• Тұлға
  • 29 Шілде, 2021

АБЫЗҒА АРНАЛҒАН ЗАЛ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының ұйымдастырушылық-қаржылық қолдауымен қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы залды ашты. Жиын барысында «Ә.Нұрпейісов шығармашылығы және әлемдік әдеби үдеріс» атты халықаралық ­онлайн конференция ұйымдастырылды. 

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Еңбек ері, Халық ­жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, жазушы Мырзатай Жолдасбеков, «Либерти» баспасының негізін қалаушы Илья Левков (АҚШ), белгілі орыс жазушысы, аудармашы, драматург Анатолий Андреевич Ким (Ресей), профессор, Академиялық Пальма ордені, Бейбітшілік және келісім үшін Қазақстан ­Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Альберт Фишлер, жазушы, журналист және баспагер, қоғам қайраткері, ­Ресей әдебиет академиясының академигі Георгий Пряхин, жазушы, ­аудармашы, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Пекин Халық университетінің Құрметті профессоры Акбар Мәжитұлы, Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығының өкілі Константин ­Павлович Воробьев, Қазақстандағы Франция Елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Алекс ­Бортолан, Қазақстандағы Жапон Елшілігінің бірінші хатшысы Киносита Юя, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының басқарама төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы Смағұл ­Елубай, жазушы Әлібек Асқар, ­филология ғылымының ­докторы, ­профессор Серік ­Негимов және т.б. қатысты.

Жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы ашты. Ол: «Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы күллі қазақ әдебиетінің табысы десек қателеспейміз. Өздеріңізге мәлім, «Қан мен тер» трилогия­сы 30-дан аса шет тілдеріне аударылды, дәл осы шығарманың желісі бойынша 2 бөлімнен тұратын кинотуынды түсірілді. Ол Арал теңізінің тартылып бара жатқанына алғаш болып қабырғасы қайысып, «Соңғы парыз» романы арқылы Арал экологиясына дүниежүзі қайраткерлерінің назарын аудартқан қазақ қаламгері. Жазушы Ә.Кекілбайұлы бұл шығарманы ұлттық прозамыздағы оқшау құбылысқа, жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғышқа теңеді» деді.

 «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек ­Салжанов: «Бірнеше жыл бұрын қорымыз қазақ классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы ­парыз» және «Қан мен тер» шығармаларын ағылшын, француз және швед тілдеріне аударып, баспаға шығарып, осы мемлекеттерде таратты. Осы үлкен шараға демеушілік білдіргеніміз – біз үшін үлкен бақыт деп есептейміз. Болашақта да «Altyn Qyran Foundation » қазақ әдебиетінің дамуына үлесін қосады» деп пікір білдірді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залының жалпы қоры 3000-ға жуық. Оның ішінде 300-ден аса кітап, 100-ден аса журнал, 46 аудиовизуалды материал және қаламгерге қатысты тағы да басқа мәліметтер бар. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қолжазбалары, белгілі орыс жазушыларына, классикалық жазушыларға, әдебиетшілерге, қоғам қайраткерлеріне жазған хаттары ерекше құнды. ­Сондай-ақ жазушының мемориалдық коллекциясы ұсынылған: жеке жазу үстелі, ­кресло, үстел сағаттары, естелік қаламдар, кәдесыйлары, грамоталары, шахмат және т.б. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кітаптар жинағында 1950-1960 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі шығармалар жинақталған.

Залға, сондай-ақ Қазақстан жазушыларының көп томдық және жеке шығармалары, «Дүниежүзілік әдебиет кітапханасы», «Қазақ әдебиеті кітапханасы», «Сырдария кітапханасы», «Отырар кітапханасы», «Алтын қалам», «Қазақ прозасы қазынасынан», «Атамұра кітапханасы» және т.б. сериялы басылымдар қойылды.

Классикалық стильде, заманауи жабдықтар жабдықталған оқу залы заманға сай жасалған. Алдағы уақытта оқу көрсеткіші мен қазақ әдебиетінің мәртебесін арттыру үшін оқу залында клубтар мен үйірмелер және поэзия кештері ұйымдастырылады.

Болашақта Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залында шығармашылық және поэзия кештері ұйымдастырылатын болады.

2188 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы