• Білім және ғылым
  • 05 Тамыз, 2021

АЙНАЛАЙЫН, АБАЙЛА!

Раушан Төленқызы

«Ana tili»

Иә, иә, инемен қазылған құдық

...Ертеректе біреу «Көргенімді айтайын ба? Әлде естігенімді айтайын ба?» дегенде тыңдаушы: «Естігенің жалған болар, көргенің ақиқат, көргеніңді айт» деген екен. Ендеше, мен де әуелі өз басымнан өткенді баяндайын, естігенімді соңыра айтамын.

...Мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмай ауылға қайттым. Үйдемін. Келесі жылы «Абитуриент 81-дің» қатарында тағы бақ сынамақшымын. Өзімше емтиханға дайындалып жүрмін. Есімде, қарашаның 11-і күні болатын. Жеңешемнің (мен апамның баласы болғандықтан анамды «жеңеше» деп өстім) әпкесі Ізеткүл ­апайым үйін әктеуге көмектесуге шақырды. Өзінің қызы – Айым бар, көрші-көлемнің қыздары бар, бәріміз жабылып әп-сәтте алты бөлмені ағартып шықтық. Сырлы еденді айнадай етіп жудық. Төргі бөлмеге оюлы текеметті төсей бергенде бұрышта әктің екі-үш тамшысы қалып кеткенін аңдадым. Ол ақтаңдақты ысқылап сүртіп алсақ да болатын еді. Неге екенін қайдам, еденді тұтас жуып шығайын деп ойладым. Табалдырыққа жақындай берген кезде сол қолымның алақанының астында қу ағашты сындырғандай әлдене шарт ете қалды. Санамнан тыс «Ине!» деп шыңғырып жібердім. Басқалар жаныма жетіп келді. Сол үйдегі Күлдәрі әжей «Тәйт әрі! Бағанадан бері қаншама қыздар жуып шықты. Солардың қолына неге кірмеген?!» деп жекігенде әлде сескеніп қалғаннан, әлде алақанымның жан шыдатпай ауырғанынан ба, сенесіз бе, «Ине» деген сөз сол сәтте-ақ ойымнан шығып кетті...

 Алақаннан басталған ісік түн ортасында сол иығымның топшысына дейін күп болып ісіп кетті. Ертесіне таңертең үйдегілер ауылдағы ауруханаға алып барды. Институтты жаңа бітіріп келген жас маман Әбдіраман Үсенов «Не болды?» деп сұрады. Дәрігерден қорыққанымнан «Білмеймін, алақаным» дей беріппін. Ол бармағымен алақанымды қаттырақ басып қалғанда жаным көзіме көрінді. «Ауданға Ақкөлге апару керек. Төке, өзіңіз машина таппасаңыз біздің «Жедел жәрдем» бұзылып тұр». Шыр-шыр етіп «Бармаймын да, бармаймынға» бастым. «Бағыма қарай», совхоздағы көліктің бәрі шаруашылықтан босамай қалды. Ол кезде бүгінгідей ағылып жатқан көп мәшине жоқ. Сырқыраған сол қолымды құшақтап үйге келдім. Келсем, көрші Жұмабек жәкемнің үйінде соғымға соятын түйені қорасының алдына байлап қойыпты. Жөн білетін үлкендер «Түйенің шудасын тұзға қайнатып, сор мақтаны жылыдай орап қойса, ісігі қайтады» дегенді айтты. Оны естіген көрші-көлемнің балалары жабылып түйенің мойнына жармасты... Жануар, жуас екен.

«Сор мақтаны» қанша күн тартқанымды қайдам, әйтеуір бір күндері иықтан саусақтың ұшына дейінгі ісік қайтты. Бұйырмаған шығар, әлде жазмыш солай ма, сол аралықта ауданға, ауруханаға ешбір жол түспей қойды. Жастық па, әлде шынымен қорықтым ба, жаныма қанша батса да емдеу мекемесіне бармағаныма іштей қуанып та қоям. Қолымның күндіз-түні шыдатпай ауырғаны да басылды. Бірақ... Сол қолымның алақаны бүгілмей қатып қалды. Оның үстіне күннен-күнге сол қолым тырнағымнан бастап білегімнің ортасына дейін қара шілтері қолғап кигендей болып қарая бастады. Үйдегілер қанша ұрысса да енді дәрігерге барудан мүлде бас тарттым. Өзімді өзім қолға алдым. Күн демей, түн демей массаж жасаймын. Саусағымды бүктеп алып келіп алақаныма жинап, оң қолыммен басып тұрамын. Сәл босатсам болды саусақтарым серіппедей серпіліп бұрынғы қалпына қайта барады. Жаным көзіме көрініп ауырса да қол еңбегімен айналысып, тіпті кірді де қолмен жудым. Массаж жасап отырғанда түйсігіммен бір білгенім буыныңды да, бұлшық етіңді де жалпы тұла бойыңды бос ұстап отыру керек. Қанша ауырса да тіпті тістенуге болмайды. Өйткені ауырсынып бойыңды, бұлшық етіңді жиырып алсаң, массаж дарымайды. Массаждан кейін алақаным сәл жұмсарып қолымның, білегімнің терісі қоңыр тартқандай болады. Соған қарап қолымның бұрынғы қалпына келетініне үмітім ояна бастады. Ара-арасында ауырсынғаннан азды-кемді өксіп алып, көзімнен жас парлап отырып ертесі массажды тағы қайталаймын. Алайда қолымның терісінің қараюы білектен жоғары өрлей берді. Менің жайымнан ауыл-аймақ хабардар болды. Дәрігер келіп ұрсып та кетті. «Рентгенге апарайық» дейді. Мен көнбеймін. Болмаған соң жеңешем қаздың майын тауып алып келді. «Мынамен сылашы, бір себі тиер» деп. Расында, маймен сылап, массаж жасағаннан кейін ертесіне қарасам білегімдегі терінің қарайғаны әдеттегідей бір елі жоғары көтерілудің орнына бір елі төмендепті. «Ох!». Бұрынғы бұрынғы ма, енді қаздың майын барынша сіңіре сағаттап сылап массажды үдеттім. Арасында үй тірлігінен де қалмаймын. Өйткені қатып қалған алақанды икемге келтіру керек қой.

Желтоқсан өтіп, жаңа жыл жақындады. Қаздың майының себі тигені ғой, құдай оңдап сол қолымның терісі түгел бұрынғы табиғи қалпына келді. Қолым жұмсарып, саусақтарымды емін-еркін бүгіп-жазып, әлсіз болса да жұдырығымды жұма аламын. Алақанда жастықша тәрізді екі бұлшықет бар ғой, біреуі бас бармақтың бауырында, ал екінші жастықша кішкентай бөбек, яғни бесінші саусақтың тұсында. Байқаймын, кішкентай бөбек саусақтың жағындағы жастықшаға, яғни бұлшық етке оң қолымның саусақтарының ұшымен массаж жасасам әлдене алақан сүйегіме батып ауыртатынын сезіне бастадым. Содан, енді массажды бұрынғыдай қатты емес, әр саусағыммен аялап қана бұлшық етімнің ауырған тұсын қаздың майымен сылай жүргізетін болдым. Жаңа жыл өтті. Қаңтардың 5-і, кешкі сағат 17-нің шамасы... Ас үйде жеңешем екеуміз ғана шай ішіп отырмыз, терезеден күнбатыстың қызғылт шапағы құйылып тұр. Бауырларым далада аққала соғып, сырғанақ теуіп жүр. Дастарқан басында отырағанда күндегі әдетімше сұқ саусағыммен алақандағы томпақ бұлшық етті жайлап сылай отырдым. Бір кезде... Оң қолымның бас бармағымен сұқ саусағымен бұлшық етімді сәл шымшыдым... Сөйткенше болған жоқ, маңдай тердей шып етіп моншақтай бір тамшы су шықты. Шошып кеттім. Тағы да екі саусағыммен бұлшық етті шымши қыстым. Әлгі су шыққан жерден... Сопаң етіп бір қап-қара «тікен» шыға келді. Жүрегім қатты дүрсілдеп кетті. «Жеңеше, мынаны қараңыз!» даусым қатты шықты. Жалт қараған жеңешем жалма-жан менің қолымды қатты ұстап алды. «Қорықпа. Ауыртпаймын, ауыртпаймын» деді де, әлгі қап-қара «тікенді» алақанымнан суырып кеп қалды. Артынша «Ине!» деп шар етті. Мен де «Қане?» дедім. Күздің күнгі үй әктегендегі «Ине!» дегенім есіме сарт ете қалды.

Адам айтса нанғысыз, өйткені менде дәлелдейтін ешбір медициналық анықтама жоқ. Бірақ алақанымдағы бұлшық етке қарашаның 11-і күні кірген ине осылайша қаңтардың 5-і күні шықты. Дереу сызғыш алып келіп инені өлшедік. Ұзындығы 2см 6мм, яғни 26 миллиметр. Көрші-қолаң түгел құлақтанып, менің қолыма кірген инені келіп көрді. Ал, енді ине қалай тамырды бойлап жүрекке жетпеген десеңіз, иненің ұшы сынып кетіп, жіп өткізетін тұйық жағымен кірген екен. Алақан неге бүгілмей қалды десеңіз, Әбдіраман дәрігер ісініп тұрған алақанымды қолымен басып қалғанда алақандағы екі жастықшаның ортасындағы сіңірге тіреліп қалған. Олай деп анық айтатыным сіңір саусақтың бүгіліп жазылуына жауап береді. Байқасаңыз, бас бармағыңызды алақандағы екі жастықша, яғни бұлшық еттің ортасын қаттырақ бассаңыз сіңірге батады. Ине, міне, сол жерге барып қадалған. Қадалған да, тістей қатып, сіңірді не әрі, не бері қозғалтпай, қақпанға түскен қасқырдай шарасыз қалдырған. Саусақтардың бүгілмей, сіңірдің сіресіп қалғаны содан болса керек.

Айтпақшы, әлгінде «қара тікен» дегенім бұлшық етті тесіп шыққан ине шор-шор боп, қап-қара болып кеткен екен. «Инені сақтап қоямын, естелік болсын» дегеніме ауылдың үлкендері ренжіп, «Бұл пәлені қайтесің!», қазақы ырыммен «Пәле-жала осымен кетсін» деп басымнан үш айналдырып лақтыртып жіберді. Олар «Ине асыл темірден, яғни болаттан жасалған. Сондықтан ол етті шірітпей өз айналасындағы іріңді бойына жинап қарайып кеткен. Ал егер жай темірден жасалған шеге, не сым болса алақанның етін де, сүйегін де шірітіп жіберер еді» десті.

Құдайдың құдіреті ғой, сол иненің орны, иненің өзі қанша күн бұлшық етте қадалып тұрған болса, бетіне тері бітпей сонша уақыт ашық тұрды. Мен қолымды суға малып аламын немесе қолжуғыштың шүмегінен аққан суға алақанымды тосамын. Сол кезде жасым 17-де болса да, балалығым қалмағаны ма, әлде бауырларымның бір-бірімен жарыса күлгенін қызықтаймын ба екен, «Қараңдаршы, менің алақанымда инемен қазылған құдық бар. Қазір мен сол құдықтан су шығарамын» деп, иненің орны қалған бұлшық етті екі саусағыммен шымшып қалғанымда шприцтен шапшығандай жіп-жіңішке су ытқып шығады. Рас, кейін беті терімен жабылып, иненің орнына иненің жасуындай болып ет біткен. Ептеп бас бармағымен басып көргенге 2,5 ай ине тұрған орын әлі күнге дейін анық білінеді.

...Инеден арылған соң, ортантерек саусақтың ұшынан алақанды, одан білекті бойлай иыққа дейін иненің жіңішкелігіндей күмістен жіп тартып қойғандай болады да тұрады. Жүйке талшығы-ау, сірә. Сол бір арқау сәл күн суытса болды, суық тартып, мұп-мұздай болып сезілетін. Соңғы екі-үш жыл болды, Жаратқанның, екінші ерік-жігердің арқасында жойылды. Есесіне шылдыр шүмектің, яғни төртінші саусақтың өн бойынан бұлақтың сылдырындай бір ағынның жып-жылы болып шылдыр-шылдыр ағып өтетінін анда-санда жүрегіммен сеземін...

Инені жұтып алып, мейрамханаға барды

Қонақта отырмыз. Дастарқан басындағы екі-үш адамның жүзі бейтаныс. Ет желініп, шай келді. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше», емен-жарқын әңгімеден кейін, етене жақын жандардай кезекпе-кезек көрген-білгеннен сөз қозғадық. Төрге таяу отырған көк көйлекті апай Қарағандыдан келіпті. Өзі сөзуар екен. Бәрімізді үйіріп алды. Әңгімесі де жүйелі. Сөз бастарда сыңқ етіп бір күліп алатын өзіне жарасымды әдеті бар екен.

Бір күні үй-ішімізбен әңгімелесіп жап-жақсы отырғанбыз. Бойжеткен қызым инемен тісінің арасын шұқылай бастады. Әкесі екеуіміздің «бұның қалай» деп ескерткенімізге мән беріңкіремеді. Өзі ыңылдап ән айтып отыр. Бір кезде, қалай екенін кім білсін, ине жылп етіп тамағына өтіп кетті. Әбігер болдық та қалдық. Әкесі дереу «Жедел жәрдем» шақырды. Қызым қолды-аяққа тұрмай шар-шар етеді. Қиқулатып «Жедел жәрдем» де жетті. Мән-жайға қаныққан фельдшер қызымызға шұғыл түрде, әбден тойғанша тамақ жегізуіміз керектігін айтты. Оны естіген ата-анада жан қала ма, апыл-құпыл жиналып, ең жақын жердегі мейрамханаға тарттық. Мейрамхана әкімшісіне жағдайды түсіндірдік. Оларға рақмет, зыр жүгіріп жүріп, үстел үстін неше алуан тамақтар мен салаттарға толтырып тастады. Әкесі екеуіміз екі жақтап отырып қызымыздың тойдым дегеніне қарамай, «Тірі қалам десең, мына тамақты тауысып же!» деп жанымыз қалмай барады. Содан, енді болды-ау деген кезде ауруханаға бардық, хирургтар сақадай-сай күтіп отыр екен, қажетті процедурасын жасап болғаннан кейін асқазанды жарып ас-ауқатқа «қамалып қалған» инені алып шықты...

Адамнан араша сұраған мысық

Қаламдас құрбым Алтынай Жолдыбекова  мынадай оқиғаны баяндады. «Дөңгелек» үстелді жағалай үй-ішімізбен тамақ ішіп отырғанбыз. Бір кезде мысығымыз мияулап әрқайсымыздың жанымызға  келе берді. Біреуіміз серпіп, біреуіміз итеріп тастадық. Бала-шағадан қайыр жоғын білді ме, мамамның жанына барды. Бір кезде мамам «Ойбу, жүгермектер-ай, жүгермектер. Мына бейшара ине жұтып қойыпты ғой» деген сөзіне бәріміз елең еттік.

Жаңа ғана жанымызға жуытпай қойған біз жапа-тармағай мысыққа тұра ұмтылдық. Абайлап қарасақ, аузында ұп-ұзын боп, аппақ жіп салбырап тұр. Қалай байқамағанбыз. «Мәссаған!», «уйбай-ай», «мысықан-ай», «инені қайсысың жерге тастаған, алмайсыңдар ма!» десіп шу-шу етеміз. Ең кішкентайымыз Мұрат «Ағатай-ай, ауылып тұл ма?» деп елжіреп, басын сипамаққа кіп-кішкентай қолдарын созды. «Әрі тұрыңдар, әрі. Жанашыр болсаңдар жандарыңа барды ғой» деп, кенже інімді бір қолымен сәл жасқап, сала-құлаш сүйретіліп жүрген жіпті жайлап тарта бастады. Бала мысық, аузын ашып, тым-тырыс тұр. Жіп жайлап суырылып келеді. Енді бәріміз сілтідей тұнып, қарап қалдық. Бір кезде жіп қозғалмай, иненің тіреліп қалғаны сезілді. Кішкентай баланың әлсіз дыбыстағанындай ма, қыңқылдап жылағанындай ма, ауырсына ыңылдады. Байқұстың жанына батты ма, көзінен кәдімгідей жас шығып кетті. Бәріміздің де жанымыз ашып кетті.  Мамам «енді мысықты бауырына алып, ауыртпаймын, ауыртпаймын, шыдашы... қазір аламын» деп, ұзын жіпті біресе жоғары-төмен ырғайды, біресе айналдырады. Мысық «ңияу, ңияу» деп бойын жиырып алды. Жіпті сәл босатып еді, ол да аздап бойын жазды. Бәріміздің жанымыз мысықтың үстінде. Енді мамам мысықтың алдыңғы екі аяғынан көтеріп, балаша тік тұрғызды. Сәл шалқайтыңқырап тұрды да, жіпті бір ырғап алды да, инені суырып кеп алды. Бәріміз қайтадан шу ете қалдық. Бір-бірімізге қарап, ура дестік.

Содан былай мысығымыз мамам отырса отырып, жүрсе жүріп бір елі ізінен қалмайтын болды.

 

3360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы