• Руханият
  • 22 Шілде, 2021

РУХ ЕРКІНДІГІН САҒЫНҒАН ҚҰСА

(Нұрлыбек Саматұлының екі әңгімесі туралы )

Ең әуелі әңгіменің атауы тартты – «Жалдамалы жазушы». Жазушы өз жазуын қызғыштай қорымай ма екен, интеллектуалдық байлығын бөтенге көзі қайтіп қияды? Қазіргі жазушының кейбірі ара-тұра жалданбаса кедейшілік құрсаудан жүйкесі әбден тозып, күйіктен өліп қалар еді! Қисынға салса ащы шындық. Бұрыннан ел сүйіп оқитын бірқатар кітаптардың шын авторы тасадағы беймәлім біреу болып шықса ғажап емес. Баяғы заманнан дарындарды албастыдай басқан құбылыс. Тек біздің заманда жын соққандай еліре үдеп кеткені болмаса. Тапсырыс­пен текст жазатын авторды әдеби құл (франц. «negre litteraire», ағылш. «ghostwriter» сөзбе-сөз: «елес-жазушы») деп атайды. Гострайтингтің негізін салған Александр Дюма әке дейді. Куприн жалданған. Жалдамалы жазушылардың есімдері мұқабада тұрмайды, олар белгілі авторлар үшін кітап жазады. Баспагерлер үшін белгілі автордың аты – бренд. Көрінбей қызмет қылғандар кейін өз авторлығын дәлелдеуі өте қиын. Ақша билеген барлық қоғамда «күштінің арты диірмен тартады». Шекспирдің авторлығы туралы талас әлі біткен жоқ. Батыста классикалық драмалардың нағыз авторы Шекспир емес деп айғақ келтіріп жазған зерттеушілер бар. Көне парсы шайырлары өз есімдерін жыр соңына келтіруі тегін емес. Бұл құбылыс «сфрагида» (грекше «мөр») делінеді, әр өлең сайын классиктер бұлбұлша сайрап, өз атын атап, бекіте түсуі расында даңққұмарлықтан емес, әдеби ұрлыққа қарсы тұру, антиплагиат шығар, кім білген?!

Автор қоғам өзгеріп кеткенде үлкен қалаларда қаламгер қауымның әлеуметтік жағынан тұрмыс күйі, әл-ауқаты нығайып үлгермеген тобының басынан кешкен ішқұсасын «Жалдамалы жазушы» атты әңгімесінде боямасыз танытады. Әңгіменің көтеріп тұрған жүгі ауыр. Әдеби ортада ішінара кездесе беретін өтірікті малдану, жалған даңққа құштар құбылудың жат кескінін Нұрлыбек айнытпай берген. Жазушы жанын жегідей жеп күйзеліске салған мына жағдай сырт көзге сезілместен жиі болып жатады.

«Өзі жазбақ боп жүрген әңгіменің сюжетін біреуге көзі қиып бере салғанға аздап іші ашығаны болмаса...».

 Осы жерде менің жаным шығып кете жаздады. Қашанда дайын үлгіден қарызға алу, әдеби ұрлық жын атады. Бұл бітпейтін құбылыс. Құранда сөз ұрлаушыларға берілер жаза туралы айтылған. Бізге дейін болған, бізден кейін де жалғаса береді. Дарыны табиғи жазушылардың еркінен тыс, сырттай болып жататын, шынтуайтында керемет «мойындаудың» ғажап түрі ғой. Жазушы үкілеген сюжетін өз еркімен біреуге беруге болмайды! Бұл Нұрлыбек Саматұлы жазғандай, туған балаңды жат біреуге жетектетіп жібергенмен бірдей жоғалту.

Біреуге 500 бет кітап жазып беруге жалданған Нұрлыбектің кейіпкері өз сюжетін бөгдеге беруге мәжбүр, қаламақы төленбейтін өлара мезгілге тұсалудың қайғысы осыған итермелейді. Айлық аз, отбасын асырау керек.

«Ерні кебірсіп тұр. Жаңа автобуста ырғатылып келе жатып, қазір Қызылбаев не ішесің деп ілтипат қып жатса, ыстық сорпа алдырайын деп ойлап еді, ол ойын айта алмады.

Даяшы қыз беті көбіктенген екі күрешке кофені құдды бір үйме табақ ет тартқандай-ақ үстел үстіне еппен қойып жатыр.

Қызылбаев: Тағы бір айтайын дегенім, абзацқа сонша құмар екенсің. Ә, қу бала, көлемін көбейтудің айласы ғой ол. Менің шашылып жатқан ақшам жоқ. Уақыт қысып тұр. Үлгеру керек. Сыйлықтың жылы ғой биыл. Ана жақта сөйлесіп жатқан кісілер бар».

«Жазушы суый бастаған кофені сіміріп салды. Кофеден соң ыстық сорпаға тапсырыс бере ме деген дәмесі». Жазушы ыстық сорпаны аңсап, бірақ айта алмай отыр. Ашқұрсақ. Ол кофе мен етті екі мәрте айтып өтеді. Кофе көз алдында тұрса да тәбеті тартпайды, қиялда ет пен сорпа. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» (Абай).

Бірінші жақтан баяндалатын әңгімеде әдебиетте бар көлеңкелі құбылыс сатира, сарказммен өріліп, адалдықты атымен керексінбейтін керең қоғамда өтіріктің дауасын таппай қиналған суретшінің тығырықтан қалай шығарын білмей қиналған жан азабы суреттелген.

 «Қызылбаев деген халтурщик кітап жазып бер деп жатыр, – деді кешкі ас үстінде көңілденіп. – Сонымен кездесіп қайттым».

Осы жерде шегім қатып, мәз болып күлкімді тыя алмадым. Сырт көз жоқта біз дәл өстіп сөйлейміз, қылдай өтірігі жоқ. Мұнысы әрі жазушының өзін-өзі мазақтап отырғаны сияқты қабылданады. Психологиялық әңгімеде ақ пен қараны, өтірік пен шындықты айыруға құлықсыз шығармашылық ортаға наразылық баяу аққан су астындағы ағыс тәрізді білінбейді. Сонымен қатар жалдамалы жазушының өзіне-өзі берер бағасы төмен, бейсана қойылған қиратқыш күш – мидағы программасы, қатерлі код нашар демеске тағы амал жоқ.

«Мына айлапат кең залдағы үш мың жайлы орынның біреуі өзіне тимегеніне қапа болып, көңілі құлазып сала берген. Өмірде жолы болмайтын бейбақтың тап өзі ғой».

Бұл, расында, бас кейіпкер – жазушының психологиялық әлсіздігі, рухы осалдығы емес, иісі қазаққа тән осалдық. Әсіресе соңғы уақыттарда қазақ халқын жамандау үдеп кетті, іштен шыққан жау жаман, өз ұлтын жөнсіз қаралай беретін топ қара аспанды төндіріп, әлеуметтік желілерде беталды лағып отыруға дағды алған. Қазаққа түкті қимайды, жалқау, жағымпаз, құлдық мінез балталаса кетпестей сіңгендей бықсыта береді, көздерін шел басқандай жетістіктерді, жақсы жағын көрмейді. Бұл «Овертон терезесі». Газлайтинг. Яғни «кембағалдық комплексі», ғасырлап бұратана халық атанудың асқан зардабы, империялық өктемдіктің моральдық қыспағынан арыла алмаудың қырсығы шалып, қара басқандық.

 «Көргені жалдамалы пәтер. Өлерменденіп жүріп шығарғаны бір поэзия, бір проза – екі кітап. Әдеби журналдар, обалы не керек, жазған-жазғанынша бұрқыратып басады да тастайды. Сол шіркіндер, бірақ қаламақы төлеуді ойламайтыны жаман. Ана жолы біреуі төлеген, төлегені бар болсын, төлегені жиырма бес келілік бір қап ұнға жетпеді. Олардың да күні күн емес, таралымы мыңға жете ме, жетпей ме, әйтеуір барға есеп.

Әдеби сыншылар өзі туралы үндемейді. Тым болмаса тізімге де қоспайды. Мұндай жазушы өмір сүрмейтін сияқты. Шыққан екі кітабын май шаммен іздесең де таппайсың, жер жұтқандай, дүкенге түспеген».

 «Бұл да қашан көрсең қолынан тастамайтын ескі портфелін бұтына қысып тұрып қол шапалақтағансыды. Ыржиып күлген қалып танытты. Сол сәт ыржиып күлгені күлгенге емес, ыржиып жылағанға ұқсап кетті ме, немене...».

Бұл тек жалдамалы жазушының портреті емес, оны қоршаған қоғамның айнасы. Күлкі арқылы берілген көз жасы, кейіпкер ішіңізге кіріп кетеді. Нұрлыбектің кейіпкері бір ғана адам емес, тұтас бір буын өкілдері, мына біз, қазақ балалары. Жазушының жан сыры, жанайқайы мына маған бек таныс емес деп кім дау айта алады?! Жазушы еңбегі құлдыққа айналды. Қаламақысыз күнін көруге мәжбүрлік талайды жазудан айырса, өнерін қастер тұтқан жанкештілер қайтпайтыны тағы рас. Өйткені шынайы дарынын күзету – құдайдың аманатына адалдық.

Бас кейіпкер түсінде аласұрып жатады. Іші толған өрт. «Әттеген-ай, біреудің кітабын жазам деп, стилімді құртып алмасам жарады».

Тапсырыс беруші халтурщик Қызылбаев және жалдамалы жазушының диалогтарында қос бейненің салмағы айқын берілген. Ақшалы қыртқа тәуелді болып күні түсіп тұрған қаржылық тұрғыдан дәрменсіз жазушы. Ақыры ол бөтен қолжазбаға жегіліп, өлердей қажып, еңбегі еш, тұзы сор татып, миына қан құйылып кетердей зорығып, емханадан бір-ақ шығады. Емделуге 500 мың теңге керек. Қызылбаев уәдесін орындамай, жалтарып кететіні тез білінеді. Автор үміттің жібін үзіп жібермеуі керек пе еді?! Мүмкін, өзі жаза алмаса да өтірік жазушы атанып, мемлекеттік сыйлықтан дәмесі зор жағымсыз образ Қызылбаевты Нұрлыбек тәубесіне түсіріп, жалдаған адамына ақысын төлеуге ниетті қылу қажет пе еді?! Әй, автор қайдан шындықтан ауытқысын, өз басым бұрынырақ келісім-шартсыз, манипуляцияға түсіп, талай мәрте тұтылғанмын. Ең сұмдығы, ұтылыс ұсақ-түйек ақша емес... «Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп» (Абай). Кісі ақысын жеп алып, іс бітті, қу кеттімен тайқып кететіндер Құдай есебін басқаша табарын басына түспей тұрып білмейтіні жаман. Сонда ғой, неден жазғанын ұқпай шырқырап кетеді.

Әңгіме созылыңқылау, көлемін азайтып, біраз қырнаса болғандай.

«Айғырлар» атты әңгіме бір демде оқылды. Тайбурылдың шабысындай ішкі қуаты үдей түседі. Тегеурінді, суреткерлік таңбасы, астар-ақиқаты ап-айқын. Бекер мыжу, алдамшы әлеулай жоқ. Жылауық, публицистикалық сарыны басым жасанды проза емес. Көркемдік шешімі дұрыс. Бұл жерде ассоциация айдан анық. Қанқызыл испандық коррида алаңын көкейге салатын сәйкестік сырт пішіні, ол құрбандық шалу салтына барып тірелетін көне дәстүр болса, мұнда автор бірі қиянатқа төзбей, бірі амалсыз алапат айқасқа түскен айғырлар бейнесімен ұлтқа төнген қатерлі дабылды астарлайды. Егер жазушы шығармашылық түйсігіне сүйеніп, идея арқылы өз ұлтының көрін қазса, құдайсыз, тамырсыз болғаны. Нұрлыбек Саматұлы азаматтық үнін, ұлтты сақтайтын елжандылығын жазушылық кесімімен нақты танытуы көкейге қонымды.

Серікболдың әйелі Дәмегүл ала дорба тасып, балалары мен күйеуін асыраған еті тірі, әдемі келіншек. Әйелінің ақылымен Серікбол саудамен күн көрмекке қаңырап қалған ауылдан қалаға көшіп келді. Қымбат пәтерде тұрып жатыр. Дәмегүлдің психологиясы базар баққан қазақ тіршілігінің астарына үңілдіреді. Серікбол өз өмірінің құпия сырын түсініп, шешім қабылдау үшін қос айғырдың бақталаста шайнасқан айқасын көзімен көруі керек болыпты. Жазмыш оны «Қазақфильмде» аула сыпырушысы болып жүрген жерінен эксклюзив түсірілім, буырқанған эпизодтар үшін айдаладағы жылқы зауытын киноға түсіретін топқа ілестіріп жіберді. Режиссерге көмекші болып жеткенде Серікбол қос айғырдың ымыраға келмес, не өмір, не өлім дегізген тылсым әрекетінен өз драмасын көріп естен танды. Бұл сәт әңгіменің кульминациясы. Өз үйіріндегі жас байталды жат айғырдан қорғап, ақыры қарсыласын өлтіріп тынған қара айғыр ер-азаматтың езіліп, көнбіс болып кеткен трагедиясын сыпырып тастайды. Қара айғыр торы айғырдың аталық мүшесін жұлып алуы әсірелеуден аулақ авторлық концепция. Натуралист жазушы Эрнест Сетон-Томпсон бір әңгімесінде Солтүстік Американың байырғы тайпалары үндістердің азаттық сүйгіш рухын бұғалыққа көнбей құздан құлап өлетін мустанг-жабайы жылқының бейнесі арқылы суреттейтін.

Іші лас, сырты жалтырақ тұрмыс, аз уақыт ішкен-жегенге алдану, дүниеқоңыздық ешкімге опа бермейді. Әйелінің тегі жат қожайынның көңілдесі екенін білуі жуас, ынжық қазақ азаматын терең қайғыға қамайды. Серікбол дәрменсіздігін біліп іші қазандай қайнайды, бірақ оның намыс жолында өліп кетуге даяр екеніне оқырманның көзі толық жетпейді. Бұл автордың реализмнен аттап кетпегенін көрсетеді. Әңгіменің соңы ашық қалған.

Шағын жанрдағы прозаның күллі құнары мен рухы сүліктей қара айғыр мен торы айғырдың шайнасып, тебісіп, шайқасып жатқан мезетін суреттеу көркемдігінде тұнып тұр. Нақ осы суреттеуде Нұрлыбек Саматұлының жазушылық шеберлігі қайран қалдырды. Оқырман айқасты өз көзімен көріп отырғандай сезінеді. Жабайы хайуан­дарда түйсік кей адамнан асқан болса, ақылды жануар жылқының кісіден кемдігі жоқ, намысын таптатпайды.

Әңгіменің сырт көрінісінде ауыл, қала, базар, киностудия, жылқы зауыты, кең дала, жат жерлік қысық көз қожайынның ақшаның алпауыт күшімен бағындырған билігі, рух еркіндігін сағынған құса бар. Қазіргі қазақ қоғамының ащы, беймаза тынысы бар, рух іздеу бар, қаланың қазағы ұмыта бастаған керемет стихия бар.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы

 

1730 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы