• Қоғам
  • 29 Шілде, 2021

СУ АЯҒЫ – ҚҰРДЫМ

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Қазақтың осы тақылеттес сөзін жақын арада ББҰ сарапшылары да назарға алды. Олар адамзат алдағы уақытта құрғақшылықтың салдарынан әлемдік пандемия жариялауы мүмкін екенін, ал ол індетке қарсы ешқандай да вакцина көмектеспейтінін айтып, дабыл қақты. 
БҰҰ көрсеткен есепте ХХІ ғасырда құрғақшылықтан ең аз дегенде 1,5 ­миллиард адам зардап шеккені, ал экономикалық шығын 124 миллиард долларды құрағаны айтылады.

БҰҰ Бас хатшысының апаттар қаупін азайту жөніндегі арнайы өкілі Мами ­Мизутори  жер шары тұрғындарының көпшілігі құрғақшылық Африканың шөлді аймақтарына ғана әсер етеді деп ойлайтынын, алайда қазір құрғашқылықтың ауқымы ұлғайып келе жатқанын, ғасыр аяғында дүниежүзі мемлекеттерінің түгелге жуығы құрғақшылықтың қандай да бір зардабын сезінетінін жеткізді. «Иә, құрғақшылық жағдайында адамдар 5 мың жыл өмір сүрді, бірақ қазіргі мәселе мүлдем басқа» дейді ол.

Құрғақшылықтың негізгі себептері жаһандық жылыну, жер бетіндегі адам санының көбеюі, климаттық өзгерістер нәтижесінде жауын-шашын сипатының құбылуы, қарқынды ауылшаруашылық қызметі жағдайында су ресурстарын тиімсіз пайдалану және жердің эррозияға ұшырауы екенін сарапшылар айтып-ақ жүр. Ал биылғы еліміздегі құрғақшылықтың кесірі төрт түлікті өрісінен азайтқанын көз көріп отыр.

Бұл жағдайда не істеуге болады? ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздегі су тапшылығы мәселесі жан-жақты шешілуі үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, биыл 1050 шақырым суару желісін қайта құру жоспарланғанын айтқан еді.

Министрдің мәліметіне сенсек, «Қазақстанның қолда бар су ресурстары, жерасты сулары мен өзен ағысының қорларынан тұрады. Өзен ресурстарының нақты көрсеткіштері соңғы жылдары шамамен 90-100 текше  шақырым. Оның ішінде 50,8 текше шақырым жергілікті ағын, ал 39,2 текше км Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Ресей Федерациясына кететін ағын жылына орта есеппен 16,5 текше шақырым. Сонымен қатар 3,5 мыңнан астам кен орындарында 15,5 текше шақырым көлемінде жерасты суларының расталған қоры бар. Географиялық тұрғыдан олар біркелкі бөлінбеген батыстағы кен орындарының 20%-дан кем болса, орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда 30% және елдің оңтүстігінде – шамамен 50%-ды құрайды. Жалпы экологиялық қажеттіліктерге, шамамен, 50 текше шақырым, су қажет. Пайдаланылатын судың жалпы көлемі шамамен, 25 текше шақырым. Оның ішінде ауыл шаруашылығына – 15 текше шақырым (65%), өнеркәсіпке – 6 текше шақырым (30%) және коммуналдық шаруашылыққа – 1 текше шақырым (5%) тиесілі. Сондай-ақ тасымалдау кезіндегі шығындар 3 текше шақырым болады».

Су жетіспеуі қаупі Қазақстанға әл-әзір төніп тұрған жоқ десек те, биылғы аптап ыстық талай жайттың бетін ашып бергендей. Тіпті құрғақшылық айналып өтті деген кейбір өңірлердің жағдайы да мәз емес.

Иә, өзіміз көрген жайтты баяндайық. Өткен аптада Түркістан маңы мен Отырар алқабына жол түсті. Жолшыбай мінген көлік иелерінен ел мен жердің жағдайын сұрап, тіршілік тамырын басып көргендегі ұққанымыз, бұл жердегі диқан қауым да су тапшылығы мәселесімен әр егін маусымы сайын кезігетін көрінеді. Ал биылғы аптап ыстық даладағы жабайы аңның да кенезесін кептіріп, тіпті мәлін секілді ұсақ жыртқыштар түнде ауылға жақындап, жақындағаныңыз не, шеткі үйлерге бірлік жарымы кіріп кеткен оқиғалар да болыпты.   

Алматыға жете сала дереу ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі  комитетінің бас сарапшысы Бақытжан Исахаевқа хабарласып, оңтүстік өңірдегі жабайы жануарлардың дерегін, биылғы құрғақшылық  оларға қандай кесірін тигізіп жатқанын сұрадық. «Жабайы жануарлар өздері тіршілік ететін мекен аймағындағы барлық табиғи  жағдайларға бейімделген. Әрине, жағдай күрделенсе, тағы аңды қолдан азықтандыру, науаға су құйып кету, тұз беру мәселесін шешетін боламыз, ондай жағдайларды назарамыздан тыс қалдырған емеспіз. Алайда осы уақыт аралығында су мен жем-шөп жетіспеуі салдарынан жабайы аңдардың жаппай қырылуы фактісі байқалған жоқ. Иә, жануарлар саны жыл сайын азайып келеді. Оның себебі басқа. Жабайы жануарлардың жергілікті шаруаның оратын шөбін жеп кету, мал жаятын өңірдегі суын ішіп кетуі дерегі бар шығар. Ол жөнінде министрлік әр аймақтарда әкімдікпен бірігіп жиналыстар өткізіп, ұсыныс түсіріп, жағдайды қолға алуға тырысып жатыр. Өзіңіз мысалға алған Оңтүстік өңірлерде қарақұйрық, қарсақ бар, түлкі, борсық, қабан, шибөрі, түркістан сілеусіні, мәлін, зорман, суыр, күзен, саршұнақ бар. Олардың саны азайып кету деректерімен кезікпедік. Құрғақшылықтың шаруаға да, аң-құсқа да зияны болады, бірақ дала аңына түпкілікті кесірін тигізбейді деп ойлаймыз. Иә, олар су іздеп ауылға жақындағанда ауыл адамдары өлтіруі мүмкін. Ондай жағдайларды жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, тағы да қайталап айтайын, құрғақшылық кесірінен жабайы аңдардың жаппай қырылу фактісі байқалған жоқ» дейді Б.Исахаев.

Ауылға кірген ұсақ жыртқыштың жергілікті халыққа тигізер кесірі де көп емес шығар. Бірақ жергілікті ел қауіп қылғанынан айтатынын да ескерген жөн.

Отырар аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық бұл өңірдегі шаруа жайын, құрғақшылықпен күрес мәселесін, су тапшылығының алдын алуды былай түсіндіріп берді: «Отырар ауданында Арыс өзенінен бастау алатын, ұзындығы 42 шақырымға созылып жатқан Алтынбеков ­каналы бар. Канал бойында 13 мың га егістік жатыр. Қызылту насос стансасынан алты насосты Сырдария өзенінен кері тепкісіне қойдық, одан Алтынбеков каналына қосымша су айдалып жатыр. Оған қосымша Арыс өзеніне Қарааспан су бөгетінен бес куб, Бадамнан үш куб су келуі керек. Ол бізге жетем дегенше жолшыбай бірнеше ауданды аралып, 4,5 куб су келеді.

Жалпы бізде су тапшы екені рас, бірақ ­кезекке қойып, шаруаларға түсіндіріп, жағдайды реттеуге бар күшімізді салып отырмыз. Қазір, Құдайға шүкір, су тапшылығы мәселесін ішінара шешіп отырмыз деуге болады.

Көктем туа Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасымен ақылдасамыз, Қазгидрометтен биылғы жауын-шашын мөлшері туралы болжам келеді. Барлық шаруаларды, ірі-ірі шаруа қожалықтары басшыларын жинап сөйлесеміз, болжамды жеткіземіз. Мүмкіндігінше суды үнемдеу керегін айтамыз.  Алтынбеков каналының ең соңғы бөлігіне суды жеткізу қиындау. Алтынбеков каналының соңғы жағында Қарғалы ауылдық округы, Талапты ауылы бар. Биылғы болжамды қарап, каналдың соңғы бөлігіндегі шаруаларға мүмкін болса биыл егін екпей қоя тұруын өтіндік. Әрине, тіршілік ету әркімге де керек. Оларға ол жердің орнына каналға жақын маңнан жер тауып беруге тырыстық.

Отырар ауданы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатындықтан, диқандар мал азығын егеді. Ол жүгері, жоңышқа. Биыл 11 200 га жерге жүгері егілді 11 500 га жерде жоңышқамыз бар. Биылғы аптап ыстық шаруаға кедергісін келтіргені рас, бірақ оның мәселесін шешу үшін алдын ала қам жасап келеміз. Ауданымызда 500 мыңнан аса ұсақ мал, 7-8 мың түйе бар, 18 мыңдай жылқы, 50 мың сиыр бар. Соларға 259 мың тонна жем-шөпті мал қыстату науқанына жинау жоспарын белгіледік. Ауылшаруашылығы маманы болсақ та, назарға алмаймыз, қариялар айтып жүр. Құрғақшылық жылдары жантақ жақсы өсетін көрінеді. Себебі су көп болса, басқа шөп биіктеп, жантақ кішкене қалпында қалып қояды екен. Биыл жантақ бізде қалың әрі биік өсті. Оны 120 мың тоннадай жинаймыз деп отырмыз. Тамыздың ортасынан ары қарай жантақ піседі, сол кезде оруға кірісеміз. Одан бөлек, жылқы мен түйеге 87 мың тоннадай жоңышқа жинамақпыз. Мал азығы жағынан ауданда мәселе болмайды деп отырмыз. Күні бүгін ғана шаруалар өздерінен артылған төрт вагон мал азығын Маңғыстау мен Қызылордаға жөнелтті» дейді ол. 

«Қыстың қамын жаз ойлап, канал соңында отырса да күн көрісі үшін егін егуге тура келген шаруаға биыл су мүлдем бермеді ме?» деген сұраққа «Көктемде егін екпеңдер деп ескерттік. Алайда ескертуге қарамай егістігіне шыққан шаруаның жұмысына кедергі болмаймыз. Насос стансасының есебінен  оларға суды қолымыздан келгенше жеткізіп беріп отырмыз» деген жауап алдық.

Биылғы аптап ыстыққа байланысты ­Отырар өңіріндегі дала жануарларының жай-күйі ­туралы сұрағымызға Батырбек Сыздық былай жауап қатты: «Отырар екі өзеннің ортасындағы аудан. Жабайы аң-құстың сусыз қалуы мүмкін емес. Шығыс жағымызда Жетікөлде ну орман бар. Аң-құстың көбі сонда, тіпті аққуға дейін қонады. Қыстың аязында бөрілер жайылымдардағы малға тиісуі мүмкін, бірақ жазда су іздеп аң ауылға жолай қояды деуге болмайды. Мәлін тауықтың жауы ғой. Бәлкім, сол себеппен ауылға жақындауы мүмкін, бірақ мәлін жаппай қаптап кетсе міндетті түрде дабыл қағып, жағдайды қолға аламыз».

Иә, биылғы құрғақшылық үлкен апаттың райын сездіргендей. Ол уақытта қолда бар су ресурсын үнемдеп жұмсай аламыз ба, жоқ па, ол да ендігінің еншісінде...

863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы