• Қоғам
  • 29 Шілде, 2021

Ел сайлаған әкім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» ­Жолдауында берген тапсырмасына орай елімізде тұңғыш рет ауыл әкімін халықтың тікелей сайлауы өтті.

Ел өңірлеріндегі 1847 сайлау учаскесінде азаматтарымыз өз таңдауын жасап, ауыл әкімін сайлады. Жалпы 730 орынға әкім болуға 2297 кандидат тіркелген. Оның 1419-ы, яғни 61,8%-ы өзін өзі ұсынған. Ал 878 үміткер (38,2 пайыз) саяси партиялардың атынан түскен.  Бұл бір орынға 3 үміткерден артық бәсекелестік болғанын білдіреді.

Сайлаудың әділ өтуі үшін бақылаушы топтар құрылды. Олардың арасында белсенді азаматтар, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілі бар. Солардың бірі – ауыл әкімдерін тікелей сайлауды байқау процесін қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі. Орталық филиалдары еліміздің барлық өңірінде орналасқан.

 «Партиялық емес байқау орталығы» аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімін сайлауда байқауға белсенді қатысты. Дауыс беру күні орталықтың екі мыңнан астам байқаушысы таңғы сағат 7.00-ден бастап республиканың барлық облысындағы 1845 сайлау учаскесінде дауыс беруді бақылауға қатысты. Ахуалдық орталық құрылып, онда өңірлерден келіп түскен деректер өңделіп, талданды. Өңірлік байқаушылар штабтарымен жедел байланыс орнатылып, 14 облыста филиал басшылары жұмысты үйлестіріп отырды» деді орталық төрағасы Төлеген Күнәділов бұқаралық ақпарат құралдары үшін өткізген брифингте.

Т.Күнәділовтың айтуынша, сайлау барысындағы заң бұзушылықтың басым бөлігі техникалық сипатта болған және жергілікті жерлердегі сайлау комиссиялары бұл мәселелерді тиісінше шешіп отырған. Оның ішінде жекелеген азаматтардың өз отбасы мүшелеріне дауыс беруге тырысқаны, дауыс беру кабинасына екі адамнан кіру, кейбір азаматтардың жеке бас куәлігінсіз бюллетень алуға ниет білдіруі, әлеуметтік қашықтықты сақтамау сынды жекелеген фактілер бар.

Байқаушылар сайлау учаскелерінде сайлау процесінің соңына дейін болып, дауыс санауға қатысты шағым түспегенін мәлімдеген.

Айта кетейік, осы сайлауда бірінші рет сайлаушыларға «бәріне қарсы» дауыс беруге мүмкіндік беретін норма бекітілді. Мемлекет басшысы оны сайлау заңнамасына енгізу қажеттігін осы жылғы қаңтарда жаңа шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында мәлімдеді.

«Барлығына қарсы» деген баған сайлаушылардың пікірлерінің бүкіл спектрін ескеруге мүмкіндік береді, азаматтардың баламалы позицияны заңды түрде білдіру құқықтарын кеңейтеді. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, Қарағанды облысында ең көп «бәріне қарсы» дауысын (116) Ақтоғай ауданының Шашубай ауылында белгілеген. Бұл дауыс бергендердің 7% құрайды. Маңғыстау облысында бұл құқықты тек 279 адам пайдаланған. Сонымен, өткен сайлаулар кезекті рет Президент жүзеге асырған, оның барлық тармақтары іс жүзінде дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың тиімділігін көрсетеді» деді бұл туралы Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин.

Ел Президенті «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек» деп жазған еді. Ел тарихындағы алғашқы әкім сайлауы соның бірден-бір көрінісі болды.

Майя МҰРАТБЕК

 

1320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы