• Мәдениет
  • 29 Шілде, 2021

Еркебұлан Азияның үздік актері

Қазақстандық актер Еркебұлан Дайыров Канндағы World Film festival байқауында «Азияның үздік актері» номинациясын жеңіп алды.

Актер қазақстандық режиссер Эльмира Гильманның «Күнбағыс» фильмінде ойнаған рөлі үшін марапатталды. Актер марапат алғанын естіген сәтін былайша жеткізеді: «Мен бұл жаңалықты Instagram-нан білдім. Алғашында сенбедім. Продюсерлер маған қоңырау шалды. Жеңісті дәл сол сәтте сезінуге және оны түсінуге уақыт болған жоқ. Бәрі үшін сіздерге рақмет. Бұл біздің ортақ жеңісіміз».

Инстаграм парақшасында актер өзін қолдағаны үшін қазақстандықтарға алғыс айтты. Бұл оның ғана емес, бүкіл түсірілім тобының жеңісі екенін де атап өтіп, Эльмира Гильманға бөлек алғысын жеткізді. «Бұл менің ғана жеңісім емес, сонымен қатар режиссер Эля Гильманмен бірге бүкіл түсірілім тобының жеңісі. Құттықтау үшін рақмет, бәрін оқып үлгермеймін. Барлығыңызға көп алғыс» деді актер.

Фильм сюжеті бойынша он төрт жасар Әмір мектеп пен үй проблемаларынан виртуалды ойын әлеміне кіру арқылы жасырынады. Онда барлығы қарапайым және түсінікті, шынайы өмірге мүлде ұқсамайды. Алайда отбасындағы және мектептегі қақтығыстар басылмай, үдей түседі. Режиссер Эльмира Гильманның айтуынша, бұл оқиға оның барлық ата-аналарға жолдауы. Жуырда өткізілген Istanbul Film Awards халықаралық фестивалінде қазақстандық кинокартина бірден 7 марапатқа ие болды: «Үздік драма», «Әйелдер арасындағы үздік режиссер» (Эльмира Гильман), «Үздік шетелдік фильм», «Үздік оператор» (Алексей Кирюхин), «Ең үздік балалар рөлі» (Рашид Мусин), «Үздік актер» (Еркебұлан Даиров) және «Үздік әйел рөлі» (Слабода Михалович).

Сәуір айында актер Еркебұлан Дайыров ER-BATYR жобасының қонағы болған еді. Онда ол Айсұлтан Сейітовпен жұмыс істеу тәжірибесі, оның рөлі үшін 20 келі салмақ қосуы жайлы, сондай-ақ әкесінің ең маңызды тәрбиесі – қазақы тәрбие мен намыс бірінші орында тұруы керек екенін айтқан болатын.

Канндағы World Film festival байқауы – бұл адамдардың жағдайы мен мәдениетін көрсететін деректі киноға арналған шара.

Еркебұлан Дайыров қазақстандықтарға «Томирис», «Анаға апарар жол», «Әміре», «Тобыл», «Бауыржан Момышұлы» және «Балуан Шолақ» картиналарымен жақсы таныс.

 

1944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы