• Қоғам
  • 22 Шілде, 2021

АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ БАС ҚОСТЫ

Алматы облысының  «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты «Туган тел» татар этномәдени орталығы бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің өкілдері жиын өткізді. Басқосуда татар халқының салт-дәстүрлерін, ұлттық асханасын, пандемияға байланысты тоқтатылған жексенбілік мектепті қайта жандандыру жұмыстарын жүйелеу керек екені айтылды. 

Бүгінгі жас ұрпаққа ақсақалдар мектебі ауадай қажет. Себебі бүгінгі таңда еңбектеген баладан бастап бәрі алақандай ғана ұялы телефонның құрбанына айналып ­барады. ­Жастар үшін ол құрал бәрінен қымбат. Әлеуметтік желі жастарды әбігерге салғаны да жасырын емес. Тіпті түрлі бейресми сайттар жастардың психологиясына кері әсер етіп жатқаны ащы да болса шындық. Саралап, сараптап көру, қажетті ақпараттарды алу мәдениеті жастар арасында қалыптаспай жатқаны бәрімізді алаңдатады. Оларды бақылап, қадағалап отыратын ата-ана да жоқтың қасы. Себебі таңның атысынан күннің батысына дейін күнкөрістің қамымен жүрген әке-шеше баласын қадағалауға ­шамасы болмайтыны анық. Оған ешкімді кінәлай алмаймыз. Алайда бұл бүгінгі қоғамның ауыр дерті. Осы дерттен жастарды айықтыру – бәріміздің азаматтық парызымыз деп түсінгеніміз жөн. Осындай қоғамдағы олқылықты көзбен көріп жүрген орталықтың белді әрі беделді өкілдері саналған ақсақалдар кеңесі арнайы бас қосып, бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларын шешудің жолдарын қарастырды. Олардың ­басты мақсаты – жас ұрпаққа түзу жол сілтеп, туған жерін, елін, Отанын ­шынайы жақсы көретін нағыз ­патриот азамат тәрбиелеу. Осы мақсатта олар жастармен жиі кездесіп, жастардың көкейінде жүрген түрлі сұраққа ­жауап беруде тынымсыз еңбек етіп келеді. Елдегі жағдайға ­байланысты онлайн режимде де біршама жиын өткізді. Мұндағы мақсат – жастардың уақытын тиімді пайдаланып, ұрпақ сабақтастығын өрбіту. Өткен басқосуларда ақсақалдар өз заманында көрген қиындықтарынан мысал келтіре отырып, жастарға сабақ болсын деген ниетпен ­талай дүниені баяндады. Өмір атты мектептің сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдар кеңесінің мүшелері ата-баба дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат етіп, жастардың да ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үкілеген үмітін ақтау жолында адалдықтан аттамай жүрсе екен деген ниетте маңызды ақыл-кеңестерін айтты. «Туган тел» татар этномәдени орталығы биыл татар тағамдарын дайындауды оқыту бойынша үйірме құруды жоспарлап отыр. Бұған ниет білдірген барша жан тегін қатыса алады. Онлайн режимде өтетін бұл үйірмеде татар халқының ұлттық тағамдарының тарихы, жасалу жолдары үйретіледі. Татар халқының ертеден келе жатқан асы – пәрәмәш, учпучмакты көбіне сыйлы қонақтарға ұсынатын болған. Бұл асты даярлаудың өзіндік құпиясы бар. Ол құпия осы үйірмеде айтылатын болады. 

Ақсақалдар кеңесінің мүшелері егемен еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ұзақ болуын тілеп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктер мен бағындырған биіктерді мақтанышпен айтты. «Болашақ жарқын болу үшін бүгінгі ұрпақ саналы, салиқалы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бен берекеміз арта берсін» деп бата беріп, тарқасты.

Айдар НАЗАР

1039 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы