• Руханият
  • 29 Шілде, 2021

Бабалардың ізі қалған Түркістан

Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан Түркістан өңіріне, әсіресе Түркістан қаласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Тіпті кей ағайындар «дағдарыс кезеңінде қала салу қаншалықты дұрыс?» деген сұрақты төтесінен қойып жүр. Жөн-ақ. Дегенмен, әр істің, әр бастаманың тарихи негізі мен алда күтілетін жоспары болады. Осы екі тұрғыдан алып қарасаңыз Түркістанның қайта түлеуге, қайта жаңғыруға әбден лайық екенін аңғарасыз.  

Қазақта қала мәдениеті болған деген шындыққа дәлел

Қожа Ахмет Ясауидей ұлы ғұлама, ізгілік жаршысы өмір сүріп, білім мен дін шамшырағын жаққан көне шаһар тұтас қазақ халқы үшін қадірлі әрі қастерлі. Себебі осы кесене маңында күллі қазақтың 21 ханы мен жүзден астам айбынды батыр, би, ғұлама, қайраткерлері мәңгі қоныс тапқан. Мағжан ақынның «Түркістан – екі дүние есігі» деп жырлауы бекер емес. Терең тарих пен жарқын болашақ тоғысатын жер бұл.

Түркістанның қай ғасырдан бері қала болғаны ­туралы тарихшылардың пікірі сан қилы. 2000 жылы 1500 жылдығы атап өтілді. Алайда соңғы жылдардағы зерттеулер қаланың тарихы одан да тереңде екенін дәлелдейді. Профессор Жамбыл Артықбаев өзінің ғылыми мақаласында тарихшылардың зерттеуіне сүйене отырып, Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелі адамдардың 550 мың жыл бұрын мекендегенін жазған. Орыстың П.Рычков деген зерттеушісі  Ташкент, Ходжант, Кашкар, Табат және өзге де қалалар, яғни Орта Азия үшін Түркістан қаласы орталық сипатында болғанын сөз еткен.

XVI ғасырдан бастап шаһарға «Түркістан» атауы қалаға мықтап бекіп, қазіргі таңға дейін жетіп отыр. 3 ғасырдан аса уақыт бойы Қазақ хандығының астанасы болуының өзі Түркістанның қазақ үшін аса құнды екенін аңғартады. Италия үшін Рим, Грекия үшін ­Афины қандай қымбат болса, Қазақ елі үшін Түркістанның орны соншалықты айрықша.

Бүгінде қала туралы зерттеулер әлі де жалғасып жатыр. «Күлтөбе» қалашығын, ашық аспан астындағы мұражайын саяхатшыларға, тарихшыларға  таныстыру жолдары жүйелену үстінде. Жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде шетелдік ғалымдар мен археологтардың қатысуымен «Түркістанға 3000 жыл» атты дөңгелек үстел өтті. Оған берісі Орта Азия, арысы АҚШ-тың тарихшы-ғалымдары қатысты. Бұл туралы тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі және Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев баяндады.

«Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлеулер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді» деді Бауыржан Байтанаев.

Инвесторға тартымды,  құрылысы қарқынды

Тарихи негіз, түп-төркін деген ұғымдар бар. Түркістанның да іргетасы мыңжылдықтарға жетелейтінін айттық. Ұлы Жібек жолының бойындағы қала болғандықтан шығар, Түркістан облыс орталығы бола салысымен елімізден бөлек алыс-жақын шет мемлекеттерден инвесторлар жиі келетін болды. Инвес­торды күтіп алып, есеп үшін жиналыс өткізу бір басқа, екі жаққа да тиімді шешім қабылдап, өңірге қаржы тарту өте қиын іс. Бұл ретте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің іскерлігі мен жаңашылдығын айта кеткен жөн. Көне әрі жаңа шаһарға инвестор тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.

 

Сындарда шыңдалып, әлеуетін көтерген өңір

2019 жылы Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің қоймасында жойқын жарылыс болды. Апат салдарынан 50 мыңға жуық тұрғын өз үйлерін тастап, қаладан шығып кетуге мәжбүр болды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жедел тапсырмасымен тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру, оларды арнайы орталықтарға орналастыру жұмыстары басталып кетті.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа іссапармен келіп, апат салдарын жою жөнінде тапсырма берді. Алаңдаған ел көңіліне демеу болып, көшбасшыға тән мінез танытты.

Күллі қазақты алаңдатып қана қоймай, игі іске біріктірген Арыс апатын жоюға еліміздің барлық өңірлері атсалысты. Халық қолдан келген көмегін жіберіп, арыстықтарды құшағына қысты. Мемлекет басшылығы, облыс әкімдігі мен күштік құрылымдар өз міндеттеріне сай қаланы қайта жаңартуға кірісті. Арыс апаты, әскери қойманың әлегі, сол кезеңдегі қиындықтар мен жұмыстар туралы жұртшылық жақсы біледі. Арыс қаласында 8626 үй бар болса,  жарылыс салдарынан 7635 үй зардап шекті. Оның ішінде 480 үй жарамсыз деп танылып, жаңадан салынды. Жөндеуді қажет ететін 7155 үй жөнделіп, халық игілігіне берілді. Бір жылда 380 мың оқ-дәрінің қалдықтары қала сыртына шығарылды. Мыңдаған оқ-дәрі залалсыздандырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Екі жыл ішінде Арыстағы теміржол вокзалы, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, саябақтар салынып, жолдар жөнделді. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына 500-ге жуық компания мен 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты. Арыстықтарға 100 мың теңгеден өтемақы төленді. Тоғыз жолдың торабындағы шаһар ажарлана түсті. Бұл – тұтас елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында қол жеткізген жетістік. Осыны жақсы түсінетін арыстықтар таяуда Арыс қаласында «Қазақ еліне мың алғыс» монументін ашты.

2020 жылдың 1 мамырында  Түркістан жұртшылығы тағы бір сынақты бастан өткерді. Өзбекстанның ­«Сардоба» су қоймасы жарылып, Мақтаарал ауданындағы 1000-нан астам тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 денсаулық сақтау, 1 мәдениет үйі, 10 сауда объектілері, автомобиль жолдары, 1 көпір, 5695 га егістік пен жайылым жер топан су астында қалды. Бұл кезде де тұтас Қазақ елі мырзашөлдіктердің жанынан табылды. Мыңдаған жүк көліктерімен гуманитарлық көмек жолдап, арнайы қорға қаржы аударды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті, елді апат салдарын жоюға жұмылдырды.

Қазақ хандарына арналған кешен  жүрегі «қазағым» деп соғатын әрбір азаматқа рух беріп, санасын серпілтеді. Тарих тереңіне жетелейді. Ғасырлар тоғысында Қазақ хандығының астанасын ғана емес, тұтас Қазақияны қорғаған баһадүр бабалардың ізі, кемеңгер ойшылдарымыз бен билеріміздің өсиеті, Ясауидей бабаның ізгілікті ісі қалған Түркістан, шын мәнінде, Түркі әлемінің орталығына айналады. Оған сенім кәміл.

P.S: Маусым айының басында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» талқыланды. Барлық министр қатысқан жиында кешенді жоспардың 40 пайызы іске асырылғаны, Түркістан қаласын дамытудың І кезеңі сәтті аяқталғаны айтылды. Осыған байланысты Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңін іске асыру жөніндегі идея қолдау тапты. Шаһарда 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатта 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады. 4,9 млн шаршы метр немесе 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Ірі жылыжай, сүт өңдеу фермасы, химия кешені, мұнай өңдеу зауыты, тұрмыстық техника шығаратын зауыт ашылады. 2025 жылға дейін 40 мың жаңа жұмыс орны пайда болмақ. 40 мың жұмыс деген – 40 мың отбасы. Үміт. Жаңаруға, Еуразияның жауһарына айналу жолындағы ұлы сапарың тоқтамасын, Түркістан!

Ғабит САПАРБЕКОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

2152 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы