• Әдебиет
  • 29 Шілде, 2021

ПРОФЕССОРДЫҢ ПАРАСАТ ПАЙЫМДАРЫ

Қазақ бұқаралық ақпарат құралдары ­туралы ғылымның негізін қалаған Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов секілді мүйізі қарағайдай ғалымдардың көзін көріп, солармен иық тірестіре еңбек еткен, журналис­тер қауымының Омашев деп атайтын қадірменді ұстазы, салиқалы әріптесі, жөн сілтер басшысы, қазақ журналистикасының қаз басып, дамуына ерекше үлес қосқан, «Қазақ журналистикасының Корифейі» атанған атақты ғалым, профессор Намазалы Омашұлын көпшілік қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Ал бүгінгі айтылар әңгіме – ұлағатты ұстазымыздың «Көптомдық таңдамалы шығармалар жинағы» қақында болмақ.

Көптомдықтың бірінші томына ­Намазалы Омашұлының әдепкі публицистикалық жазбалары мен алғашқы ғылыми-зерттеу мақалалары жинақталған. Сондай-ақ осы томға автордың әр кезде жазылған фельетондары мен очерктері, радиожурналистиканың әртүрлі мәселелерін жүйелеген тың зерттеулері енген.

Кітаптың алғашқы томындағы «Әдепкі жазбаларын» ашқан «Армысың, арайлы жыл!» атты әңгімесінен-ақ автордың өзіндік дара қолтаңбасын бірден аңғарасыз.

Публицистің шығармаларын оқи бастағанда алғашқы сөйлемінен-ақ бірден баурап әкетуінің тағы бір сыры – әрбір туындысының ерекше басталуында жатыр. Мақалаларына ұзын-сонар кіріспе жазып отырмайды. Оның орнына кейіпкердің іс-қимылын көрсетіп, жан дүниесін сөйлетеді ­немесе ә дегеннен басталған оқиға желісі бірден қызықтырып әкетеді. Тіпті шығарманың соңына дейін оқырманды тапжылтпай ұстап отырады.

Қарымды қаламгер Намазалы Омашевтың фельетондарына да арнайы тоқталмасқа болмайды. «Жауынгер жанр» аталған сатиралық жанрдың ерекше түрінде бір кісідей тер төккен публицистің бірінші кітаптағы ­фельетондарын оқи отырып езу тартпауыңыз мүмкін емес. Күлдіре отырып, жылатады. Езу тартқыза отырып, ой салады. Осыдан 50 жыл бұрын жазылса да, күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоймаған, сол кездегі келеңсіздіктер, қайшылықтар, әділетсіздіктер, сондай-ақ кедергілермен өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамда күн сайын бетпе-бет келіп жүргеніңізді көріп, шарасыздықтан езу тартасыз.

Көрнекті ғалымның «Таңдамалысының» бірінші кітабындағы «Ой-толқын» деп аталатын тарауы – Қазақ радиосының тарихы мен қалыптасуына, дамуына, оның мәселелеріне арналған. Бір ғасырдың шежіресін арқалаған бұл бөлімде ғалым қазақ жерінде радио ісінің өркендеуі мен қазақ радиохабарларының қалыптасуы, радиожурналистиканың жалпы жанрлары мен хабар түрлері, қазақ радиожурналистикасындағы жанрлардың орнығуы туралы жан-жақты әрі толыққанды, таптырмас деректерді алдыңызға жайып салады. Ұлағатты ұстазымыз қазақ радиосының дүниеге келуіне байланысты тың зерттеуінде архив қазынасын ақтарып, бұрын-соңды көзге түспеген, еш жерде жарияланбаған, айтылмай, ашылмай жүрген деректерді қопарып, талай даулы жайлардың түйінін тарқатып, өзінің дәлелді, кесімді тұжырымын жасайды. Қазақстандағы радиоландыру ісі алғаш граммофон мен пластинкаларды тарату арқылы жүзеге асқанын, оған ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесі аз болмағанын шегелеп тұрып дәлелдеп береді. Осылайша, ұзақ жылдар бойы айтылмай келген ақиқатты тарихтың ақтаңдақ беттерінен аршып алып, Қазақ радиосының тарихына тыңнан түрен салады.

Публицист Қазақстандағы тұңғыш агенттік, қазақ жеріндегі алғашқы қоғамдық радиоқондырғылар мен Алматы радиостанциясы туралы айтылып жүрген әртүрлі пікірлерге де жауап беріп, оларды ғылыми тұрғыдан таразылап, тарихи деректермен соңғы нүктесін қояды.

Н.Омашұлының қазақ радиосына қатысты осы тың зерттеулеріне атақты ғалым, профессор Шериаздан Елеукенов: «Қазақ журналистикасының қабырғалы саласының тарихы мен теориясын түзудегі сан жылғы ғылыми ақ тер, көк тер ізденісінің нәтижесі» деп баға беріпті. Айтса айтқандай, жалпы радио, оның ішінде Қазақ радиосы дегенде, оған қатысты қандай да бір дерек іздегенде, ең алдымен, есімізге Намазалы Омашевтың түсетіні жасырын емес.

Н.Омашев Қазақ радиосындағы кейбір хабар түрлерінің кенже қалу себептеріне де айрықша ден қояды. Мысалы, радиода әдеби және драмалық хабарлардың қолға кеш алынуының түпкі себептерін, алғашқы кездескен қиындықтарды сол кездегі қоғамдық-саяси оқиғалардың тізбегі бойынша бағамдайды. Сонымен қатар Қазақ радиосы арнайы сатиралық, сыни хабарды 1956 жылға дейін бермегенін ғалым архивтік материалдар мен түрлі құжаттар арқылы сөйлетеді.

Қоғам қайраткерінің бірінші кітабынан түрлі шетелдік жолжазбалар мен ұлттық журналистиканың көкейкесті мәселелеріне арналған тақырыптарды да оқи аламыз. Олар «Ой-таразы» атты үлкен тарауға топтастырылған. Ғалым осы тарауда соңғы жылдардағы төртінші биліктің күрт өзгерістерінен бастап, бүгінгі күнгі толғақты мәселелерін қозғап, ой саларлық, маңызы зор дүниелерді жіпке тізгендей айқындап, анықтап береді. Жаһандану кезіндегі ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі қаншалықты өзекті екеніне баса назар аударады. Онсыз да соңғы кездері жалған сенсация қуып, арзан ақпаратқа, тапсырыстағы дүниелерге құмар, мазмұны мәнсіз мақалаларды «беттері қызармай» жариялай беретін желөкпе басылымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кеткені рас. Міне, осындай арзан атақ қуғандарға тойтарыс бере алатын, ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар тұрғысынан сөйлейтін басылымдарымыз жеткілікті ме? Олар бәсекеге қаншалықты қауқарлы? Біздің халқымыздың қасиетті ұғымдарын қызғыштай қорғай алып жүр ме? Осындай өзекті мәселелер ғалымды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады.

«Ұлтты ұтылысқа не апарады?» деп сұрақты төтесінен қоятын ұстазымыз осындай қиын сауалдарға жауап іздеп, жаһандану дауылына жұтылып кетпес үшін БАҚ тарапынан жасалар жұмыстың салмағын бағдарлап береді.

Кейінгі кезде журналистиканы әркім өз білгеніне қарай пайдаланғысы келетін жағымсыз тенденция етек алып бара жатқаны белгілі. Омашев мұндай қауіпті дерттің ұлттық мүддемізге кесірін тигізетінін жасырмай айтады: «Ондай дертті аластатудың жолы – журналистиканың қоғам, ел алдындағы негізгі міндетін анықтай түсіп, халық мінберіне айналдыру. Егер ол тек биліктің қолшоқпары болып қалса немесе ат төбеліндей ақшалының сойылын соғып кетсе, ақ жолдан адасатыны анық. Ақпарат монополияланған жерде пікір алуандығы бұзылады. Ақиқат айтылмайды. Ал біз шын зиялы қоғам орнатамыз десек, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болатын кадрларды даярлауымыз керек. Журналист үшін одан асқан мәртебе жоқ. Ондай абыройлы істі келте ойлайтын кісі емес, кемел толғайтын жан атқара алса керек. Бұл мамандыққа университеттік білімнің қажеттілігі де сондықтан».

Бүкіл ел қолдайтын идеологияның болуы қажеттігін талмай айтып та, жазып та келе жатқан публицист «демократияның жөні осы екен деп барлық қақпаны ашып тастамауымыз керек» дейді. Бұл – қазіргі ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда өте керек нәрсе. Кейбір сарапшылар «тықпалап» қоймай жүрген «Ақпараттың еркін ағымы» деген қақсал теория тек әлемдегі өте дамыған алпауыт елдер үшін ғана пайдалы. Мұны ұстазымыз жай ғана «былай екен», «олай екен» деп жаза салмайды. Қайтсем қазақ журналистикасының көшін ілгерілетемін, еліміздегі журналистерді оқыту бағдарламасын жаңа заманға лайықтап, халықаралық стандарттарға келтіріп, оның биік талаптарына жауап беретін етіп жасақтаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, АҚШ, Канада, Париж, Мәскеу және басқа да шет мемлекеттерге барып, көзімен көрген, көңіліне түйгендерін мысалға келтіре отырып қалам тербейді. Ғалымның кітаптағы «Ақпараттық қоғам» деген не?», «Жердің арғы бетінде», «Үйренері көп үлкен мектеп», «Ғалам ғибраты», «Азуын айға білеген Америка», «Бізде идеал болмай ма?», «Бізде заңға жүйрік заңгерлер ғана», «Журналистиканың теориялары мен доктриналары», «Журналистиканың жаңа стилі», «Ақиқат қай тілде айтылады?», «Білімнің дүниежүзілік стандарты. Ол қандай?» атты мақалаларынан ерлікке бергісіз үлкен еңбекті көруге болады.

Н.Омашев – фельетон жазып ғана қоюшы емес, қазақ фельетонын зерттеушілердің бірегейі. Көптомдықтың екінші томындағы «Толқындағы тотияйын» деп аталатын тұтас тарау осы жанрға арналған. Онда автор осы жанрдың ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерделеп, Қазақ радиосында фельетон жанрының қалыптасуы мен дамуын тереңінен індете зерттейді.

Жалпы ғалымның «Таңдамалысының» екінші кітабына оның ғылыми ортада жоғары бағаға ие болған монографиялық зерттеулері берілген. Автордың фельетон жанры туралы зерттеулері де – осындай қымбат, құнды ғылыми еңбектердің қатарында.

Екінші кітаптың «Радиожурналистика негіздері» деп аталатын екінші тарауы өз алдына бөлек толымды еңбек. Осы бөлімдегі радионың табиғаты мен оның қоғамдық рөлі, орны, алдына қойған міндеттері, дыбыстың акустикалық табиғаты жайлы тың зерттеуі оның қаншалықты маңызы зор екендігін айшықтап тұр.

Ал «Қазақстанда радиохабар тарату ісінің тарихы» атты үшінші тараудың ауқымы өте үлкен. Себебі ғалымның радиожурналистика саласын зерттеудегі күрделі еңбегі тыңнан түрен салғандай. Қазақстанда радиоландыру ісінің алғашқы күндерінен бастап, радионың даму кезеңдері, атап айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңестік радио, соғыстан кейінгі кезеңдегі, тоталитарлық мемлекет тұсындағы, қайта құру мен жариялылық, жаңа кезең радиосы жайлы жан-жақты зерттеуін шебер тілмен көңілге қонымды, анық әрі жатық етіп жеткізеді.

Кітаптың төртінші тарауына арқау болған автордың фельетон туралы монографиялық зерттеулерінің «В борьбе с негативными» деп аталатын орыс тіліндегі нұсқасы бар.

Публицист Н.Омашевтың көптомдығының үшінші томы «Ой-толғам» және «Ой-таным» атты екі тараудан тұрады. «Ой-толғамда» автордың әр жылдары қалам тербеген көсемсөздері, белгілі тұлғалар жайлы естелік-толғаныстары жинақталған. Ал «Ой-танымда» қазақ баспасөзінің тарихы, алаш басылымдарына қатысты зерттеулер және басқа да шығармалары топтастырылған.

Публицистің елге танымал тұлғалар жайлы жазған естелік-толғамдары мен портреттік мақалаларынан мол тағылым алып, көкейге көп нәрсені түйесіз. Ұлт қамын жеген қайраткерлер жаныңызға бұрынғыдан да жақын бола түсіп, олардың болмысы, кісілік келбеті, өнегелі өмірі жайлы көп мәліметке қанық боласыз.

Мәселен, бүкіл саналы ғұмырын «Әдебиет – ардың ісіне» арнаған Зейнолла Қабдолов туралы «Дара дарын», журналист-ғалымдар Марат Барманқұловқа арналған «Алпысында ағылшын тілін үйренген» (бұл екі мақала бірінші томда – Н.М.), Рамазан Сағымбеков жайлы «Әуе толқынын барлаған», «Қазақ радиосының тұңғыш зерттеушісі», қоғам қайраткері Төлеген Қожамқұлов туралы «Нар жолында жүк қалмайды», көрнекті ғалымдар Сұлтанғали Садырбаев туралы «Даналық дәрістері», Тұрсынбек Кәкішұлына арналған «Журналист-ғалым», Тұрсын Жұртбай жайлы «Сүре сөз» жайлы бірер сөз», «Тұрсынның терең танымы», дара тұлға Михаил Есеналиев туралы «Ақиқатын айтқан қайраткер», тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлы жайлы «Қазақтың Қойшығарасы», журналист, қайраткер Серік Әбдірайымұлына арналған «Жақсыларға жақын жүретін», қазақ журналистикасының алыбы Темірбек Қожакеев жайлы «Сыры ашылмаған жан», Шона Смаханұлы туралы «Уытты сөздің ұтқыры», ақын-сыншы, аудармашы-ғалым Асқар Егеубай туралы «Кісіліктің адамы еді...», ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жайлы «Жұрт күтетін Жүрсін», мемлекет және қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов, Асанбай Асқаров туралы «Ұлт руханиятының жоқшысы», «Ел дегенде езіледі жүрегім», жазушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы жайлы «Алашқа болсын деген азамат» атты мақалаларын үлкен қызығушылықпен оқисыз. Оқып отырып автордың жазу стилі мен көркем тіліне риза болып, ондағы мәліметтердің құндылығына көңіліңіз толып, танымыңыз кеңейіп, әр кейіпкерін ерекше сөйлете білген қаламгер еңбегіне ілтипатпен қарайсыз.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін автордың «Жұрт күтетін Жүрсін» атты мақаласындағы мына бір жолдарды алайық: «Сонау 1969 жылдан бері өмірдің небір қызығы мен қыжылын бірге бөлісіп, достығымыз жарасып келе жатқан Жүрсіннің табиғатын түсініп болудың өзі қиын. Бірде тарпаң, бірде жайсаң, бірде шарт та шұрт, қырсық-қисық мінезімен талай таңғалдырғаны бар. Ал, енді кейде жалғыз ұлы – Дарханға арнап жазған өлеңі секілді туындыларымен сай-сүйегіңді сырқыратса, енді бірде жан-жары – Бақытжамал сүйіктісіне арнаған нәзік лиризмге толы сыршыл ақындығымен тәнті етеді. Болмысы бөлек досыңа іштей риза боласың да қоясың. Кейде өзіне «мынауың бір жақсы дүние екен» дегенді айта бастасаң, «Сендер мені бағалай алмай жүрсіңдер ғой» деп балаша бұртаңдайтыны тағы бар».

Ғалымның академик Зәки Ахметовтің ұлы Абайға арналған еңбегі жайлы «Ақын әлемінің астарлы сыры», сыншы Мырзатай Серғалиевтің «Сөз сарасы» кітабы хақындағы «Байыпты байлам, тұжырымды түйін», үлкен ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі туралы «Ұлы ғұламадан ұлағат», М.Әуезовтің «Америка әсерлері» хақындағы «Әуезовтің бітпей қалған очеркі», қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ұлттық тіл білімінің теориялық негізін қалаған Құдайберген Жұбановтың публицистикасын арқау еткен «Ғұлама ғалым публицистикасы» секілді шығармалары – өзінің лайықты бағасын алған, шоқтығы биік дүниелер.

Соңғы томның екінші тарауы – «Ой-танымдағы» халқы үшін туған тұлға Қабылбек Сарымолдаев, батыр бабалар ­Сыпатай Әлібекұлы, Наурызбай Құттымбетұлы, Жауғаш Қырбасұлы туралы тарихи зерттеу мақалаларында да үлкен салмақ бар. Сонымен қоса «Ұлт-азаттық көтеріліске жаңа көзқарас» атты мақаласы публицист шығармасының өміршеңдігін, ұлттық тарихқа бейжай қарауға болмайтындығын тағы бір дәлелдей түседі. Автордың осы дүниелерінде бұрын ескерілмеген талай тартымды мәліметтер алдымыздан шығады.

Н.Омашевтың Алаш көсемсөзін зерттеудегі, оны бүгінгі ұрпақпен қауыштырудағы орасан зор еңбегіне қарыздар екенімізді жасыруға болмайды. Себебі «Айқап» пен «Қазақ» газеттері біршама зерттеліп, ондағы публицистік материалдар туралы бірді-екілі еңбектер болмаса, «Сарыарқа», «Сана», «Таң», «Жас Түркістан» секілді басылымдар туралы жалпы түсінік, жалаң деректер ғана айтылады. Өкініштісі, осы басылымдар туралы түбегейлі кіріскен талдаулар, монографиялық еңбектер жоқтың қасы.

Ғалымның таңдамалысындағы үшінші томға жинақталған «Егемен» – ел газеті», «Өткен ғасыр басында туған «Шолпан», эмиграциядағы үні қатқыл, қаһары күшті «Жас Түркістан» журналы туралы «Түркі жұртының ортақ басылымы», «Сана» журналы жайлы «Ұлттық сана ұйытқысы», кеңестік кезеңнің тонын киіп, алаш рухын жырлаған «Таң» журналы туралы «Сырт кейпі – кеңестік, мазмұны – ұлттық басылым», «Абай» журналы хақындағы «Азат үнді, тәуелсіз рухты басылым», «Алаш ұранды «Сарыарқа», «Еңбекші қазақ» газеті турасындағы «Тартысты жылдар баспасөзі» секілді зерттеулері бүгінгі таңда ауадай қажет дүниелер.

Ғалымның Алаш басылымдары туралы зерттеулері кейіннен «Алаш көсемсөзі» атты онтомдыққа ұласты. Қарымды қаламгер, ғибратты ғалым, пәрменді публицист, ұлағатты ұстазымыз Намазалы Омашевтың көптомдық таңдамалылар жинағы – қазақ журналистикасының энциклопедиясына пара-пар құнды еңбек, қажетті және таптырмас кітап. Себебі бұл шоқтығы биік дүниеден білім қуған студент те, кәнігі ғалым да, тек журналистика ғана емес, басқа саланың өкілдері де, жалпы алғанда кез келген маман – бәрі-бәрі өзіне керегін, іздегенін жаңылмай әрі оңай табады.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

 

2650 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы