• Қоғам
  • 22 Шілде, 2021

ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕН БЕРМЕСЕ

БҰҰ-ның бір тілі испан, соны жетік  білсек, артық болмас еді

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, 
тарих ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және 
Мадрид университетінің профессоры, испан тілінің оқытушысы,
дипломат-ғалым Т.Тәжібаев атындағы этно-психологиялық 
ғылыми зерттеу орталығының атқарушы директоры

Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса да испан тілі мамандарын дайындауға осы уақытқа дейін бірде бір грант бөлінбеді.

Тәуелсіздігіміз жариялана салысымен, Қазақстанда негізгі шет тілдерінің бәрі оқытыла бастады және оларға көптеп грант бөлінді. Атап айтсақ: ағылшын, неміс, француз тілдері бұрыннан оқытылып келді. Ал тәуелсіздігімізді алған соң араб, парсы, түрік, қытай, индия, жапон, корей тілдері бірінші шет тілдері есебінде оқытылып, үкімет көптеген грант бөлді.

       Өкінішке қарай, испан тілі, яғни БҰҰ-ның негізгі тілдерінің бірі шетте қалып қойды. Испан тілі көптеген университеттерде екінші шет тілі есебінде оқытылды. Сондай-ақ Алматыда ­испан тілін оқытатын көптеген курс ашылды. Алайда бірінші шет тілі есебінде Қазақстанда ашылған жоқ, грант та бөлінген жоқ. Сол 90- жылдары испан тілінің аса қажеттілігін Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрі болып тұрғанда бірнеше рет айтқан еді, бірақ ол үкімет тарапынан аяқсыз қалды. Осы кемшіліктің орнын толтырмақ болып академик С.Зиманов өз университетінде испан тілі тобына 13 студент қабылдап оқытты (1999-2003). Оған сол кездегі Испания Корольдігінің елшісі Паскуал да көмектесті. Екінші шет тілі есебінде оқытуға да испан тілінің екі группасын ашқан еді.

Қысқаша айтқанда, испан тілін оқытуға Қазақстан үкіметі әлі күнге дейін бірде-бір грант бөлмей келе жатыр...

Аргентина, Чили, Уругвай сияқты Латын Америка елдерінде  испан тілі мамандары жоқтықтан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының елшілік қызметі ашылған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырмақшы болып ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов Халықаралық қатынастар факультетінде испан тілін бірінші шет тілі ретінде оқыту үшін бір топ ашып, 2018 жылы қыркүйек айында мені қызметке шақырды. Аталған факультетте бұрын испан тілі екінші шет тілі есебінде ғана оқытылатын. Сол ашылған топты Ғ.Мұтанов «Алғашқы қарлығаш» деп атаған еді. Сонда мен ректорға:

 –  Жалғыз дипломат емес, бізде Латын Америкасына баратын, яғни испан тілін жетік білетін журналист жетпейді. Сондай-ақ Қазақстанда испан тілінің мұғалімі де жетпейді. Біздің ҚазҰУ-дың өзінде испан тілінен сабақ беріп жүргендердің екі жылдық қана білімі бар, – дедім. Сонда ол: 2019 жылдан бастап 20-25 студентке грант аламыз, Испан тілі кафедрасы ашылады деген еді. Алайда сол жылы Білім және Ғылым министрі ауысқан себепті әлгі игілікті іс орындалмай қалды.

Солай 2019 жылы да, 2020 жылы да испан тіліне ешқандай грант бөлінбеді. Осы  2021 жылы да испан тіліне грант бөлінбей отыр. ҚазҰУ-да испан тілі бар, бірақ ол коммерциялық болғандықтан және оның бағасы 1млн 200 мың теңге болғандықтан ешкім келмейді. Сондықтан испан тілі мамандары Республикамыз үшін ауадай қажет екені ащы шындық болса да, маман дайындалмай жатыр.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Аталған көкейкесті мәселе мен олқылықты Сізге жанайқаймен қайталап айтпақшымын.

Осы жерде испан тілінің Қазақстандағы тағдыры туралы қысқаша баяндап өтейін. Алматыда 1961 жылы керемет мамандар болғандықтан испан тілі кафедрасы ашылатын болып еді. Бір апамыз кері тартып отырып алған соң кафедра ашылмай қалды. Оның есесіне Ташкентте ашылды. Қазақстанда Әбдуәли Бәженов сынды испанист маман (Микоянның Кубаға барғанда тілмашы) болғанына қарамай, Өзбекстанда ешқандай маман болмаса да, Ташкент шет тілдер институтында испан тілі мамандығы ашылды. Жылына 50 студент қабылдады. Оқытушыларды Мәскеу мен Ленинградтан шақырды. Кейбір шақырылған мұғалімдер 1977 жылға дейін істегенін білеміз. Алғашқы бітірушілерді 1966 жылы түгелдей Кубаға қызметке жіберді...

Алайда испан тілі оқытылмаса да, Алматыда испан тілінде журнал шығып, Еуропа мен Латын Америкасына Кеңестік Қазақстан жетістіктерін кең көлемде таныстырып жатты. Аталған журнал Кеңес Одағы ыдыраған соң жабылып қалды (1992). Ал Ташкентте ондай журнал ешқашан болған жоқ...

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Осы олқылықты, яғни осыдан 60 жыл  бұрын ашылмай қалған мамандықты енді жандандырып, грант бөлдірсеңіз нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай игілікті іс үшін Қазақстанның қаражаты жетеді. Басқа шет тілдеріне және «Болашақ» бағдарламасына соншама қаражат бөліп жатқанда БҰҰ-ның басым тілдерінің бірі испан тілі  үшін ҚазҰУ-ге 20-25 грант бөлінсе, аса қажет мамандықтың іргесі қаланып, өркендеп кетер еді.

Жоғарыда көрсеткеніміздей, испан тілін білетін дипломат, Латын Америкасына баратын журналист, оқытушы филологтар және қазақ жазушыларының классикалық шығармаларын испан тіліне аударатын, испан тілдес мемлекеттердің классик жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударатын мамандар Қазақстан Республикасына аса қажет болып тұрғаны шындық.

  Мысалы, 30 жыл ішінде испан тілінен қазақ тіліне бір роман ғана  аударылыпты (Ромуло Гальегос (Венесуэла) «Донья Барбара», 2012, Словарь Сөздік баспасы. Аударған С.К.Өтениязов). Ал испан тіліне аудару мәселесі ешқандай жетістікке жете алмай жатыр.

Біз испан тіліне грант бөлу мәселесін көтеріп, ҚР Ғылым және білім министрлігіне талай рет өтініш хат жаздық. Бұрынғы министр Шәмшиденова қызметінде қала бергенде, өтінішіміз аяқсыз қалмайтын сияқты еді. Ол кісі кеткен соң, тоқтап қалды. Мысал үшін айтсақ, соңғы өтінішімізге бір жарым айдан кейін министрліктің берген жауабының түрі мынау:

08.06.2021-ғы № 501//ЖТ-Ө-7971,1/14-3-12 шығыс хаты

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

С.К. Өтениязовқа

email: samatspan@mail.ru

...Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған 2020-2025 жылдарға арналған кадрларға қажеттіліктің орта мерзімді болжамына сәйкес испан тілі бойынша мамандарға қажеттілік жоқ.

Сонымен бірге испан тілін екінші шет тілі ретінде  оқытуды 5 жоғары оқу орны жүзеге асыруда (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті, Қазақстан-Американдық еркін университеті). Қазіргі уақытта 614 адам білім алуда...

Вице-министр 

 Ш.Каринова

 

Результаты согласования

02.06.2021 19:17:43: Тойбаев А. Ж. (Департамент высшего и послевузовского образования) – cогласовано без замечаний

02.06.2021 19:26:12: Есинбаева Ж. У. ­(Управление формирования госзаказа) – cогласовано без з­амечаний

02.06.2021 19:26:19: Иргебаев Е. Т. (Департамент высшего и послевузовского образования) – cогласовано без замечаний

Осындай жауап беріп отырған министрліктің қызметкерлерінен қандай нәтижелі іс күтуге болады? Осыны жазып отырған министрлік қызметкерлері шет тілін оқыған адамдар екеніне күмәнім бар. Испан тіліне қажеттілік жоқ дегенімен тоқтамай, екінші шет тілі ретінде оқытуды 5 жоғары оқу орны жүзеге асыруда деп жазғаны министрлік қызметкері түгілі қарапайым адамның айтуға аузы бармайтын сөз.    

Екінші шет тілі түгілі бірінші шет тілінің өзіне берілетін сағаттар Балонн процесінен кейін өте аз екенін министрлік қызметкерлері білмейтін сияқты. Кеңес үкіметі заманында бірінші шет тіліне аптасына 16 сағат, екінші шет тіліне 10 сағат оқытылған еді. Ал қазір бірінші шет тіліне 5 сағат, екінші шет тіліне 3 сағат екенін әлгі бізге жауап бергендер білмейтін сияқты. Осындай сағатпен, яғни екінші шет тілі бағдарламасымен оқытып испан тілі мамандарын дайындауға бола ма?

Испан тілінің ҚазҰУ бірінші шет тіл оқитындарға грант керек. Сонда ғана біз керекті мамандарды дайындай аламыз. Испан тілін білетін журналист, дипломат, аудармашы филологтар Қазақстанға ауадай қажет.

Біз грант сұрағанда өзіміз үшін емес, Қазақстанның келешегі үшін сұрап отырмыз. Өтениязовтың өз басының материалдық жағдайы министрлік қызметкерлерінен ­пеленбай есе артық... Испан тілі оған керек емес, егеменді Қазақстанның игілігі үшін қажет. Қазақстанда барлық шет тілдеріне көптеген гранттар бөлінді. Ал БҰҰ тілі испанға қасақана ешқандай грант бөлінбегені біздің Оқу және Білім жүйесінің дәрменсіздігі мен бейшаралығын көрсетеді...

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіз өзіңіз пәрмен бермесеңіз осынау аса көкейкесті мәселе әлі де талай жылдарға жабылып қалғалы тұр. 20-25 грант берілсе, дәстүрлі жағдайда испан тілі мамандары дайындалып, кафедра қалыптасар еді. Осы уақытқа дейін Қазақстанда испан тілі кафедрасы болмауы, шын мәнінде, ұят жағдай. Испан тілі кафедралары ТМД мемлекеттерінің бәрінде бар, тек біз ғана аса қажетті мамандықты дамытып, білім беруден құр қалып отырмыз....

 

1756 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы