• Тіл
  • 29 Шілде, 2021

СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨКІЛІ

«Бүгінде заманауи құралдармен жабдықталған, хан сарайындай алуан түрлі зәулім мектептерді көріп жүрсем де, менің жүрек түкпірімде мектеп атаулының ең қасиеттісі, ең алыбы болып өзім алғаш табалдырығын аттаған сол бір қарапайым ақ үй қалып қойды... Мен өскен ауыл – «Жоғарғы Боралдай» деп аталатын, жүз-жүз жиырма шамасында түтіні бар шағын ғана елді мекен». ­Педагогика ғылымының докторы, профессор ­Жанат Дәулетбекованың «Қалдырған ізің мәңгілік» деп аталатын өз ұстаздары жайлы педагогикалық эсселер жинағы оқырманын өзіне бірден баурап алатын осындай әсерлі оймен басталып, біздің замандастарымыздың көбіне етене таныс балғын балалық шаққа жетелеп ала жөнеледі екен. Кітапты әрі қарай оқыған сайын  өмірімізде ұстаз деген қасиетті мамандықты  кәсіп еткен жандардың «мәңгілік қалған ізін» айқын сезініп, өткен өмір жолымызға деген ерекше бір қимас сағыныш сезімін тудырды.

Жанаттың осындай әсерлі шығармалары, адамдар арасындағы аса бір сыйластыққа толы қарым-қатынас, жоғары адами құндылықтар туралы  жазылған мұндай естелік-эсселері көп. Бұл – қара сөздің ғана шебері емес, кезі келгенде өлеңді де төгіп-төгіп жіберетін өнері бар Жанаттың «адам жанының инженері» ретіндегі бір қыры ғана. Ал менің бүгін қолыма қалам алып,  Жанат Тұрарбекқызы туралы шынайы көңіліммен сыр толғауыма оның  сонау бала кезінен армандаған ұстаздық жолы және алдына мақсат етіп қойған тілді оқыту әдістемесіндегі ізденістері мен осы ғылым саласында көтерілген биік шыңы туралы болмақ.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары мен Қазақ білім ордасының қара шаңырағы – қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әйгілі филология факультетінің араб бөлімінде, ал Жанат осы факультеттің қазақ тілі бөлімінде қатар оқыдық. Атағы аспандаған Қазақ университетінің білдей студенті атанған біз, аңсап жеткен оқу  ордасынан білім алуға ынты-шынтымызбен құлшына кірісіп едік. Үлкен оқу орнына түскен сол кездегі өрімдей жап-жас қыз Жанат көп ұзамай өзінің білімге құштарлығы мен ұйымдастыру қабілетінің арқасында факультеттің топ басшысы (сол кездегі тілмен айтқанда старостасы) болып, университеттің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласа бастады. Сол студент кезінің өзінде-ақ Жанаттың болашағынан зор үміт күттіретініне біз, курстастары және дәріс берген оқытушыларымыз да шүбәсіз сенген едік. Бұл сенім толық ақталды.

Ол кезде қазақ әдебиеттану саласында жаңашылдығымен даралана көріне бастаған жас ғалым, филология ғылымының кандидаты (бүгінде ғылым докторы, профессор) Жанғара Дәдебаевтың жетекшілігімен «Тарихи дерек және көркемдік шешім» тақырыбында диплом жұмысын үздік қорғап шықты. Алғашқы кәсіби еңбек жолын Семей облысында ауыл мұғалімі болып бастады. Арада екі жыл өткенде Жанат  Қазақстандағы ең бір беделді ғылым мекемесі – Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім Академиясына жұмысқа қабылданды. Ол өз өмірінің үлкен ғылым жолына осылай келген еді. Жасынан армандаған ұстаздық мамандықтың қыр-сырын жан-жақты меңгерген Жанат Тұрарбекқызы қашан, қай жерде еңбек етсе де, ондағы ұжымды сыйлады және сол ұжымға өзі де сыйлы бола білді. Әдептілік пен ізеттілікті, ерекше инабаттылықты ес білгеннен әуелі ата-анасынан, сосын жүрген ортасы мен айналасынан бойына сіңіріп өскен ол, қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете жүріп, шын мәніндегі  адамдық, ұстаздық үлкен абыройға ие болды. Ол көп оқыды, жалықпай ізденді және әлі күнге сол еңбекқорлығынан бір танған емес.

2008 жылы, еңбек жолында бойына жинаған білімі мен тәжірибесі әбден толысқан шағында, атақты ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Оразбаеваның ғылыми кеңесшілігімен «Жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты тақырыпта ғылыми диссертациясын өте сәтті қорғап шыққан Жанат Тұрарбекқызы «педагогика ғылымының докторы» деген   жоғары ғылыми дәрежеге ие болды. Осылайша, қазақ педагогикасы ғылымының қазыналық қорын байытып, өзінің қомақты үлесін қоса білді.

Бір айта кетерлік жайт: сонау 1968 жылы белгілі  ғалымдарымыз бен зиялыларымыз бас қосып өткізген «Баспасөздегі тіл мәдениеті» атты конференциядан соң, қоғамдағы тіл мәдениеті туралы, оның ішінде орта мектеп оқушыларына  тіл мәдениетін оқыту жайы өзекті мәселе ретінде көтерілген еді. «Балаларды тіл мәдениетіне тәрбиелеу семьядан, балабақшадан басталатынын ескеріп, оларға тілдік ұғымдарды саралап түсіндіру, мәдениетті сөйлеудің үлгілерін үйрету шарт деп есептелсін» деп конференция қаулысында көрсетілгенмен, бұл іс  пәнді оқыту сапасын жақсарту шараларымен, оқулықтар мен бағдарламалардың арасындағы сабақтастық пен бірізділікті сақтаумен, олардың терминдік сәйкестігін қадағалаумен бірлікте жүргізілмеді. «Тіл мәдениетінің проблемаларын тексеруді ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарының филология кафедраларының жоспарында қарастыру», сондай-ақ тіл мәдениетін дамытуға көмектесетін әртүрлі оқу құралдарын, сөздіктер шығару қажеттігі айтылып, «Дұрыс сөйлеу сөздігін» шығару ұсынылса да, өкінішке қарай, іс жүзінде оны мектеп тәжірибесіне, жоғары білім жүйесіне енгізу мәселесі жүзеге аспады.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстары көтерген оқытудың сан тарау мәселелерінің ішіндегі баланың ойы мен тілін шыңдауға қатысты пікірлерді дамытқан, кешегі қылышынан қан тамған кеңестік саясат үстемдік құрған кезеңде ұлттық ділді жоғалтпаудың бірден-бір тетігі оқушыны сөз шеберлігіне баулу екендігін негіздеген және бұл мәселені арнайы қарастырған, оқу-әдістемелік еңбек жазып, оны дәйектеген  зерттеушілердің бірі ғана емес, бірегейі көрнекті ғалым Мәулен Балақаев болғанын да ­Жанат Тұрарбекқызы зор құрметпен атайды. Кеңестік ­саясат ғалымның өз идеясын отандық білім беру саласында жүзеге асыруға мүмкіндік бермеуінің себептерін талдап көрсетеді. Осының өзінен-ақ оның халқының қамын, тілін әріден ойлаған атақты ғалым М.Балақаевтың көтерген өзекті мәселесін қайта қозғап, оны игертуді алдына мақсат етіп қойып, іс жүзіне асыруға жанкештілікпен кіріскенін айқын көруге болады.

Зерттеу жұмысында жалпы «мәдениет» деген сөздің шығу тарихы мен оның мәнінің не екенін кеңінен түсіндіріп барып, айтулы еңбегіне кіріскен  Жанат Тұрарбекқызы сөз мәдениетінің, сөйлеу мәдениетінің қоғамда алатын орнының, атқаратын рөлінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп, мектеп оқушыларына сөз мәдениетін меңгерудің мазмұндық-құрылымдық  интерпретациясын ұсына білген бірден-бір ғалым десек артық айтқанымыз емес.

Аталған ғылыми жұмыста сөз мәдениетіне қатысты білім мазмұны Мәдениет-Білім-Тарих макромоделіне сүйене отырып жүйеленген. Ал ғылыми еңбектің әдіснамалық негіздерін айқындауда зерттеуші ұлттың ұлы тұлғалары: орта ғасырдағы түркі ойшылдарының, қазақ сөз зергерлері мен Алаш арыстарының сөз өнеріне қатысты қағидаларын басшылыққа алған. Ал әдістемелік тұрғыда әлемнің озық тәжірибелері сараланған. Нәтижесінде қазақ баласына қазақ сөз мәдениетін меңгертудің жолы дәстүр мен инновацияның тоғысында дәйектелген. Бұл, шын мәнінде,  мектеп жасындағы жасөспірімдерге сөйлеу мәдениетін үйрету жағы, оларға сөз өнері жайлы тәлім-тәрбие беру мәселесі, шындығын айту керек, мүлде ақсап жатқан кезі еді. Тәуелсіздігіміз енді-енді тұғырланып, ғылым саласы тоқыраудан арылып,  жаңа дәуір талабына сай жандана бастаған жылдарда ғалымның бұл бағытта зерттеу жүргізуі  «сабақты иненің сәтімен келгенін» көрсетеді.

Ең бастысы, Жанаттың ғылымда жасаған бұл батыл қадамы біздің өскелең ұрпақтың өз ана тілінде сөйлеу мәдениетін жастайынан қалыптастыру қажеттігіне алаңдаған шын жанашырлығы, ұстаздық көрегендігі еді. Бой көтерген жас шыбықтың әрі қарайғы күтімін қадағалап, мән берілсе, ол жайқалып алып болып өсетіні тәрізді жас буын жеткіншектерге  әу бастан-ақ дұрыс сөйлеуге, мәдениетті қарым-қатынас әдебі үйретіліп, жақсы өнеге көрсетілсе, олардың келешегі де сенімді, армандары да асқақ болмақ. Ал бұл тұрғыда мектеп қабырғасында білім алып жүрген жас шәкірттерге, әсіресе әдеби тілде дұрыс сөйлей білуді, яғни сөйлеу мәдениетін үйретіп, бойларына сіңдіру аса зор маңызы бар мәселе болып келеді. Еліміз өз тәуелсіздігін алған тұста бұл мәселеге баса назар аударылуы тиіс екенін алғашқы кезекте отандық ғалымдар да көтерді десек, солардың алдыңғы легінде Жанат Дәулетбекова жүргені хақ. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алып,  құқықтық мемлекет пен өркениетті ел болуға талпындық. Ал мұндай талпыныстардың бәріне де ауадай қажеті – азаматтарымыздың жоғары деңгейде сөйлеу мәдениетін игеруі  еді. Осының бәрін көре біліп, зерттеп зерделей білген ол бұл кезек күттірмейтін маңызы бар мәселеге бел шешіп, білек сыбана кірісті және ғылымдағы бұл құлшынысы өз жемісін бергенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Жанат Тұрарбекқызы мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш рет сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негізін жасап, өзінің басты мақсаты оқушының ойлау, сөйлеу, қарым-қатынас мәдениетін дамыту нәтижесінде өмірлік дағдыларын қалыптастыруды көздеді. Ол сөз мәдениетін оқытудың әдістемелік жүйесін сараптау барысында ғылымдардың дамуына өзек болып отырған жаңа парадигмалар тоғысындағы сөз мәдениетінің мәнін көрсетті, оны оқыту ұстанымдарын  ғылыми тұрғыдан жан-жақты  негіздеп берді. Сондай-ақ жалпы білім беретін орта мектептерде сөз мәдениетін оқытудың мазмұндық-құрылымдық жүйесін жасап, мектеп сатылары бойынша оқылатын сөз мәдениетінің аспектілерін нақтылап көрсетіп, олардың қазақ тілі пәнінің білім мазмұнындағы орны мен маңызын саралады.

Жанат Дәулетбекованың авторлығымен жазылған бағдарлы мектепте сөз мәдениетін оқыту Концепциясы, жалпыға міндетті білім стандарты, оқу бағдарламасы мен сол негізде жазылған оқулықтары бойынша  2002 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерде сөз мәдениеті арнайы оқытылып келеді. Осы тұрғыда жазған басқа да құнды еңбектері: монографиялары мен өзге де оқу құралдары  бүгінгі таңда  жоғары мектепте: бакалавр, магистратура мен докторантурадағы пәндер аясында оқытылып жүр.  

Ұлбала АЛЖАНБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

 

2641 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы