- Мәдениет
- 22 Шілде, 2021
Ескерткіш-жинақ
2020 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Өнегелі өмір» сериясымен қазақтың көрнекті ақыны, сыншысы, аудармашысы Қалижан Бекхожин туралы «Қалижан Бекхожин» деп аталатын жинақ жарық көрген болатын. Мұнда ақынның өмір жолы, жекелеген елеулі шығармаларымен бірге шығармашылығы жайлы пікірлер, замандастарының естеліктері топтастырылған.
Осылардың бәрін сараптай келгенде, ақынның азаматтық болмысының қызықты да шымыр болғандығы, өмір жолы мен шығармашылық шежіресінің бір-бірімен байланыста сомдалып өрілгендігі байқалады.
Қазақ халқының бетке ұстар жазушыларының бірі Сәбит Мұқанов артынан ерген інісі Қалижан Бекхожинді «Өршіл ақын» деп атаса, екінші бір қазақтың көрнекті ақыны Дихан Әбілев ешқандай жалтақсыз «Қазыналы Қалижан» деп жоғары баға беріпті. Осындай қызықты естеліктерді ұсынған авторлардың қатарында Хамит Ерғалиев, Сағынғали Сейітов, Зейін Шашкин, Сырбай Мәуленов сияқты атақты тұлғалар бар.
Одан өзге кейінгі буын өкілдерінің де ақынға деген ыстық ілтипаты, шығармашылығын жоғары бағалаған лебіздері көңіл аударады. Олардың ішінде Қадыр Мырза-Әлі, Мырзатай Жолдасбеков, Әнес Сарай, Нұрлан Оразалин, Асқар Егеубаев, Серік Тұрғынбеков сияқты қаламдас інілері жүрек сырларын шертіпті. Осы кітапта мақаласын беріп отырған көрнекті жазушы Әнес Сарайдың тілімен айтқанда, барлығы да «жіпке тізген моншақтай» әдемі лебіздерін оқырманға тарту еткені байқалады.
Аталған кітаптың бір бөлігі орыс тіліндегі мақалалардан тұрады. Бұлардың ішінде Ярослав Смеляков, Павел Косенко, Татьяна Фроловская және басқалары қазақ ақыны хақында тебірене ой толғаған екен. Айналып келгенде, кітаптың мазмұны шығармашылық тұлғасымен бірге Қалижан Бекхожиннің азаматтық келбетін де оқырманға өрнектеп жеткізіп тұр. Бірауыз сөзбен айтқанда, бұл жинақты ақынның аруағына арналған сөз ескерткіші десе де болғандай.
Редакцияның жұмыс тобына ақынның жары Зайда Бекхожина, ұрпақтары мен жанашыр ұрпақтары Ерлан Бекхожин, Мирасгүл Бекхожина, Бағдат Дүйсеновтер кіріпті. Ал редакторлық жұмыс атқарған А.Ермаханова мен З.Рахымбаевалардың жұмыстарының сапалы болғандығы кітап бетіндегі мақалалар мен өлеңдердің жақсы берілуінен, кітаптың қатесіз шығуынан-ақ аңғарылады.
Ақынның қазақ поэзиясында поэма жанрын дамытудағы орны ерекше. Оған дәлел Қалижан ағаның сезімтал қаламының ұшынан төгіліп түскен қырықтан астам поэма. Және бәрі де сайдың тасындай шетінен сәтті шыққан дүниелер екен. Кезінде «Батыр Науан» поэмасы үшін қуғындалып елден кетуге мәжбүр болғаны тарихи шындық. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, елін қорғаған ерлердің қатарынан көрінген өршіл ақын бейбіт заманда да қаламына тыным бермеген екен.
Нұрдәулет АҚЫШ
1623 рет
көрсетілді0
пікір