• Тұлға
  • 29 Шілде, 2021

Д Ү Н И Е - Ғ А П Ы Л

Ұлт руханиятына  өлшеусіз үлес қосты

 

Қазақ журналистикасы қара жамылды. Қарымды қаламымен, қайраткер болмысымен ұлт рухания­тына өлшеусіз үлес қосқан белгілі журналист Нұрперзент Жандәулетұлы Домбай фәниден бақиға озды.

Нұрперзент Домбай 1958 жылы 1 наурызда Қызылорда облысы Қазалы ауданының Қожабақы ауылында туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын бұрынғы Жезқазған облысы Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде бастады. Жезқазған облыстық газетінде бөлім меңгерушісі, аймақтық газеттің редакторы, «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 2008 жылдан «Ана тілі» газетінде Бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарып келді.

«Елбасы және ел», «Адалдықтың ақ жолы», «Адамдық айнасы», «Жүрек үні», «Жеңімпаз», «Елім деп соғар жүрегім», «Алғыс арқалаған азамат», «Күй құдіреті» секілді кітаптардың авторы. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері. «NurSunqar» дәстүрлі байқауының «Тәуелсіздік тағылымы» аталымы бойынша жүлдегер атанғаны кеше ғана еді.

Ұжымда таланты мен еңбекқорлығының арқасында сыйға бөленген тұлғаның аты халқының жадында мәңгі сақталып қалады. Марқұмның ­отбасына, туған-туысқандары, дос-жарандары мен қызметтес болған ұжымына қайғырып көңіл ­айтамыз. 

«Қазақ газеттерi» Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi және серіктестікке қарасты

басылымдар ұжымы

 

Саналы ғұмырын отандық журналистикаға арнады

 

Белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақпарат саласының үздігі, мәдениет қайраткері  Нұрперзент Домбайдың өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Нұрперзент Домбай бүкіл саналы ғұмырын отандық журналистика саласына арнап, қарымды қабілетімен, зор шығармашылық әлеуетімен ұлттық медианың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қызмет жолын өңірлік БАҚ-тан бастап, өзінің еңбекқорлығымен республикалық деңгейге дейін көтерілді. Журналистикамен қатар, поэзия әлеміне де қалам тербеді, мәнді де мазмұнды деректі шығармалар жазды.  Марқұмның жарқын болмысы мен тұлғасы жақындары мен әріптестерінің, жазған рухани дүниелері қалың оқырман қауымның есінде мәңгi сақталады.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын.

Аида БАЛАЕВА,

Ақпарат және қоғамдық даму министрі

 

Жаны мөлдір жақсы адам…

 

Белгілі қаламгер, көрнекті журналист, ғажайып Азамат Нұрперзент Домбай ағамыздың кенеттен өмірден өтуі – ұлттық ақпарат кеңістігі үшін ауыр қаза. Нұрекең бар ғұмырын дәстүрлі журналистиканың дамуына арнады. Жазу-сызудың сүйкімі қашпай тұрған кешегі дәуірде көшелі тұлғалардың ұстаханасында тәрбиеленіп, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы түрлі қиындықтарда да қаламын суытып басқа арнаға кетпей, бүгінгі көлденең көк аттының бәрі «желіні сыздап, желіні тұздап», «журналист» атанған осы бір оттан көйлек киген шақта да сыр бермей, Құдай Тағаланың өзіне берген бірегей болмыс-бітімімен кейінгі іні-қарындастарына ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетіп келе жатыр еді… Сағатыңыздың күтпеген жерден тоқтағаны-ай…

Тау асып, тас басып жүріп, цифрлық жүйенің сиқы тәуір бір тұста телефонның сымы қосыла қалып… қайғылы хабарды кештеу естіп, қатты есеңгіреп қалдық. Қазанатта жүйткіп келе жатқан секілді едім, жайсыз хабарды естігенде тұлпарым тасқа сүрінгендей, тұяғы кетілгендей, дүние көші тоқтап барып қайта жүргендей болды… Сосын, бұрынғы жүзтаныс сәттерден бастап, кейінгі қоян-қолтық араласқан кезеңдердің бәрі көз алдыдан кинолентадай сырғып өте берді. Жымиып қана тұратын жылы жүзі жүректі езіп жіберді. Ол кісі үлкен мәдениеттің, көркем мінездің, кісілік пен кішіліктің, еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп жүрген Тұлғалардың бірі еді. Еш қоспасы жоқ. Бұрындары етене араласып кетпесек те, түрлі жиындарда, шығармашылық сапарларда бірге болғанда жол бұзбайтын, сөз бұзбайтын, өзін алға салмайтын, зиялы болмысына қатты сүйсінетін едік.

Алла бұйыртып, кейінгі қызметтес болған 2 жыл 8 айда қандай ғажайып кезеңдерді бірге өткіздік. Бұл – жаны таза жақсы адаммен араласып, бағасына жетуге мүмкіндік берген тарлау болса да тағдырдың тамаша сыйы екен. Сол бір сәттерден бастап Нұрперзент ағаға деген құрмет те, інілік ізет те бөлек болды. Оған бірге қызмет істеген кезеңдегі жарылып-бөлінбеген қарым-қатынас һәм қарлығаштың ұясындай ұжымдағы әріптестер куә.

Ұжымымыздың ақсақалы болды. «Аға, былай жасасақ қалай қарайсыз?» деп кеңескенде, кебісін өкшелей киіп, балаша шапқылап, ақжарылып кететін. Белгілі журналист, ақ-адал әріптес Дәуіржан Төлеубаев екеуміз Нұрағаңа ауыр жұмыс қалдырмай, апырып-жапырып, бәрін әзірлеп қоятын едік. Бас редактордың бірінші орынбасары ретінде Нұрекең бүкіл дайын болған беттердің ауы мен бауын түгендеп, айылын мықтап тартып беріп, кем-кетіктердің орнын толтырып, баспаханаға тастай етіп әзірлеп беретін еді. Қай істе болмасын, әріптестерге бұл күндері қызыл кітапқа кіріп бара жатқан жауапкершілік деген сезімді сезінуді айқай-сүреңсіз қас-қабағымен ұғындыратын.

Аспай, саспай, жаман жерді баспай, кісі сыртынан кір жұқтырмай, жас тілшілерге қорған, қамкөңіл жанға қормал болып жүретін сабырлы да байсалды қасиеті үшін бәріміз алақанға салып, төрімізге шығарып, құрақ ұшатын едік. Өйткені Құдай Тағаланың бойына берген бекзат жаратылысы баршамызды магнитті өрістей тартатын да тұратын. Үндемей жүріп-ақ үлкен істер атқарды. Ай-күннің аманында ағаш атқа мініп алып, белсеніп, біреудің жолын тосқан қараниетті топтардың қарасын көбейтіп, топалаң ұйымдастырып жүретін көсеулік пен жандайшаптықтан бойын мүлде аулақ ұстаған жан еді. Журналистика саласына сіңірген қырық жылдағы ұшан-теңіз еңбегінің өтеуі өкіметтік жоғары наградалармен өтелмепті. Өкінішті…

Бір туған аға-інідей болдық. Жұмыстан кейінгі немесе демалыс күндері Дәуіржан үшеуміздің бас қосып, сырласқан, сыйласқан сәттердің бәрі қарашықтың объективінде кәсіби қолдан шыққан кәнігі суреттей сақталып қалыпты. Кейін редакция алқасын белгілі журналист Қарагөз Сімәділ келіп толықтырды. Редакция басшыларының бірі ретінде қыз бала болса да ағасының қас-қабағына қарап, ер-азаматтармен қатар тізе қосып қызмет етті.

…Жеке желі арқылы жазысқан ықшам хаттар мен даталы күндерде алғаусыз көңілмен жолданған құттықтауларды қайыра оқып шықтым… Атқақтаған жүрек ауызға тығылып барып, орнына қайта түсті.

Осы бір аспан айналып жерге түсердей шақта… басқа басқа, Сізден хабар келеді деген неше ұйықтасам түсіме кірмеген еді, түбінен шабылғыр қу құлақ есітті…

Нұрперзент ағамыз киелі Сырдың бойында, жүз жырау шыққан Қазалы-Қармақшы топырағында туып-өсіп, мысты өңір Жезқазғанда атқа мініп, ­Алматыда халыққа есімі кеңінен танылған еді. ­Содан да болу керек, Сыр-Анаға тән сырбаздықты, Ұлытауға ұқсаc ұлықтықты, Алатаудай асқақтықты бір бойына сыйдырып, қоңыр ғана тірлік кешті.  Өзіңіздей кесек Тұлғаны ел-халқыңыз ешқашан ұмытпайды. Ардақты Тоғжан жеңгемізге, әлі аяқтанып үлгермеген ізіңізді басқан інімізге, қарындастарымызға, туған-туыстарыңызға,  «Қазақ газеттеріндегі» барша әріптестеріме, өзіңіздің айрықша қадірлеген төл басылымыңыз – «Ана тілі» газетіндегі қыз-жігіттерге қайғырып көңіл айтамын.

Жаратқан Иеміз көрмеген көшеңізден жарылқасын.

Бақұл болыңыз, Аға... Біз сізді қатты сағынатын болдық...

Жаны таза, сәби болмысты қайран, Нұрперзент аға…

Жанарбек ӘШІМЖАН

 

СЫР МЕН ҰЛЫТАУДЫҢ 
ОРТАҚ ҰЛЫ ЕДІ

Нұрперзенттің қазасын естігенде студенттік шақ пен кейінгі он жылдай бір ұжымда үзеңгілес болып жүрген кездер ойға оралды. Бәрі де күні кешегідей сияқты. Жасы менен кіші болғанмен екі курс жоғары оқыған еді. Келбеті келісті, сырбаз, мінезі салмақты жігітпен сыйластығымыз сол жетпісінші жылдардың аяқ шенінде басталды. Бәріміз оны Нүркен дейтінбіз. Ол журфакты бітіргесін жолдамамен Жезқазғанға аттанды. Журналистердің бір ерекшелігі кім қай газетте істейтіндігін, не жазып жүргенін сырттай біліп отырады. Әріптесіңнің тұшымды дүниесін оқығанда, кәдімгідей қуанып қаласың. Нұрекеңнің аудандық газетте басталған журналистік қызметі таланты мен еңбекқорлығы арқасында есімін Ұлытауға, елімізге қарымды қаламгер екендігін танытты. Жезқазғандағы «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болған жылдары журналистік шеберлігі де, шығармашылық қуаты да сан қырынан көрінді. Задында, республикалық басылымның меншікті тілшісі болу сол газеттің жергілікті жердегі редакторы әрі тілшісі, сенімді өкілі саналады. Қысқаша айтқанда, ұстанымы мықты, бесаспап маман болуы шарт, қай тақырыпқа да батыл барып, зерттеп, зерделеп жазып, оқырманын ойландырып, ойға жетелейтін қаламгер болуы тиіс. Нұрперзент еліміздің бас газетінде тілші болғанда сол үдеден шыға білді.

Студенттік шақтан  кейін арада отыз жылдай уақыт өткенде, дәлірек айтсам, 2009 жылы «Ана тілі» газетінде журналистік жолымыз тоғысты. ­Соншама жылдардан кейін кездессек те, бір-бірімізді жатырқамай, әңгімеміз бірден жарасып жүре берді. Көзінен мейірім, жүзінен жылылық сезіліп тұратын сол баяғы салмақты да салиқалы Нүркен-Нұрперзентті көрдім. «Ана тілі» газетінде он жылдай бірге жұмыс істедік. Бір-бірімізді сыйладық, көңілімізді қалдырған жеріміз жоқ. Сырт көзге көріне бермейтін журналистиканың сан қырлы, қиын да қызықты, ең бастысы, табандылықты, білім мен білікті, тәжірибе мен талғамды талап ететін қызметінде Нұрекеңнің алатын орны бөлек-тұғын. Қай мәселені де ақылдасып шешетінбіз, көбінесе ­ойымыз бір жерден шығатын. Ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырып, басшылық жасауда қолдан келгенше жұмыс істедік. Кезінде екеуміздің де республикалық басылымдардың меншікті тілшісі ретінде қалың оқырман қауыммен бетпе-бет кездесіп, ортасында жиі болғандықтан ба, олар үшін қай тақырыпты көбірек қаузау керек, қандай мәселеге ерекше көңіл бөлу қажет екендігі жөнінде ойымыз бір жерден шығатын еді. Газеттің, жалпы журналистиканың қыр-сырын жетік білетін Нұрекеңнің жазғанына мін таға қою қиын болатын. Біреуге ренжігенін, өзгелер туралы сыртынан сөз айтқанын естіген емеспін. Жас журналистерді тәрбиелеуде, оларға білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беруде өлшеусіз, ерінбей еңбек еткеніне куәмін. Ақыл-кеңесімен ғана емес, қай мәселені қалай жазу керектігін тақырып таңдаудан бастап, терең талдауға, парасат пен пайымға құрылған мақалаларымен, ізденімпаздығымен үлгі болды.

Нұрекең өзі жиырма жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен Ұлытауын, ондағы ұстаздары мен әріптестерін, кейіпкерлері мен замандастарын сағынышпен еске алатын. Бірде редакциямызға келген қазақтың ардақты да атақты ақыны Кәкімбек Салықов ағамыздың Нұрперзент інісін азамат, журналист, ақын ретінде ерекше сыйлайтындығын білдік. Сол жолы ақын «Ана тілі» газеті туралы жақсы пікірін де айтты. Нұрекеңнің өзі де талантты ақын еді, бірақ журналистиканың мойын бұрғызбайтын тірлігі ақындыққа еркін қалам тербеуге мүмкіндік бере қоймады-ау деп ойлаймын. «Нұреке, топтама өлеңдеріңді беріңізші, өзіміздің газетке шығарайық, басқа басылымдарға да ұсынайық» десем, тартыншақтайтын, сондағы уәжі өзіне талапты қатты қоятындығы еді. «Талант жалқы болмайды» деген рас, Нұрперзент әнші де болатын. Ұжымдағы басқосуларда, әріптестері мен дос-жарандары арасында жырымен де, әдемі қоңыр дауысымен де ортаның көңілін көтеріп тастайтын.

Ол жыл сайынғы еңбек демалысын шілде айында алатын. Бұл ұстанымының бірге жұмыс істеген жылдары бұзылғанын көрген емеспін. Демалысында өзінің туып-өскен жері Қызылордаға, Сыр бойына, туған ауылына барып, жұмысқа сергіп көңілді оралатын. «Мен Сыр бойында туып-өстім, журналистік қызмет еткен ортам, балаларымның туған жері Ұлытау ғой. Бұл екі өңір де мен үшін ерекше ыстық» деп сырын да айтатын.

Қайран Нұрекең, сол жылдағы дағды ­бойынша шілде айында алған еңбек демалыс кезінде бұл фәниден өтіп, бақилық болды. Отбасына, әріптестері мен оқырмандарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның топырағы торқа болып, жаны жаннатта болсын!

Самат ИБРАИМ

 

«ЖАЙДАРЫ  ЖҮЗІҢ  ЖАБЫЛМАЙ...»

Өмір біз ойламаған жерден сынақ дайындап, соққы береді. Біз күтпеген жерден сыйын ұсынатын да өмір. Сыйынан бұрын, тосыннан келген соққыға төтеп беру адам баласына ауыр тиеді екен. Өмір туралы ой өлімді көргенде келетін сияқты. Әр жақыныңды жоғалтқан сайын өмірдің сырын өзінше ұғынуға тырысасың. Жақсы адамның өмірі өнеге болса, өлімі де бір жатқан өнеге. Нұрперзент ағай өмірімен де, өлімімен де өнеге көрсетіп кетті. Нұрперзент ағамыз жалған дүниені жарты жолда ­тастап, фәниден бақиға аттанды. Кеше ғана алдымызда жадырап, жарқырап мейірімін төккен сұлу сөзді, сымбатты ағаны қалайша өлімге қиярсың... Бірге қызметтес болған екі жылдың ішінде не бір артық сөз айтып, қабағын шытқаны есте жоқ. ­Ибалы мінезімен ұялып қана күлетін де қоятын. Жанында жүрген жандардың бәріне бірдей қарар еді. Біреуімізге аға, біреуімізге әкедей ардақты еді. Амал қанша...

Нұрперзент ағайым туралы сөзді келмеске кеткеннен кейін айтамын деп кім ойлапты. Биыл ғана 1 наурызда пайғамбар жасына толған. Дастарқан ­жайып тілек айтылғанда менің аузыма сөз түспей, үнсіз қалып ем... Енді, міне, қазір жүрегім сыздап отырып, өзім көрген жақсылығын айтқым келеді. Ағайдың жүрген жүрісі, тұрған болмысы Алланың берген көркем мінезінің айнымас үлгісіндей көрінетін. Сөйлесе қалсаң жаныңнан жып-жылы самал есіп өткендей нәзік бір леп сезілер еді. Сондай бір ізгі жанды жоғалту «Ана тілі» ұжымы үшін өте ауыр... Тіл үшін тер төгіп, осы газетте табан аудармай он төрт жылдай қызмет етіпті.

Есімде, Абай жайлы жазған алғашқы мақалам жарық көргелі жатқанда ағаймен бір сөз үшін «таласқанбыз». Мақала соңындағы ақырғы жолдарды алып тастауымды сұрады. Ал мен сол кезде ағайға қарсы келіп, «сөзім қалсын» дедім. Кеш ­болып қалған. Газет шығуға жақын. «Жоқ, болмайды. Алып тастай ғой» деді де ағай үйіне кетті. Көңілім түсіп отырғанда сол кездегі жауапты хатшы Дәуіржан ағайға телефон шалып: «Өзі соны қалап тұрса сөзі қала берсін» деп айтыпты. Келесі күні жұмысқа келсем үлкен басымен алдыма келіп: «Газетті көрдің бе? Сен қалағандай болды» деп әдемі күлкісімен жымия қарады. «Бірақ есіңде болсын, біз де осы жерде газет үшін жүрген адамбыз. Сен ренжіме» деді. Мен емес, ағайдың ренжитін жөні еді ғой... Ол болса менің көңілімді ауыртып алмайын деп солай айтты. Мақалам шыққан сайын қанат беріп, арқамнан қағып отыратын. Кішкентай мейірімнің өзі адамға үлкен шабыт береді. Нәзік жүрегінен төгіліп кетердей толған мейірім ұшқыны мөп-мөлдір жанарында жанып тұратын. Сол шырақ сөнді дегенге кім сенеді... Көрікті жүзі, көркем мінезі ағаны басқалардан мүлде ерекше көрсетер еді. Жүзінен нұр төгілген жүрегі жұмсақ жақсы ағадан айырылған соң ғана оның біз үшін қаншалықты қымбат жан екенін түсіндік. Амал не?.. Орны ойсырап қалды. Үнемі ­солай ғой. Тірісінде кімнің қадіріне жетіппіз...

Пайғамбар жасында қасиетті жұма күні ешкімге салмақ салмай мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Төбемізден жай түскендей теңселіп қалдық. Тірісінде де біреуден бір нәрсе сұрамайтын, не қол астындағыларды жұмсап, өз шаруаларын айтпайтын сондай бір аяулы жан еді. Керісінше, газетке байланысты бір тапсырма берсе қуанатынбыз. Бәріміздің көкейімізде «тағы да жанымызда жүре тұрғанда ғой» деген өкініш қалды. Бейнетінің зейнетін көретін жаста кетті. Жалған дүние... Жақсы адамдар Аллаға да керек дейді ғой. Сол үшін де ауырмай, сырқамай, ешкімге салмақ салмай ұйықтап кеткендей боп, бақиға озған шығар. Орындығында отырып мызғыған кейіпте аттанып кетіпті деп естідік. Қолынан қаламы түспеген аяулы ағаның Алла жүзін жарық етіп, Жаннаттан орын берсін. Отбасына сабыр тілейміз. Көрмеген қызығын ұрпақтарына жазғай.

«Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің, япырмай!»...

Нұрлайым БАТЫР

 

 

 

1750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы