• Руханият
  • 29 Шілде, 2021

АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЕКІНШІ РЕТ ­ЖАРЫЛАТЫН КҮН ДЕ АЛЫС ЕМЕС-АУ

немесе кемеңгер Кекілбаев күңіренген күн естен кетпейді!

«Тарихтан айтпай шешілмес, өткен күннің жұмбағы» деп Ығылман ақын айтқандай, өткен-кеткенді анда-санда бағамдап тұру керек-ау шамасы. Өз ұлтын, тілін, ділін шын сүйген азамат қана ұлы тұлғаға айналары белгілі. Біз Кеңес дәуірі деп айдар таққан темір құрсаулы  уақыттың өзінде қаншама аға-апаларымыз ұлттың тілі үшін жан берісіп, жан алысты.
Ана тілің, біліп қой, 
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің, біліп қой, 
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл, 
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, 
Өз тіліңді құрметте! 
Осы өлеңді бүкіл бала мектепте жаттап өсті. Қайран Қадыр ағам-ай, бұдан артық қазаққа не айтар едің! 

Мен туған өңір Жамбыл облысы Байзақ ауданы (бұрынғы Свердлов ауданы) Шахан ауылында  1970 жылдары аудан көлемінде  алдыңғы қатардағы жаңа үлгімен салынған үш қабатты үлкен мектеп болды. ­Ауылымызда орыс отбасылары да баршылық еді. Оныншы қазақ, оныншы орыс сыныптары екі ауқымда сегіз жүзге тарта бала оқыды. Бір ғажабы, бір ауылда туып, бір аулада ойнап, бір Таласқа шомылса  да, орыс сыныбында оқитын қазақ балалары мен қазақ сыныбының балалары бір-бірінен алшақтау жүретін. Кейде орыс ­сыныбында оқитын ­балалармен тарихи мәселелер жөнінде таласқа түсетінбіз. Біз ол уақыттағы, өзіміз  оқып білетін жуан кітап болып шыққан «Қобыланды», ­«Алпамыс» батырларды сөз қылғанда, ­«Суворов, Кутузов, Пожарскийлардан оларды  артық  дейсің бе?» деп, бізбен тайталасып, арты төбелеске дейін баратын. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, ол осы мектеп қабырғасынан әр балаға бағыт-бағдар беретінінің, қай тілде оқысаң, соны құрметтейтініңнің  белгісі шығар. Ол кезде жалындаған қызыл тудың астына он бес мемлекетті топтастырып, коммунистік идея­лар салтанат құрды. Бүкіл балалар қызылдан галс­тук байлады. «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер, бүкіл ел бір тілде болады» деп компартия көсемдері көсіле сөйледі.

«Орыс тілі өзі өзінің сиқырлы қасиетімен, байлығымен өз халқын тамаша білетін, жан-тәнімен сүйетін, өз жерінің асыл қазынасын, сұлу табиғатын сезіне білетін адамға ғана есігін айқара ашады» деп  К.Паустовский сияқты қаламгерлер саясаттың саясында отырып, жарқырата жазды. «Бұл, ұлы халықтың тілі, ортақ тіл» деп төбе бидей төрге шығарып, бар билік тізгінін тіл иелерінің қолына ұстаттық. Қазақта тарих болмаған деген лақап таратылып, қағынан жеріген құландай, ел дүбәраландырылды.

«Алтын ұрықтың хан дәрежесінде өткен ең соңғы өкілі – Кенесары  Қасымұлы 1847 жылы қазаға ұшырады.  Кенесарының өлімімен қатар, бағзыдағы Еке Моғұл ұлысы, одан соңғы Алтын Орданың ең соңғы сарқыты Қазақ Ордасы да құлапты.  Бастауынан алсақ, 1189 жылдан 1847 жылға дейін – алты ­жарым ғасырдан астам ұзақ заманға созылған хандық әулеттің ақыры осылай тынған. Хандар кетті, халықтың жұқана, жарқасы орнында қалды, ендігі қалтылдап отырған жағдайымыз ­мынау» деп жазады Мұхтар Мағауин ағамыз өз зерттеулерінде. Міне, осындай тарихымыздың бетін қалай бүркемелемекпіз. «Ұлы жоспарлар үшін кіші елдерді құрбандыққа шалуға болады» депті Мао бір кездері. Өз-өзіне келіп, күшейгесін патшалық Ресей тағына нық отырды. Қазақ жеріне еміне кірген басқыншылар хандық дәуірдің тамырына балта шауып, қазақтардың арасына іріткі сап, аға сұлтандарды тағайындап,оларға шен-шекпен беріп, өз мақсаттарына  пайдаланып, бүкіл билікті өз қолдарына алды.

Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі сол мұраны жалғастырды.  Қазақ елін басқарған Ф.И.Голощекиндей хатшылардың озбырлығының арқасында қазақ тарихы біржола жабылып тынды. Коммунистік партияның пәрменімен ат тұяғына ін, қыран қанатына азу болып, халықты рухтандыратын өр мінез, маржан сөзден тәж кигізер қазақтың жыр-дастандарын айтуға тыйым салынды. «Өмір театр, адамдар әртіс» деп Ульям Шекспир айтпақшы, елді алдамсыратқан биліктің, «бір ауылды аңшылықпен асыраған өзі кедей баласы екен» деп Қобланды батыр жырын ғана айтуға рұқсат бергенін ғалымдарымыз талай айтты. Еркіңді біреуге еншілеп бергесін көнбеске амалың жоқ еді. Айылы берік асқар Алатаудай қазақтың ұлы тұлғаларының белбеуін босатып, аяғына шідер салды.   Қазақ зиялыларының озбырлыққа  қарсы шыққандарына бұршақтан ыққан көжектің күйін кештірді.  Ел қамқоры кешегі жыраулардың мұрагерлері, сөз зергерлері ақын-жазушылар жазаланып, темір торға тоғытылды. Қазақтың өз ұлын өзіне жау жасап, «Халық жауы» деген атпен бас көтерерлері қынадай қырылғанын 37-де бәрі көрді. Осының өзі  қазаққа сабақ болуы керек еді. Бірақ бас бостандығын бодандыққа байлап берген асыл ерлер дәрменсіз  күйде қалды. 

Дәуір құбылып, замана күрт өзгеріп сала берді. Десек те, кеңес дәуірінің заманында ұжымшар, кеңшарлар өркендегенін, ауылдарың бүгінгідей өгей баланың күйін кешпегендігін, онда тұратын қазақтардың саны еселеп өскенін, жұмыссыздық дегеннің не екенін ел білмегенін айта кеткеніміз жөн. Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Қойгелдідей батырларды ол кезде тарих тақтасынан шарқ ұрып, шаммен іздесең де таба  алмайсың. Түлкі заманды тазы болып шалайын деді ме екен, алдыңғы буын ағаларымыз шамасы келгенше балаларын орыс мектебіне беруге тырысатын. «Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен алсын деп бермедім» деп хәкім Абай айтса, біздің ағаларымыз шен алсын, қызмет алсын деп бергені белгілі еді. Осының салдарын біз әлі күнге көріп жүрміз-ау деп ойлаймын. Ол уақытта барлық жоғарғы оқу орындарында  сабақтар орысша өтетін. Сенің қазақ мектебін бітіргеніңнің олар үшін бес тиындық құны жоқ. Білсең де, білмесең де осы тіл. Үйренесің, оқисың, шамаң келмесе өз обалың өзіңе – кетесің. Болды, сөз қысқа. Ол кезде ұстаздардың, «Хочешь – научим, не хочешь – заставим» деген өздеріне жарасымды, әдемі афоризм сөздері де болатын. Өліп-талып, амалсыз оқисың. Талай қазақ балалары осының зардабын шегіп, өз білімінің бағасын ала алмай кеткені қаншама.

Ана тілінің құдіреті сондай, кез келген ұлттың өсу, өркендеу өнер жолында көтерілген биігі мәңгілікке сақталып отырады. «Ел жетіліп көркеймек, өнер қанат жайғасын» деп өз уақытының талантты ұлы Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, ол кезеңдерде ортақ тілді қанша тықпалағанымен ауылдарда қазақтың жыр, дастан, қиссаларын айтатын кәрі сүйегін күнге қақтаған қариялары бар еді де, бүкіл ауылдың үлкен-кішілері соларды тыңдап, қазақтың шұрайлы да, асқақ тілінің төмендеуіне жол бере қоймайтын. Өнер атаулының ішіндегі ең қиыны, ауыры сөз өнері болса, оны Абай, «Сөз өнері дертпен тең» деп бағалап кетті.

Менің бала кезімде өз әкем Мұстафа домбырамен күйді, қайтқан қаздай сұңқылдата тартып отырар еді. Айтбаев Әмзе деген өзі жыршы, өзі молда атамыз түрлі қиссаларды, «Алпамыс» жырын арапша жазылған үлкен кітабынан қарап қойып, таңды таңға соғып:

– Баяғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда.

Жиделібайсын жерінде,

Қоңырат деген елінде,

Байбөрі деген бай бопты,

Төрт түлігі сай бопты, – деп бастап, таңға жырлағанда ел, әбілхаят суынан дәм татқандай тамсанар еді. Осындайда «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» деген хәкім Абайға тағы да жүгінуіңізге тура келеді. Негізі ауылдағы сере қарыс сүбелі сөздер айтқан, жыршы, жыраулар мен шешендікті шегіне жеткізе сөйлейтін  ақсақалдарымыздың арқасында қазақ тілінің, сөз өнерінің құдіретін білген халық едік. Ұлт үшін тілден асқан асыл жоқ. Тілінен айырылған ұлт, ұлттық сипаттарынан айырылып, өзін-өзі жоғалтатыны бесенеден белгілі жай. Осы орайда Ғабит Мүсіреповтің, «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Ұлттық әдебиет, мәдениетінің дамуы, жалпы ұлт өркендеуінің басты белгісі. Оның тілі, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолданылуы керек» деген сөзі еске түседі.

Дүние астаң-кестең болып, өзгере бастады. Қазақ елін қаныпезер Ф.И.Голощекин басқарған 1925-33 жылдары қазақ халқының басына нәубет әкелді. 1928 жылы ауқаттылардың малдарын тәркілесе, 33 жылдары  бес миллионға жуық халықтың жартысынан көбі аштыққа ұшырап қырылды.1941-45 жылғы екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың қаншама асыл ұлы зардап шекті. Қаншама ұлттар мен ұлыстар орыс халқын неміс басқыншыларынан аман алып қалды. Күштінің арты диірмен тартып, ақырған аюдай күшейген Кеңес өкіметінің қысымымен ел-жерінен айырылғандар қазақ   жеріне ауа бастады. Қоныс аударған түрлі ұлттың өкілдері,  қазақтың бауырмалдығының арқасында жоқшылық, ашаршылықтан аман қалды. Сол бір аласапыран заманда қазақ халқы олардың бәрін бауырына басып, өзі  ­жарымай отырса да, бір үзім нан, қаймақ, сүтін бөліп беріп, көрпесін соған жауып, өзі жыртық күпәйке жамылып, барынша қамқорлығын танытып бақты. Қазақ жеріне «тың игереді» деген желеумен орыс отбасыларын эшалонмен айдады. Бүгінде бұл өлкеге бауыр басқан ұлттар мен ұлыс өкілдері өсіп-өніп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ірі-ірі қызметтерге араласып, бұлардың да бәрі жетілді. Кеңестік-коммунистік империя ыдырағаннан соң  қазақ халқы ұлы мұраты тәуелсіздікке қол жеткізді. Егемендік алғалы ширек ғасырдан асса да, қазақ халқының басындағы тіл мәселесінің дауы бітер емес.

Осы орайда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» шыққан мына бір мақалаға көз жүгіртіп көрейік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы Мемлекеттік тіл  мәселесі күн тәртібіне алғаш қойылған кездегі ел ішіндегі ­ахуалды, Мемлекет және қоғам қайраткері, бүгінгі Парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов былай баяндайды: «Мемлекеттік тілге құрмет – отаншылдықтың ең басты қасиеті»деп санайтын Әбіш Кекілбаевтың қайраткерлік қуаты қазақ тіліне дербес мемлекеттік мәртебе алып беру жолында күресте кемел көрінді. Қайта құрудың дүркіреп тұрған жылдарында басталған тіл дауы еліміз егемендік алатын шаққа жақындағанда тіпті асқынды. Ең негізгі себеп мемлекеттік тіл мәселесін, екі тілге – қазақ тілі мен орыс тіліне қатар беруге тырысу. Бұл парламенттік жиынға депутаттық мәртебесі жоқ Әбекең, Әбіш Кекілбаев қонақ ретінде қатысып отырады. Таразы басы қос тілге мемлекеттік мәртебе беру жағына  ойыса бастайды. Депутат Мұхтар Шаханов шарасы таусылып, қайта-қайта мәртебелі қонақ лоджасында отырған Ә.Кекілбаевтың қасына келе береді. Мандаты жоқ Әбекең сөз алып берсе, сөйлейтінін айтады. Енді М.Шаханов жуырда ғана Г.Колбиннің орнына бірінші болып сайланған Н.Назарбаевқа барып, Әбекеңе сөз алып беру туралы өтінішін айтып, шырылдайды. Кенет түскі үзіліс әбден таянғанда сессияны жүргізіп отырған академик Қ.Медеубеков: «Сөз сессияға қонақ ретінде шақырылған жазушы Кекілбаевқа беріледі» деп хабарлайды. Шешен Ә.Кекілбаевтың сондағы түйін сөзі: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңа ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгіндегідей демократия орнатып, кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!» дейді. Зал тым-тырыс. Шыбынның ызыңы естіледі. Үзіліс жарияланады. Үзілістен соң қазақ тіліне жеке-дара мемлекеттік мәртебе беру туралы қайтадан дауыс беру ұйғарылады. Көпшілік дауыспен Заң қабылданады... Ақ түйенің қарны жарылады. Бұл тарихи шешімді ешқашан ұмытуға хақымыз жоқ» дейді қаламгер.

Шұбалаңқы шеру тартқан тіл мәселесі әлі күнге қозғалуда. Тұз жалап шөлдеп, мұз жалап мейірі қанбаған  ала бұзаудай, ұлт құндылығын бойына сіңірмеген кейбір азаматтар бұған пысқырып та қарар емес. «Жыланда ғана екі тіл болады» деп Шерағамыз да уақытысында күркіреп айтып бақты. Марқұм Әбіш Кекілбай ағамыздан бастау алған өтініштер, «Қазақ тілін ойламайтындар – қазақты да ойламайды! Қазақ тілін қолдамайтындар – қазақты да қолдамайды!» деп шырылдап жүрген бүгінгі ақын бауырымыз Қазыбек Исаға жалғасуда. Әлі күнге қазақ тілі жеке-дара Мемлекеттік тіл болу құзырына ие бола алмауда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Халыққа алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдеді. Тоң жібіп, мұз еритін уақыт та таяп қалғандай. Ши шайнаған бурадай қаһарлы да, ұлтжанды жастарымыз өсіп келеді. ...Екінші рет Ақ түйенің қарны жарылатын уақыты да алыс емес сияқты.    

«Егер менің тілім ертең өлсе, мен бүгін өлуге дайынмын» деген сөзді Дағыстанның асыл ұлы Расул Ғамзатов, сол кеңес заманында-ақ айтқан екен. Бүкіл жұртқа, барша адамзатқа ортақ игілікті өшпестей рухты қашап қалдырған бұл ақынды қай ел болсын өзіне жақын тұтатыны сондықтан болса керек!

Ертеректе бір кездесуде Әзілхан Нұршайықов ағамызға: «Сіз неден ұяласыз?» деп сұрапты.

 «Кейбір қазақ жастарының асыл ана тілін  ардақтамағанына ұяламын» деген екен!

Биязы мінезді ағамыздың да өмірден өткеніне,  міне, он жылдың жүзі болды.

Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ,

Ж.Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтың,

 «Құрмет» орденінің иегері

 

1863 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы