• Тіл
  • 22 Шілде, 2021

ТІЛ МЕН ТІЛДІ САЛЫСТЫРА ЗЕРТТЕГЕН

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

    Қазақ тіл білімінің (оның ішінде шетел филологиясының) көрнекті өкілдерінің бірі – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаеваны ғылыми орта салыстырмалы- типологиялық, жалпы тіл білімі және түркі тіл білімі салалары бойынша белгілі ғалым ретінде жақсы таниды.

Зейнеп Мүсілімқызы туралы айтыла қалғанда, оның көптің қолы жете бермейтін Кеңес кезіндегі айтулы жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу мемлекеттік шет тілдер институтын бітіргені, бірнеше тілді меңгерген маман ретінде Ұлттық ғылым академиясының мүшесі атанған жалғыз ғана қазақтың қайраткер ғалым қызы екендігі сөз болады.

Бірнеше тіл меңгерген дегеннен шығады, орыс тілінде білім беретін орта мектепті тәмамдап және Мәскеудегі халықаралық шет тілдері университетінің түлегі атанған Зейнеп Мүсілімқызы биік-биік мінберлерден қазақ тілінде де ғылыми баяндамалар жасап, өз монографиялық еңбектерінде қазақ тілімен салыстыра-салғастыра зерттеулерге ден қойып, Алаш ардақтысы Халел Досмұхаммедұлының: «Қазақша жақсы біліп тұрып, орысша сөйлесең – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең – күйініш» деген тұжырымын тірек еткені көңіл қуантады.

Шынында да, өзінің негізгі ғылыми еңбектерін  салыстырмалы-типологиялық аспектіде қазақ, орыс және француз тілдерімен салыстыра зерттеп, зерделеген ғалым екені белгілі. Үш тілдің материалдары бойынша экспериментті-фонетикалық жұмыстар жүргізуі нәтижесінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Салыстыру әдісі арқылы қазақ тілінің просодикалық жүйесі орыс тілінен гөрі француз тіліне жақын екенін анықтаған.

Француз, қазақ және орыс тілдерінің материалдарының негізінде «Әртүрлі типті тілдердегі қыстырма сөздер интонациясы» атты кандидаттық диссертациясынан бастау алған ғылымдағы алғашқы қадамы қазақ тілі интонациясының негіздерін кеңінен зерделеуге алып келді. Көп жылдық еңбектің нәтижесінде «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

250-ден аса ғылыми мақала, 10-нан аса монографиялық еңбектер, он шақты оқулық, оқу құралдары мен сөздіктер жариялаған ғалым бүгінгі күні еліміздің фонология саласындағы көрнекті ғалымдардың қатарынан көрініп отыр.

Атақты орыс ғалымы М.В.Ломоносовтың интонацияға берген сипаттамасын, ­интонацияда жүйелілік заңдылығы болатынын айтқан неміс ғалымы Р.Бенедикс, супер сегменттік фонетиканың дамуындағы ең алғашқы әрекеттердің бірі ретінде танылған ағылшын ғалымы Д.Стильдің интонация әуені жайлы еңбектеріне терең үңіле отырып, жалпы тіл біліміндегі күрделі проблемалардың бірі – тілдің бір көрінісі ретіндегі интонацияның тіл жүйесіндегі алатын орнын анықтауға зер салған. Интонация деген ұғымның әртүрлі түсіндірілуі, оған ғалымдардың әр қырынан қарауынан болса керек дей келе, орыс және шетел ғалымдарымен қатар, қазақ тіл білімі бастауында болған Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов, сондай-ақ көрнекті ғалымдар І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Ә.Нұрмаханова еңбектеріндегі пікірлерді алға тарта отырып, экспериментті талдау негізінде өзіндік көзқарасын да нақтылаған.

Экспериментті зерттеулер арқасында академик З.Базарбаева күрделі мәтіндердегі интонацияның компоненттерін анықтап, сипаттамасын береді. Ғалым интонация компоненттерінің коммуникативтік, эмоциялық мазмұнға ие болып, сөйлем мен мәтіннің жалпы мазмұны мен эмоциялық реңкін түрлендіретінін, сөйлеу тілі интонациялық ерекшеліктерінің ­басты көрсеткіштері екенін анықтайды. Сондай-ақ интонацияның компоненттері тілдердің бәрінде қолданатын просодикалық тәсіл болатынын айқындап, экспериментальды-фонетикалық жұмыстардың негізінде қазақ тілінде сегіз инвариант, жиырма жеті интонема бар екенін анықтайды. Сөйлемнің барлық түрлерінде интонеманың өзіндік орны мен атқаратын қызметі бар екендігіне тоқталып, олардың негізгі қызметі сөйлемдерді айырып, ажырату екенін ғалым терең зерделеген.

Фонологияда тек туыстас тілдердің деректері ғана емес, сондай-ақ туыстас емес тілдердің де материалдары негізінде әртүрлі типологиялық ерекшеліктері, дыбыстардың қысқаруы мен с­озылуы, монофтонгизация мен дифтонгизация, лабиализация және делабиализация мәселелерін жан-жақты қарастырған. Әрине, тақырыпқа тереңдей түсуіне, ғалымның қазақ тілімен бірге француз, ағылшын тілдерінің мықты маманы  болғаны септігін тигізгені сөзсіз.

Академик З.Базарбаева фонология саласына арналған еңбектерінде фонема теориясының түркі тіліндегі көрінісі, диахрондық фонология, фонологизация құбылыстарының тарихи негіздері қарастырылып, қазақ тіл білімінде және түркологияда алғаш рет сөз болып, қазақ фонологиясының негізгі принциптері, теориялық ұстанымдары жаңаша қарастырылған.

Ғалым ТМД елдерінде, Франция, Түркия және Қытай елдерінде өткен форумдар мен конференцияларға қатысып, түркология мен қазақ тіл білімінің өзекті мәселелеріне байланысты баяндамалар жасағанына талай куә болдық. Астын сызып айтар мәселе, ғылыми жиындар өткізілген елдің тілінде, яғни шет тілдерінде еркін баяндағаны есімізде. Түркияда өткен халықаралық конференцияда қазақ және түрік тілдеріндегі дыбыстық өзгерістер тілдің жалғамалық құрылысымен, үндестік заңы, дыбыстардың дивиргенция мен конвергенция, фонологизация және басқа да дыбыстық құбылыстармен байланыстыра қарастырылған ғылыми баяндамасы ғылыми жиынға қатысу-шылардың қызығушылығын тудырған болатын.

Академик З.Базарбаева іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламасы аясында да көптеген ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, жалпы тіл білімі, түркітану, шетел филологиясы бойынша өзекті мәселелерді зерттеуде өзгелерге үлгі болып келе жатқан ғалым. Барлық қатысқан жобаларын санамаламай-ақ, негізгілеріне тоқталсақ, «Қазақ мәтінін (сөйленімін) синтездеудің фонетика-фонологиялық негіздері және компьютерлік бағдарламасы», «Қазақ тілінің тарихи фонетикасы: фонологизация құбылыстары (вокализм мен консонантизм) жүйесі» және «Түркі тілдеріндегі сегментті және суперсегментті фонетикасының диахрондық-синхрондық аспектілері» сияқты бірнеше ғылыми жобалар интонология ілімін ілгерілетуге елеулі үлес қосты.

Ғалым ғылыми педагог-кадрлар дайындауда да ерекше еңбек атқарып келеді. Оның жетекшілігімен қорғалған оннан астам ғылым кандидаттары мен PhD докторлары интонология ғылым мектебінің белсенді мүшелері ретінде   академиктің интонология саласындағы идеяларын одан әрі дамытып, белгілі нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ еліміздің белді жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қайнар университеттерінде даярлаған сан мыңдаған шәкірттері республиканың түкпір-түкпіріндегі білім беру ұйымдарында шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда.

Қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан тіл тарландары А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақов, Б.Абылқасымов, С.Омарбеков, Ө.Айтбаевтар туралы академик З.Базарбаеваның толғамдары өз алдына бір әңгіме. Айтулы тілші-ғалымдардың еңбектеріне талдау жасай отырып, болашақ зерттеушілерге бағдар болар жолды көрсетуі – қазақ тіл білімінің көкейтесті мәселелеріне мән берудің маңызды екенін айғақтайды.

Зейнеп Мүсілімқызы ғылыммен шұғылданумен қатар, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене қатысып келеді. Әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік комиссияларға мүше бола отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақ тілінің дамуына байланысты кесек-кесек ойларын ашық айтып жүрген ғалым. Ол Үкімет жанындағы ұлттық комиссияның және орфографиялық топтың мүшесі ретінде, әрі танымал фонетика саласының білгір маманы ретінде қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесінде де өзіндік ойын әр кез жеткізіп келеді.

ХХІ ғасырдың басынан бастап қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесімен шұғылданып жүрген ғалым латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің стандартын жасауға атсалысқанын ғылыми орта жоғары бағалайды. Осы мәселе жөнінде белсенділік танытып, халыққа түсіндіру, насихаттау жұмысын жүргізуде оның бұқаралық ақпарат құралдарында, теле-радио хабарларында мемлекеттік маңызы мол мәселеге биік жауапкершілік тұрғысынан қарауды айтудан да, жазудан да жалыққан емес.

Сонымен, елімізде интонология ғылыми мектебін қалыптастырып, оның қазақ тіл біліміндегі бір сала ретінде танылуын негіздеуі – академик Зейнеп Базарбаеваның көп жылғы зерттеулерінде қол жеткізген нәтижелері екені анық. Ал оны одан әрі дамытып, қазақ тілі фонология жүйесін әртүрлі аспектіде зерделей түсу ғалымның шәкірттері мен жас ғалымдардың еншісінде.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

академик,  филология ғылымының

докторы, профессор

3047 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы