• Руханият
  • 29 Шілде, 2021

Қаламгер атындағы көшенің тұрғындары

Белгілі қаламгер, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәніктің қаламына қанат бітірген шығармаларына оқырман мен сыншы қауым бағасын әуел бастан беріп қойғаны рас. Ол – өзіне берілген сөз өнеріне деген мұрагерліктің антына адал болғысы келіп, қазақтың бұл өнерге тиесілі дүниесін бір кісідей-ақ жазып кеткен жазушы. Шығармаларына этнография мен тарихты қос қанат қылып байлаған жазушы ұлт болудың төрт тағанын былай көрсетеді: «әуелгісі – сол халықтың үні, ән-күйі; екінші – тілі; үшінші – тарихы, салт-дәстүрі және соңғысы – атамекені мен тарихи қонысы. Осы төртеуінен айырылған ұлт ел болудан қалады. Осы төрт тағанның бір де бірі кем болса, яки кінәратқа ұшыраса, ол кемтар жанның күйін кешеді…».

Иә, ол саналы ғұмырын қазақтың барын бағалап, жоғын жоқтауға арнаған азамат. Соның нәтижесінде шығармаларын талғап оқыр оқырманына арнап 15 том рухани мұра қалдырды. Оқырманы мен ұрпағы, туған жері қаламгер атын ұлықтап, туған елінде Зейнолла Сәнік атындағы көшені былтыр ашамыз дегеніменен, әлемдік пандемия біраз жоспарларға қолбайлау болғаны рас. Биыл, міне, ­карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында  жазушы, ғалым, этнограф Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-рухани шара өтті. Төрт күнге жалғасқан шараның ұйымдастырушысы – «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры».

Қаламгер мен өнер адамдарын Алакөл жағалауына жеткізбекке ұмтылған ­пойыз бір тәулікке жетер-жетпес уақытта Жалаңашкөлге тоқтады. Одан әрі Жарбұлаққа, Жарбұлақтан соң таяқ ­тастам жердегі Алакөл маңындағы демалыс үйлеріне жеткен қаламгер қауым ұясына қонақтаған күннің арайын тамашалап отырып, Зейнолла Сәнік қорының басшысы Шәмшәбану Хамзақызы, ­жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова, ақын Жүрсін ­Ерман, Бақытжамал Ерманова, күйші ­Секен Тұрысбеков, тарихшы Ахмет Тоқтабай, жазушы, журналистер Еркін Жаппасұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Бақыт Жағыпарұлы, Ғалым Қалибекұлы, Дәурен Қуат, Серік Әкрамұлы, Жарас Кемелжан, қаламгердің ұлы Қанат Зейноллаұлы, т.б. алдағы іс-шараның жоспарымен танысты.       

Әуелі қаламгер атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Онда белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, қаламгер шығармашылығы туралы ойларын айтып, естеліктерімен бөлісті.

«Қасиетті Үржар жерінде үлкен қуаныш. Белгілі жазушы, этнограф, ­тарихшы, баспагер Зейнолла Мүбаракұлы атындағы көшені салтанатты түрде ­ашайын деп отырмыз. Қаламгер атындағы көшенің тұрғыны атанған әрбір адам жазушы мұрасын қадірлей түседі деп есептеймін. Бүгінгі іс-шараға қордың жанашырлары, ұйымдастырушылары, белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, ағамыздың жұбайы Шәмшәбану апайымыз да келді. «Адам бойындағы жақсы қасиет ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен, тәрбиесімен келеді» дейді. Қанат Зейноллаұлының өткізіп жатқан іс-шаралары Үржар ауданында емес, облыс, республика көлемінде жалғасын тауып жатыр. Өзі кәсіпкер болса да, мәдениетке, ғылымға, әдебиетке, өнер, спорт саласына да көңіл бөліп, қолдау білдіріп келеді. Үш жылдың ішінде қор талай игі шараларды істеді. Ауданда қандай қиын жағдай болса да Қанат бауырымыз басы-қасынан табылады. Мәселен, былтырғы індет кезінде қор басшылығы көп көмегін тигізді. Бүгінгі іс-шара да сол игі істердің жалғасы деп білемін» деген Үржар ауданының әкімі Нұржан Тілеужанұлы қор басшылығына ризашылығын білдірді.

«Қасиетті Үржар ауданына алғаш рет қадам басып отырмын. Дәм бұйырып өздеріңізбен дидарласуыма ­Зейнолла ағаның аруағы себеп болған шығар. Зейнолла ағамыз бір ғажап адам болды. Бетінен нұры төгіліп тұратын, бекзаттығымен айналасын өзіне тартып тұратын. Біздің ол кісіге ешқандай туыстық жақындығымыз жоқ. Бірақ біз бір туғаннан артық болып кеттік. Ағаның баласы Қанат – Бақытжан екеуміздің өкіл баламыз. Күні бүгінге дейін Момышұлы отбасы мен ағаның отбасы араласып келеді. Кез келген жетістікке жеткен ер азаматтың артында әйелі тұрады. Зейнолла ағаның шығармашылығына еңбегі сіңген, өзі де керемет ақын, ұстаз Шәмшәбану апайымызға ұзақ ғұмыр тілеймін. Адам ұрпағымен мың жасайды десек, бұл жағынан Зейнола ағам бақытты десем болады» дейді жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова.

Көшенің ашылу салтанатында сөз алған белгілі ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлының  «Мен сол Сәнік көшесінде тұрамын» деп мақтанышпен айтқанына куә болдым. Болашақ көшесімен ұласып жатуының символдық мәні бар деп есептеймін. Шығыс өңірінде Қайрақбай күйші деген болған. Қайрақбай күйші арғы бетте қалғанда, бергі беттегілерге оның үзіліп-үзіліп күйлері жеткен. Сол мұраларды жарқыратып шығарған, көптеген тарихи тұлғаларды елге танытқан ­Зейнолла ағамыздың еңбегі зор. Біз осындай тұлғаларымызбен мақтануымыз ­керек. Зейнолла Сәнік атындағы көшенің тұрғындары бақытты, игілікті бола берсін!» деп ақжарма тілегін білдірді.

Іс-шара Үржар мәдениет үйінде ­аудан өнерпаздарының шағын концерттік номерімен жалғасты. Концерттік шараның ізін ала «Зейнолла Сәнік атындағы қордың» ұйытқы болуымен, өңірдегі талантты ақындардың туындылары топтастырылған «Барқытбел баурайындағы жыр» жинағының тұсаукесері өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен айтыс жанашыры Жүрсін Ерманның 70 жасқа толу мерейтойына орай, республикалық айтыс та осы Мәдениет сарайында айтысшыл қауымды өзіне баурап алды. Аламан айтысқа қатысқан 10 ақынның төртеуіне ынталандыру сыйлығы табысталды. Олар: Қазірет Бердіхан, Ерлан Аманқожа, Марат Ахметов, Айсәуле Бейсенхан. 3 орынның жүлдесін 3 ақын алды: Ерлан Дәулет, Мейірбек Сұлтанхан, Нұрлан Есенқұлов. 2 орынды Серік Қуанған, 1 орынды  Қанат Мырзахан еншіледі. Айтыстың бас жүлде иегері – Мұхтар Ниязов «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» тағайындаған 1 миллион теңгені қанжығасына байлады.

Осы іс-шара аясында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, ­жазушы, этнограф Зейнеп ­Ахметова Шығыс Қазақстан облысы Үржар ­ауданы Мақаншы ауылындағы орталық кітапханада оқырмандарымен кездесті.

Отандық туризмнің дамуына, насихатталуына қолдау жасау, ауылдың рухани өміріне қан жүгірту мақсатында қор ұйымдастырған іс-шара қаламгерлердің көл маңындағы рухани-мәдени демалысына ұласты.

Айта кетейік, 2018 жылы құрылған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» әдебиет, мәдениет, өнер, спорт, ғылым, баспасөз бен жастарды қолдау, әлеуметтік көмек көрсету сынды әралуан салаларда бірқатар бастамаларды жалғастырып келеді. Мәселен, 2018 жылы қор демеушілігімен филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтың зерттеу монографиясы халыққа жетті; Зейнолла Сәніктің 15 томдығының таныстырылымы мен ғылыми бағыттағы басқосу өтті; Әдебиеттанушы Жолдасбек Мәмбетовтың «Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы» монографиясы жарық көрді. Қор демеушілігімен «Ділмар» шешендік өнер байқауы екі мәрте өтті. 

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы