• Тарих
  • 29 Шілде, 2021

ТАЛҒАТ БИГЕЛДИНОВ ҚАНЖЫҒАЛЫ БӨГЕНБАЙ БАТЫРДЫҢ ЖЕТІНШІ ҰРПАҒЫ

Біздің зиялы деп аталатын  жазушыларымыздың, ғалымдарымыздың өте түсініксіз әдеттері бар. Олар ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Сәбит, Қаныш, тағы басқа да атақты даналар туралы талай кітаптарды жазып-ақ тастады, том-том етіп кітап шығарып жатады. Бірақ барлығы десек болады, олардың аналары, жарлары  туралы жарытып жаза бермейді. Тіпті көпшілігі ауыздарын да алмайды. Қай дананы атама, барлығы да ата-аналарынан тәрбие алмай ма?!

Ең алдымен, ананың тәрбиесін көбірек көретіні әрқайсымызға да аян. Одан кейін сүйген жарың сүйенішің емес пе? Онда неге олар туралы еңбектерінде атамайды. Ол жары біріншісі, мейлі бесіншісі болсын, онымен 20-30 жыл өмірін бірге өткізген адал жары бола білсе неге елегіміз келмейді? Алысқа бармай-ақ қояйық. Абай атамызға алғашқы сауатын ашқызған, өлеңге баулыған кім? Табиғи дарынын таныған кім? Ол Семейдегі оқу орны емес. Оны байқай білген, бауырына тартып сауатын тұңғыш ашқан ұлы Шәкәрімнің шешесі Дәметкен анамыз. Тіпті Абайды зерттеп, атақ-абыройға ие болып жүрген ғалымдарымыз да білмейді. Ол туралы білетін қариялар дүниеден кетіп қалды. Оны өте жақсы білетін Рымғалидың әкесі Нұрғали нағашым еді. Ол кісі о дүниелік болып кетті. Ал тағы бір білетін адам ол 90 жасқа таяған полковник Исин Мұрат бар. Бірақ соны қажет қылып жүрген ғалымдарды көрген жоқпын. Ал Шәкәрімнің ұлы Зият ағамыздың 26 жыл жары болған  Бәтима апамызды білеміз бе? Ол кісі Шәкәрім атамыздың басына алғашқы естелік тас қойған ана. Абай атамыздың жары Ділдәні (шын аты Тілді) неге зерттемейміз?

Міне сондай тұлғалардың бірі Талғат Бигелдинов. Батыр ағамызды мұсылмандық қатарынан жоғалтып ала жаздап дінімізге, тілімізге қайтарып берген жары 26 жыл бірге өмір сүрген Орынбикені (Бикеш) білеміз бе? Бүгінде Талғат ағаның өмірбаянын терең білетін осы жары ғана десек қателеспейміз. Өң десе өң бар, ақыл десе ақыл бар. Жан тәнімен қазақпын дейтін адал жары бола білді.

Аналар туралы, оның ішінде Талғат ағамыздың жары Орынбике туралы айтып отырған себебім, ол мені ағамен жақын таныстырған, ағаның адал жары бола білгендігін атағым келеді. Осы Орынбике қарындастың арқасында мен Талғат ағаның жақын інісі, досы, сырласы болып 15 жылдан артық жиі араласып, өте жақсы қарым қатынаста болдым.

Жалпы Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновпен ертеректен таныспын. Бірақ тым жақындығым болған жоқ-ты. Ағамыздың атымен мектеп қабырғасынан таныспыз. 1956 жылдары Ташкентте институтта оқып жүргенде басқа ұлттың балалары алдында мақтанышпен атайтынбыз. Ол кезде батыр ағамызбен кездесемін, жай ғана таныс болып суретке түсеміз деген түсімізге де кірмейтін еді.

    Тағдырдың жазуымен Алматыға қызмет бабымен ауысып келгеннен кейін, 1982 жылдары болар, Совет ауданында  сайлау бөлімшесінде комиссия мүшесі болдым. Талғат аға да мүше екен. Сонда алғашқы рет танысып едім. Аға соғыс кезіндегі ерліктерінен әңгіме айтатын. Қатты қызығып, бар ынтамызбен тыңдайтынбыз. Одан кейін бір жылдары «Алматы» шипажайында бірге демалдық. Сонда жақын таныстық. Семей жақтан демалуға келген аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшылары да демалған. Солар маған: «Боке, Талғат ағаны жақсы таниды екенсің. Бізбен бірге суретке түссінші. Батырлық белгісімен келсінші» деді. Талғат Бигелдиновке айтып едім қарсы болмады. Суретке түстік. Оны да әр жерде көрсетіп мақтанушы едік. Содан кейін Талғат Бигелдиновті 15 жылдай көрген жоқпын.

Тағдырдың жазуы болар, Орынбике қарындастың арқасында  менің жазған төрт том кітаптабымды Талғат ағаға сыйладым. Енді, тіпті туыстай болып кеттік. Міне, сол кезде Талғат ағаның әңгімелерін өз аузынан қалай естідім, солай жеткізейін.

2004 жылы Талғат Бигелдиновтың қызмет атқарып жүрген жеріне  кітаптарымды апардым. Хатшы қыз:  «Талғат аға  іссапармен кетті» деді. Екінші, үшінші рет барғанымда: «Сізді қабылдай алмайды. Уақыты жоқ» деді. Сонымен, батыр ағаның қолын ұстап, кездесудің сәті түспейтініне көзім жетті. Баруды тоқтаттым. 2005 жылы үйінің телефонын таптым. Қоңырау соғып едім, телефонды келіншек көтерді. Амандасып өзімді таныстырдым. «Талғат ағамен сөйлесейін деп едім. Сөйлесуге бола ма?» дедім. Ол: «Ағаңыз үйде жоқ. Кім боласыз?» деп сұрады. «Жазған кітаптарым бар еді. Сол кітаптарымды ағаға тарту етейін деп едім» дедім. Келіншек маған: «Ағаңызбен сөйлесейін. Кітаптарыңызды маған әкелуіңізге болады» деді. «Атыңыз кім болады?» деп сұрадым. Ол: «Орынбике» деді. Осылайша жеңгеймен келістім. Ертеңінде кітаптарымды апарып бердім. Үйде сіңлісі екеуі отыр екен. Келіншек сұлу екен. Сіңлісі өзінен де өңді көрінді. Бірден: «Ағамызды қолға түсірген баяғының байларының әулетті отбасынан қалған байсалды, ақылды бәйбішелерінің ұрпағынан-ау» деген ойға келдім. «Қой енді әрі қарай қызыға берме, Батырдың қаһарына ілініп жүрерсің» деп тезірек кетуге тырыстым. Орынбике: «Ағаңыз саяжайға кетті. Кітаптарыңызды беремін. Хабарласармыз» деді. Арада 10 күн өткен соң ағаның үйіне қоңырау соқтым. Батыр аға үйде екен. Амандасқаннан кейін үйіне шақырды. Жүрегім лүпілдеп: «Апыр-ай! Қалай қабылдар екен. Қатал адам-ау?» деген ойға келдім. Кенже ұлым Асанмен барған едім. «Аға, күнде кездесе бермеспіз. Тарихқа ескерткіш болып қалсын, батырлық белгіңізбен суретке, видеокамераға түсейікші?» дедім. Талғат аға қарапайым кісі екен. Сөзге келген жоқ, келісті.  Наградаларымен киініп шықты. Сөйтіп суретке түстік. Жеңгей шайға шақырды. Әңгімелестік. Тіпті тез тіл табыстық. Сөйлеген сөзінде орысшасы көптеу екен. Талғат аға: «Кітаптарыңа ризамын. Маған ұнады. Давай, теперь почаще заходи» деп орыс тілінде жазылған кітабын берді. Ол кісіде ешкімге бермей жүрген майдандас ұшқыштарының альбомы бар екен. Соны көрсетті. Мен оны келесі кітаптарыма кіргізуге сұрап едім, қиналып-қиналып берді. «Бірақ жоғалтып алма, бұл мен үшін  бриллианттан да қымбат дүние» деп  қолқат алып, үш күнге рұқсат етті. Мен оны тезірек көшірмесін түсіріп алып, уәделескен мерзімде апарып бердім. Кейіннен жазған кітабын қазақшаға ­аударып, осы суретпен бірге  5-ші том кітабыма қосып шығардым.

Осы күндерден бастап Талғат ағамен айына  2-3 реттен кездесе бастадық. Кездескен сайын ағаның жүрегі таза, ақкөңіл, қарапайым, ешкімге жамандық ойламайтын, атаққұмарлығы жоқ адам екенін байқадым.

Талғат аға Бикеш қарындаспен 26 жыл тату-тәтті өмір сүрген екен. Бірде Бикешке ризалығын былайша білдірді: «Мен Орынбикеге үйленгенге дейін мешітте болған  емес едім. Құран оқытпадым. Әр жерге барғанда, атақты ата-әжелеріміздің басына апарғанда қол жаюды да ұмытып кеткенмін. Оның себебі бұрынғы әйелдерім мұсылман болмады. 40 жылдай солардың жетегінде жүрдім десем де ­болады. Мені қайтадан мұсылман жасаған осы Бикеш ­болды. Атаққа мастанып жүрген жылдарым болған да шығар. Аллаға рақмет, мені Бикендей адал жарға кездестіргеніне. Мен Бикеннің арқасында Меккеге барып қажы да болдым. Өле-өлгенше бабам Бөгенбай батырдың аруағын сыйлап өтемін (Бөгенбай батырдың жетінші ұрпағы). Бикештің өңіне, жастығына қызығып оны менімен араздастыру ниетімен көз тастағандар да болды. Бірақ мен Бикештің адалдығына сендім» деді. «Аға, неге бұлай қоштасқандай болып отырсыз. Әлі талай жыл өмір сүресіз» деп едім: «Боке, ты журналист, историк. Мне уже 90 с лишним лет. Единственный человек с кем я делюсь это ты. Через определенное время я уйду на тот свет. Это неизбежно. Хочу ты передал для будущего поколения мои слова. Нет, не бойся. Скоро не уйду. Буду жить, Алла жазса» деді.

Талғат ағаның соғыс кезіндегі аспан әлемінде фашистермен айқасындағы ерліктерінің біразын баяндайын. Әсіресе жастар ағаның ерліктерін біле қоймайды. Бұл ретте Талғат Бигелдиновтың орыс тілінде жазған кітабынан үзіндіні қазақ тілінде берейін.

Талғат Бигелдинов өмірбаянын қысқаша баяндайын.

1922 жылы 6 тамызда Ақмола қаласынан көшіп бара жатып, екі-үш күндік жерде (арбамен жүрген ғой ) Майбұлақ деген жерге жеткенде дүниеге келген екен. Көшті тоқтатып, таулы жердегі  ауылдарға хабар беріп, мал сойып той жасайды. Туған ауылдың аты Майбұлақ екен.

Пішпек қаласына таяғанда әкеле жатқан байдың малын кәмпескелейді. Осы қалада орыс мектебіне береді. Мектеп жасынан ұшқыш болуды армандайды. Оған көршінің баласы Мишка себепші болады. Ол ұшақтың моделін жасаумен айналысады екен. Оның «схематичка» деп аталатын бөлшектерін жинауды үйренеді. Ұшаққа құмарлығы Фрунзенің Аэроклубына келгенде одан әрі артады. Оған оны Мишка әкеледі. Клубқа келгенде бастығы: «Неше жастасың?» деп сұрайды. «Он алтыдамын» дейді. Бастық: «Өтірік  айтасың. Он төрттесің» депті. Талғат: «Жоқ, жоқ. Мен жетінші класта оқимын» дейді. «Жарайды, ­жарайды» деп комиссия төрағасы оның қорқынышын басады. «Ұшқыш болғым келеді. Ал әкем дәрігер бол дейді. Мен ұшқыш боламын» деп қайталай береді.

Бірінші ұшу. Ұшақ жерден көтерілгенде айғайлап жібереді. Неге екені белгісіз, нұсқаушы риза болмай оны қорлай бастайды. Келесі ұшу кезінде клуб бастығы оның ұшағына келеді. Сол кезде нұсқаушы: «Жолдас, ұшқыштар клубының бастығы: «Бигелдинов ұшқыш бола алмайды. Оны клубтан шығару керек!» дейді. Бастық: «Шығару ­керек дейсің бе?» деп қабағын түйіп әрі қарай жүре береді. Жарты сағаттан соң ұшаққа келіп: «Жүр. Отыр кабинаға. Ұш. Бір айналып шық» дейді. Ұшаққа отырып аэродромды айналып шығады. Ұшақты қондырып кабинадан шыға бергенде Цуранов: «Қайда барасың? Тағы да ұш. Бір айналып кел» дейді. Аэродромды үш рет айналған соң  қондыруға беттеп, жерге 7 метр қалғанда ұшақты жайлап қана үш нүктеге әкеліп қондырады. Ұшу аяқталды. Цурановта үн жоқ. Біраз уақыт өткен соң Цуранов: «Сені нұсқаушы Карповичке ­ауыстырамын» деді. Ол салмақты, үндемейтін адам екен. Онымен аспанға 5 рет бірге ұшады. Ол Талғат ағаны звеноның командирі Бұқарбаевқа жібереді.

Талғат аға нұсқаушы Титовпен де ұшып мақтау естиді. Ұшақтың бөлшектерін жатқа игере бастайды. Орынбордағы училищеге оқуға түседі. Оқудан кейін Ижевск қаласында құрылған ерекше авиа полкке жіберілді. Бірде оны ұшақтың бөлшектерін әкелуге бір колхоздың алаңына жібереді. Осы жерде бір қазақтың қызына кез болады. Екеуі танысып арты махаббатқа ұласады. Ол қыздың аты Айнагүл (Аня). Талғат аға Айнагүлге өзінің үйленгісі келетінін айтамын деп тұрғанда кезекші телефонға шақырады. Телефоннан Айнагүл: «Тез үйге кел. Мен саған тұрмысқа шығуға келісімімді беремін, мені армияға алғалы жатыр» дейді. Сөйтіп, Талғат Бигелдинов Айнагүлді соғысқа шығарып салады. Екі күннен кейін өзі де майданға аттанады.

Талғат Бигелдиновтың командирі Кеңес Одағының ­Батыры, полковник Каманин болды. Капитан Малов Талғат Бигелдиновты жас бала деп есептеп: «Сені  ұшуға үйрететін уақытым жоқ. Маған штурмовик керек» депті. ­Бигелдинов ашуланып: «Он тоғыздан астым. Ұшқышпын» дейді. Ол: «Жарайды. Пошевельниковқа бар. Ол сен сияқтыны ұнатады» деп қолын сілтейді. Сөйтіп, Эскадрилияның командирі аға сержант Пошевальниковке келеді. Ол дұрыс қабылдайды: «Ақымақтар мынадай жігітті қабылдамай» деп көңіл күйін көтеріп тастайды.

Бірінші күні Талғат аға бос төсекке жатуға ыңғайланғанда комадир тоқтатады. «Бүгін пештің маңайына жат. Ертең орын табамыз. Ал ұшу үшін сынақтан өтесің. Мә, нұсқаулар оқы, жатта» дейді. Сынақтан өтеді. Митрофанов Талғат Бигелдиновке: «Ұшасың ба?» дейді. Ұшамын деген сөзді естіп: «Ана тұрған ұшақпен ұш!» дейді. Ол №13 санды ұшақ. Талғат аға: «№13 ұшақпен бірінші рет жауынгерлік тапсырманы орындауға шықтым. Дәл сондай санмен Берлин мен Праганың үстінен ұшқан едім» деп еске алады. Ұшаққа келсе оның әр жері шұрқ-шұрқ оқ тескен екен. Кабинадан механик шығады. Майордың бұйрығын көріп:  «Бұл ұшақпен ешкім де ұшпайды. Құдайға сенесің бе?» дейді. Талғат аға: «Құдайға да, сайтанға да сенемін» деп жауап қатыпты. Командир Митрофанов «Ұш!» деп бұйырады. Аспан кеңістігін бір айналып шыққанда командир «тағы да» деп белгі береді. Бірнеше айналғаннан кейін  ұшақты өте дәлдікпен қондырады. Командир Митрофанов аэродромдағыларды жинап алып сапқа тұрғызып: «Сержант Бигелдинов, екі адым алға» деп команда береді. «Ұшу кезінде өте жақсы айналып шыққаның үшін алғыс жариялаймын» деген екен.

1943 жылдың 17 ақпанын Талғат аға ұдайы естен шығармайды екен. Ол: «Ұшаққа отырыңдар!» деген бұйрық алды.

«Тыңдаңыздар! Оң жағыңда да, сол жағыңда да миссершмидтер. №13-тің астында паравоз кетіп барады. Паравозды атқылайды. Ол жарылып аппақ бу көрінеді. №13 өз қатарынан бөлініп қалады. Ұшағын жоғары көтереді. Жаудың сау қалған пулеметтері оқ жаудырады. Есін жинап алып орманға қарай ұшады. Достарын аэродромға тақағанда қуып жетеді. Ұшағын қондырып, кабинадан шыға қарға құлайды. Механик: «Мынаны қара, бірде бір оқ тимеген. Аға сержант, бақытты жансың. Саған оқ өтпейді» дейді. Командирлер пунктінде Степанов әрлі-берлі жүріп: «Менің бұйрығымды орындамай үшінші рет шабуылға шықтың. Кім рұқсат етті? Трибуналға беру керек» деп айғайлап болған соң: «Ұшуға тыйым саламын. Солдаттармен қар күрейсің!» дейді. Сол сәтте ұшқыштардың бақылау пунктінен телефон соғады: «Эскадрилья  тазартқан жол шабуыл жасауға мүмкіндік берді. Рақмет, жігіттер!» деген дауыс бүкіл блиндажға естілді. Осы телефон әсер етті ме? Полк командирі кіріп келіп: «Бигелдинов қалай?» дегенде Степанов: «Жақсы. Өзін мықты ұстады. Паравозды бір ұрғаннан қиратты» дейді. «Жарайды. Тағы да ұшасыздар. Шаршаған жоқсыздар ма?» дейді. Талғат аға қуанып қалады.

...Днепр. 18 штурмовикті басқарушы лейтенант Бигелдинов. Аталған төбені тауып Бигелдинов ұшағын төменге түсіріп: «Шабуыл, шабуыл» деп бомбаларын тастап, снарядтарымен атқылай бастайды. «Бигелдинов, Бигелдинов! Шабуылды тоқтатыңдар. Юнкерстер келе жатыр. Оларды өткелге  жіберіңдер!». «Ұрысқа кірісіңдер» деген бұйрық келді. Талғат ­Бигелдиновке қарсы  бомбардировщиктердің басқарушысы келе жатты. Пушканы даярлап, эрестің ататын тетігін басып атып жібереді. Жаудың бомбалағыш ұшағы дір-дір етіп, бір қанатымен қисайып кенеттен төмен бет алып, айналып-айналып бөлшек-бөлшек болды. Басқа штурмовиктер екі «Юнкерсті» атып түсірді. Қалғандары қорғанысқа көшті. Одан ештеңе шықпаған соң бомбаларын өз әскерлерінің үстіне тастап қашты. Тапсырма орындалған соң аэродромға қайтуға бет алғанда тағы да әскерлердің шабуылына көмек беріңдер деген бұйрық келді. Бомбалар фашистердің жаяу әскерлерінің үстіне түсіп тас талқандарын шығарды. Осылайша тапсырманы шығынсыз орындап аэродромға оралады. Самолетке штаб бастығы жүгіріп келіп айғайлап: «Бигелдинов, сен не істедің осы жолы?» деп басын шайқайды. Талғат аға: «Денем мұздап кетті. Апыр-ай өз жауынгерлерімізді бомбыладық па?» деп зәрем ұшты» дейді. Штаб бастығы қатал дауыспен: «Ой, Бигелдинов. Ой казах!» деп көзі күлімдегендей болды: «Жарайды, жарайды Бигелдинов. Өте жақсы шабуыл жасадың. Жаудың батареясын быт-шытын шығардың. Аспан ұрысында бір өзің үш Юнкерсті атып түсірдің» деп қуантты. «Фронттың қолбасшысынан барлығыңа алғыс жарияланды. Сені Талғат  Кеңес Одағының Батыры атағына  ұсынды» дейді.

1945 жылы өте жауапты істі орындау тапсырылыпты. Ол Гитлердің рейхстагына таяу жердегі жаудың қорғаныс шебін барлау... Жердің үстінде кесек қалың бұлт басып тұрды. Нысанаға жеткен кезде Талғат Жақыпбекұлы ұшағын жерге төмендетті. Қанатының астында орасан үлкен қала жатты. Жоғарыдан Берлин жіңішке сызықтармен бөлінген көшелері бар дәу макетке ұқсады. Алғашқы рет жауынгерлік тапсырмаға ұшқан кездегідей ерекше толқыған ішкі сезім, Кеңестің алғашқы шебіндегі ұшқыштарының бірі болып Берлиннің үстімен ұшып барады. Бұл жолы бомба да, эресті де тастаған жоқ. Тек фотоаппарат бірінен кейін бірін қаланың үстінен түсіріп жатыр. Тәжірибелі барлаушының көзімен алдағы шабуыл жасайтын жерлерді есінде сақтауда. Берлин үшін шайқаста да аспанда жүргізген ұрыстары 300-ден асыпты. Шеберлік, тәжірибе, сабырлық  Талғат Бигелдиновты ажалдан құтқарды. Қарсы шыққан истребительдерден де  айламен құтылып кетті.

1945 жылы 14 наурызда алты «ИЛ» Купендорф ауданында жаудың 5 танкісін үш бронетранспортерін құртты. 8 наурызда Шенаудың түбінде жаяу әскерін  құртты.11 ­наурызда эскадрилия жаудың екі батареясының үнін өшірді. Фашистер дотқа айналдырған ондаған үйлерді талқандады.

Сәуір айының басында екінші әуе Армиясының қолбасшысы генерал полковник  (кейіннен авиация маршалы) С.А.Красовский гвардия капитаны, Кеңес Одағының Батыры Бигельдиновке екінші рет Батыр атағын беру ­туралы ұсынысты бекітті. Екі айдан кейін маусымда КСРО Жоғарғы кеңесінің Президумының жарлығымен Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтың омырауына екінші Алтын жұлдыз тағылды.

                                       Болатбек НӘСЕНОВ,

тарих ғылымының докторы,

профессор

3628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы