• Қоғам
  • 29 Шілде, 2021

Достық пен татулықтың мекені

Жетісудың жеті арнасының бірі – күркіреп ағатын Көксу өзенін бойлай орналасқан берекесі мен бірлігі жарасқан Көксу ауданында 19 этнос өкілі бір атаның баласындай бауырмал,  тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың әрбірі ауданның, елдің дамуы жолында тынбай еңбек етеді. Ең бастысы татулықтың, достықтың, сыйластықтың туын биікке желбіретіп жүргенін зор мақтанышпен айтамыз. 

Ауданда 2 этномәдени орталық берекелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ Аналар кеңесі мен Қоғамдық келісім кеңестерінің де атқарған жұмысын ерекше атап өтуге болады. Олар аудан тұрғындарының, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, патриотизмге тәрбиелеуге, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді.

2018 жылдан бері аудандық Аналар кеңесі «Ақ отауға – ақ бата» жобасы аясында жақсы жұмыс жүргізіп жүр. Бұл жоба отбасындағы татулық пен берекенің артуына, сыйластықтың салтанат құруына, шаңырақтың шайқалмауына көп септігін тигізеді. Қазіргі таңда ажырасу мәселесінің күн санап артып бара жатқандығы бәрімізді алаңдатады. Осындай келеңсіз жайттың алдын алып, отау құрғалы жатқан жастарға барынша түзу жол көрсетіп, отбасылық өмірде кездесетін түрлі қиын кезеңдерге барынша шыдап, некеге асқан жауапкершілікпен қарау керектігін әрбір жанға айтып қана қоймай, соны барынша ұғындыру мақсатында Аналар кеңесінің мүшелері үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен елдегі пандемияға байланысты онлайн форматта «Отбасын құру: ата-аналар тәжірибесінде» тақырыбы бойынша семинар-тренинг өтті. Мұнда аналарымыз жас отбасын құрған ерлі-зайыптыларға ақыл-кеңестерін айтты. «Отбасы – бақыт, берекенің негізі», «Әке көрген оқ жанар, ана көрген тон пішер» атты тақырыпта жастармен кездесу өтті. Кездесуге көбіне жас отау құрған жастар шақырылды. Аналар кеңесі мүшелері аталған тақырыпқа байланысты арнайы баяндама әзірлеп, отбасындағы түрлі жағдайлар жайлы арнайы шағын бейнекөрініс ұйымдастырып, жастардың назарына ұсынды. Кездесу соңында жастармен кері байланыс жасап, жас отау иелерінің түрлі сұрақтарына жауап берді. 

Жалпы аудан көлемінде қандай да бір іс-шара ұйымдастырылса соның басы-қасында міндетті түрде Аналар кеңесінің мүшелері атсалысады. Оған аудандық ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы, аудандық кітапхана қызметкерлерімен бірлескен «Жастар ұлттық идеяны қолдайды», «Ананың жүрегі – әлемнің тірегі»,  «Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында өткен семинарлар дәлел. Сонымен қатар «Жігітке жеті өнер де аз» атты «Жігіт сұлтаны – 2021» байқауы, «Әжемнің ертегісі», мақал-мәтел, жаңылтпаш, байқаулары, «Тәрбие басы – тал бесік» атты тәрбие сағаты, «Қара жорға» биінен челлендж, «Парасатты қоғам және жастар» атты дөңгелек үстел, «Рәміздер – ел беделі» атты тарихи сағаты, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне «Менің Отаным Қазақстан» атты сурет салу конкурсы, 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Рухқа тағзым» атты еске алу сағаты, «Жастар сұранысында қандай кітап?» атты сауалнамалар сынды шаралардың басы-қасында жүріп, шараның ғибратты әрі мәнді өтуіне бір кісідей атсалысқандары қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін ауырсынбай атқарғанының дәлелі десек болады. Мұндай шаралар аудан көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Мақсат – жас өрендерге түзу жол сілтей отырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрді құрметтеуге үйрету.

Ел басына емес, күллі әлем елдеріне індет тарап ауыр күндерді басымыздан кешіп келеміз. Осындай қиын кезеңде аудандық Аналар кеңесі және аудан еріктілерінің ұйымдастыруымен қауіпті індетпен күрескен медицина қызметкерлеріне арнап «Медицина қызметкерлеріне мың алғыс!» атты акция өтті. Акцияның мақсаты – пандемия кезінде өмірлерін қатерге тігіп, бүгінгі қоғамның батырларына айналған медицина қызметкерлеріне алғыс білдіріп, қолдау көрсету. Ақ халатты абзал жандардың аса жауапты қызметті асқан жауапкершілікпен атқарып, талай жанды аман алып қалған бүгінгі таңның батырларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтты. Індеттің өршуі салдарынан карантиндік шектеу қойылғаны бәрімізге мәлім. Осы тұста «Біз біргеміз» республикалық акциясы да біздің ауданда жүйелі түрде атқарылды. Аудан, ауыл тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында Аналар кеңесі мен Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері 2000 медициналық бетперде тігіп, тегін таратып, аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік себеттерін үлестірді. Мұндай қайырымдылық шаралар күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді.

Отбасының шаттығын ­еселеп, берекесін арттырып, отбасын айрандай ұйытып отыратын нәзік жандардың еңбегі ерен. Сондықтан да нәзікжандыларды сыйлау, құрметтеу, оларға барынша көңіл бөлу – бәріміздің азаматтық парызымыз. Осыны алға тартқан Аналар кеңесі арнайы акция ұйымдастырып,  отбасылық құндылықтарды дәріптеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, оның ішінде әйелдерге жасалатын құқықбұзушылықтан қорғаудың ­нысандары, әдістер мен тәсілдері ­туралы ақпаратты  тарату, ақпараттық, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай шаралар бүгінгі таңда ауадай қажет. Себебі қазір тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан нәзік жандардың қатары артқаны бәрімізді алаңдатады. Шаңырақтың шаттығын еселейтін әйел затына қол көтеріп, отбасын ойрандап, балаларға психологиялық тұрғыда соққы беріп, олардың санасына салмақ түсіретін жағдайлар қазақ отбасында орын алғаны өкінішті. Отбасында ер азаматтың орны қашанда төр деп бағалаған қазақ отбасындағы ер азаматтардың бүгінгі келбетіне қарап қарнымыз ашады. Осындай жағдайдың орын алмауы үшін арнайы  түсіндіру жұмыстарының да пайдасы зор болмақ.

Көксу ауданындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі және этномәдени орталықтар ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына арнаған жыл сайынғы ­Жолдауларын, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын, Қазақстан ­Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуын аудан халқына кеңінен насихаттауда барынша өз үлестерін қосып келеді.

 «Нахичивань Әзербайжан этномәдени» және «Көксу Орыс» этномәдени орталықтарының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын аудан жұртшылығымен бірге онлайн форматта талқылап, ақиық акын Мұқағали Мақатаевтың 90 жас мерейтойына арнап  онлайн концерт өткізді.

Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан барлық этнос өкілдері барынша өзге ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ән-жырын, тіпті ұлттық құндылығы мен ұлттық мерекесін ерекше сыйлап, құрметтейді. Мысалы,  «Масленица» қысты шығарып салу мерекесіне арналған «Здраствуй Масленица» мерекесі ауданымызда атаусыз қалмайды. Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер күнінде «Ана – өмір тірегі» атты онлайн концерт ұйымдастырылды. 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күнінде аудан жұртшылығы барлық дәстүрден аттамай, карантиндік шектеулерді қатаң сақтап, ұлттық мерекені ерекше дәстүрде атап өтті. Осы күні  «Тоқаш» пати,  қазақ салт-дәстүрінің бірі «Тұсау кесер» рәсімдері көрсетілді. Көрісу күніне арналған «Мың алғыс, абзал жандарға!»  атты онлайн концерт өтсе, «Бақытты отбасы» атты онлайн бейнешолу болды.

 Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Алаш арманы – Тәуелсіздік» жобасы аясында әзербайжан ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы мерекелік шара, 1 мамыр – Қазақстан Халқының бірлігі күніне арналған «Ынтымақ – достық кепілі» атты онлайн мерекелік концерті, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай онлайн мерекелік концерті ұйымдастырылды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Қайырымдылық марафоны: 30 игі іс» акциясын өткіздік. Акция аясында 300 отбасыға тегін азық-түлік таратылып, қайырымдылық көмектер көрсетілді. Осынау игі шараның жоғары деңгейде өтуіне аудандық Аналар кеңесі мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің еңбегі ерен.

Біздің басты мақсат – ел ішіндегі ұлтаралық қатынас пен тұрақтылықты, достық пен татулықты, сыйластық пен берекенің қамалы берік болуы үшін қызмет ету. Олай болса, бірлігі бекем елдің берекесі мен несібесі мол болсын деп тілейік. 

Азамат ҚИСМЕТОВ,

Көксу аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Алматы облысы

 

1680 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы