• Руханият
  • 22 Шілде, 2021

ҚОШ, ҚАЗАҚ ЖҰРТЫНЫҢ ҚАДІРЛІСІ!

Суық хабарды ауруханада жатып естідім. Алаш дейтін Ұлы жұрттың үлкен жүректі, Елінің өткенін жаны, жүрегі, ойы, санасы арқылы өткізе жүріп, ұлттың рухани кеңістігіне өлшеусіз еңбек сіңірген, көрнекті тұлға, ғұлама мінезді шығыстанушы ғалым, абзал мінезді азамат, ата дініміздің тәуелсіз жұртымызбен қайта табысқан қайырлы кезеңінде шаршамай, талмай жүріп, халық санасын Құдай дейтін Құдыретті ұғымға жаңа дәуірде жаңаша қанат бітіріп, жаңа серпінмен бұруда зор еңбек сіңірген, көп жылын Еліміздің Бас Мүфтиі қызметін біліктілікпен адал атқаруға арнаған тұғырлы ­замандасымыз, филология ғылымының ­докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, халықаралық деңгейдегі аса көрнекті теолог, табанды зерттеуші, беделді дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, ақжарқын, ардақты дос-құрдасымыз, Алаш жұртының адал перзенті Әбсаттар қажы Дербісәлі өмірден озыпты...

Мұқағалидың сөзімен айтқанда: «Өкінішті... Мына жаман сырқаттың беті күшті...». Тағы да әлекедей жаланып, айналамызды жалап-жұқтай бастады. Ұлы Даламызды тағы да Ковид дейтін тажалдың «Дельта» есімді Үнді штаммы кезе бастады.

Қашан көрсең айналасына мейірімін мол таратып, жанының шуағы мен нұрын шашып, сұлу жымиып жүретін сабырға бай Әбекең осындай бір ел етегіне сүрініп жатқан қайғылы күндерде мына жарық жалғаннан бақиға көшіпті. Өзінің Мәңгілік шын дүниесіне бағыт түзепті... Біздің қатарымыздан бесуақ намазын адалынан атқарып, «Өзіңді өзің қорға!..» дейтін данышпан Абайдың өмір сүру ұстанымына аса берік Әбекең мына жарық  дүниемен қоштаса қоярдай емес еді... Шығармашылық жоспары ұшан-теңіз болатын... Өмірде де... Әдебиетте де... Ғылымда да... Енді, міне, сөйткен Әбекең-дос, Әбекең-замандасымыз ойда-жоқта қалың  жұртын өкіндіріп, өксітіп барады...

Иә...

Арғыларды айтпай-ақ, соңғы жеті-сегіз күннің ішінде кеткен екі бірдей замандастарымның қазасы еске түсіп отыр. Қазақ айтысының аяулы Анасындай болған Әселхан ақын ел-жұртын аңыратып кетіп еді... Араға уақыт салып, күні кеше ғана қазақ киносының дарабоз жүйріктерінің бірі, ойын Ұлы Даласы тербетіп, қиялы Ұлы ғаламның жетегінде жүретін, қаламы қолынан, камерасы иығынан түспейтін, елу жыл өнерде де, өмірде де қатар келе жатқан үзеңгілесім, досым Сатыбалдыдан айырылып, құлазып қалды есіл көңіл... Қазақтың рухани көгінің кеудесі қарс айырылғандай күйде тұрғанда... Ақбозына асығыс қонып, Әбсаттар қажының аттанып бара жатқаны ішке әлдебір күш өрт салып кеткендей күйге бөлеп отыр.

Әбсаттар қажы – келелі мемлекеттік, қоғамдық ірі қызметтерді мүлтіксіз атқара жүріп, шығыстануға да, түркітануға да, ұлттануға да, тарихи ұлы тұлғаларды танып, зерделеуге де ересен үлесін қосып еді. Ол әрісі түркілік ортақ кезеңнің, берісі қазақ өркениетінің өрісті ұлы дәуірлерінің бірі, әлем жадында «Моғолстан өркениеті», «Моғолстан мәдениеті» дейтін темірқазық ұғымдарды мәңгілікке бекіткен Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати тәрізді ұлы тұлғалардың өмірі мен заманын тиянақтап, терең зерттеген, зерделеген шынайы ғалым, тұғырлы тұлға болатын. Қалың қазақтың жадында сабырлы ой, салмақты сөздің кемел иесі әмәнда туған халқымен бірге жасары анық.

      Қош бол, ардақты дос-замандас!

      Бақұл бол, Қазақ жұртының қадірлісі!

      Жаныңа жәй жәннаттан бұйырсын!

      Нұрлан ОРАЗАЛИН

 

Ажал шіркін, кімді аяған?

Әбсаттар Дербісәлі бақилық.

Ажал шіркін, кімді аяған? Крачковский мектебін қазақ ғылымына жалғаған, Өзбекәлі Жәнібек қолдауымен әл-Фараби ұлттық университетінде Шығыстану факультетін ұйымдастырып ашқан (К.Нәрібаев ректор), әл-Фараби ізімен жүріп, 11 фарабтық ғалым дерегін ашқан, Дулати мұрасын ыждағаттаған, сөйтіп, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейткен ғалым еді. 1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінде шығармашылық портретін жасағаным бар.

Жиі араластық. Түркістанда мен ұйымдастырып ашқан «Б.Кенжебайұлының түріктану музейі», «Түрік тілдес халықтар кітапханасы», «Түрік халықтары өнер галереясы» мәдениет ошақтарының ашылу салтанатына қатысты. Қуанышында шек болған жоқ. Кітапханасынан бірнеше қорап кітап алып келіп, біздің өтінішіміз бойынша «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» ішінен «Ә.Дербісәлі кітапханасын» жасақтағанымыз ше? Ендігі кезекте үйдегі қалған кітаптарымның бәрін жеткізіп берем деп уәде жетегінде жүр еді.

Жүрегіне операция жасатты. Өмірге құштар жан жазылмай жатып, корсетпен жүріп, Түркістанға келді. Даныш Маннатов досымыздың өтінішімен Юсуп ата жайында конференцияға қатысты.

Өмірде өз жолы, ғылымда өз сөзі бар адам, қайда да сыйлы жүрер еді. Ғылыммен дінді ашқан, дінтанумен ғылымды байытқан пірадар, Сен де кеттің, мынау жарық жалғаннан. Ибалы өмір, иманды жүзімен Аллаға бір табан жақын адам, пендәуи тіршілік игілігін тастап, Алла иелігіне өтті. Нұры пейіште шалқысын!

Рәпия апайға, ұл-қыздарға қайғырып көңіл ­айтамын!

Сарқылмаған сабаз еді, көп ойлары өзімен кетті. Амал қанша? Ісін шәкірттері жалғайды!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК

 

ШЫН ЗИЯЛЫ, ТАЗА ҒАЛЫМ, АСЫЛТЕКТІ АЗАМАТ ЕДІ

1991 жыл, 16 желтоқсан. Қазақ халқының сан ғасырлық арманы орындалған күн!

Ол кезде біз арғы бетте – Қытай елінде өмір сүріп жатыр едік. Сол күннен бастап азат Отанға оралу  басты арманымызға айналды.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде бізге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен ұстаздық қызметке арнайы шақыру келді. Оның қалай келгені, ол – өз алдына бөлек әңгіменің арқауы... Сол шақырту бойынша 1993 жылы ақпан айының 20 күні  аңсаған азат Отанның топырағына табанымыз тиді.  Ол күні сенбі болатын. Сенбі, жексенбі демалып, дүйсенбі күні – яғни ақпанның 22 күні әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ге имене  қадам басып,  Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасына бардым. Кафедра  меңгерушісі мені факультет деканына алып барды. Декан Әбдіғани Чупеков деген ағамыз кем сөзді, өте кішіпейіл жан екен. Ол кісі көп кідірмей әлдекімге менің келгенімді айтып телефон соғып еді, трубканың аржағындағы  дауыс не дегенін қайдам, Чупеков ағам: «Хорошо, хорошо, қазір» деп басын шұлғи берді. Сосын трубканы тез қоя салды да, орнынан ұшып тұрды. «Проректор қонақты маған алып келіңдер деп жатыр. Кеттік» деді. Ол заманда  мен  «проректор» деген сөздің не қызмет екенін түсінбейтін едім. «Онысы кім болды  екен?» деген оймен әлгі кісілерге ілестім де жүріп отырдым. Көп қабатты ғимараттың әлде 7-ші, әлде 8-ші қабатына көтерілдік. Онда отырған проректор – әйгілі шығыстанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі ағамыз екен. «Ой, айналайын Дүкенжан, қош келдің! Ел-жұрт, ауыл-аймағың аман ба?» деп кәдімгі мені бұрыннан танитын адамдай амандасып жатыр. Мен шамалы таңырқап қалдым. Сөйтсем, ректордың тапсырмасы бойынша  мені ҚазҰУ-ге шақырудың барлық шаруасын Әбекең өзі ұйымдастырып, өзі қадағалап отырған екен. Аз-кем әңгімеден соң  Әбсаттар аға телефон соғып жатақхана туралы біреуге тапсырма берді де, «ал Дүкенжан, 15-ші жатақханада бөлмең дайын. Оқытушылық жүктемеңді кафедра меңгерушісі бөліп береді. Қалған әрқандай сұрағың болса, мына кісілерге айтасың. Бұл кісілер шеше алмаса немесе шешпесе кез келген уақытта тікелей  менің өзіме кел. Ректорға сенің келгеніңді айтам. Ол кісі де уақытына қарап, өзіңді қабылдайтын шығар...» деп шығарып салды.

   Әйгілі шығыстанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздегі ЖОО мен дін істерінің бірегей ұйымдастырушысы, ҚР ҰҒА академигі, ­филология ғылымының докторы, профессор, марқұм Әбсаттар ағаммен менің таныстығым, міне, осылай басталып еді.

2013 жылы Әбекең Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметіне тағайындалды. Бағысбайұлы басқарған 7 жылда институт ғылыми әлеуеті жағынан да, халықаралық байланыс және рейтинг жағынан да өте жоғары деңгейге көтерілді. Академик Әбсаттар қажы Шығыс елдерінде, әсіресе мұсылман Шығыс әлемінің архивтерінде жатқан, еліміздің ежелгі тарихы мен мәдениетіне қатысты мұрағаттардың Отанға оралуына, сондай-ақ олардың ғылыми айналымға енуіне жүрек қанын сарқа, көз майын тауса еңбек етті.

Өткен жылдың маусым айынан бастап Әбсаттар аға екеуміздің жолымыз Шығыстану институтында қайта қиылысты. Бір жылдан бері Әбекең менің шын мәніндегі ақылшы ағам, ұжымның арқатірегі бола білді.

 Әбсаттар қажы Бағысбайұлы еліміздегі Шығыстану ғылымының негізін қалап, әрі оның ­дамуына күллі ғұмырын арнаған шын мағынасындағы фанат ғалым еді. Сонау ХХ ғасырдың 1989 жылы Ресейдің орталық қалаларынан шығыстану мамандығы бойынша тұңғыш рет докторлық диссертация қорғап, Отанына үлкен арман арқалап оралған жас ғалымның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің ашылуына тікелей мұрындық болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ұстаз, ғалым ретінде ҚР ҰҒА академигі  Әбсаттар қажы Дербісәлінің алдынан неше жүздеген арабтанушы жас мамандар, көптеген ғылым докторы, ғылым кандидаты, PhD докторлары түлеп ұшты. Ғалым ретінде ол ондаған монографиялар мен оқулықтардың, неше жүздеген зерттеу еңбектерінің авторы. Ағамыздың әлі де болса арманы көп еді, шығармашылық жоспары да мол  еді. Амал қанша, жазмыштан озмыш жоқ екен...

  Бір ауыз сөзбен айтқанда, академик Әбсаттар Бағысбайұлы шын зиялы, нағыз ұстаз, таза ғалым, ерекше ұлтжанды азамат еді.

Әбсаттар ағамыздың қазасы отандық ғылым-білім үшін орны толмас зор жоғалту...

Жер аманда, Қазақ елі барда Әбсаттар қажы Дербісәлінің жарқын бейнесі мен  ғазиз есімі  ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталады!

Бақұл бол, жаны жайсаң жақсы аға!

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

 

 

1257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы