• Білім және ғылым
  • 22 Шілде, 2021

Аударма сапасы ойлантады

Аударманың қыр-сырына жете таныс емес адамдар осы бір өте жауапты іске жауапкершілікпен қарамайды. Мысалы, ақпарат көздері «қаржы құйылды» немесе «министрге шықты», ал «толыққанды» деген сөздермен күнде жаныңды жаралап, жүрегіңді ауыртады. Қазақта «ақша алынады, беріледі, айырбасталады»,  ешқашан «құйылмайды». Сол сияқты министрге жолығуға болады, онымен сөйлесуге, сұқбаттасуға немесе ақылдасуға болады, оған «шығуға» болмайды.

«Толыққанды» деген сөздің төркіні де  орыстың «полнокровный» деген сөзі, ал қазақша оны «толымды» немесе «толық» десек болмай ма? «Ағымдағы жыл» деген сөз де қазақтың сөзі емес, ол «үстіміздегі жыл» деп айтылу керек. Күнде теледидардан еститін «дөңгелек үстел» сөзі де құлаққа түрпідей тиеді, өте жағымсыз естіледі. Оның орнына «алқалы жиын өтті» десе, көз алдыңа алқа қотан отырып салиқалы әңгіме құрған іскер азаматтар елестер еді... «Жарқын жүзді» дегеннің орнына «адамдар ашық жүзді» деп те айтып жүр, ол да орысша ­«открытое лицо» сөзін тікелей аударғаннан пайда болған тіркес. Бүкіл Қазақстанға тарайтын КТК бағдарламалары әйелден сұқбат алса да, еркектен сұқбат алса да астына «ата-ана» деп жазып қояды, соны телерадиокомпаниядағы адамдар көрмейді.

Аударма сапасына көңіл бөлген жөн. Кеңес үкіметі кезіндегі қазақ тіліне аударылған көптеген кинофильмдерге қарап отырып, дән риза боламын. Сол кезде сәтті аударылған туындылар өте көп. Қазіргі таңда мемлекеттік тілде ой ойлап, сөз саптап отырған шақта басқа тілді қазақша сөйлету, әсіресе  өмірде көп қолданылатын орыс тілін сауатты аудару бәрімізге үлкен сын, үлкен мақсат.

Қазақ тілі – өте бай, аударуға сөз табылмай жатса жарайды ғой. Қазақ сөздерінің терең астары, философиялық мәні болады, сондықтан аударудың оңай жолы тікелей аударудан аулақ болған жөн. Менің білетінім, аударма негізі – балама аударма, онсыз болмайды. Ал қазір аударуға келгенде сөздің баламасын таба алмай тікелей аудара салатынымыз қалай? Ол – нағыз жалқаулардың ісі. Аудармамен айналысу үлкен еңбекті, тер төгуді қажет етеді. Кейбір мекемелерде отырған аудармашылар білмегендіктен қате аудара салады. Аудармашы аудармаға шығармашылық тұрғыда қараса жақсы болар еді. Іс қағаздары да аса сауаттылық пен ұқыптылықты қажет етеді.

Көшедегі жарнамалар мен маңдайшадағы түрлі жазуларға қарап таңғаласың, отыз жылдан бері әлі дұрыс жаза алмай келеміз. Шынын айту керек, «дукен, дұкен, тулік, тұлік, дэретхана, бәләтәғамы, аяк қиім» деген неше түрлі жазуларды оқып, осыларды кім жазды, оны ілуге кім рұқсат берді екен деп ренжисің. Мұндай жазулар бірен-саран болса көз жұмар ең, мәселе олардың көптігінде болып тұр. Аударма қажеттіліктен туындаса, кейде қажетсіз аудару да кездеседі. Мысалы, көшенің атын орысша-қазақша жазу немесе «сүт, нан, ет, су» деген сөздерді  екі тілде жазудың қажеті шамалы. Өйткені  жазбаса да түсінікті. Қысқасы, әрбір аудармаға қажеттілік тұрғысынан қараған жөн.

Қазақта ежелден келе жатқан сөз саптау, сөзді қолдану реті бар екенін біле отырып, қазіргі аудармашылардың жоқ жерден сөз ойлап тауып, елдің наразылығын тудырып жүргендері қай адамның болсын ызасын келтіретіні ақиқат. Өмір бойы ақпарат құралдарында болсын, әдеби шығармаларда болсын «жақсылыққа қол жету», «қол жетерлік табыстар», «қол жетерліктей», «қол жетуге», ал «қолжетімдік» немесе «қолжетімділік» деген қайдан шықты? «Жету» деген не, «жетім» деген не?

Тіл тағдырына ұлт тағдыры деп қарайтын азаматтар қайда қарап отыр? Бұл ғана емес, қала көшелеріндегі қыйсық-қыңыр сөздерді түзейтін адам табыла ма? Қазақ тілін дұрыс қолдана білсек қана тіліміз көркейіп, жанданып, күннен күнге өз деңгейіне көтеріледі емес пе? Сансыз көп сұрақтар маза бермей «Ана тілі»  газеті арқылы барша қазаққа, соның ішінде аудармашыларға үлкен өтінішімді жеткізгім келеді. Қазақ тілі, ең алдымен, қазақтарға керек, оның ішінде жасөспірім балалардың тілінің дұрыс қалыптасуы  бәріміздің қазақ тілін дұрыс қолдана білуімізге байланысты. Егер бір сөздің орнына басқа сөзді, қазақ тіліне жат сөзді қолдансақ, ертеңгі ұрпақ бірін-бірі түсінбейтін халге жететіні шын. Ата-бабалардың аманаты жеріміз бен тіліміз болса, құрметтемеуге қалай дәтіміз барады? Бәріміздің бақытты болашағымыз келесі ұрпақтың өз тілін жетік біліп, елдігімізді сақтай білуінде. Қазақ болып кеуде керуіміздің басты себебі тіліміздің, кең-байтақ жеріміздің болуында екенін түсіне бермегендіктен қазіргі жас­тар өз тілін құрметтемейтіні, көпшілігі кей уақытта өз тілін біле тұра орысша сөйлейтіндігі қынжылтады. Оның үстіне аудармашылар қолданбайтын сөздерді қолданса, жоқ жерден мағынасыз сөз ойлап тапса, ертең ұрпақтарымыз қай тілде сөйлемекші?

Аударма сапасы алаңдатады, ойландырады, толғандырады. Аудармаға қалай болса солай қарауға болмайды. Жарнамаларды оқымайтын адам жоқ, сондықтан аударма да таза қазақ тілінде сөйлеу керек. Тілді бұрмалауға, оны қотыр етіп көрсетуге ешкімнің қақысы жоқ екенін түсінген аудармашы тілге қиянат жасамауға тиіс. Аударманы ақша табу көзіне айналдырып,  тілді қолжаулық еткен адамды тауып, оған жақсылап айыппұл салса, ол қайталамауы мүмкін. «Аудармашымын» деген адам халқының алдында үлкен жауапкершілік сезінбесе аударма сапасы жақсармайды. Аударма арқылы бүкіл дүниежүзінің классиктерін өз тілімізде оқып сусындай аламыз, сол үшін аудармашы  қаншама тер төгеді, оңай емес. Тек кез келген адам аудармашы бола алмайды, соған қарамастан кейбір адамдар қолынан келмейтін жұмысқа оп-оңай келіседі де солақай, мәнсіз, мағынасыз аудармалар туындайды. Ұлтын сүйетін, тілін сүйетін кез келген қазақ азаматы аударманың қиын шаруа екенін біле тұра ақша үшін айналыспайтынына сенемін. Тек кейбір қазақтар «мен білемге» салынып қала көшелерін сапасыз аударылған жарнамалармен толтырып қойды. Өткенде тіл дамыту жөніндегі комитеттің бір рейд жасап, көп кемшіліктерді түзетпекші болған әрекеттерін теледидардан көрсетіп, қуантып еді. Бірақ одан кейін су сепкендей болғанына қарағанда қолдау таппаған болар деп жорамалдадым.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні болса, айтарым сол, бәріміз бірігіп аударма сапасын жақсартуға тырысайық, аймақтағы тіл мәселесімен айналысатын мекемелер аудармашыларды таңдап алып, көшедегі жарнамалардың  халықтың  жүрегіне жетіп, сана-сезіміне жақсы әсер қалтыратындай ­сауатты жазуға қатаң бақылау қойса нұр үстіне нұр жауар еді. Сауатты жазудың кепілі – кінәліге айыппұл салу деп есептеймін.

Мерзімдік басылымдарды оқып отырып «әттеген-ай» деп өкініп қалатын кездерім бар. «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, ­айтайын дегенім: мен орыс тілінен тура аударуға түбегейлі қарсымын, мағынасыз жарнамалар мен қарадүрсін сөздерден шаршадық. Тіл тазалығы мен жан дүние тазалығы ұштасып жатпай ма?! Басқа тілден тура аударылған дүбәра сөздермен шұбарланған тілдің ертеңі не болмақ? Кейінгі ұрпақ қай тілде сөйлемек? Кешегі ғұлама, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Мұхтар Әуезов бір сәт тіріліп келіп, «қазақ әдебиетшілері бүгін халқыма «толыққанды» қызмет етіп жатыр» деп айтар ма еді, айтпас па еді? Әлде Мұхтар ағамның кезінде орыстың «полнокровный» ­деген сөзі болмады ма екен?

 Үкіметіміз мемлекеттік тілде ой ойлап, сөз сөйлеп, ел басқару үшін жаппай іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу керегін талап етіп отыр. Әзірше, екі тілде қазақша және орысша іс қағаздарын жүргізуге тырысып жатырмыз, бірақ олқылықтар толып жатыр.

Аударма туралы менің ойларым осындай. Сіз не айтасыз?

Марал ЗЕЙНЕЛ ҒАБИҚЫЗЫ,

журналист

 

3418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы