• Қоғам
  • 29 Шілде, 2021

Вакцинация барысы қалай жүріп жатыр?

Қазақстанда 5 188 266 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған. Ал 3 356 960 адам екпенің екі дозасын да салдырып, вакцинацияның толық кезеңінен өтті.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысына сәйкес, қоғамдық орындар мен қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтіндер міндетті түрде вакцина алуы керек. Оларға екпенің бірінші компонентін салдыру үшін 15 тамызға дейін уақыт берілді. Одан кейін тексеру жүргізіліп, ұжымда вакцина салдырмаған қызметкері бар кәсіпорын жауапқа тартылуы мүмкін. Ал екпенің екінші компонентін алу 1 қыркүйекке дейін ұйымдастырылуы тиіс. Жұмыс беруші коронавирусқа қарсы екпе алмаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізбеуге құқылы. Бұл талап тек соңғы үш айда індетпен ауырып шыққандар мен медициналық қарсы көрсетілімі барларға қатысты емес.

Мамандардың айтуынша, бұл шара Cоvid-19 коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қажет. Ол үшін шамамен 10 млн адамға екпе егу керек. Осы орайда өңірлерде тұрғындарды вакцина алуға ынталандыру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында екі бөлмелі пәтер, автокөлік, апта сайынғы IPhone12 телефондарының ұтысы өтеді. Бірнеше жоғары оқу орны студенттерге арнайы жеңілдіктер, түрлі сыйлықтар ұсынып отыр.

Соған қарамастан, екпе алғаны ­туралы пастортты сатып алып, мәселеге бейжай қарайтындар аз емес. Қазірдің өзінде осыған байланысты 60-тан астам қылмыстық іс қозғалды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, вакцина паспортын қолдан жасаушылармен күрес белсенді түрде жүріп жатыр.

«Мемлекет басшысы бұл мәселемен нақты айналысуды тапсырғанын білесіздер. Қазірдің өзінде 60-тан астам қылмыстық іс қозғалды. Мұндай әрекеттердің жолы қатаң түрде кесіліп жатыр. Жарнамалаған сайттар бірден бұғатталуда. Оны орналастырған адамдар қылмыстық қудалауға алынады. Қазір вакцина паспортын жарнамалаған мәліметтер саусақпен санайтындай деңгейге түскенін көріп отырмыз. Әрбір жарнама жойылып, оның артындағы адамды анықтауға жедел уәкілдер кірісіп жатыр» деді министр.

Карантин талаптарын бұзушылардың да қатары толастар емес. Жыл басынан бері шектеу ережелерін бұзғаны үшін азаматтар мен кәсіпкерлерге 1,5 млрд теңге айыппұл салынған.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық ­ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде жалпы ұлттық вакцинация қалыпты өмірді қалпына келтірудің және адамдардың денсаулығын сақтаудың жалғыз әдісі екенін айтты.          

Ә.САРҚЫТ

 

853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы