен туындаған еді. Алайда кеңістік мұқтаждығы уақыт тапшылығына тәуелді, уақыттан ұтылу тәуелсіздік мүмкіндігін қолдан жоғалтумен барабар-тын. Сондықтан Ж.Дос-Мұхамедов бастаған топтың автономияны дереу жариялау жөніндегі пікірі де ұлт тағдырын шешудегі батыл қадам болатын. Өзектілік пен өткірлік проблемасының текетіресі бірден ортақ шешім қабылдаттырмады. Оның үстіне сол бір алмағайып заманда саяси одақтас таңдаудың мән-маңызы да айрықша болатын. Ж.Дос-Мұхамедов жағындағылар түркістандықтарға, Ә.Бөкейхан жағындағылар Уақытша Сібір үкіметіне үміт артты. Олардың өздерінің қауқарлы күш екені күмәнді болғанмен, алмас қылыштың жүзіндей қылпылдаған тағдырға жеке пікірмен тәуекел ету қайраткерліктің шыңындай еді, олар сол шыңға көтеріле білді. Толыққанды партиясы жоқтығына қарамастан, Ұлттық үкіметін – Алашорда үкіметін, іле Қазақ автономиясын құра алды. Ә.Бөкейхан бастаған Алаш үкіметінің тапсырмасымен Ж.Дос-Мұхамедов пен Х.Досмұхамедов Мәскеуде В.Ленинмен және И.Сталинмен қазақ халқына автономия беру жөнінде жүргізілген бетпе-бет келіссөзде «бұратана» атанып келген халық өкілдерінің ­саяси өресінің қаншалықты биік екенін көрсетті. Олар белгілі себептермен, сол тағдырлы оқиғаға, яғни 1920 жылғы тамыз айында Ұлттық комиссариатта Қазақ автономиясын құру жөніндегі отырысқа шақырылмаса да, жоғарыда айтылған келіссөзде мәселе негізінен шешілген еді, сол күндері И.Сталин «Известия» газетінде мұны жария еткен болатын.

Жаншаның 1938 жылғы 4 маусымдағы жауабы бойынша: Бүкілресейлік мұсылмандар съезі Құрылтай жиналысына дейін тарап кетсе де, Алаш қайраткерлері съезд белгілеген ұстанымнан айнымады, тап сол кезеңдегі Ресей империясы территориясында мың құбылған саяси биліктің сан алуандығына қарамастан, қазақ даласында Ресей федерациясы құрамында автономиялық даму жолын таңдады. Олар неге Ресеймен байланысып қалды?

Сол күндердің өзінде дербес дамудың мүмкін еместігі Алаш қайраткерлері арасында айтарлықтай дау туғызған жоқ. Мәселе, тек Ресей империясының әл-қуатына ғана қатысты емес еді. Сәуір төңкерісінен кейін Ресейдегі билік басына келген Уақытша үкімет буржуазиялық-демократиялық құрылымды қолдап, осы бағытта демократиялық қағидаларды ұстанған біраз игі шешімдер қабылдаған болатын. Мұндай шешімдер Алаш қайраткерлері ұстанымымен үндесті.

 

УФАДАҒЫ

АҢДЫСҚАН АЙҚАС

 

   Алпауыт «отанының» кеңестік биліктің шырмауында кетуіне шыдамай, Ресейде буржуазиялық-демократиялық республика құруды аңсаған орыс зиялыларының бір тобы Уфада бүкіл Ресейді билейтін уақытша үкімет құрды. Үкіметті басқару эсерлердің көсемі Н.Д.Авксентьевке жүктелді. Ол төңкерісшіл кезеңдегі саяси оқиғалардың адуын толқыны ілестіре ағызған жол-жөнекей қайраткерлердің бірі емес, «ұлы державалық» психологияның төл перзенті ретінде, оның күйреуіне қарсы жан-тәнімен күрескен, ұлы орыс шовинизмінің белгілі өкілдерінің бірі болатын. Пролетариат көсемі В.И.Лениннің өзінің елу бес томдық еңбегінің отыз төрт және отыз бесінші томдарында ғана оның есімін жүрек қыжылымен жиырма төрт рет қайталауы тегін емес-ті. Сәуір төңкерісінен кейін – Шаруа депутаттары Бүкіл Ресейлік Кеңесі Атқару Комитетінің Төрағасы, Керенскийдің екінші коалициялық үкіметінде ішкі істер министрі, кейінірек контрреволюциялық «Ресей Республикасы Уақытша Кеңесінің» (Предпарламенттің) төрағасы Авксентьвтің өзі «бұратана» халықтың өкілі Ж.Дос-Мұхамедовке Предпарламенттің табалдырығынан емес, төрінен орын ұсынды. Шағын топтың құрамында Жаншаға да осы Уақытша үкіметтің, уақытша емес, толыққанды, тұрақты үкіметке айналуы үшін, әуелі оның сайлауын өткізуге қажетті арнау­лы Заңның тұңғыш нұсқасын жасауға тартты. Әрине, Авксентьев және оның Үкіметі Ж.Дос-Мұхамедовті Ресей мүддесін қорғайтын қайраткер ретінде емес, жалпы ең болмағанда өтпелі кезеңнің демократиялық принциптерін, әлемдік мемлекеттік құрылыс заңдылығын жақсы білетін, өрелі заңгер ретінде қалады.

Жаншаның 1938 жылғы 4 маусымдағы жауабынан: «Мы, казахские ­националисты, считали, что в Казахстане должен быть установлен буржуазно-демократический строй с автономным самоуправлением Казахстана в целом и земским управлением на местах. Нашим идеалом был общественно-политический строй Соединенный Штатов Америки. Исходя из этих взглядов, мы твердо решили не допускать советизации Казахского края. С этой целью был создан Всеказахский съезд в декабре 1917 года». Сол кезеңнің әлемдік құқықтық жүйесінің классикалық үлгілерімен сусындаған Ж.Дос-Мұхамедов оның басты қағидаларын өз ұлтының тұрмыстық игілігіне пайдалануға күш салды. Тамырымен қазақтың да қаны ағатын, қазақтың жиені, орыстың белгілі заңгері Ф.Плеваконы, сондай-ақ С.Е.Десницкий мен И.А.Третьяковтың «адаммен басқарудан, заңмен басқаруға» қағидасын, А.Менгердің «Заңгерлік социализмін» өнеге тұтты (Ж.Ақбаев, «Жанша», 1994, Орал), Америка Құрама Штаттарының демократиялық принциптерін басшылыққа алды. Ұлтына, наным-сеніміне, әлеуметтік жағдайына қарамай адамның еркін даму принципін ұстануы, азаттық жолындағы алғашқы күндердің өзінде-ақ, кейбір өз қандастарының қарсылығын тудырды. Сәуір төңкерісінен кейін іле-шала Ж.Дос-Мұхамедовты дереу жеделхат жолдап, еліне қайтуға шақырған, Бүкілресейлік мұсылмандар комитетінде ел мүддесін бірге қорғасқан Ғ.Әлібеков сияқты ұлтжанды қайраткердің 1918 жылғы 18 мамырда Жымпитыда өткен Орал қазақтарының облыстық съезінде демократиялық принциптен таптық принципті жоғары қоюы түпкі ойы бір-екі қайраткердің бір-біріне қарама-қарсы екі саяси жікке ажырауына әкеп соқтырды. Ғ.Әлібеков коммунистік идеяны, ал Ж.Дос-Мұхамедов ұлттық идея­ны берік ұстанды. АҚШ-тың Тәуелсіздік Декларациясы авторларының бірі, өзі аса ірі құл иеленуші бола тұра құлдықты заңдық негізде жою жөнінде ең алғаш ұсыныс жасаған және соны жүзеге асыру үшін қажымай күрескен, «адамның ­тумысынан еркіндігі» жөніндегі, бұл қағида әлем халықтары конституцияларының бірінен-біріне көшіп келеді, ол біздің Конституциямызға да енгізілген, классикалық қағиданың авторы ­Томас Джефферсонның демократиялық ұстанымын өнеге тұтқан Жанша диктатура атаулыға, оның ішінде пролетариат диктатурасына жан-тәнімен қарсы болды және одан өмірінің соңына дейін айнымады. Қазақтың әдет-ғұрып заңын зерттеп, «Жеті Жарғыдағы» «құнға», «барымтаға», «қалың малға» және басқаларына қатысты нормаларды кейінгі заман талаптары аясында талдады. Заң жүйесіндегі әлемдік үрдіс пен ұлттық үрдістің деңгейлерін салыстырудан туындаған ұлттық қажеттілікке орай, орыс тілінен аударып, қазақ тілінде «Жауыздық низамдамасы» деген атпен Қылмыстық кодексті жазды.

 

САЯСИ АЙТЫС

ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ

ҚАЛАМАЙДЫ

 

Жаншаның 1938 жылғы 7 маусымдағы жауабынан: «Как буржуазный националист, сторонник буржуазно-демократического строя, по своим убеждением народник, ярый противник диктатуры пролетариата, был сторонником эсеровской партии, оставаясь враждебно настроенным к Советской власти, в разные периоды менялось мое отношения к Советской власти ...» Ешқандай бұлталаңы жоқ, ашық жауап. Халықшыл, диктатураға жаны қас Жаншаның пікірі кеңестік билікке қашан, қандай жағдайда өзгеріп тұрды? Кейбір зерттеушілердің «түлкі бұлаң» деп сынауына не түрткі болды?

Жаншаның ісін қайта-қайта парақтап, ақиқатты аршып алуға қанша тырыссам, жауапсыз сұрақтар соншалықты көбейіп, әр деректің астарынан арыстандар айбары атойлап шыға келеді. Арыстандардың әлсізі болмайды, әсіресе өзінің арыстан екенін ұмыттырмау үшін белдескен кезде … күні мен түні шатысқан айқыш-ұйқыш айқас арасынан Алаш қайраткері ұстанар тура жолды іздеп аласұрамын, таппаймын. Сталиннің «Григорий қашан коммунист болады? » деген сұрағына М.Шолоховтың «Көндіре алмай жүрмін» деуі тегін емес екен. Жанша да жаңағы «арыстандар» қыспағында идеялар арбауында не эсер, не меньшевик, не большевик болып кетпей, жалпы ұлттық идеяға адалдығын өмірінің соңына дейін сақтап қалды. Оған, істегі сұрақтар мен жауаптардың тұтас тізбегі, сондағы тобылғы сапты тағдырының кейінгі ұрпаққа тәлім боларлықтай таңбаланған өнегелі істері куә.

Мемлекеттік құрылыс формасын таңдауда үндес пиғылдағы және империялық қуатынан әлі айрылмаған ресейлік Уақытша үкіметтермен де, әлі әлжуаз, бірақ халықтық рухы саңқылдай шыға бастаған кеңестік билікпен де тіл табысуды талап еткен өтпелі кезеңде одақтасты біржақты таңдау ұстанымының мүлдем қатерлі екенін мойындамау мүмкін емес-ті. Арыстандардың аузынан сытылып шығу үшін де белгілі бір мөлшерде дипломатиялық сәтті шешім қажет-ті. Міне, осы шешімдер біраз жылдарға дейін «түлкібұлаң саясат» деген атаумен, қара тізімнен түскен жоқ. Кім жау?! Өздерін Ресей империясының мұрагеріміз деп санаған Уақытша үкіметтер қамқор бола ала ма?! Егер, ол болмаса, кім?! Түрі ұлттық, мазмұны социалистік, демократия­дан диктатураны, пролетариат диктатурасын жоғары қойған, бұрын әлемдік аренада көрінбеген жаңа формациялық жас буын ба?! Бәріне уақыт төреші, уақыт Уақытша үкіметтерді саясат алаңынан ысырып тас­тады, факт. Пролетариат диктатурасының үні күшейген үстіне күшейе түсті, «дүниені дүр сілкіндірген он күннің» екпінімен санаспау мүмкін емес, ол да факт. Сағат тілі уақытты ғана емес, білдей ұлттың әлжуаз тәнін кеміріп барады. Міне, осындай сындарлы сәтте аңтарылып қалмай, заманына қарай амалын тапқан ғана тұйықтан шыға алатыны белгілі. Жаншаның осындай сәттерде қарсыластарымен, ол ақтардың атаманы не қызылдардың комиссары бола ма, (Мәскеудегі Ленинмен, Сталинмен жүргізілген келіссөзді алыңыз, атышулы атамандар Дутовпен, Колчакпен, қызыл комиссарлар Фрунземен, Дмитриевпен арадағы тілқатысуларды алыңыз – С.Б.), бәрібір, тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатыны қайран қалдырады. Саяси қарсыласы бола тұра С.Сейфуллин оны табиғи турашылдықпен: «Алашорда көсемдерінің ішінде жұртты сөзбен ертіп әкететін екі кісі бар. Бірі – Мержақып Дулатұлы, бірі – Жанша Досмұһамбетұлы. Мержақып жазу сөздің шебері. Мержақыптың сөз әдістері жатық, сымпиғандау шығады. Жаншанікі ірі, оғаштау шығады» деп сипаттады. Егер тілін таппаса, империя мұрагері менменшілдігін тежеп, кешегі «бұрата» халықтың мемлекеттігі күмәнді тобына тақыр жерде құрған армиясын қаруландыруы үшін үш миллион сом көлемінде қаражат және әскери киім-кешек берер ме еді? Революциялық комитет қанды шайқаста одақтасуға шақырып, жанталаса өкіл алмасар ма еді?! Бірақ... бірақ... үміт оты жылт етіп жанып, жалп етіп сөнумен болды ... Күнбатыс Алашорда басшыларының Орынбордағы қырғыз әскери комиссариатына жолдаған жеделхатында айтылғандай, өңірдегі тұрақсыздық, анархия қаскөйлігі Алаш көсемдерін сырттай қарағанда, жат қылықтай көрінгенмен, іс жүзінде амалсыздан осындай екі ұшты саясат ұстануға мәжбүрледі.

Сонымен бірге, іле-шала Күнбатыс Алашорданың басшылықтағы бес қайраткерін Ойылға, Ойылдан Оралға, Оралдан Орынборға, сосын Орынбордан Мәскеуге іс жүзінде, айдаттырды. Оларды қарапайым ортадан қашық ұстаңдар, басшылық қызметке жолатпаңдар деп ашық бұйырды. Сол бесеу Мәскеуде Ленинге жолдаған саяси платформасының жалпы халықтық, ұлттық мүдде аясында жүргізілгенін біліктілікпен дәлелдеп жазған баянхаты арқасында ғана үйқамақтан босап, елге қайтты.

Жаншаның 1938 жылғы 4 маусымдағы жауабы бойынша. Автономия алысымен, яғни 1920 жылдың күзінде зиялы қауым үлкен үмітпен түгелдей дерлік Ташкентке ағылды. Бірақ, сонымен бірге, Қызыл Армияның Бұхара мен Хиуаға басып кіруін Алаш қайраткерлері өзге елдің ішкі ісіне қол сұғу, яғни империялық басқыншылықтың бір түрі ретінде қабылдады, оны «қызыл империализм» деп атады. Большевиктер бүгін Бұхара мен Хиуадағы өзін-өзі басқару жүйесін құртса, ертең ол күн біздің басымызға да туады деп есептеді. Осы күдік алаштықтар санасында бүкіл жиырма бірінші жыл бойы азапты елестей шыр айналды. Сол жылдың күзінде белгілі қайраткер М.Есболов Жаншаның пәтеріне келді. Ташкенттегі зиялылардың өз ұлттық ұйымын құру үшін жиналыс өткізгелі жатқанын айтып, Жаншаны сол жиналысқа шақырды. ­Жиналысты «Ақ жол» газетінің редакторы М.Дулатов, Түркістан респуб­ликасы жер комиссариатының алқа мүшесі М.Есболов, жазушы М.Әуезов ұйымдастырды. Жиналыс, егер автономияға қауіп төнсе, қапысыз қалмау үшін құпия ұйым құрып, оның саяси платформасын әзірлеу мәселесін талқылады. Платформа жобасын әзірлеу Ж.Дос-Мұхамедовке, М.Дулатовқа және М.Тынышбаевқа жүктелді. Платформаға эсерлердің, эсдектердің, меньшевиктердің және большевиктердің бағдарламалары негізге алынды. Ай мен күннің аманында алай-дүлей болып жататын кезеңді өмірде, әсіресе сол бір қиын-қыстау күндерде, алаштықтардың ұлы мұрат, мақсаты құр романтика деңгейінен аса алмады. «Ауылдағы азаматтық өмір» («Гражданский мир в ауле»), «Шаруа ауыл» («Хозяйственный аул») сияқты игі бастамалардың да жолы болмады. Не істеді?! Түңілді ме, әрине. 1930 жылдың наурыз айында Халел Досмұхамедов Мәскеуге, Жаншаның басында туған бажасы Т.Рысқұловтың өзі тұрған, кейін Жаншаға берген пәтеріне келді. Халел «Егер ГПУ біліп қойса, тағдырымыз қалай болады. Мұстафаның ізімен шетелге кетсек қайтеді?» деді. «Біржақты айта алмаймын, бұл енді әркімнің жеке ісі» деді Жанша. «Осында қаламыз!» деді Халел. Бұл оның осы ұсынысты екінші рет айтқаннан кейінгі түпкі шешімі еді. Сондай-ақ жоғарыда аталған ұйым Бұхара мен Ферғанадағы «контрреволюциялық» күштермен байланыс орнату үшін өз өкілдерін, Қ.Бірімжанов пен Д.Әбіловті, сонда жіберді. Ұйымның белсенді мүшесі ретінде, Жетісудың ашыққан қазақтарына көмектесуді желеу етіп, арнайы іссапарға шыққан, онда ұйымның саяси платформасын құпия насихаттаған Жаншаның бұдан хабарсыз қалуы оның намысына тиді. Дәл осы мақсатпен М.Әуезов те Семейде болып қайтқан еді. Атаман Акутиннің азулы армиясына қатысты ауыр операция жеңімпазына, ұлт мүддесіндегі ерліктің ауыл арасындағы төбелестей елеусіз қалуы әділетсіз рухани соққыдай тиіп, еңсесі түсіп жүргенде жаңағыдай әрекеттер жанын одан әрі жегідей жеді. Міне, осыдан соң 1923 және 1929 жылдар аралығында Жаншаның неліктен өзін ­саяси айтыстардан алшақ ұстағанын түсіну қиын да емес. Алайда, ұлт тағдырына мазасыздық Жаншаны, бәрібір тыныш жатқызбады. Кәмпескенің зобалаңы оны саяси тартысқа қайта қосты.

 

ҰЛЫ ҚАСИЕТТЕРМЕН

СУАРЫЛҒАН АДАМИ БОЛМЫС

 

Енді ғана орыстың белгілі ақсүйектерінің бірі, кезінде бұрынғы ­Черняев, қазіргі Шымкент қаласының мэрі болған К. Колоссовскийдің қызы, жоғары білімді дәрігер, пианист, сұлулардың сұлуы Ольга Константиновнаға (ол мұсылман дінін қабылдап, өмірінің соңына дейін Жаншаның сүйікті жары, әрі айнымас досы болып өтті – С.Б.) үйленіп, қызмет бабында тез көтерілген Жаншаның пенделік бақтан саналы түрде бас тартуының сырына терең үңілсеңіз, өкін, өкінбе, пендеге сол бас тартудың қаншалықты қажет екеніне ойланып та қаласыз. Тарих қойнауынан сыр тартқан, кәсіби де, жайдақ, тіпті қасаң сипатымен ұсынылған материалдардан зорлық-зомбылықтың, қинаудың небір сұмдық түрлеріне шыдамай, бір-біріне сатқындық жасау сияқты фактілердің, ішінара емес – типтендірілген нұсқаларын жиі кездестіреміз. Әрине, өкінішті. Бірақ пенде пенде, тұлға тұлға. Осындайда, бәрімізге ауадай қажет ұлы қасиеттермен суарылған адами болмыстың өміршеңдігін Жанша сияқты арыстарымыздың бойынан көргенде, Тағзым ұғымының мағынасы айшықтанып шыға келеді. Қуану, қайғыру, шабыттану, езіліп-жаншылу, қайралу мен үмітсіздік, бәрі, бәрі айналасында құйындай шырқ айналып, ақыры миына қан құйылып, тепсе темір үзетін шағында мүгедек күйге түскен, соған қарамастан 1938 жылғы 1 маусымда, туған бажасы Т.Рысқұловтың көмегімен алған пәтерінде (Мәскеу, Хавск-Шабалов тұйығы, 11-үй, 7-үй, 265-пәтер) соңғы рет қамауға алынған Жаншаның тергеуде берген жауаптарынан, жаңағы ұлы қасиеттермен суарылған адами болмысы бәрібір байқалып тұрады. Тек тергеудегі жауаптарынан ғана ма … қазақтан шыққан алғашқы заң қайраткерлерінің бірі, Мемлекеттік Думаның қазақ өлкесінен сайланған депутаты, әрі ұстазы, сонымен бірге нақ сол күндердегі саяси қарсыласы, революция үндеушісі Бақытжан Қаратаевты (Жанша заңгерлік мамандықты Б.Қаратаевтың ұсынысымен таңдады және одан бата алды – С.Б.) өлім аузынан алып қалу үшін Жанша өз басын қатерге тіге білді. Ақ казактардың одақтасы, большевиктерге қару кезенуге тиіс Алаш көсемі, керісінше жау жағының ірі тұлғаларының бірін атаман армиясының дәрігері ­Генкеден «Б.Қаратаев ауру, ешқандай этапты көтермейді» деген анықтама алып, тура өлімнен алып қалды. Айдауға алынған, ішінде Б.Қаратаев болуға тиіс отыз жеті адам қала сыртында атылды. Атамандар армиясының түрмесінен большевик Ә.Әйтиевтің әйелін көргенде: «Біз енді қатындармен соғысуға қалдық па?!» деп босаттырып, оны үйіне жеткіздіріп тас­тады (Ж.Ақбаев, Орал, 1994). Азаматтық па? Әрине. Бірақ мұндай азаматтықтың құны қара басының құнымен бағалануы мүмкін де еді. Өмір ақиқаты мұны есімізге салудан ешқашан жалыққан емес. Атам заманнан бері .., тіпті 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты қудалауларды алсақ та … Демек, Жанша сияқты Алаш ардагерлерін ұлықтау бізге не үшін керек? Рухани тазару үшін-ау! Ал сол арыстардың өзі бүкіл өмірін тозаққа айналдырған қара дақтан толық тазарды ма? Ұлықтау мен қаралаудың аражігін ажырата алдық па деген ойдан арыла алар емеспін. Өйткені...

Ұлтын сүйген, өмірінің соңына дейін сол бетінен таймаған ұлының қай ­кезде, қалай өлгенін сол ұлты әлі күнге дейін анық білмейді. Дүдәмал. Жұбайы О.Колоссовскаяның КСРО Бас прокурорына 1957 жылғы 9 сәуірде жолдаған өтінішіне сол жылдың 14 мамырында келген жауапта Ж.Дос-Мұхамедовтың 1938 жылғы 1 маусымда қамалып, 16 шілдеде «үштіктің» үкімімен Мәскеуде өлім ­жазасына кесілгені, үкімнің сол жылғы 3 тамызда сонда орындалғаны айтылады. Сол ресми құжатта бұған кереғар мынадай да жолдар бар: «Руководствуясь указанием КГБ СМ СССР N108 сс. от 24 августа 1955 года

ПОЛАГАЛ БЫ: зарегистрировать смерт осужденного сообщив в ЗАГС Ленинского района г.Москвы, о том, что Ж.Дос-Мухамедов отбывая наказание в ИТЛ, умер 13.Х1.1942 г. от упадки сердечной деятельности ...». «Руководствуясь указанием КГБ...». Қандай нұсқау? Не үшін? «Үштіктің» үкімін теріске шығару керек болды ма? Олай болса, неге? Жаншаның қайраткерлік қызметі қиырман-шиырман күреске қалай толы болса, өлімінің құпиясы да сондай ой-сананы шымырлатар соқпаққа жетелейді. Ақиқатының қашан ашылары тағы белгісіз...

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

 

2385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы