• Тіл
  • 15 Шілде, 2021

ТІЛ ГЕНЕТИКАСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛГЕНІМІЗ БАР?

ГЕНЕТИКАЛЫҚ  ТІЛ ҒЫЛЫМЫ НЕ ДЕЙДІ?

Тіл мәселесінің арғы-бергісін ақтарып-төңкеріп дегендей зерттеп-зерделеп келе жатқанымызға ширек ғасырдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде екі монография, бір оқу құралын өз күшімізбен, онан қалды қайырымды баспагер мырзаның көмегімен әупірімдеп жүріп жарыққа шығарыппыз. Алғашқы монография «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» (1999), онан соң мұның толықтырылған, жаңғыртылған түрі «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» (2014), ақыр соңында өткен жылы ғана осы идея­ларымызды орыстілді аудиторияға таныстыру талабымен «7 лекций по теории генетической лингвистики» деп аталатын оқу құралы жарық көрді. Енді бес кредитке сәйкестелген «Генетикалық тіл біліміне кіріспе» оқу құралы баспаға дайын тұр. Соңғы бірнеше жылдар бойы қатарынан генетикалық тіл ғылымы идеяларын еліміздің белгілі жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелері ғалымдарының талқылауларына салып, түрлі семинарлар өткізіп, қолдау тауып келемін. Әрине, бәрі бірдей майдан қыл суырғандай оп-оңай емес екенін де түсінуге болар. Сондағы біздің білгеніміз – адамзат тілі инстинкт емес екен. Адамзат тілі бізге дейінгі атақты ғұламалар болжап кеткендей «еліктеу» де, «келісім» де емес.

Айтып-айтып келгенде, адамзат тілінің пайда болу негізінде ең ілкі тілжасам дәуірі адамдарының жалпы адамзатқа ортақ ғаламтанымдық ойлау қызметі тұр екен. Яки ҒАЛАМ (КОСМОС) ұғымы – ҰЛЫ ҒАЛАМДЫҚ КЕҢІСТІК және ҒАЛАМНЫҢ құры­лым­дық-семантикалық элемент­тері («әлемдік өзек», «әлемдік коорди­ната», «әлемдік кіндік»...) туралы түсініктер адамзат тілінің негізгі сүйегінде, яки жеті түрлі жұп элемент­ті дыбыстық материалында (УН-УТ-УР-УС-УЛ-УҚ-УП) ғана емес, оның жаны мен жүрегінде де тұрғанын, яки идеялық негіздеріне де тірек болып тұр­ғанын білдік.

 

ҒАЛАМДЫ БІР ТАРЫНЫҢ ҚАУЫЗЫНА СЫЙҒЫЗҒАН

ЕЖЕЛГІ АДАМДАР ЖАБАЙЫ БОЛҒАН БА?

 

Бәсе, дейміз ғой, осынау ұлы Ғаламды, оның заттары мен құбылыстарын солардың дәл өзіндей айнытпай бейнелеу үшін қайдағы бір еліктеу мен солықтау, немесе қорыққан мен қуанған сәттегі оқшау шыққан одағай сөздерден іздеу, онан қалды қоғамдық келісім, т.б. қияли себептерді тауып алу амалсыздықтың арзуындай нәрселер екен ғой. Сонау Бабыл мұнарасы туралы аңыздың астарында да бір ақиқаттың жатқаны бекер болмады: Аллаға жету талабындағы адамзат ұрпағын біріктіретін ұлы күш Тіл-құрал екенін аңғартып тұрған жоқ па осы тәмсіл. Сонымен, біздің ұққанымыз – пайда болған кезі шетсіз де шексіз уақыт мұхитының тереңіне кетеді дейтін адамзат тілінің негізінде сол ең ілкі тілжасам дәуірі адамдарының «ҒАЛАМ» ­туралы таңғажайып терең танымдық түсініктері тұр екен. Иә, ақиқатында, осынау Ғаламның заттары мен құбылыстарын бейнелеу үшін, басқа еш нәрсе де емес, сол «Ғаламның» өзі ғана балама бола алса керек.

Адамзат ұрпағына ортақ ғалам­танымдық түсінік жүйесі бойынша, барша зат-құбылыс атаулы ҒАЛАМ моделінде жаратылған. Олай болса, жаратылыс-болмыстағы барша зат атаулының әрқайсысы өзінше бір Ғалам болғаны да: Мен де – бір ғаламмын, Сен де – бөлек ғаламсың... Бір түйір дән де, тау да, тас та... бәрі де өзінше бөлек ғаламдар: Ұлы Ғалам моделінде жаратылған кіші ғаламдар.

Мұнан біраз жылдар бұрын гене­тикалық тіл білімі туралы әңгімемді тыңдап отырған белгілі ғалым ағамыз: «Сенің сол замандағы бұл адам­дарың қандай данышпандар болған?!» деп шынында да таңғалсын, әрі күдігін де жасыра ал­маған. Пенде баласымыз ғой, осынау ғаламдағы ең ақылды ұрпақ біз боламыз, бұрынғылардың бәрі ақыл-есі жағынан жетілмеген, ал ең ілкі тілжасам дәуірі адамдары «жартылай жабайы тобырлар» болған деген астамшылығымыздан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатырмыз. Иә, «Ғаламды бір тарының қауызына сыйғызған» дегенде, аталарымыз тіл-құралды меңзеген болды.

 

ДӘН ЖӘНЕ НӘТ: НАНО ЭЛЕМЕНТТЕР

ҚАШАН ТАНЫЛҒАН?

Қара қайрақтың тас – нәті...

Кеңшілік Мырзабеков

Қазіргі жаратылыс ғылымдарының қарыштап дамып кеткені соншалық – цифрлы технологияны үйреніп те үлгіре алмай, күн сайын бір жаңалық ашып жатқан мынау заманда атом жайлы сөз қозғау да ыңғайсыз көрінер, дегенмен, осы «заттың» пайда болуы туралы мәліметте: «Атом туралы алғашқы ойды б.з.д. V ғасырда грек оқымыстысы Демокриттің идея жүзінде айтқаны, ал ХІХ ғасырда оны физик ғалымдардың шын мәнінде анықтағаны туралы ақпарат бар екен. Әрине, ғылым айтты дегесін бұған да айдай ақиқат деп сеніп келдік. Бірақ ғаламның небір ғажаптары күн сайын өзінің ежелгі құпияларын біртіндеп ашып, таңғалдырумен келе жатқанына да бір сәт неге ден қоймасқа. Гене­тикалық тіл ғылымы біз енді ғана айтып жүрген нано-элементтердің ең ілкі тілжасам дәуірінде-ақ белгілі болғанын, оның бүгінгі тіліміздегі «н» дыбысы, генетикалық тұрғыдан, «УН» тілдік негізі арқылы бейнеленгенін көрсетіп отыр. Тіліміздегі «нәт» сөзінің құрамындағы «н» (УН) элементі осы «нано» элементті білдірген: бір ғана «нәтті» емес, нәттің де арғы жағында нәт болатынын: дәннің де дәні болатынын. «Негіз» дегеніміз де осы: нақ+ӨЗ. Орыс тіліндегі «начало» сөзінің құрамынан да «нәтті» танып ала аласыз (нәт+тела). Ағылшынның origin сөзінде де УН-нәт тұр.

Барша зат атаулы нәт-негізден, яки дәннен жаралатыны хақ. Ақиқатына бақсақ, қара тастың да дәні бар. «Әлем бір шоқ нұрдан (нәттен) жаратылған» (А.Машанов). Демек, Генетика ғы­лымының тіл-құралдың дәнін іздеу талабын дұрыс түсінген абзал: Тіл-ғаламның ілкі жаралған дәнін, нәтін, яки негізін тану арқылы ғана оның табиғатын толық түсінуге болады.

ТІЛ ДЫБЫСЫН  ТАНИ АЛМАЙ АДАСТЫҚ

Тіл дыбыстарынан бастап...

бүгінгі тіл ғылымының түгелге жуық саласы генетикалық тіл ғылымы тұрғысынан мүлде жаңаша қаралуы керек. Әлбетте, тек қазақ тіл ғылымында ғана емес.

 (Автор)

Сонымен, беріден, есіктің көзінен бастасақ. Жаңалық атаулы, егер ол шынымен де жаңалық болса, ескілік танымды жоққа шығара келуі де заңдылық. Мұнда да сол сияқты. Ә дегенде жатырқап қалғаныңызбен тоқтала келе, түсінік табарыңызға күмән жоқ. Ең әуелі, біздің мектептен бастап бала жадына құйып, төпелеп оқытып келген тіл дыбыстары туралы түсінігіміз бекер болып шықты. «Тіл дыбысы» деп «ғылыми түрде» ерекше мәртебе бергенімізбен, ол туралы түсінігіміз кісі күлерліктей екен. Біріншіден, қазіргі түсінік бойынша, тіл дыбыстары – кездейсоқ, шартты түрде алына салған механикалық (физика-биологиялық) дыбыстар түрінде түсіндіріледі. Осындай сыпаттағы дыбыстардың «ТІЛ» атты құдіретті құралды жасай алатынына ғасырлар бойы ден қойып, бас шұлғып келіппіз.

Екіншіден, тағы да сол, өзіміз де ұқпастан, әлі ақылы толыспаған мектеп баласына тіл дыбыстарын дараланған дыбыстар деп үйретіппіз, яки тілде б, т, с, қ, т.б. дара-дара дауыссыз дыбыстар болады, а, о, ы, т.б. дауыс­ты дыбыстар болады деп келіппіз. Бала дейміз-ау, тіпте кәмелетке толған студенттерге де осы ертегіні әлі айтып, «оқытып» келеміз ғой. Студентіңіз не, ғалымдарымыз да тіл дыбыстарын осылай деп «зерттеп», осылай түсіндіріп жүрген жоқ па... Атақты академиктеріміз де «ау, б+ы, с+ы, т+ы» түрінде айтылып тұрған дыбыстың қасындағы «ы-дауысын» неге алып қалып тұрмыз?» деп ойланып та көрмегені де. Кімді кінәлайық, бұл кемшілік бәрімізге де, тек қазаққа ғана емес, орысқа да, неміске де, ағылшын мен арабқа да – ортақ болса.

Демек, «дауыссыз» дыбыс дегені­міз бекер болып шықпады ма? Таби­ғатынан бүтін жаратылған тіл дыбыс­тарын жасанды түрде екіге ажыратып, соның жеке-жеке әрқайсын дыбыс деп дәріптеп, олар туралы неше түрлі ­теорияларды ойдан шығарып келіппіз. Мысалы, дабысы әлемді алып жатқан, «мағына ажыратушылық қызмет атқарады» дейтін фонема теориясы, оны дәріптеуші фонология ілімі осындай жалған дақпырттың тек біреуі ғана.

Үшінші, бұлардан да сорақысы: дыбыстарда мүлде мағына жоқ екен де, ал сол «мағынасыз» дыбыстардан пайда болған (құралған) сөздер мағыналы болып шығады екен. Демек, біз «жоқтан бар пайда болады» деп оқытады екенбіз. Ұзақ әңгімені көктей шола айтып шыққанның өзінде сан заманнан бері жырлап келе жатқан «дыбыстаным жырының» бет-бейнесі бүгін осылай болып ашылып отыр.

«Дыбыстардан құралған» демекші, шынында да сөз дыбыстардан құрала ма екен өзі? Қазіргі оқулықтар мен ғылыми еңбектерге сенсек, шынымен де осылай дейді. Кезінде академик Қ.Жұбанов «тіл дыбыстары сөз жасайтын кірпіштер емес» деп құдайдың зарын қылып тұрып өз еңбектерінде жазып кеттсе де, бұған әлі күнге дейін құлақ аспай келеміз. Сонан келіп «қой» және «қол» сөздерінің бірін «қой» қылып, екіншісін «қол» қылып тұрған «й» және «л» дыбыстары деп балаға үйреткеніміз былай тұрсын осыны белгілі деген ғалымдарымыз өздерінің еңбектерінде жазып тұрып көрсетеді. Қ.Жұбанов осы тәрізді мәселелерге назар аудара отырып, 30-жылдардың өзінде-ақ:

«Дыбыстың әлеуметтік, тілдік қасиеттері тексерусіз қалғасын, дыбыс өзгерістері, дыбыс заңдары әлеуметтік жағдайлармен, жалпы салт-сана жүйесімен салмақталмаған соң, ескі тіл ғылымының фонетика аталған бөлімі тілдің дыбыстау жағын, дыбыстың анатомия, физиологиясын, дыбыстың физика, акустика жағдайын тексеретін бір табиғат ғылымы боп қалды...» дей келіп: «Әрине, бұл – таңданарлық күй емес, сүйегі бос көңілшектер қамығып, жігері жанған қайраттылардың жыны қозғандай хал. Бұл – тіл ғылымы сондай артта қалған, ол әлі ескі грек мәдениеті кезіндегі дүниетанудан асып мандып кете алмаған деген болады» (Қ.Жұбанов Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. 1966, - 127-б) деп ашына жазған еді. Қазірде мұнан бір ғасыр өтсе де сол қалпымыздан мызғымағанымыз бүгінгі тіл ғылымының да мүшкіл жағдайын көрсетсе керек.

Мағынасыз дыбыстар... Бұл туралы көзқарасты қазіргі әлемге мәшһүр болып отырған америкалық тілші ғалым Наом Хомский өткен ғасырдың ортасынан бастап біраз өршітіп әкетті. Әуелде оған белгілі ғалымдар онша и­лана қоймағанымен, Хомскийдің бағына қарай, машиналы аударма саласына осы мағынасы жоқ «дыбыс-сигналдар» теориясы ауадай қажет бола қалды. Мұны да түсінуге болады: машина жанды, ойлы адам емес қой, оған қандай да бір сигнал болса жетіп жатыр. Мұның игілігі өмірде машиналық аударма болып, қолданылып отыр. Ал, бірақ бүкіл тіл ғылымы аударылып-төңкеріліп, сол теорияға құлай жығылғаны түсініксіз жай еді. Шынында, бұл саналы адамзат ұрпағының тілін машина тілімен теңестіру болып шықты. Жоғарыда айтып өткен «инстинкт-тіл» туралы түсінікте де осының салқыны жатқаны айқын.

Адамзат баласының асыл қазынасы қасиетті тіліміздің жаратылысын тану – адамзат ақыл-ойының көкжиегіне, адамшылық тірлігіміздің ілкі бастауларына сана көзімен зер салу – адами рухымыздың қайнар көзін тану. Ал жоғарыда баяндалған жайларды түсінгенде, шынымен де, қанатына қарап қуанған тоты құстың аяғына қарап қорынған халін кешеді екенсің, еріксіз... Құрметті оқырман, қазіргі тіл ғылымындағы дыбыстаным саласының мүшкіл жағдайы осындай.

ТІЛДІК ТАНЫМ ЖҮЙЕСІ: АЛМА ЖӘНЕ ДӘН

Сонымен, тіл дыбыстарынан ­бастап, қазіргі тілтанымның тұла бойы­нан мін тауып, оны тезге салмақ болып отырған генетикалық тіл ғылымының өзге де уәждеріне құлақ асып көрсек. Бұл бойынша, адамзат тілінің әу бастағы сан ғасырлар бойына қалыптасқан табиғи жаратылысы, құданың құдіретімен, тура Ғаламдық болмыстың өзінен аумай қалған, өйткені адамзат тілі әу бастан «ҒАЛАМ» моделінде жаратылған. Тілдің жұп элементті дыбыстары да, осы дыбыстардың білдіретін логикалық ұғымдары да – түгелдей тура ғалами жүйе мен оның заңдылықтарының үлгісінде пайда болған, – дедік.

 

Сызбада «Шар-қоршау» (жазық­тықта – «шеңбер-қоршау») түріндегі концентрлі құрылымда орналасқан тілдік таным жүйесі (ТТЖ) бейнеленген. Мұнда жеті түрлі жұп элементті дыбыстық тұтастықтар (УН-УТ-УР-УС-УЛ-УҚ-УП) – адамзат тілінің ең ілкі негізгі дыбыстық материалдары орналасқан және бұлар «бос» (мағынасыз) дыбыстар емес, тұ­тастай тілдік жүйенің ең ілкі идеялық негізін құрайтын базистік сипаттағы логикалық ұғымдарға йе дыбыстар. Сондықтанда бұларды тілдің мате­риал­дық-идеялық негіздері дейміз.

Тілдік негіздердің (жеті түрлі тілдік материалдық-идеялық тұтастықтар) жұмыс жасау принципі осы тілдік таным жүйесіне (ТТЖ) сәйкес құрылған. Бұл жағынан, салыстырмалы түрде, кәдуілгі Д.И.Менделеевтің периодтық жүйесін елестетеді десек, артық емес. Бұл дыбыстардың әрқайсысы ғалам­дық жүйе элементтерінің («ғаламдық шар-қоршау», «ғаламдық өзек», координата жүйесі, т.б.) нақты біреуін бейнелейді және бұл дыбыстардың тілдегі қызметінің заңдылықтары да нақ осы элементтің ғаламдық жүйедегі қызметінің заңдылықтарымен сәй­кеседі. Тілдік таным жүйесінің (ТТЖ) сызбасы адамзат тілінің ғана емес, жара­тылыстағы барша заттар мен құбылыстардың да ішкі табиғатын тануға негізделіп құрылған. Осыны, шарт­ты түрде болса да, «Алма және Дән» мысалымен түсіндіріп көруге болады.

 

Егер тілдік таным жүйесіндегі (ТТЖ) УН кіндік-нүктесін алма жемі­сінің дәні дейтін болсақ, онда УТ негізі осы дәннің өсуі процесіндегі алғашқы қозғалысын – бөліну ұғымын білдіреді, алғашқы бөліну – екіге бөліну; УР негізі қозғалыстың экспрессивті түрі ретінде көрініп, екіге бөлінген дәннің онан әрі тез қозғалу арқылы өсуін, дамуын, ішкі бөліктерінің көбеюін білдіреді; УС негізі дәннің өскінге айналуы процесін бейнелейді, УЛ негізі өскіннің ұласып, жалғасуын – салаларға, сабақтарға (өсімдік сабақтары) айналуын бейнелейді; УҚ негізі алма жемісінің пайда болуын, түйнектеуін бейнелейді; УП негізі алма жемісінің толысып піскенін бейнелейді. Осы процесті, принципінде, өзге де кез келген зат не құбылыс үшін – ментальдық болмыс үшін де, материалдық болмыс үшін де – қолдануға болады. Мысалы, алма орнына адамның физиологиялық не ментальдық жаратылысын, т.б. қоя аламыз. Тілдік таным жүйесі тілдік жүйенің ғаламдық жүйеге сәйкесімді жасалғанын айқын көрсетеді.

 

ЛОГИКАЛЫҚ ҰҒЫМДАР  ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТІЛДІК ТАҢБАЛАРЫ

Кейбір анықтамалар:

1. Қазіргі тіл ғылымы мен философияда «ұғым» терминінің мәні нақты айқындалмаған. Генетикалық тұрғыдан, ұғым: заттық ұғым және логикалық ұғым болып екіге ажыратылады. Мұндағы логикалық ұғым терминінің мәні қазіргі ғылымда мүлде жоқ жаңа түсінікті білдіреді.

2. Тілдік таңба деп қазіргі ғылымда жеке мағынасы бар сөзді айтады. Генетикалық тұрғыдан жеке сөздер тілдік таңбалар бола алмайды. Себебі әр сөз бір таңба болса, онда бір тілдің өзінде ғана сан мыңдаған таңбалар бар болар еді. Қазақ жиырма мың жылқысына тек бір ғана таңба басқан. Рулы елдің таңбасы да тек біреу ғана. Таңба – киелі, сакральды ұғым, жинақтаушы, біріктіруші ұғым.

ТТЖ-де көрінетін ғаламдық жүйе элементтерін жекелей алсақ, оларды бейнелі түрде мына 1-ші  сызбадан көрер едік. Мұнда ғаламдық жүйенің әрбір элементі белгілі бір геометриялық фигура түріндегі таңба болып бейнеленген. Олардың әрқайсына нақты бір тілдік-дыбыстық ма­териал (жұп элементті дыбыстық тұтастық) және оны білдіретін логи­калық ұғымы сәйкес келіп тұр.

Жалпы адамзатқа ортақ ғаламта­ным­дық түсінік нәтижесінде «Ғалам» заттық ұғымы адамзат санасының сөзжасамдық қызметінің нәтижесінде «шар-қоршау» бейнесіндегі логикалық ұғымға айналған. Абстракциялық сипаттағы осы логикалық ұғымды тілдік қолданыста «Ғалам» заттық ұғымының орынына қолдана аламыз. Мұның дыбыстық материалы – УП дыбыстық тұтастығы. Сызбада берілген өзге логикалық ұғымдар туралы да осындай үлгіні қолдануға болады. Демек, сөз пайда болуының идеялық негізінде тұратын логикалық ұғымдар ғаламдық жүйе элементтерінің моделінде жаралған екен. Бұл логикалық ұғымдардың тілдік қолданыста жұмыс істеу заңдылықтары да нақты осы ғаламдық жүйе элементінің қызмет ету заңдылықтарымен сәйкеседі. Мысалы, грамматикада ӨЗ есімдігін өздік есімдігі деп атайды және ол тек бір ғана сөз екені айтылады. Бірақ оның неге тек бір ғана сөз болатынын қазіргі тіл ғылымы түсіндіре алмайды. Генетикалық тұрғыдан келсек, ғаламдық өзек – «У-игрек өзегі» – біреу ғана, әр заттың да тек бір ғана өзегі болады. Екі өзек болса, ол – екі зат: егіз < екі+ӨЗ (екі зат). Орыс тілінде ось, ағылшын тілінде axis түрінде келетін бұл сөздің пайда болу негізінде тұрған логикалық ұғым – «ғаламдық өзек» ұғымы, ол вертикаль «игрек» өзегінің бейнесі арқылы таңбаланып, тіл-тілде сан мыңдаған сөздер жасай алады.

ҚАЗІРГІ ТІЛІМІЗ – ЖҰП ЭЛЕМЕНТТІ  ДЫБЫСТАР ТІЛІ

Енді тілдің материалдық жағына аз-кем тоқталайық. Тіл дыбыстарының табиғатын генетикалық тұрғыдан сәл таратып айтсақ, көрсетілген жеті түрлі дыбыстық тұтастықтар дауыс және салдыр элементтерінің туабітті тұтастығынан тұратын біртұтас  жаратылыстар екен. Оларды бірінен бірін ажырата қарауға мүлде болмайды: ­дауыс элементінсіз салдыр элементінің айтылуы да мүмкін емес.  Бұл жұп элементті дыбыстардың әрқайсысы тілдік қолданыста өздерінің ­тарихи даму барысында фонетикалық заңдылықтар жолымен бірте-бірте пайда болған генетикалық туыстарына айналады. Сызбада бір ғана УП жұп элементті дыбысының нұсқалары  көрсетіліп отыр.

Ескерету: 1) сызбада дыбыстардың көріну принципін ғана бердік. Өйткені қазір тіл дыбыстарының нақты саны туралы түрлі даулы көзқарастар жетерлік. Сондықтан әлдекім, «бізде мына дыбыс жоқ» деп дау шығармас үшін осылай жасалды. 2) бұлардағы барлық жеті түрлі негізде де «дауыс» элементтері (кеденсіз сыңарлар) – генетикалық тұрғыдан бәрі бір негізден шығатын туыстар. Сондықтан олардың бәрі де, тілде қандай фонетикалық нұсқада қолданылып тұрса да,  генетикалық тұрғыдан бірдей. Олар тек С-элементтің көмекшісі ретінде ғана қарастырылады.

Сонымен, айтылғандардан ұғатынымыз: біздің бүгінгі тіліміз де, қазіргі ғылымда айтылып жүргендей, дараланған тіл дыбыстарының емес, жұп элементті дыбыстар тілі екен.  Мысалы, БІР сөзінде қазіргі ғылым үш дыбыс (б-і-р) бар десе, генетикалық тіл ғылымы тек екі ғана дыбыс бар (бі + ір) дейді. Мұның алғашқысы (бі) «УП» дыбысының, екіншісі (ір) «УР» дыбысының қолданыстағы нұсқалары. Орыс тіліндегі МИР «ғалам» сөзі де осындай: ми – «УП» дыбысының қолданыстағы нұсқасы, ир – «УР» дыбысының нұсқасы. Кейінгі дыбыстық нұсқалардың бәрі де негізгі нұсқаның мағыналық өрістерінде қызмет етеді, яғни УП негізіне тән мағыналық ұғымдар оның барлық туынды нұсқаларына да ортақ.

Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

доценті, филология ғылымының ­кандидаты

(Жалғасы бар)

2786 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы