• Қоғам
  • 14 Шілде, 2021

БАСТЫ МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ        

«Ana tili»

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға ­Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшылары қатысты. Мақсат – бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды қорытындылау және алдағы негізгі міндеттерді айқындау. 
Жиын басында еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысы жайлы баяндады. 

МҰНАЙ ҚЫМБАТТАП, МЕТАЛЛ БАҒАСЫ ӨСТІ

– Биылғы бірінші жартыжылдықта Үкімет экономиканы қалпына келтіру және оны орнықты өсу серпініне шығару, халық пен бизнеске қажетті қолдау көрсету жұмыстарын жалғастырды. Халықаралық ұйымдар биыл әлемдік экономиканың қалпына келу қарқыны жоғары болады деп жоспарлап отыр. Осы тұрғыда тауар нарығындағы бағалар көтеріліп жатыр. Соңғы 10 жылда әлемде азық-түліктің бағасы қарқынды өсуде. Оған жаһандық және өңірлік өндіріс пен сауда байланысының бұзылуы, климаттық жағдайлардың өзгеруі себеп болып отыр. Маусым айының қорытындысы бойынша, азық-түліктің әлемдік бағасы шамамен 34% өсті, – деді А.Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, жыл басынан бері мұнай 44%-ға қымбаттап, баррелі 73 долларға дейін жеткен. Металл бағасы да өскен. Дегенмен, жағымды өсім де жоқ емес. Өңдеуші сектордың 5,6%-ға өскенінің арқасында өнеркәсіп,  фармацевтикалық өнім, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, вагондар мен локомотивтер, құрылыс материалдары, киім және жиһаз өндірісінде серпінді даму байқалады.

– Биыл алдымызға үлкен міндет жүктеп отырмыз. Ол – негізгі капиталға инвестиция көлемін ІЖӨ-нің 20%-на дейінгі деңгейге, тікелей ­шетел инвестициясын 19 млрд долларға жеткізу. Жартыжылдықтың қорытындысында өңірлердің басым бөлігінде жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Ең үздік көрсеткіш ­Түр­кістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, соны­мен қатар Алматы қаласында. Ал Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында төмен, – деді Премьер-Министр. Сондай-ақ Үкімет басшысы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 4,4 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылғанын атап өтті.

Премьер-Министрдің айтуынша, педагог­тар мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесі де қарастырылып жатыр. Педа­гог­тардың орташа жалақысы – 253 мың теңгеге, медицина қызметкерлерінің еңбек­ақысы – 320 мың теңгеге, ал әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы – 180 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы да көбейеді. 1 шілдеден бастап жергілікті атқарушы органдардың қызметтік жалақысы 1,9 есеге өсті. Ал орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін мемлекеттік қызмет­шілердің жалақысы 2022 жылдың қаңтарынан бастап жыл сайын 30 пайызға көтеріледі. Үкімет басшысының есебінше, биыл 6,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға жоғары. А.Мамин экономиканы сапалы цифрландыру үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын да айтып өтті.

Премьер-Министрден соң баяндама кезегі Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаевқа, облыс әкімдеріне берілді. Жиын соңында Мемлекет басшысы қорытынды жасады.

– Басты мақсат – экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Індетке және шектеу шараларына қарамастан, ел экономикасы жарты жыл ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек. Әлемдік экономика дағдарысқа қарсы тиімді шаралар мен карантинді шектеулермен бірге жанданып, іскерлік белсенділіктің қалпына келуіне септігін тигізді. Біздің міндет – екінші жартыжылдықта эко­­номиканың өсім қарқынын  арттыру. Жалпы күр­делі кезеңге қарамастан ел экономикасы дамып келеді. Бұл – тұрғындар мен бизнес өкілде­рі­нің қалыптасқан ахуалға, шектеу шараларына бейімделе бастағанын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

 

«ПАНДЕМИЯ ЖАҒДАЙЫНДА ӨМІР  СҮРУГЕ БЕЙІМДЕЛУ КЕРЕК»

Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірінше, жағдай әлі де болса күрделі. Covid-19 жаңа штаммдарының пайда болуы вирустың өмірімізге мықтап енгенін көрсетеді. Мұндай жағдайда өмір сүруге бейімделу керек. Көптеген елдер вирус жұқтыру санын азайтуға емес, індеттің ірі ошақтары пайда болмауы үшін жұмыс істей бастаған. Бұл тұрғыда денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түспеуі қажет. Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысы күрделі жағдайлар мен өлім-жітімді азайту, сондай-ақ ауыр халдегі науқастарды емдеуге баса мән беруді тапсырды.

– Карантин шектеулері тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, бизнеске де қатысты. Мониторинг жүргізу топтарының жұмысын қайта қарап, Ashyq жүйесі сынды цифрлы шешімдерді белсенді қолдану қажет. Шағын және орта бизнес қызметкерлерін вакцинациялауды науқаншылыққа айналдырмай, шынайы жүргізу керек, – деген Президент бұл жұмысты қайта қарауды Ведомствоаралық комиссияға тапсырды.

Мемлекет басшысы елімізде жалған вакцинация паспорты туралы деректер шығып жатқанына алаңдайтынын білдіріп, құқық қорғау органдарына осы мәселеге баса назар аударуды тапсырды. Себебі ел басшысының пікірінше, пандемиямен күрестің негізгі жолы – вакцинация. Алайда Қ.Тоқаев аталған жұмыстың қарқынына көңілі толмайтынын айтты.

– Түптеп келгенде, азаматтар өзінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Турасын айтсақ, бұл – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы, – деді ол.

Президенттің ойынша, міндетті екпе салу кезінде асыра сілтеуге жол беруге болмайды. Себебі медициналық себептерге және белгілі бір жағдайларға байланысты екпе салдырмайтын адамдар бар. Мемлекеттік органдар, әсіресе мониторинг жүргізу топтары осы мәселені ескеруі керек. Жалған вакцинация паспортын сату нарығын ауыздықтау үшін бірыңғай тестілеу базасының үлгісімен Екпе салудың цифрлық картасын шұғыл түрде іске қосу қажет.

– Бүгінде қазақстандықтарға бірнеше вакцина ұсынылып отыр. Ішінде отандық «QazVac» та бар. Дегенмен, халықаралық деңгейде мойындалған екпе көлемін ұлғайту қажет. Былтыр осыған байланысты арнайы тапсырма бердім, бірақ Pfizer вакцинасын елге жеткізу ісі тоқтап қалды. Келісім ­бойын­ша мамыр айында екпенің 2 млн дозасы елімізге жеткізілуі керек болатын. Үкімет мұны «Pfizer» компаниясының жаңа талаптарымен байланыстырады. Жақында жаңа ұсыныс түсті. Вакцинаны елге ­алдыру үшін Президент арнайы Жарлыққа қол қоюы керек екен. Егер қажет болса, мұны істеуге дайынмын, – деді Қ.Кемелұлы. Содан кейін Үкіметке, Президент Әкімшілігіне қалыптасқан ахуалды тексеріп, осы екпенің жеткізілуіне кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қабылдауды тапсырды. Себебі ел  азаматтарының қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беру үшін Pfizer вакцинасын қысқа мерзімде қолжетімді ету қажет деп санайды Мемлекет басшысы.

Президент коронавируспен күрес кезінде денсаулық сақтау көрсеткіштері күрт нашарлап кеткенін айтып, аналар өлімі – үштен бірге, жүрек ауруларынан қайтыс болу 40%-ға ұлғайғанына назар аударды.

– Бұған, әсіресе жансақтау және жедел жәрдем бөлімшелерін керек-жарақпен қамту деңгейінің төмендігі әсер етіп отыр. Оған көбіне басы артық бюрократтық процедуралар мүмкіндік бермейді. Медицина өнімдерін сараптап, тіркеу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары. Сонымен қатар медициналық ұйымдарды жарақтандыру деңгейінің төмен болуына жабдық бағаларының әрқилылығы себеп, – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, бір бұйымның әр өңірдегі, кейде бір өңірдің ішіндегі клиникалардың өзінде бағасы әртүрлі. Мысалы, жүректің жасанды қан жолы тетігінің бағасы – 165 мыңнан 600 мың теңгеге дейін, ал қан тамыры стенттерінікі 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін бағаланады. «Дәрілік заттар сияқты, медициналық жабдықтарды сатып алуды да орталықтандыруға тура келеді» деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы науқастармен тікелей жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді қолдау ­туралы да айтып, Үкіметке бұл мәселені реттеу үшін екі ай уақыт берді.

– Пандемия білім сапасына да теріс әсерін тигізді. Сондықтан өткен оқу жылындағы жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек. Мұның бірден-бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен сту­денттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронави­рус­тың жаңа штаммдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай емес екенін түсі­немін. Сол себепті оқушылар мен мұға­лімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде биыл күзде елімізде өтетін үшінші Ұлттық халық санағына тоқталды. Үкіметке, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұлттық санақты осындай күрделі кезеңде белгіленген мерзімде сапалы өткізуді тапсырды. Санақ жүргізетін қызметкерлердің бәрі вакцина алып, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуін де ескертті.

 

«ПАНДЕМИЯ ЕЛІМІЗДІҢ  ОСАЛ ТҰСТАРЫН  АЙҚЫНДАП БЕРДІ»

Президент дағдарысқа қарсы шаралар барысында қаржының тым көп бөлінуі және жеңілдетілген ақша-несие саясаты инфляция қарқынын күшейтіп жібергенін айтады. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдарының мәліметі бойынша, азық-түліктің әлемдік бағасы 40%-ға өскен.

– Бұл он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Осындай жағдайда еліміздегі инфляция деңгейі бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға жетті. Болжанған 4-6%-дан айтарлықтай жоғары. Азық-түлік бағасының қымбаттауы аса өзекті проблемаға айналды. Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан еліміздің осал тұстарын айқындап берді. Әрине, ел ашық экономикалық саясат ұстанатынын білеміз. Сол себепті нарықты импорт пен экспорт үшін жаба алмаймыз. Бұл сала үшін де, тұтынушы үшін де тиімсіз, дегенмен, отандық ауыл шаруашылық өнімінің ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырғаны туралы айтылып жатқан сын да орынды, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің айтуынша, бағаның құбылуына азық-түліктің маусымдық өзгерісі мен делдалдар жұмысының күңгірт жүйесі де айтарлықтай әсер етіп отыр.

– Маусымдық өзгеріс – табиғи жағдай. Оны болжауға, басқаруға болады. Шешімі – азық-түлікті келесі маусымға дейін сақтауға арналған заманауи инфрақұрылым жасау. Азық-түлік сақтау қорын жасау туралы тапсырма осыған дейін де бірнеше рет берілген. Үкімет отырысында да қаралып отыр. Өкінішке қарай, жағдай жақсармай тұр, – деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің алты облысында ғана жеткілікті азық-түлік сақтау қоймасы бар. Олар: Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және  Солтүстік Қазақстан облыстары. Ақтөбе облысындағы қоймалардың – 79%-ы, Батыс Қазақстан – 56%-ы, Шығыс Қазақстан – 50%-ы заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілмеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әкімдер­мен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді, осы мақсатты қолдау үшін тиісті бағдарламалардан қаржы бөлуді тапсырды. Сондай-ақ өңірлерде нарықты өзіне ыңғайлап,  өндірушілер мен тұтынушылардың есебінен пайда табатын жасырын делдалдардың жұмысын тексеру үшін комиссия құруды ұсынды.

Президенттің Үкіметке берген тапсыр­малардың тағы бірі – Ұлттық банк және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, инфляцияға қарсы кешенді жұмыс жүргізу мәселесі. Оның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру  және  құрылыс материалдарының бағасын реттеу де бар.

 

«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ ОТСТАВКАҒА КЕТУІ КЕРЕК»

Мемлекет басшысы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы күрделі жағдайға тоқталып, жем-шөппен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

– Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы – 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды. Мұның неге әкеп соқтыратыны белгілі. Тапшылық туындайды – баға өседі. Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруалар тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен, бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауға тиіс болатын. Алайда министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе дағдарыс кезінде қолыңыздан келмейді екен, – деді Қ.Тоқаев.

Жиында Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеу тапсырылды. Ол үшін Үкіметтің төтенше жағдайға арналған резервін пайдалану ұсынылды.

– Өңіраралық және салааралық мәселелерді шешу үшін құрылған Республикалық штабтың жұмысына көңіл толмайды. Жалпы Республикалық штаб жедел жұмыс жүргізуі керек. Қабылданған шаралардың барлығы фермерлерге анық әрі түсінікті болуға тиіс. Мына нәрсеге назар аударғым келеді: Мемлекет міндетті түрде қажетті көмекті көрсетеді, сондай-ақ шаруа­лар да ортақ жұмысқа атсалысуы қажет. Ең алдымен, қиындыққа тап болған өңірлерге жем-шөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастырған жөн. Өкінішке қарай, біздің елімізден бөлек, басқа аймақтардағы ауа райы да қолайсыз болып тұр. Соның салдарынан көршілес мемлекеттерде жем-шөпке деген сұраныс күрт артуы мүмкін, – деді Президент. Ол үшін Үкіметке «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, жем-шөп экспортын уақытша тоқтатуды, қуаңшылықтан қатты зардап шеккен фермерлерге жем-шөп алу үшін арнайы несие, субсидия беруді қарастыруды тапсырды.

Президент жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесіне де тоқталып, жағдайдың ушығу себебін айтты.

– Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы. Бұл, әсіресе Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр.Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн. Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президент тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің айтуынша, бүгінде елімізде 700 мыңнан астам тұрғыны бар 1922 ауыл таза ауызсуға зәру. Қостанай облысы тұрғындарының – 35%-ы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының 20%-ға жуығы сапасыз су ішіп отыр. Суды тұтыну көлемі артқан сайын су инфрақұрылымы да ескіріп барады. Еліміз бойынша сумен қамтамасыз ететін нысандардың 22%-дан астамы тозған.

– Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж болып отыр. Мұндай деректер жиілеп кетті. Өкінішке қарай, бұған жергілікті атқарушы органдар жол беруде. Мысалы, Түркістан облысында Біркөлік, Екпінді және Қорған ауылдарының тұрғындарына арналған ауызсуды демалыс орындары бассейнді толтыру үшін пайдаланған. Сөйтіп, халыққа су бермей қойған. Бұған тиісті бақылау жасамаған жергілікті билік кінәлі.

Ауызсудың тапшылығына жер қойнауын пайдаланушылардың әрекеті де себеп болып отыр. Кен орындарын игеру кезінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған өзендер тартылып, бұлақтар сарқылып жатыр. Мұндай жағдайға Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары тап болуда. Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, осындай деректерді түгел анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ болашақта оған жол бермеу үшін бақылау жүйесін әзірлеу қажет, – деген Президент тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешілетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тұрмыстық қалдықтарды реттеу мәселесін де қозғап, Үкіметке рұқсатсыз қоқыс төккендерді анықтау және жазалау шараларын күшейтуді тапсырды.

«АУЫЛДЫҢ АХУАЛЫНА  БАСА НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ»

Қасым-Жомарт Кемелұлы жиында жұ­мыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне де тоқталды. Панде­мия­ның салдарынан қаржылай табыс азайып, кедейшілік деңгейі 4,5%-ға жеткенін айтты.

– Тұрғындардың нақты әрі номиналды табыс өсімі азайып кетті. Табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейді. Зейнетақы, жәрдемақы және стипендия сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып барады. Шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдау қажет. Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс. Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында ел Президентінің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылғаны мәлім болды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өні­мін өндіру екі есеге, мал басы 24%-ға артқан.

– Қазіргі таңда еңбек ұжымдарындағы жалақы мөлшері мен еңбек жағдайына байланысты наразылықтар көбейіп келеді. Әлеуметтік серіктестік жөніндегі үш жақты комиссиялардың еңбек дауын болдырмауға қатысты жұмысы мардымсыз. Тек қағаз жүзінде ғана жүргізіледі ­деуге болады. Үкімет жұмыс берушілер және жұмысшылар ұйымымен бірлесіп, үш жақты комиссия қызметінің тиімділігін арттыруы керек. Өңірлерде аталған комиссияларды әкімдердің өздері басқаруға тиіс. Туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн. Тағы да қайталап айтамын, біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру, – деді Президент. Осы орайда Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдауға шақырды. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер есеп беру кезінде тым жоғары көрсеткіш беріп, шындығында нәтижемен сәйкес келмей қалып жататыны да айтылды.

Ел Президенті алтыншы мәселе ретінде бюджет тиімділігін сөз етіп, мемлекеттің сыртқы қарызына тоқталды.

– Ұлттық қор жинау режимінен тұтыну режиміне ауысты. Жыл сайын қордан рес­публика бюджетіне трансферт көлемі артып келеді. 2020 жылы ол бюджет кірісінің 40%-ын құраса,  биыл 36% болады. Үкіметке экспорттық кедендік салық қолданылуы мүмкін тауарлар тізімін кеңейту мүмкіндігін сараптауды тапсырамын. Бұл ішкі нарықты реттеуге, яғни құрылыс материалдарының бағасын, өңдеу өнеркәсібін қолда бар ши­кізатпен жүктеу мәселесін шешуге көмектеседі. Осыған байланысты ұсыныстар әзірленсін, содан кейін шешім қабылданады, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы жетінші мәселе ретінде Қазақстанның транзиттік мүм­кіндіктеріне тоқталды. Оның пікірінше, жол жөндеу жұмыстарының сапасына байланыс­ты айтылатын сын орынды. Бұл, әсіресе ақылы жолдарға қатысты. Бұған алысқа жүк тасымалдайтын жүргізушілердің наразылығы дәлел.

– Ақылы жолдарды енгізу – әлемдік тәжірибеде бар шешім. Дегенмен, біз сияқты жер көлемі үлкен елде тек бюджет есебінен жол салу мүмкін емес. Оның үстіне, Қазақстан жүк тасымалынан пайда табуы керек. Ол үшін жолдар сапалы салынып, жол бойында жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі керек. Бизнес пен азаматтар жол инфрақұрылымының жаңа сапасын сезінуі қажет. Үкімет аталған мәселені ерекше бақылауға алсын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елдің энергетикалық кешенін дамытуға қатысты мәселелерді де тілге тиек етті.

– Қазіргі уақытта электр қуатын өндіру оның тұтыну көлемінен асып түседі. ­Алайда сала дамып, халық саны өскен сайын энергияны тұтыну артады. Бұл, әсіресе сегіз миллион қазақстандық мекендейтін оңтүстік өңірлерге қатысты. Осыған байланысты тиісті шараларды іске асыру қажет. 2022- 2025 жылдар  аралығында  Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Түркістан облысында жалпы қуаттылығы кемінде 1500 мегаватты құрайтын аралас циклды қондырғылар салу бойынша төрт жобаны жүзеге асыру қажет, – деді Мемлекет басшысы. Оның бағасын, қаржыландыру көзін анықтап, іске асыру жұмысын Үкімет пен «Самұрық Қазына» қорына  тапсырылды.

Қазір ел экономикасындағы газ саласының рөлі өте маңызды. Еліміздің газ тасымалдау жүйесін жаңғырту – басты міндеттің бірі.

– Үкімет және «Самұрық-Қазына» қоры тиісті ұсыныстарды әзірледі. Оған қолдау көрсетуге дайынмын. Маңғыстау және Атырау өңірлерінің газға деген сұранысы артып келеді. Осыған орай, «Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін қайта құру» және «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральды газ құбырының Лупинг құрылысы» жобаларын бастауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы туралы айтты. Мемлекеттік қызметшілер еліміз үшін осындай сын сағатта жұдырықтай жұмылып, батыл қадамдарға барып, өздерінің қарым-қабілеттін көрсетіп, шұғыл шешім қабылдауы қажет екенін мәлімдеді.

1262 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы