• Әдебиет
  • 22 Шілде, 2021

Сағынғанда қолға алатын кітап

Бұл біз үшін ғажап күн болды. 
Бес жыл студенттік өмірдің керемет сәттерін бірге өткізіп, енді жан-жаққа қанат қаққалы тұрғанда, әр бес жыл сайын осы уақытта кездесіп тұрайық деп келіскен едік. Сол сөзімізде тұрып екі рет қуана қауыштық. Одан кейін нарықтың аласапыран дауылы киіп кетті. Кішкене есімізді жиып, мосқал тарта бастаған кезімізде университет бітіргеніміздің жиырма бес жылдығы келіп жетті. Көбіміз жиналдық. Отыз жылдық ұшырасуымыз да әдемі әсерге бөледі.

Иә, армандастардың өстіп кездескеніне не жетсін!

Биыл – 40 жылдығымыз. Тағы да кездесейікші деп бір-бірлерімізге ой тастағанымызға екі жылдай уақыт өтті. Тәжтажал дейтін пәлекеттің бөгесін боларын қайдан білейік? Дегенмен, сөзіміз – сөз болсын, ешкімді қинамайық, бүгінгі жағдайға байланысты келе алғандар келсе жөн болар еді дедік. Осы айтқан ұсынысымызға үн қосқан аудиториялас достар арман қала Алматыға қарай ат басын бұрды.

Әттең-ай дейтініміз, бірге оқыған қыз-жігіттердің бестен бірі мәңгілікке озып кетіпті. Мұндайда, «енді бұл – өмір ғой» деп, өз-өзімізді жұбатқан боламыз. Алайда ойымызда жарқылдап жүрген, ертегідей жастық шағымызды бірге өткізген қимастарымыздың бәрі көз алдымызда тұрады. Мәселен, өзбекстандық Қалдыбай Бердәлиев қандай жігіт еді, шіркін! Жұмабай Әбілов пен Әмір Оралбаев журналистикада ғана емес, ғылымда да өз орындары бар айтулы азаматтар болатын. Абдолла Сүлейменов ше? Қазақ теледидары мен радиосын Шераға – Шерхан Мұртаза басқарған кезде жасаған әрбір хабарына ерекше ықылас білдіретін еді. Өзі де азулы қаламгер, қайраткер ағамызды пір тұтып, сол уақытта өмірге келген үшінші ұлына ырымдап Шерхан деп ат қойды...

Әбекеңнен кейін көз жұмған Мылтықбай Исмағұлов, Шолпан ­Алханова, Болатбек Орманов, Оңлагүл Арзықұлова, Сапарәлі Мүтәлиев керемет достарымыз, қазақ журналистикасының майталмандары болатын. Қайтейік, ­Жаратушы Иемізге керек болып, ­арамыздан алып кетті.

Сол секілді көптеген республикалық басылымдарда басшы қызметте болған Жұмабек Кенжалин досымызды да соншалықты қимастық сезіммен еске аламыз. Ол қазаққа әлі де берері мол, шығармашылық шабыты шарықтаған, ұйымдастырушылық қабілеті әбден толысқан кемел кезінде арамыздан мәңгілікке кетті де қалды. Оның мезгілсіз қазасына күллі қазақ қайғырды...

Біздің бұл кездесуімізге қатты асыққандардың бірі танымал спорт журналисі, Евразия университеті журналистика факультетінің мұғалімі Дүрәлі Дүйсебаев болатын. Дүкең досымыз тура биылғы жылдың азынаған ақпанында тәжтажалдың қайырымсыз қармағына ілінді. Ішіміз жылап біз қалдық...

Біз бұдан бұрынғы кездесулерімізге арнап екі кітап шығарған едік. Бірінің аты – «Құс қайтып оралды Алматыға», екіншісі – «Отыз жыл өткен соң немесе кітаптан кейінгі кітап». Бүгінгі ұшырасуымызға арнап үшінші кітабымызды шығардық. Ішінде өзіміз туралы да, ұстаздарымыз жөнінде де сағынышпен, құштар көңілмен жазылған жақсы дүниелер молынан ұшырасады.

Кітаптың беташар эссесін қаламы қарымды, ойы алымды, оқырмандары әр жазбасын асыға күтетін журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев жазды. Ол материалы үш бірдей республикалық газетте, атап айтқанда «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» және «Ана тілінде» жарық көрді. Біз осындай алып ұшқан көңілмен бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бас ғимаратының алдында кездестік.

«Иә, сонда кім-кімдер келді?» дейтін шығарсыз. Ендеше, айтайын, олар: Нұр-Сұлтаннан ат сабылтып келген Дәуітәлі Омашұлы мен Бақыткүл Мадиярова, Қостанайдан сағынып жеткен Күләш Маманова, шырайлы Шымкенттің нұрлы шуағын әкелген Иса Тасқұл мен Сәтен Ауханова, одан қалғандарымыз алматылықтар Балқия Мамбаева, ­Салтанат Қажыкенова, Сәбит Дүйсенбиев, Қайым-Мұнар Табеев, Жәкең – Жайлау­бай Қазиев, Талғат Айтбайұлы, Гүлбану Мұқанова, Қали Сәрсенбай, Шара Батталғазиева... Енді басқа кім қалды? Е-е, мерейлі Меркіден аудандық газеттің редакторы болып қызмет істейтін Әтіркүл Сопбекова қызымыз бар екен ғой!

Сөйтіп, осыдан қырық бес жыл бұрын оқуға түсіп кетсек екен деген абитуриенттік алаулы көңілмен танысқан, араға бес жыл салып аңсаған бір-бір дипломға қол жеткізіп, қимай қоштасқан елудің атынан бас корпустың алдындағы әл-Фарабидің ескерткіші алдына шат көңілмен бара бергенімізде қолында жапондық фотоаппараты бар қағілез жігіт жетіп келді.

– Ағалар, мен университеттің мұражайында қызмет істеймін. Есімім – Марат, бірақ осында мені білетіндердің бәрі әл-Фарабиге үйлестіріп Мараби дейді. Сіздер юбилейлік шараға бас қосқан біздің бұрынғы түлектерге ұқсайсыздар, – деді күліп.

– Дәл солай! Біз журфактың 1981 жылғы Темірбек Қожакеев ағайымыздың «тепкісінен» түлеп ұшқан түлектеріміз, – деді Сәбит.

– Өте жақсы болды. Біз өстіп өздеріңіз сияқты мерейлі жылдарын атап өтуге келгендерді қалт жібермей суретке түсіріп, мұражайымызды байытамыз, жыл сайын жарық көретін фотоальбомға қосамыз. Оның сыртында өздеріңіз білетін «Қазақ университеті» деген газетіміз бар, соған суреттеріңізді шығарамыз.

– Ой, Мараби, мынаның өзі әдейі ұйымдастырғандай әдемі шара болды ғой. Енді әл-Фараби мен біздің ректорымыз болған Өмірбек Жолдасбековтың ескерткішінің алдында суретке түсейік. Бақилық болған ұстаздарымыз бен аудиториялас достарымызды еске алып, Құран бағыштап, әруақтарын аунатайық, – дедік. 

Қағілез Мараби өз ісіне әбден кәсіптенген шебер екен, бәріміздің бейнеміз суретте әдемі көрінетіндей етіп тұрғызып, фотоаппаратының түймесін үсті-үстіне шартылдатып басумен болды. Қолымызға «Қазақ университеті» газетін ұстатып та түсірді. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы мен субұрқақтың және Алматының бір символына айналған бас корпустың алдында тұрып, суретке армансыз түстік. Факультетке барып, өзіміздің қимас досымыз Жұмабек ­Кенжалин атындағы аудиторияда бір мезет тізе бүгіп отырсақ па деп едік, күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатқандықтан оның орайы келмеді.

Кездесу соңы той дастарқанында жалғасты. Алатаудың бөктеріндегі «Тілектас» мейрамханасында кітабымыздың тұсаукесер рәсімін жасадық. Оның лентасын курсымыздың ақсақалы, өзіміз курс болып осыдан екі жыл бұрын 70 жылдық мерейтойын жасап берген ақынымыз Жайлаубай Қазиев қиды.

Әрине, кездесу қуанышы бір сәттік. Бұрын да дәл солай болып еді, осы жолы да зу етіп өте шықты. Ал өзіміздің шығармашылығымызды да, творчестволық портреттерімізді де сомдап берген кітабымыз бір аудиторияда білім алған бәріміздің төрімізде тұратын қымбат жәдігерімізге айналып шыға келді.  Енді бір-бірлерімізді сағына қалсақ, сол мезетте қолға аламыз. Бақыткүл мен Светаның кәусар жырларын оқимыз, Күләштің аузынан шыққан әзіл-сықақтарына көз қанықтырамыз. Осы орайда Жәкеңнің күллі курстастарға жекелеп жазған арнау өлеңдерінің өзі не тұрады!

Кездесудің екінші күні «Аққайың» шипажайына бардық. Көкке қарай шаншылған аққайыңдардың арасында отырып көңіл сырын тербедік, баяғы қамсыз-мұңсыз студенттік шағымыздағыдай ән салдық. Айтылған жақсы тілектерде шек жоқ!

– Әй, достар, мен Алматыны да, осы әрқайсыңды да сағынып келіп едім. Ұмытылмайтындай әсерге бөлеген кездесу болды. Сондықтан біз енді араға он жыл салмай-ақ, бес жылдан кейін кездесейік. Алла бәрімізге амандығын беріп, дәл қазір әлеуметтік желіден қызыға қарап отырған курстастарымыздың ешқайсысы шет қалмай, түгел келгенін тілейік, – деді курстағы қыздардың ересегі болған Күләш.

Кездесу деген ғажап қой! Тағы да сағыныса қауышатын күнге жеткізсін деп тарастық...

1981 жылғы түлектер атынан кездесу әсерін қағазға түсірген

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

 

1826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы