• Мәдениет
  • 29 Шілде, 2021

Рухымызды көтерген Рухия

Қазақстандық Рухия Байдүкенова Витебсктегі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-приін жеңіп алып, барша халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. «Славян ­базары – 2021» байқауының жеңімпаздарына берілетін дәстүрлі «Алтын лира» мүсіншесі қазақстандық әншіге 30-шы Халықаралық өнер фестивалінің жабылу салтанатында сыйға тартылды. 

Рухия Байдүкенова 1998 жылы 27 тамызда Талдықорғанда дүниеге келген. Ол жастайынан вокалмен айналысады. Оның таланты мектеп қабырғасында жүргенде-ақ байқалып, өнер мектебіне жіберіледі. 9 жасынан бастап вокалмен күн сайын айналысып келеді. Жастайынан вокалмен айналысқан ол қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрадалық вокал» бөлімінде үшінші курс студенті.

 Рухия Байдүкенова халықаралық байқауда «Зозуля» композициясымен ең көп ұпай жинады. Таңдап алған композициялары жайында әнші былай дейді: «Emotions» және «Зозуля» менің сүйікті шығармаларымның бірі. ­Сонымен қатар олар табиғаты жағынан да, техникалық жағынан да өте күрделі. Осындай ауқымды байқауда мен вокалды шеберлігімді толықтай көрсеткім келді. Сондықтан мен жүрегім қалаған виртуоздық әндерді таңдадым».

«Славян базарында» 22 жастағы Талдықорғанның тумасы мүмкін болған 140 ұпайдың 138-ін жинап, жеңіске жетті. Алайда әнші бұл оның үлкен шығармашылық жолының бастамасы ғана екенін жеткізді. Әлемге елімізді өз өнерімен танытқан әнші жарысқа қатысуға байланысты қатты толқуға қарамастан, тек жерлестерінің ғана емес, сонымен қатар Димаш Құдайбергеннің барлық жанкүйерлерінің қолдауын сезінгенін айтады. 22 жастағы әнші ­Димашпен бірге, оның жанкүйерлерінің де қолдағанына ризашылығын білдірді. «Қонақүйде жарыс басталмас бұрын бізде тамақ мәселесінде біраз қиындықтар болды. Қазір мен ұннан жасалған тағамдарды жей алмаймын, ал Димаштың жанкүйерлері бұл туралы естіп, келесі күні олар жарыстың бірінші күніне дейін маған қонақүйге сұйық тамақ  әкелді» деді әнші орталық коммуникациялардағы брифинг ­барысында.

Гран-при иегері «Славян базары» байқауына ұлттық іріктеу турына бір емес, үш рет қатысыпты. Алғашқы екі ретінде сәтсіз болған. Үшінші рет орындау­шыдан миллиондардың сүйіктісі Димаш Құдайбергенов өз күшін сынап көруді сұраған екен. Әнші Рухия Байдүкенова байқау басталар алдында Димашпен тығыз араласқанын айтқан болатын. «Славян ­базарына» қатысу үшін Рухия 23 келі салмақ тастапты.

2014 жылы әнші «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауының финалисті атанды. Ал 2015 жылы «Еуразия жұлдыздары» және «Астана дауысы» халықаралық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Рухияның дауыстық диапазоны бес октава.

 

1613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы