• Қоғам
  • 29 Шілде, 2021

ӘР АДАМНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫ

Өзіміз өмір сүріп жүрген қоғамда түрлі жағдайлардың орын алып жатқандығын көзбен көріп, құлақпен естіп жатырмыз. Бүгінгі таңда екеуара шешілмеген жанжалдар, келіспеушіліктер, ұрыс-керістер және даулар тым жиілеп кеткені де жасырын емес. Әрине, мұндай араздасудың, жанжалдасудың шешімін сот шығарады. Алайда сотқа дейінгі істі шешіп, тараптарды татуластыратын медиа­ция қызметінің барын ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі таңда бұл қызметке сұраныс көп. Ақты ақ, қараны қара деп әділ шешім шығару бізге артылған зор жауапкершілік. Ар алдындағы адалдықтан аттамай, дұрыс шешім шығара білу – әр адамның азаматтық парызы. 

Біз азаматтарға заң саласы бойынша да қызмет көрсетеміз. Өз міндеттерін айқындап, даулы жағдайларды ақылға сала отырып шешуге жағдай жасаймыз. Кез келген мемлекеттің Ата заңы бар. Заңдар мен ережелер жиынтығы болмаса мемлекет азаматтардың мінез-құлқы мен ұйымдардың қызметін басқара алмайды. Заңдар болмаса бір территорияда тұратын адамдар арасында тәртіпті сақтау мүмкін емес. Ішкі қақтығыстар жағдайында тұрақтылық орнату және өз жерлерін жаулардың қол сұғушылығынан қорғауға да мүмкіндік жоқ болады. Татуласу рәсімдерін пайдалану медиация институты арқылы мемлекеттің сот процестеріне жұмсайтын шығындарды азайтады. Сонымен қатар түрмедегілердің санын қысқартады. Осындай бірқатар проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін бірден-бір ұтымды нұсқасы осы медиация институты екенін халықаралық тәжірибе әлдеқашан мойындап қойған. Десе де, ­институтты біздің ата-бабаларымыз ең алғаш болып қолданғанын ерекше мақтанышпен айтсақ болады. Мәселен, еліміздің том-том ­тарихына көз жүгіртейікші. «Жеті жарғы» заңдар жинағында ел ішіндегі даулар мен жанжалдарды шешу билер мен ақсақалдарға жүктелген жауапкершілігі зор жұмыс болған. Шындықты шырылдатып айтудан жасқанбайтын олар туыс, туған, ағайын деп ешкімді жақын тартпаған. Шындық жолында туыстық жоқ деген қағидаға сүйенген олар істің тек әділ шешілуін көздеген. Демек, бұл институт біздің қоғамға ешқандай да жат емес. Керісінше, бабалар сөзіне құлақ түріп, билердің шешімін назарға ала отырып осы институтты ары қарай дамытуды қолға алғанымыз жөн.

Жалпы медиация дегеніміз жанжалдарды баламалы шешудің жеңіл түрі. Бірақ мұнда медиаторға артылатын жауапкершіліктің салмағы ауыр. Ол өте білімді, тәжірибелі, кәсіби шебер болуға міндетті. Ең бастысы еліміздің айбыны саналатын Ата Заңды бес саусақтай білуі тиіс. Дау-дамайдың шешілуі толықтай тараптардың өздерінің күш-жігеріне және қалауларына ­байланысты болады. Алайда бұл қызметке жүгінген адамдар эмоционалдық күшін, ақшасын және уақытын үнемдейтінін де ескерген жөн. Әрине, мемлекетке тиетін үлесі де зор болғандықтан, медиация институтын дамыту жолдары да қарастырылып келеді. Соңғы он жылдың көлемінде елімізде  медиация институты өте қарқынды даму үстінде. Қазақстанда медиация институтын дамыта отырып, кез келген даулы сұрақты оңай әрі тез шешудің жолдарын қарастырудамыз. Сондықтан да медиатор болған адам, біріншіден, Заңды жетік меңгерген, әділ, білімді де білікті, сөзге шешен, адам жанын терең түсінетін ­психолог болуы тиіс. Біз атаған қасиеттерді бір ­бойына жиған адам ғана болған жайтты терең зерттеп, зерделеп нақты шешім шығарып, қос тарапты татуластыра алады. Осынау қызықты да жауапты маман болу менің жаныма жақын болғандықтан осы салада қызмет етіп жүрмін. Адамдарға жақсылық жасап, көмек беріп жүргенім үшін қуанамын. Қазіргі уақытта Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылдық округі әкімі жанындағы қоғамдастық мүшесімін. 2018 жылдан бері Шолақай ауылдық округі бойынша кәсіби емес медиатор есебінде тіркелдім. Ауылдық округтегі жеке тұлғалар арасындағы келіспеушіліктердің оңтайлы шешілуіне барынша, қолымнан келгенше атсалысудамын. Қандай салада қызмет етсек те, ең бастысы, нәтиже көрсетуіміз керек. Егер істеген істен еш нәтиже болмаса, ­демек, ол істің алға баспағаны деп түсінгеніміз жөн. Сол себепті атқарған істі нақты деректермен көрсеткеніміз дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, 2020 жылы Кемелхан Сүлейменова мен Имяржан Велиамов есімді азаматтар медиация қызметіне жүгініп, көмек сұрады. Екеуарасындағы тұрмыстық жағдайдағы қақтығыстың оңтайлы шешілуі үшін біршама тер төктік. Соңында қос тарап кеткен кемшіліктерін мойындап, болған істің кері нәтижелеріне көз жеткізіп, алдағы уақытта мұндай қадамға бармауға сөз байласып, татуласты. Міне, біздің мақсат та осы. 2020 жылғы 15 қазанда Үшарал ауылының тұрғыны Еркін Молдабеков пен Шолақай ауылының тұрғыны Рашит Зламдинов арасындағы қақтығыс орын алды. Күрделенген мәселенің күрмеуін шешу де оңайға соқпады. ­Алайда, Заңға сүйене отырып, істі сот қарауына жеткізбей, екіжақты келісім арқылы даудың шешілуіне медиациалық көмек көрсетілді. Бұл біз келтірген бір ғана мысал. Демек, бұл қызмет түріне жүгініп, содан нәтиже шығарып жүрген жандардың саны артып келе жатқаны жақсы. Алайда мұндай даулы шиеленістерді сол сәтте-ақ екеуара ақылға салып, сыйластық танытып, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету арқылы шешіп алса деп армандайсың. Бірақ пендешілікке салынып кететініміз көңілге көлеңке ұялатады. Бүгінде ауылішілік мәселелерді шешу үшін түрлі ұлт өкілдері көмек сұрап келеді. Бірақ мен ешқашан да ұлтқа, дінге қарап адамдарды бөлген емеспін. Мен үшін адамның бәрі бірдей. Себебі бәрімізді бірдей етіп жаратты. Бәріміз Қазақстан деген берекесі тасыған мемлекетте бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Мұндай бірлігі жарасқан, берекесі артқан мемлекеттер саусақпен санарлық екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан да ТАТУЛЫҚ, ДОСТЫҚ, СЫЙЛАСТЫҚ біз үшін алтыннан да қымбат болуы ­керек. ­Бастысы ешкімге ренжімей, ешкімді ренжітпей жақсы өмір сүруге тырысайық.

Алимжан АКИМДЖАНОВ

Алматы облысы

Панфилов ауданы

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы