• Мәдениет
  • 05 Тамыз, 2021

Күріштен жасалған портрет

Дәнді дақылдардан әртүрлі қолөнер туындыларын жасау ісі ертеден-ақ кең тараған. Алматыдағы музей кешенінде жазушы С.Мұқановтың күріштен жасалған түрлі-түсті портреті музей экспозициясына қойылған, бұл әрдайым келушілердің қызығушылығын тудырады. ­Портрет әйнектің астында сақталған, жақтауы қола түсті багет. Қызылордалық қолөнер шеберлерінің туындысы. Атақты күрішші, жазушының досы Ыбырай Жақаевтың арнайы тапсырысымен жасалған.

«Ақ күріштің атасы» атанған Ыбырай Жақаев 1944 жылы күріштің әр гектарынан 110 центнер, 1945 жылы 156 центнер күріш алса, 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген тәжірибе учаскесінің (5га) әр гектарынан 172 центнер өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасайды. Бұған қызығушылық танытқан жазушы Сыр өңіріне арнайы іссапармен барып, атақты күрішшінің өзімен, күріш өсірудің қыр-сырымен танысып, айлап жатады.

Соның нәтижесінде 1948 жылы әйгілі «Сырдария» романы жарыққа шықты. Романда сұрапыл соғыс жылдарындағы тылдағы еңбеккерлердің жанкешті еңбегі, отаншылдық рухы суреттеледі. Басты кейіпкері – Сырбайдың жүріс-тұрысы, еңбек жолы Ы.Жақаев өмірінен алынып, шығарма негізіне айналған. Шығарма көптеген шетел тілдеріне аударылып, ­таралады. Екеуі содан былай достық қарым-қатынаста болады. Ы. Жақаевты Алматыға келгенінде Сәбең үйіне қоярда-қоймай ертіп алып келіп, қонақ етіп күтіп жіберетін болған. 1970 жылы атақты жазушы 70 жасқа толды. Ы.Жақаев: «Күріш берсем алмайсың, оданда осы портретіңді жасаттым» деп портретті сыйға берген екен. Бұл туралы Ы.Жақаевтың туысы, белгілі жазушы Қуандық Түменбай да музейге келгенде өз естелігімен бөлісті. Музей кешенінің қорында Ы.Жақаевтың Сәбеңмен бірге түскен, күріш алқабында шәкіртімен түскен фотосуреттері сақталған.

Рашида ОТАРОВА,

Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарасты

 «С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

 музей кешенінің» ғылыми қызметкері

 

2661 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы