• Әдебиет
  • 29 Шілде, 2021

«БІР ВАГОН АҚЫН-ЖАЗУШЫ...» немесе  қазақ мүддесі қақында

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

«Ana tili»

Ресми дипломатияда екі жақты келісімшарт жасасу кезінде берілген ақпараттарда  «қазақ жағы», «өзбек жағы», «қырғыз жағы», федерация болғандықтан «ресей жағы» деген тіркестер жиі қолданылады. (Негізі бұл тіркес те калька болғандықтан басқаша айтуға да болады).  Президент, Сыртқы істер министрі қай ұлттан болса да, өз елінің атынан сөйлеп, өз елінің мүддесін қорғайды. Аталған  тіркестің біз үшін бағалы болатын мәні – «қазақ мүддесі» яғни аталған елдің мүддесі деген ұғымды береді. Дәлірегі – қорғалатын мүдде ел-жердің егесінің мүддесі. Басқаша айтқанда ұлт мүддесі – мемлекет мүддесі болып шығады. Біз ұлтшылдық, мемлекетшілдік атаулары сайып келгенде бір ұғымға тоғысады дейтініміз содан.

Бір мемлекеттің ішінде бірнеше ұлттық мүдде болмайды. Егер болса ол мемлекеттің ғұмыры ұзаққа созылмайды. Ғылыми пайымға жүгінсек, жергілікті ұлттан өзгенің барлығы диаспора. Әлемдегі бүкіл елде солай. Қазақстанда да саны 80 пайызға жеткен қазақ деген жалғыз ұлт бар. Ғылымда өзбек диаспора болады да, орыс диаспора болмайды деген алалау жоқ. Ғылым ортақ түсінікке жүгіндіреді. Тағы бір мысал келтірсек, Қазақстан-Ресей шекарасы белгіленіп, халықаралық дәрежеде мойындалғандықтан, ХХ ғасыр басында бес жыл Қазақ АССР-інің астанасы болған Орынбор қаласының бүгінгі қазағы, жетпіс жеті атасының басы сонда жатса да, бәрібір Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілі. 

Бір жылдары Австралия атты (құрлық) материк-мемлекетте көшіп келген әр ұлт өкіліне жағдай жасаймыз деп, бас-басына тіпті газет, телеарна, радио, мектеп ашып берген тәжірибе болған. Кейіннен ол халықты біріктіретіндей оңтайлы тәсіл болмай шықты. «Аққу, шортан һәм шаян» (Крылов-Байтұрсынұлы) мысалының кері келген.

Өзге елдердегідей Қазақстанда да азаматтар тең құқылы. Әр азамат оқып-тоқуға, сайлауға, сайлануға, мемлекеттік қызметте істеуге (т.б.) қақылы. Ал мемлекеттік қызметкер, мемлекеттік тілді білмесе, міндетін атқара алмайтын ахуал ерте ме, кеш пе бәрібір қалыптасады. Көпшіліктің аты көпшілік, Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сай болуын талап етпей тұра алмайды. Сондықтан Қазақстандағы, тіпті өзге ұлт өкілдеріне де мәселенің басын ашып айту керек. Баласы болашақта мемлекеттік қызметте, түрлі қызмет көрсететін салаларда істейтіні анық, демек, қазақша білуі қажеттілік. Қазір қазақ мектебіндегі білім орыс мектебімен салыстырғанда әлдеқайда алда. Жыл сайынғы ҰБТ-ның нәтижесі солай деуімізге негіз. Қажет деп тапса олар балаларын қазақ мектебінде оқытсын. Әрине ұлт азшылықтарының өз ана тілдерін білуіне, оқуына біздің елімізде ешкім қарсы емес. Бірақ олар да осы елдің толыққанды азаматы ретінде еңбек етуге, қызметте өсуге де қақылы. Әлеуметтік әділеттілік дегеніміз сол. Алайда оны тілсіз орната алмайсың. Әлеуметтік әділеттіліксіз ұлттық біртұтастану (идентификация – бірегейлену емес, егей – мықты сөзінің синонимі), қазақстандық патриотизмді түбегейлі қалыптастыру мүмкін емес. Ал биліктің негізгі стратегиялық міндетінің бірі осы.

Алматыдағы кейбір орыс мектебіне барсаң, қаптаған қазақ балалар отырады. Ондай мектептерді қазақ мектебіне айналдыруда еш мәселе болмауы тиіс. Өйткені қазақ тілі сол жеткіншектердің өздеріне қажет. Сан рет айтылса да артық болмайды, біз де қайталасақ: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» (Елбасы).

Қазақ мектебі дегеннен шығады, бірде бір ақын ағамыз: «Қытайдан бір вагон ақын-жазушы көшіп келіпті» деп күлгені бар.  Қандай астармен айтқанын өзі біледі. Біздің білетініміз, көрші империядан қоныс аударған бауырларымыздың дені әдебиет десе ішкен асын жерге қояды. Тілге уызынан жарыған. Қазақ мектебінде оқыған. Тоқсаныншы жылдары көшіп келген Керім Елемес, Мұрат Шаймаран, Ұларбек Нұрғалымұлы секілді жақсы ақындар, сол елдегі қазақ мектептерінің түлектері. Сол елден келген зиялы қауым өкілдерінің кейінгі жылдары саясаттың  өзгеріп, ханзуша оқуға басымдық берілуіне алаңдауы, әрине, орынды. Енді отбасында ханзуша сөйлеу үрдіске айнала бастапты. Қытай секілді Монғолиядан, Өзбекстаннан оралған ақын-жазушыларды, журналистерді білеміз. Ал бірде-бір қазақ мектебі жоқ Ресейден келген қазақша жазатын қаламгерді естуіңіз бар ма? Жоқ деуге болар. Әйтеуір Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан келген ағайындардай көпшілікті көрмедік.

 Тұжыра келе айтпағымыз, қазақтың ең үлкен бір мүддесі – қазақ мектебінде.

2575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы