• Әдебиет
  • 29 Шілде, 2021

Қазақстан, қасиетті Қағбамсың, Атақ-даңқы жер жүзіне тараған

Шырын Мамасерікова

 

 

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына

 

Жас Жамбылдың

Сүйінбайдан бата алуы

 

Жамбыл: Айтамын жарапазан жапсарыңа,

Дарысын құт-береке бастарыңа.

Осы үйде дана ақсақал бар деуші еді,

Ақ бата беріп жүрген жастарына.

 

Танылар мұсылмандық оразадан,

Пайғамбар сүйіп айтқан жарапазан.

Жеткізші арзуымды Сүйінбайға,

Әжетке қиын боп тұр жарамасаң.

 

Жетісу жеріндегі сұңқар ақын,

Жасынан өлең-жырға іңкәр ақын.

Желеу ғып жарапазан «Дат!» сұраймын,

Айтатын тілегім бар тыңда ақын!

 

Сүйінбай: Балам, айтар датыңды үйге кіріп айт!

 

Жамбыл: Армысыз, алты Алашты сүйген ата,

Құрандай өнерге бас иген ата.

Жалайыр Қабан жырау батасын ап,

Абырой алтын тәжін киген ата!

 

Қазақтың бәрін жеңген Сүйінбайсыз,

Айтыста жойқын дауыл, құйындайсыз.

Қырғыздың Қатағанын шаң қаптырған,

Алланың бізге берген сыйындайсыз.

 

Үш жүздің ұлы ақыны Сүйінбайын,

Пір тұтып көз жұмғанша сиынайын.

Теңіздің тебіренген толқынына,

Өлеңнің өзені боп құйылайын.

 

Сүйінбай: Тереңнен түсінетін сөз сарасын,

Өлеңге айрықша екен көзқарасың.

Атаңа келдім дейсің бата сұрап,

Қарағым, жөніңді айтшы, қай баласың?!

 

Жамбыл: Жапаның ұлы едім, атым – Жамбыл,

Төгілсін таңдайымнан сұлу ән-жыр.

Атажан, ақ батаңды берші маған,

Баламның болса екен деп жолы даңғыл.

 

Сүйінбай: Емендей мықты болу керек ақын,

Заманның зарын ұғар зерек ақын.

Қып-қызыл шоқты қолмен ұстайсың сен,

Шынымен, болғың келсе шебер ақын.

 

Көкпарда жеңіп шығар аты мықты,

Және де қажет етер батырлықты.

Соқтырар сөзден дауыл, жырдан топан,

Қарағым, оңай деме ақындықты!

 

Жамбыл: Аташым, итермеші мені шетке,

Жеңемін сізге ұқсап жекпе-жекте.

Анамның уыз сүтін босқа еміп,

Келгем жоқ бұл өмірге тектен-текке.

 

Өнердің дариясы сарқылмайды,

Қарыштап жылдан-жылға қарқындайды.

Желбуаз, желөкпе ақын мен емеспін,

Жырларым найзағайдай жарқылдайды.

 

Ақ басты Алатаудың әні болам,

Алаштың арайлы атқан таңы болам.

Алтындай ел ішінде әспеттелген,

Ақиық ақындардың сәні болам.

 

Аташым, ант беремін алдыңызда,

Соғамын жырдан күмбез халқымызға.

Шәкірті Сүйінбайдың Жамбыл деген,

Өшпейтін сөз қалдырам артыңызға!

Сүйінбай: Берейін онда, балам, ақ батамды,

Ұнатам салт-дәстүрді сақтағанды.

«Уәде – Алла сөзі» дейді халқым,

Ұмытпа ел үмітін ақтағанды.

 

Бермекпін саған және домбырамды,

Ол саған бақыт құсын қондырады.

Қолдаса Сұраншының жолбарысы,

Қойның мен қоншыңды әнге толтырады.

 

Жаураған жүректердің күні болғын,

Жайқалған туған жердің гүлі болғын.

Парасат, ой-санаға сәуле шашар,

Шындықтың, әділеттің тілі болғын.

 

Тыңдай біл жеті қабат жердің даусын,

Тыңдай біл желдің даусын, елдің даусын.

Құйындай үйіріліп дала кезген,

Сөзіңнен бұлттар көшіп, жаңбыр жаусын.

 

Мінерсің жауһар жырдың кемесіне,

Жетерсің талай шыңның белесіне.

Жүз жасап, бағың жанып, Жамбыл балам,

Өлеңің мәңгі қалсын, ел есінде!

 

Жамбыл: Атқарып қариялық борышыңды,

Талайға беріп жүрсің қол ұшыңды.

Маған да өнер жүгін арқалаттың,

Көрсет деп ақын болсаң зор күшіңді.

 

Алған соң ақ батасын Сүйінбайдың,

Алаштың желбіреген туындаймын.

Суырып салма айтысқа сақадай-сай,

Сарқырап таудан аққан суындаймын.

Өнер – жас. Өмір-бақи қартаймайды,

Өлеңнің шаңырағы шайқалмайды.

Айтыстың заңғар шыңы Сүйінбайдың

Ешқашан жыр теңізі ортаймайды.

 

Киелі домбырасын Сүйінбайдың,

Бұрқатар жыр дауылын құйындайын.

Шын атым Жамбыл емес, Халық деумен

Айтқызар елдің мұңын, жұрттың жайын.

 

Армандап жапан дала жаңарғанын,

Әрқашан аңсауменен атар таңым.

Қақырап қалғанынша қайран даусым,

«Халқым» деп жырлап өту – бар арманым.

 

Шалқи бер, шарықтай бер, өр көңілім,

Шапағат нұрын шашар енді өлеңім.

Жамбылдың шынайы аты Халық десе ел,

Көкжалға айналғаны көк бөрінің!!!

 

 

Тәуелсіздік –

баға жетпес байлығым

 

Орға құлап отаршылдық зар заман,

Арманына жетті халқым аңсаған.

Еркіндіктен еңселерін көтеріп,

Ер маңдайын баққа бұрды барша адам.

 

Әрбір таңы шұғылалы, шуақты,

Айналды алып мемлекетке қуатты.

Сарыарқаға сұлу қала салғызды,

Тақыр жерге тау тұрғызған сияқты.

 

Тәуелсіздік – баға жетпес байлығым,

Тұрмысымды жұмақ еткен Ай, Күнім,

Түсемін деп ойламаймын сен барда,

Тұзағына қасірет пен қайғының.

 

Құт-береке қарыштаған өлкемде,

Қалықтаса Көк байрағым төбемде.

Қазағымның төлқұжаты Елтаңба,

Қанат берді қара сирақ өренге.

 

Әлем жайлы жеткізетін шын хабар,

Әнұраным таңсәріден шырқалар.

Азаттықтың толқындары тасқындап,

Тіршіліктің теңіздері бұрқанар.

 

Тәуелсіздік – шапақ шашқан жаңаша ән,

Қайтер едік құшағыңды ашпасаң,

Таңдайынан бал тамса да бұлбұлдың,

Бақ жұлдызы жанбас еді ешқашан.

 

Ақша, мансап билік құрған заманда,

Адал болу аманатқа жаман ба.

Тәуелсіздік тәңір сыйын сақта, Елім,

Туған жерді бастырма жат табанға.

 

Қам көңілдің қабағына қараған,

Құлағанды жұбатуға жараған.

Қазақстан, қасиетті Қағбамсың,

Атақ-даңқы жер жүзіне тараған.

 

Арзу

 

Ержүрек бекзаттардың ерен ісі,

Еліне қамқор болар терең кісі.

Дағдарыс ахуалдан алып шығар,

Даналық кілтін тапқан зерделісі.

 

Өр намыс, өжет мінез бойыңда бар,

Көркейту Аспараны ойыңда бар.

Халықтың жүрегіне жол таба алсаң,

Қарағым, бар арманың орындалар.

 

Тілесең тамаша өмір шат-шадыман,

Түспесін абыройдың бақ-тағынан.

Адалдық әкімдердің байрағы ғой,

Құтқарар арызқойдың шатпағынан.

 

Ұшырған қыран етіп дарқан далам,

Ұл едің Отан жүгін арқалаған.

Жігітсің өлкемізге талдар еккен,

Жап-жасыл орман болып жайқалатын.

 

Сертіңе берік болсаң текті деймін,

Жұмысқа көрініп тұр епті кейпің.

Тауықтың балапанын күзде санар,

«Алдыңнан ақ күн тусын» деп тілеймін...

 

Әже тілегі

 

Қуан, халқым, сәби келді өмірге,

Қайрат берді қалжыраған көңілге.

Босағамның көсегесін көгерткен,

Басымды иіп, алғыс айтам, Тәңірге!

 

Алматыны жауһары етіп даламның,

Мәртебесін биіктеткен қаламның.

Алатаудан сұрап жатқан сүйінші,

Бауы берік болсын құйттай баламның!

 

Қолымды айға жеткізгендей бақ құсым,

Таңдайыма бал тамызған тәттісің.

Шөберемнің іңгәлаған дауысы

Шабытымның шамшырағын жақты шын.

 

Ұмыттырып қайғым менен мұңымды,

Аспандатқан арманы асқақ шыңымды.

Құлыншағым, майлансын деп қанжығаң,

Бесігіңе тақтым тұмар-жырымды.

 

Туған өлкең Қазақстан – құт елі,

Сенен бәрі тек жақсылық күтеді.

Кеудемдегі күдік, күмән сейіліп,

Болашаққа нық сенімім үдеді.

 

Айқара ашқан жаңа өмірдің қақпасын,

Әлдиімнің аспанын бұлт жаппасын.

Ащы-тұщы тіршілікте бөпемді,

Алла жар боп тіл мен көзден сақтасын!

 

Ел деп соқсын лүпілдеген жүрегің,

Еңбекке епті шымыр болсын білегің.

Тұлпар мініп, туын ұстап Алаштың,

Орындашы кәрі әжеңнің тілегін!..

 

Қайраткер қыз

(С.Иманқұловаға)

 

Алаш қамын арқау ғып жүрегіне,

Атажұрттың айналған тірегіне.

Аймаңдайлы қыздар көп қазағымда,

Алғыр ойлы нұр шашқан реңіне.

 

Бабалардың сақтаған дәстүр, салтын,

Игі істермен қуантқан ғазиз халқын.

Адалдықтың жалауын желбіреткен,

Арулардың қашанда жүзі жарқын.

 

Жұмыстардың қорықпас қиынынан,

Жол табатын тіршілік тұйығынан.

Жыр жазбаймын қалайша қайсар қызға,

Отан жүгі түспейтін иығынан.

 

Жігіттердей жүрсе де көш басында,

Аяулы ана, абзал жар отбасында.

Сондықтан да сүйсініп қарайды жұрт,

Светланадай қайраткер текті қызға.

 

Кір көңілді тазартар бұлақпысың,

Күн көзінен төгілген шуақпысың.

Шырғалаңнан құтқарар шатасқанды,

Шапағаттың ханшасы сияқтысың.

 

Қатал тағдыр сынағы сірескенде,

Қасарысып кедергі тірескенде.

Қара қылды қақ жарып тұршы дәйім,

Құқын қорғап адамның күрескенде!..

 

Кітапханашы

(Ж.Сүйімқұловаға)

 

Адамдарға мейіріммен қарайтын,

Қиналғанда қол созуға жарайтын.

Қазағымның қарапайым қызысың,

Қалың жұртты түгел дос деп санайтын.

 

Әдет-салттың шамшырағын жаққандай,

Әдептілік әшекейін таққандай.

Әйелге тән нәзіктік пен ұлылық,

Жарасымын, Жанат, сенен тапқандай.

 

Мақтау сөзді көп айтсам да соншалық,

Үнсіз ғана жымиясың томсарып.

Қабырғаңды қақыратқан кезде де,

Қабақ шытпай еңбек еттің жан салып.

 

Жарқыратқан жауһар ойдың киесін,

Әдебиет алыптарын сүйесің,

Өбектейсің әрқашан да әспеттеп,

Өркениет әлемінің жүйесін.

 

Даналықтың мұхитындай тұңғиық,

Ұлылардың ғибраттарын тым биік.

Ұлықтайсың кітапханаң арқылы,

Ұрпақтардың санасына нұр құйып.

 

1953 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы