• Тіл
  • 22 Шілде, 2021

ТІЛ ГЕНЕТИКАСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛГЕНІМІЗ БАР?

(Соңы. Басы өткен санда).

Сөзжасамдық жүйе генетикалық тұрғыдан

Сонымен, дыбыстанымнан сөзтанымға өтсек, сөзжасамдық жүйе қызметі генетикалық тұрғыдан былайша көрінеді: мысалы, жоғарыда келтірілген БІР сөзіндегі УП негізі («бі» элементі) ғаламның («шар-қоршаудың») «бүтіндік» ұғымын білдіріп тұр: әрбір «бүтін» нәрсе – біреу (БІР). Бүтін сөзінің өзінде де осы УП тілдік негізінің «бү» нұсқасы қолданылып тұр: Ғалам – Бүтін. Тарата түссек: әрбір бүтін нәрсе – «бөлек», әрбір бөлек нәрсе – «басқа», әрбір басқа нәрсе – «бөтен», т.т. Бұл сөздердің бәрі де бір ғана УП тілдік негізі арқылы жасалған. Осылайша, логикалық интерпретациялау арқылы адамзат тіліндегі сөздердің пайда болуының логика-философиялық негіздері айқындалады. Орыс тілінен келтірілген «мир» (ғалам) сөзінде УП-«шар-қоршау» (Ғалам) логикалық ұғымы өзінің тура «шар-қоршау» мағынасында қолданылып тұр: Ғалам – шартты түрдегі «Шар-қоршау», «Ұлы Қоршау». Көне түркідегі ЕБ «үй» сөзі де осы  – «УП шар-қоршау» логикалық ұғымы арқылы жасалған: ҮЙ – адамзаттың отбасымен тіршілік ететін әлемі – кіші әлем. Бұл ұғым орыс тілінің «дом» сөзінің құрамында «ом» түрінде, арабтың «бейіт» сөзінің құрамында «бе» түрінде келеді. Қысқасы, «Ғалам» заттық ұғымы және оның құрылымдық-семантикалық элементтерінің  заттық ұғымдары «логикалық ұғымдар» түрінде абстракцияланып, адамзат тілі сөздерінің ең ілкі жасалу негіздерінде қызмет етіп тұр. Төменде «бұру» (вращать) ұғымының қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі УП-негізі арқылы берілуінің кейбір мысалдарын келтірдік:

Қорыта айтқанда, генетикалық тіл ғылымы бүгінгі алуан түрлі тілдердегі  сөздердің генетикалық туыстығын тануға ғана емес, жалпыадамзаттық ілкі ойлау жүйесінің, яки ақыл-ой қызметінің  принциптерін түсінуге, адамзат тілінде жинақталған жалпыадамзаттық  құндылықтарды тереңнен тануға жаңа мүмкіндіктер ашады. 

 

Тіл білімі саласына жаңа мазмұндағы білім бағдарламасы қажет

 

Қарап отырсаңыз, қазіргі дыбыстаным мен сөзтаным, жалпы тілтаным ­туралы түсініктеріміз генетикалық тұрғыдан  мүлде жарамсыз екеніне көз жеткізесіз деп ойлаймын. Біз алдағы уақытта мектептер мен ЖОО-да тілдік ақиқатқа сәйкес келмейтін, ескірген көзқарастарды оқу мазмұнынан ығыстырып, генетикалық тұрғыдағы жаңаша түсінікті енгізе отырып, тіл білімі саласындағы жаңа білім бағдарламасын жасау қазіргі уақыт талабы деп білеміз және бұл тіл ғылымының тек жоғарыда аталған ДЫБЫСТАНЫМ (фонетика) саласына ғана емес, барлық салаларына дерлік қатысты.

Сөзтаным ( лексикология)  саласында:

1. Сөздің идеялық (мағыналық-семантикалық ) жағының пайда болу, өзгеру жүйесі дұрыс оқытылмайды. Сөз мағынасының пайда болуының идеялық түпнегіздері туралы түсінік жоқ. Тіл және ойлау мәселелері мүлде назардан тыс қалады. Бірден дайын мағыналар, олардың әртүрлі өзгерістері туралы айтылады. Сөздің көпмағыналылығы, синоним, антоним болуының себептері, т.б. көптеген мәселелердің генетикалық табиғаты ашылмағандықтан, бұлайша оқыту – жаттанды оқыту, бұрынғы-соңды айтылған әртүрлі пікірлерді жалпылама қайталау ғана болып шығады. Мұнан студент жүйелі білім алмайды, тек сол бұрынғы қалыптасқан көзқарастарды дұрыс-бұрысын екшеп түсінбестен, ой елегінен өткізбестен,  қайталап айтуға ғана ұмтылады, соған мәжбүр болады.

2. Сөз пайда болуында аса маңызды қызмет атқаратын тілдік негіздер мәселесі лексикологияның да, морфологияның да назарынан мүлде тыс қалады. Өйткені қазіргі тіл ғылымында тілдік материалдық-идеялық негіздер, тілдік таңбалар, яки ең ілкі сөз қалыптары туралы түсінік мүлде жоқ. Бұл мәселені тек генетикалық тіл білімі ғана түсіндіре алады.

3. Ұғым, логикалық ұғым, заттық ұғым, семантикалық өрістер мәселесі тереңдей түсіндірілмейді.

4. Атау теориясы дұрыс түсіндірілмейді.

5. Сөздің пайда болуы этимология тұрғысынан ғана оқытылады, ал мұнда аса көп қателер мен бұлдыр болжамдар мол. Сөз пайда болуын генетикалық тұрғыдан қарастыру аса маңызды.

Сөзқұрылым (морфология) саласында:

1.  Сөз құрылымы дұрыс оқытылмайды. «Сөз құрылымы түбір мен қосымшадан тұрады» деп түсіндіріледі және түбір термині мен негіз (основа) терминдерінің түсініктері шатыстырылып, өте зиянды қате пайымдауларға жол беріледі.

2. Тілдік негіздер туралы мәселе – тіл генетикасы ғылымы ғана ашып отырған ең жаңа және аса маңызды ғылыми жаңалық. Мұның қазіргі тіл білімін оқыту жүйесіне енгізілуі өте қажет. Осы мәселе түсіндірілмегендіктен де бүкіл тілдік құбылыстың болмысы дұрыс танылмай отыр.

ІV. Сөзжасамдық жүйеде сөзжасам негіздері дұрыс түсінілмегендіктен, сөз жасалуындағы қосымшалар қызметіне ғана баса көңіл бөлінеді және соның өзінде бұл дұрыс, жүйелі баяндалмайды. Ал сөз пайда болуының генетикалық негіздері, генетикалық сипаттағы семантикалық өрістер, олардың өзіндік ерекшеліктері, т.б. мәселелер қазіргі ғылымның түсінігінде жоқ.

Тарихи грамматика қазірде, қазақ тіл білімінде, негізінен, М.Томанов авторлығымен  өткен ғасырдың 60-жылдарында шыққан оқулықпен («Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», М.Томанов, қайта басылымдары бар) оқытылады және бұл оқулық  білім мазмұны жағынан да, оқулық ретіндегі сапасы тұрғысынан да көнерген. Тарихи грамматика:

 1) Құрылымдық тіл білімінің бір ­саласы болады, яки мұнда тілдің танымдық мәселелері қарастырылмайды. Біз тіл ғылымындағы тарихи грамматиканың  жетістіктері мен мүмкіндіктерін жоққа  шығармақ емеспіз. Дегенмен, нақты тарихи деректер мен нақты тарихи уақыт шеңберінде тұйықталып қалған бірыңғай құрылымдық бағыттағы ізденістер тіл табиғатын тереңнен түсіндіруде дәрменсіз екені ғылымда енді айқын көрініп отыр. Мұнда тіл генетикасы ғана терең мәліметтер бере алады.

2) Тарихи грамматикада  тіл дыбыстарының тарихи өзгеру заңдылықтарын түсіндіруде көптеген кемшіліктер, қате көзқарастар бар.

3) Түбір мен негіз мәселесінің проблемалары, яки бұлардың дұрыс түсіндірілмей отырғаны мұнда да айрықша көрінеді.

4) Бір буынды түбірлер деп аталатын тілдік бірліктер дұрыс айқындалмаған. 

5) Тарихи грамматика оқулықтарында орын алып отырған түбір сөз табиғатын сөздің қосымшалары арқылы зерттеу әдісі ақиқатқа сай келмейді. 

6) Аталған «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» (М.Томанов) оқулығында көптеген шетелдік ғалымдардың кезінде, мүмкін, алуан түрлі ғылыми ізденістерінің нәтижесі ретінде көрінген, бірақ қазірде, көбінесе, әртүрлі нәтижесіз болжамдар ретінде ғана бағаланатын, тілдік ақиқатқа сай келмейтін, студенттер үшін еш қажетсіз  пікірлеріне аса көп орын беріледі.

7) Тірі организм ретіндегі тіл табиғатына мүлде жат, яки тілдік ақиқатқа сай келмейтін  «өлі түбірлер», «өлі қосымшалар» деген тілдік элементтер туралы айтылады. Генетикалық тіл білімі тілдік құбылыстың бойында ешқандай да өлі элемент болуы мүмкін емес екендігін көрсетеді.

8) Сөздердің тарихи өзгеруі мен алуан түрлі нұсқалануының себептері толық және тереңнен түсіндірілмейді.

Қорыта келгенде, тарихи грамматика оқулығы жаңаша мазмұнда қайта жазылуды қажет етеді.

Танымдық (когнитивтік) лингвистика қазірде тілдік құбылысты этнолингвистикалық  тар ауқымда оқытады. Тілдің түпкі негіздерінде жалпыадамзат баласына ортақ ғаламтанымдық түсініктер тұр. ­Жалпыадамзат тілі  бір негізден тараған. Бұл пікірді көптеген ғалым қазір де қолдайды. Мұны тіл генетикасы түсіндіріп бере алады. Сондықтан тілді жеке ұлттық құндылық ретінде қарамастан бұрын, ең әуелі оны жалпыадамзаттық ұлы интеллектуалдық мұра деп қарау ­керек. Тіл генетикасы тұжырымдары бұл бағытта аса мол материалдар бере алады. Ал ұлттық ауқымда қалып қойған тіл ғылымы тіл бойындағы жалпыадамзаттық игіліктерді жеке ұлттық ауқымға тартып, оның маңызын барынша тарылтып тастайды. Бұл «Тіл – ұлттың рухы» деген В.Гумбольдт көзқарасын теріске шығару емес, біз оны жалпыадамзаттық тұрғыдан кеңейту қажеттігі туралы айтамыз.

 Жалпы тіл білімі пәнінде тілдің негізгі теориялық мәселелеріне қатысты қазірде қалыптасып отырған көптеген қате көзқарастар оқытылады. Бұл пән мазмұны үш бөлімнен тұрады: 1. Тіл зерттелуінің тарихы; 2. Тілдің теориялық мәселелері. 3. Зерттеу әдістері. Пәннің 1-бөлімінде студенттерге тіл және ойлау, тіл пайда болуы мәселелері ­туралы ерте замандардағы қытай, үнді, араб, грек елдері ғалымдарының еш нәтижесіз аяқталған, бүгінде студентке еш пайдасы жоқ, тек қосымша оқуға ғана ұсынуға тұрарлық материалдары оқытылады. Қайсыбір замандардағы авторлар, олардың қайсыбір жылдары шыққан, атын оқытушының өзі де әзер есінде сақтайтын (сақтаса), тілдің шынайы табиғатын түсіндіруге мүлде пайдасы жоқ кітаптары туралы ұзын-шұбақ әңгімелер қазіргі студентке еш қажетсіз материалдар.  

Пәннің 2-бөлімінде тіл білімінің ең басты мәселелері: тіл пайда болуы, тіл және ойлау, тілдік таңба мәселелері кезінде батыстық (орыс) тіл білімінде қалыптасқан, қазірде мүлде ескірген көзқарастар бойынша түсіндіріледі. Біз бұл мәселелерге: тіл пайда болуына да, тіл және ойлау мәселелеріне де, сондай-ақ тілдік таңбалар жайына да  қазірде ұсынылып отырған отандық жаңаша ғылыми көзқарастар, яки генетикалық тіл білімінің жетістіктері тұрғысынан келу жөн деп білеміз. Бір ғана мәселеге тоқталайық. Қазіргі жалпы тіл білімі курсындағы тіл теориясына қатысты бөлімде «Тіл – таңбалық жүйе» дейді де, «тілдік таңба – сөз» деген ақиқатқа сай келмейтін көзқарасты түсіндірмек болады. Тілдегі әр сөз бір таңба болғанда, бір тілдің өзінде ғана сан мыңдаған таңбалар бар болар еді. Ал таңба ұғымының шынайы табиғатына мұндай түсінік сай келмейді. Мысалы, сан мыңдаған халқы бар қазақ рулары тек бір ғана таңбаның төңірегінде бірігеді. Шындығында, тілдік таңбалар табиғаты да сондай, яғни бір ғана тілдік таңба арқылы сан алуан тілде сан мыңдаған сөздер жасала алады. Мұның ішкі құпиясын генетикалық тіл ғылымы ғана түсіндіріп бере алады. Тіл теориясының аса маңызды мәселелерін дұрыс түсіндірмейтін, студенттерге қажетсіз, пайдасыз мәліметтерді орынсыз және жүйесіз үйіп-төгіп беруге негізделген қазіргі жалпы тіл білімі пәнінің еш ғылыми мәні жоқ. Мұның орнына тілдің генетикалық теориясын оқыту аса маңызды болмақ. ЖОО-ның алғашқы курсында оқытылатын «Тіл біліміне кіріспе» пәні де осы тәрізді ескірген көзқарастарға негізделген.

VІІІ. Адамзат жазуының пайда болу негіздері туралы түсінік те генетикалық тұрғыдан тілдік таңбалармен ­байланысты түсіндіруді қажет етеді.

Генетикалық тіл білімі мәселелерін оқыту тек бір тілді аудиторияға ғана қатысты емес. Бұл пән көп тілді аудиторияға да арналады. Яки мұны тіл бағытындағы оқитын орыс, ағылшын, араб, т.б. мамандықтардағы студенттер осы тілдердің лексикалық материал­дарын өз ішінде де, сондай-ақ өзге тілдермен өзара генетикалық тұрғыдан салыстыра отырып та оқи алады. Мұның өзі студенттерді еркін, ғылыми ойлауға баулиды, қалыптасып қалған, бірақ қазірде ғылыми мәні жойылған қасаң теориялық ережелердің кемшіліктерін өз көздерімен көруге, практикалық, лабораториялық  тұрғыдан  жұмыс істеуге үйретеді. Тіл генетикасы ғылымы жоғарыда аталған мәселелердің барлығы бойынша да барынша дұрыс, ғылыми тұжырымдар жасайды.

Аталған мәселелер туралы кезінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне («Тіл ғылымының негіздеріне жаңаша көзқарас керек» («ЕҚ»., 24 сәуір, 2018 ж.) мақала жариялап, бұл жайларды республика көлемінде көтеру қажеттігін  айтқан болатынмын. Қазақстанның көптеген ЖОО-ларында осы мәселе бойынша лекциялар оқып, көптеген кафедралар мен белгілі ғалымдардың оң пікірлерін де алдым. Қызылорда облысы әкімшілігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда  университетінің қолдауымен және белгілі ЖОО Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті және Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті тіл кафедраларымен бірлесе отырып, үстіміздегі жылдың 14 сәуірінде «Генетикалық тіл ғылымы – гуманитарлық білімнің заманауи жаңа бағыты: зерттелуі, мәселелері, болашағы» тақырыбындағы І Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференция ұйымдастырылып, оған қатысып, баяндама жасаған  отандық және шетелдік белгілі ғалымдар (Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары) генетикалық тіл білімі идеясының халықаралық дәрежеде насихатталуына ұсыныстар жасады.

Адамзат тілінің теориялық мәселелері кезінде орыс тіл ғылымының көрнекті өкілдері ғана айналысып, саяси бағытталып отырған сала болды. Егемендік рухы ғылым саласына еркіндік берген тұстағы бұл бағыттағы игі табыстарымыз Қазақстан ғылымының жетістіктері ретінде әуелі өз елімізде, онан тыс әлемдік деңгейде насихатталуы – елдігіміздің де іргелі бір мақтанышы болады деп білемін.

Тіл ғылымында ғана емес, гуманитарлық ғылымның өзге де ­салаларына – философия мен логикаға, семиотикаға, т.б. қатысты жаңа көзқарасты – қазақстандық ғылымның көзқарасын қалыптастыру – еліміздің халықаралық  деңгейдегі беделін көтереді. Бүгінге дейін тіл білімі саласында тек біржақты батыстық концепция ғана үстемдік етіп келді. Ескі  батыстық көзқарастың  адамзат тілі сөздерінің өлі (мағынасыз) дыбыстардан кездейсоқ пайда болғаны туралы теріс түсінігін оқытудан, тілдік құбылысты сол тұрғыдан зерттеуден бас тартатын кез келді.  Адамзат тілінің ғаламдық жаратылыс-болмыспен тығыз байланыста пайда  болған аса киелі, сакральды құбылыс екендігін түсіндіретін генетикалық тіл ғылымы идеяларының артықшылығын бүгінгі білім беру жүйесі мен ғылыми зерттеу­лерде қолдану – қазіргі заманауи тіл ғылымының аса маңызды жаңалығы болмақ. Бұл бағыт алдағы болашақта адамзат тілі мен ойлауының жаратылыс табиғатын тереңнен ашып көрсететін жаңа ғылыми бағыт ретінде қызмет етеріне еш күмән жоқ.

Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты

2942 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы