• Руханият
  • 22 Шілде, 2021

ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ БОЛҒАН «ЕСКІ ТАМ»

«Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайыпқырандарды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті. Талай бақытсыздың жарық күндей үміті де үзіліп кетті» деп Шәкәрім бабамыз айтқандайын, сырын ішіне бүккен Шыңғыстаудың қасиетті топырағынан жаралып, қалың қазағының ғана емес, әлемнің ғұламасы мен данышпаны болып, адамзаттың ақыны мен классик жазушысы, данагөй пәлсафашысы атанған Ұлы тұлғалардың осы топырақта жаралуының да тылсым сыры бары ақиқат. Ол тағдыр мен табиғаттың құдіретті сыйы да екені айқын. Кәрі Шыңғыстаудың Ұлылар мекеніне айналуының да себебі осы болмаққа керек. Сонымен қатар Ұлылыққа жетудің жолы – Ата өнегесі мен Ана тәрбиесінен бастау алар терең білім мен ақиқат мақсатпен үйренген ғылым екені де даусыз.

Тал бесікке бөленген сәттен өмір мектебі бізге деген тәлімін тәртіп мүддесімен жүйелей отырып жүзеге асырады. Адам баласы қашанда іздеу мен ізденудің арасында, талпыныс пен еңбекқорлықтың нәтижесінде дөп қойған нысанға дәл тиіп, көздеген мақсатына «ақырын жүріп анық басумен» жетеді.

«Білім инемен құдық қазғандай». Дәл осы тәмсіл сөз ой баққан бабаларымыздың өзегінен гүлдей жұпарын таратқан даналық. Есейе келе есті сөйлеу мен білікті болуға деген ұмтылыс білім мен білуге жетелейді. Даналықты бойына қондырып түрленте білген адамдар қаншама. Солардың бірі ертеден ел тағдырына араласып, сөйлеген сөзі қозыжауырын жебедей құрсаулы сауытты тесіп өтетін, мұз жас­танып жатса да дыбыс шығармас қайсар мінезімен, шешендігі һәм туралығымен, әділ әрі парасаттылығымен маңайын мойындатқан – Құнанбай еді.

Құнанбай – оқуды зор бағалаған. Ол өзінің және ауылдастарының балаларын оқытумен қатар, еліне, айналасына білім таратып ұстаздық жасар көзі ашық, көкірегі ояу жандарды аса құрметтеген. Дала сұлтанынан Аға сұлтандыққа жеткен Құнанбайдың ауылына келіп, елінің білім сауатын ашып, қазақ даласына өркениеттің шамын жаққан, ­туыстай болып кеткен адамдар бар. Олар – Ғабитхан Ғабдыназарұлы, Түркістан жақтан келген Бердіқожа, Қазақпай атанып кеткен Ғабдолла сияқты жандар. Құнанбайдың бастамасымен бала оқытып, ұстаздық құрып, яки болмаса ел ішіне оқу-білім, ғибратты дін жолын таратқан осы адамдардың еңбегі еш ұмытылмаққа керек.

Заманынан озық туған Құнанбай өз балаларын ғана оқытуды мақсат тұтпай, ел ішіне білім шамшырағын жағуды көздеген. 1845 жылы қаңтар айында ­Шекара басқармасына өз ауылында ­училище ашу жөнінде арыз жолдайды. Архив деректерінде сақталғандай, осы жазылған өтінішке сол кездегі аға сұлтан Құспек Таукин: «Кішік-тобықты болысының старшыны Құнанбай Өскенбаев ­3 қаңтар күні баянхатында: өзі басқарып отырған қазақтардың қамы үшін училище ашып, азиялықтардың баласын орысша оқытқысы келетінін айтып, азиаттардың тілін білетін орыс мұғалімін жіберуін өтінеді» деп қол қояды. «Шекара басқармасы Өскенбаевтың бұл тілегін мақұлдағанмен, екі тілді бірдей білетін мұғалім табыла бермейтіндіктен, сол тобықты еліндегі тілмәшті қызметтен бос уақытында мұғалім ретінде пайдалануды ұсынады. Кейін Құнанбай «Ескі там» деген мектеп ашып, онда ескіше сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп, көп жыл ұстаған. Балалары Құдайберді, Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Халиолланың бәрі де алғашқы сауатын осы мектепте ашқан. Құнанбай балаларының білімін одан әрі жалғастыруға да ерекше ынтызар болды. Абайды Семейдегі жаңа үлгідегі жадидтік бағыттағы діни медресеге берді. Халиолланы 1859 жылы Омбы кадет корпусына оқуға жіберді. Ол мұны бітірген соң, Москвадағы әскери училищеге түсуіне қамқоршы болды» дейді белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыз.

Дәл осы «Ескі там» тұрғысында абыз ақсақал Ахат Шәкәрімұлы естелігінде: «Қазақ балаларының оқығанын ­арман етіп көксеген Құнанбай өзінің күзегінен ең алғаш там салдырып, сауын мал, азық жинап беріп, айналасындағы балаларын, өз балаларын оқытқан. Құнанбайдың алғаш қойған оқытушысы Байдалының Сарымолдасы деп ­аталып кеткен, руы ноғай Мұхамед деген жоғарғы оқуы бар адам болған. Онан кейін Ғабитханды қойған. Жылына Ташкентке бір рет ­керуен жіберіп, өрік, мейіз, күріш және Шығыс әдебиетшілерінің шығармаларын, түрік тіліндегі кітаптарды, «Мың бір түн» сияқты арғы замандағы ертегілерді, қисса кітаптарды алдырып отыратын болған. Бұларға қоса ғибадат исламия, тәпсір, мұхтасар сияқты түрлі діни кітаптарды да алдыратын болған. Сөйтіп, Сарымолда елге қосылмай, сол тамда балаларды оқытып жататын болған, ол бала оқытқан күзектің орны бүгін бар. Ол қонысты «Ескі там» деп атайды» деп көрсеткен.

 «Ғабитхан 1857 жылдан Зере бәйбіше мен Құнанбай «Есенбай жырасы» деген жерде салдырған медреседе, кейіннен 1880 жылдан Абайдың Жидебайда тұрғызған медресе үйінде дәріс береді» дейді Бейбіт Сапаралы.

Әрхам ақсақалдың естелігінде ­былай деп жазылған: «Құнанбай ауылдары қыстауынан ерте қар ери бастасымен көшіп Қызылжал, Найзатас, Ескі там дейтұғын күзеу қораларына қонады. Күз болса осы күзеу қорада қар екі-үш жауғанша отырады. Малдың қыс жайы­латын жерін кейінге сақтайды. Бұл мезгілдерде суық киіз үйде балаларға оқу қиын болғандықтан, Құнанбай Ескі там деген мол судың басынан жиырма шақты бала сиып, жатып оқырлық медресе салғызып, Ғабитханды шәкірттерімен сонда орналастырады. Сегіз жасқа келіп оқуға жараған соң Абайды да осы медресеге оқуға түсіреді».

 Байқасақ, Шыңғыстау өңіріне білім нәрін сеуіп, жарық сәулесін төккен, оқу-білім арқылы адам боласың деп алдын болжап, бастама көтерген қазаққа ортақ Құнанбай екені айқын. Таяқты әліпке ауыстырып, білімнің өрісін өз болыстығында өркендетіп, ары қарай қазақ жеріне таратқан қажының ерен еңбегін айтып өтпеске болмайды. Осы әке тәлімін көрген ұлдары ұлттың қамы үшін білім жорығына ұқыптылықпен аттанды. Аттанып қана қойған жоқ, ары қарай жалғастырып әкетті.

Абайдың қырда жатып-ақ орыс классиктерін қазақшаға аударуы, оны ел арасына насихаттаумен шұғылдануы, ол аз болғандай орыс тілі арқылы Байрон, Гете, Шиллер, Дюма, Мицкевичтерді зерделеп, қазақша сөйлетуге тырысуы, тіпті көне Грек, ежелгі Рим дәуірлеріне тереңдеп, Аристотель мен Сократтан бастап, Спиноза мен Спенсерге дейінгі аса көрнекті ойшылдарды зерттеуі оның халық мүддесі үшін атқарған орасан зор еңбегі, сондай-ақ әке ізін жалғаудағы абыройлы міндеті болды.

«Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу» дейді Абай. Өзінің сөзіне дәйектеме ретінде ол өз балаларын оқу-білімге баулыды. Тұла бойы тұңғышы Ақылбай талантты домбырашы болады, ән айтуды, өлең шығаруды машық етеді, ал қызы Күлбаданды Семей қаласындағы орыс мектебінде оқытқан. Ерекше үміт күткен баласы Әбдірахманды (Әбішті) 1882 жылы Семейдегі уездік мектепке береді. 1886-89 жылы Түмен қаласындағы Александр реалдық училищенің 5, 6, 7-кластарын оқып бітіреді. 1889-92 жылдары Санк-Петербургте Михайлов артиллерия училищесінде 3 жыл оқып білім алады. Ол училищені өте жақсы деген бағамен бітірген. Жанындай жақсы көрген баласы Мағауияны тоғыз жасынан бастап Мұхамедкәрім деген татар молдасынан сауат ашқызып, ары қарай Семейдегі орыс мектебіне оқуға береді. 1885 жылдан бастап Мағауия әкесінің тәрбиесінде болады. Ол үнемі Абайдың өсиет, насихатын зер салып тыңдап, өз бетімен ізденіп, білімін көтереді. Орыс ғалымдары мен көрнекті жазушыларының еңбектерімен танысып, көп білім алады. Таспиықтың тасындай жіпке тізіп тізбектей берсек ұлы ақынның ұрпақтары түгелдей білім мен ғылымға сусындап өскен ерен тұлғалар. Олардың әрқайсысы ұлт үшін қызмет жасап, келер ұрпаққа кемел білімдерін жеткізіп кетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, оқу-білім арқылы адам боласың деп алдын болжап, бастама көтерген Құнанбай ашқызған Шыңғыстау өңіріне білім нәрін сеуіп, жарық сәулесін төккен киелі орда Ескі там ел тарихында қазақ барда, Абай барда мәңгі сақталары анық.

              Жандос ӘУБӘКІР,

«Абай академиясы» ҒЗИ директоры,

филология ғылымының кандидаты,

доцент

 

1559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы