• Руханият
  • 29 Шілде, 2021

КИЕЛІ БАТЫР КЕСЕНЕСІ

Тәуелсіздік алғалы бірлігіміз бекіп, жоғалтқан мәдени байлықтарды қалпына келтіріп, рухани мұрамызды біртіндеп жинай бастадық. Егемендіктен соң еліміздегі қалаларда ел үшін тер төккен батыр бабаларымыздың еңселі ескерткіштері бой көтерді. Сондай бір ғажап ескерткіштің бірі Алматы қаласындағы ­Райымбек батыр кесенесі. 

Киелі кесене 1994 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық бірлестігінің бастамасымен бой көтерді. Жері үшін жан аямай күрескен арқалы батырға Алматының қақ ортасынан кесене тұрғызылды. Құнды кесене Алматы қаласының орталық көшесінде мәрмәр тастан жасалған тарихи ескерткіш саналады. 1991 жылы батырдың жатқан көшесінің атауы «Райымбек даңғылы» болып өзгертілген.

Райымбек Түкеұлы (1705-1785, кей ­деректерде 1730-1805) – қолбасшы, батыр, көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған адам. Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп қана қоймай, елшілік қызмет те атқарған. Көрегенді, мәмілегер, заманына сай саясаткер болған адам. 17 жасында жоңғар басқыншылығына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған тұлға. Қалмақтың ­Бадам, Қорын, Ағанас, Секер сынды хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі. Райымбек  батыр өз заманында ұйымдастыру қабілеті өте жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшыларының бірі болған. Қиян-кескі жаугершілікті заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болып, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керектігін білмей тұрғанда сәтте қолбасшы Райымбектің оңай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі қамалып келіп қалған қалмақ қолынан ығысып барып, жауынгерлері буырқанып тасып жатқан Ілеге тіреліп, не істерін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбек көзсіз ерлікке барып, әскерін өзеннен аман-есен өткізеді. Ол талай рет шағын топпен жау шебіне барып, тосыннан тиісіп, қарсы жақты ойран-топан етіп отырған. Батыр жайлы аңыз-әпсана ел ішінде өте көп.

Кесененің алдында киелі ақ бураның шөгіп жатқан мүсінін көруге болады. Аңыз әңгімелерге сүйенсек, бұл мүсіннің өз мәні бар. Райымбек батыр дүниеден өтер алдында ұрпақтарын жинап: «Денемді ақ түйеге артып, басын бос жіберіңдер. Сол қай жерге шөксе, сол жерге мені жерлеңдер» деген екен. Ұрпақтары батырдың соңғы тілегін орындап, мәйіті артылған ақ бураның соңынан ере беріпті. Ұзақ жол жүрген ақ бура қазіргі кесене тұрған жерге келіп шөккен деседі. 

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

1975 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы