• Руханият
  • 05 Тамыз, 2021

ЕКІБАСТҰЗДЫҢ ЕҢСЕСІ

Екібастұз қаласында ұлы ойшыл, көзі тірісінде-ақ әулиелігімен аты шыққан қасиетті бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңселі ескерткіші орналасқан. Ескерткіш қалаға кіреберістегі ақын есімімен аталатын көшеде бой түзеп тұр.   

 

2017 жылы шаһардың алпыс жылдық ­мерейтойына орай ашылған бұл ескерткіш көптің қуанышына себеп болған еді. Монументтің биіктігі тұғырымен бірге қосқанда алты метрден ­асады. Ескерткіш қоладан құйылған. Мүсіншілері ­Жаубасар мен Жарылғасын Иғланбекұлы. Олар бұл мүсінді салу үшін бір жылдай уақытын жұмсаған екен. Жауғасар Иғланбекұлы «Іске кіріспес бұрын біз Мәшһүр Жүсіптің өмірін терең зерттедік. Ол өте жан-жақты адам болған. Философия, зерттеу және поэзия шеберлігін меңгерген» дейді.    

Монументті ашар сәтінде тұлғаның шөбересі Абай Шарапиев былай деген еді: «Менің ата-анам Мәшһүр Жүсіп атамның талап қоя білетін адам болғанын айтатын. Ол еңбек еткен қарапайым адамдарды қатты сыйлаған. Баянауылда оның ұсталықпен айналысқан достары өте көп болған. Олардың төрінде менің атам әрдайым қонақ ретінде құрметке бөленген».

Мәшһүр Жүсіп араб және парсы тілдерін жетік меңгерген, көп тілді білген ғұлама ғалым. Заманында өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысқан. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен бірегей тұлға. Ол бар ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады. Ол 10-15 жасынан бас­тап өлең жазып, хат жазарлық болғаннан халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысады. 1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан сынды шаһарларға сапарға шығады. Мәшһүр Жүсіп бір жылдай Бұхара қаласында тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, олардың әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, сол жерде танысады.

Тұлғаның ескерткішінің ашылуына сол кездегі Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов қолдау танытып, «Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп қоғамдық қоры» мұрындық болған еді. Ескерткіш Екібастұзға кіреберіс тұсқа ерекше рең беріп, ел рухын көтеріп тұр.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

1352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы