• Әдебиет
  • 05 Тамыз, 2021

ТІЛДІҢ КЕПИЕТІ (Әңгіме)

Cәуле ДОСЖАН

Көктегі Құдайдың ықыласы түсіп мұнайды бере салған қарт Каспийдің жағасына ­Еуропа елдеріндегідей үлгімен «RIXOS» мейманханасы бой көтерді. Бес қабатты бірнеше үйден тұратын, сәніне салтанаты жарасқан, көрген көзді тойдырып, көңілді шалқытатын ғажайып ғимарат. Ақшаңқан қала Ақтаудан елу шақырым жерге алыстағы ақ отау болып, толқып жатқан көк теңіздің жағасында ертегіден қалып кеткен інжу жұмыртқадай жарқырайды. Жақындағаныңнан әйнек есіктері екі жаққа сырғанай ашылып, құшағына арудай қылымси шақырады. Енгеннен-ақ құлаққа келген әдемі әуен жүрегіңді тербейді. Ат шаптырым салтанатты залдың жарқыраған аспалы шамдары мен алтындатқан жиһаздары көз арбайды. «Осынау жұмақта жанның рахатын көріп, теңіздің тұзды суына шомылып, шаршап-шалдыққанымды басып, апта бойы қызығына қанам-ау!» деп ойлағаннан көңілің құстай ұшып, мейманаң тасиды.

Сен бар болғаны жеті күнге осынша шаттанып тұрсың, ал осында демалушыларға қызмет жасайтын менеджердің ассисенті – Арсен Тахировтың ожар мінезбен ордаңдап, мастанып жүретінін көрсеңіз ғой. RIXOS арғы атасынан мұраға қалғандай, айнадай жарқыраған еденде алп-алп басады. Ресепшндегі қарамағына қарайтын, кезекпен ауысып отыратын бес қыз, екі жігітті жанарының отымен қарып, бидайдай қуырады. Қызмет көрсету жағынан сәл тайқыса, демалушылардың қабағына бұлт ілініп, наразылықтарын сездіре қойса болды қызметшінің мойнына айлығынан жиырма пайыздық айып іле салады. Содан бейшара қыз-жігіттер иненің ұшында тұрғандай иіліп, қылыштың жүзінде жүргендей қылпып тұрғаны.

 Құлсарыда өскен, орыс тіліне судай татар жігіті рухы бір, түркітілдес, мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тіліне құрмет тұрмақ, сондай тіл бар екен-ау  демеді. Мектеп пен университетте ағылшын тілін үйреніп, Англияға барып тілін жетілдірген соң әлемдік алты тілдің екеуіне жүйрікпін деп көкірегіне нан пісіп, қай елде тұрғанын ұмытып қалды. Суын ішіп, отын оттап отырған мемлекеттің ана тілін аузына да алмай, қаламының ұшына да ілмей шалқып жүргенде  қасиетті қазақ тілінің кепиеті ұрды ма, басынан бағы тайып, ойда-жоқта көп асқанға бір тосқан болды...

Таң жайланып атып, күн жайнап шығып, осы сенбі жайдары-ақ басталған болатын. Арсен мырза қарамағындағы компьютермен жұмыс істеп жатқан үш кезекшіге ысқырынып, зәрленіп, шыбындай шырқыратып, тазалықшыларға еденді тілмен жалағандай жарқыраттырып, ресепшнге келген демалушыны тұздай көзімен алыстан атып сазарып тұрған. Сол екі арада ортадағы тіркеуші қыз Екатерина әлдебір қағазды іздеп кеңсеге жүгіре жөнелді де, Арсен оның компьютеріне жақындап бірнәрсеге қадалып тұрды. Спорт костюмімен, басына жеңіл қалпақ киген орта жастағы әйел келіп:

– Балам, есіктің кілтін күніне бір рет қуаттап тұрмасақ ашылмайды. Мен әлемнің RIXOS-терінде демалып жүрмін, мұндай мәселе көрмедім. Тіпті кеше түнде де есігім ашылмай, келіп қуаттап барсам тағы ашылмай, қайта келдім. Осыны жөнге салуға болмай ма? – деп, қолындағы тілдей электронды кілтті ұсынды.

Арсен әйелдің өзіне тіл қатқанын ұнатпай, зілдене кілтті қайта қуаттап жатыр еді, әйел бетіне қарап:

– Жарығым, сен қазақша түсінбедің бе, мен саған сөйлеп жатырмын, сұрағыма жауап бермедің ғой? – деді.

– Маған сіздің тіліңіздің керегі жоқ! – деп, әйелдің өз ана тілінде дабырлап сөйлегенін жақтырмай тұрған Арсен орыс тілінде дүрс ете түсті. Әйел де орыс тіліне қаражаяу емес екен:

– Менің тілім – мемлекеттік тіл! Ол неге саған керек болмайды, білуге міндеттісің! – деп шап ете түсті.

– Орыс тілі де – мемлекеттік тіл! – деп бұл да баж етіп, кілтті әйелдің алдына тастай салды. Сол арада жетіп келген Катя қыз кілтті қолына алып, күлімдеп әйелге ұсынды.

– Орыс тілі – ресми тіл. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі! Оны Қазақстанда тұратындар, әсіресе қызмет істейтіндер білуге міндетті! – деп ана әйел де қояр емес. Басынан сөз асырмайтын менеджердің ассисенті:

– Керек болса менімен ағылшынша сөйлесіңіз, мен сізді түсінбеймін! – деп даусын көтере, көкжасыл жанарынан ұшқын ата ­жауап берді. Ішінен «ағылшынша қайтіп жауап берер екен мендей білгішке» деп масайрап тұр. «Өмірінде бір «RIXOS» мейманханасына жатқан екен, жетісіп қапты ғой, қырдың қазағы» деп ойлап та үлгерді.

– Сен мені неге түсінбейсің?! Ағылшынша Еуропаға барып сөйлес, маған менің елімнің мемлекеттік тілінде жауап бересің. Мен сені сөйлетем, – әйел даусын көтеріп, қатты шаңқылдады да, телефонын ала салып суретке түсіре бастады.  Сол-ақ екен, Арсен Тахиров қаны басына шауып, екеуінің ортасындағы үстелді итере-митере ұмтылып, әйелдің қолындағы телефонды жұлып алды. Әйел де мұндай көкбет болар ма:

– Бер, телефонымды! Мен бұл инсидентті жай қалдырмаймын! Түркиядағы басшыларыңа шығамын. Халықаралық мәселе етіп көтеремін! – деп Арсеннің қолынан телефонын жұлып алып, сырт еткізіп үлгерді. Телефонның сырт-сырт еткен дыбысы, Арсеннің төбесіне тарс-тарс ұрғандай әсер етті.

Екеуі алпарысып жатқанда есік түбіндегі қауіпсіздік қызметкерлері байқап қалып, жүгіріп жетті. Әйелді шетке шақырып, күзет қызметінің сол күнгі жауапты жетекшісінің кабинетіне алып кетті.

Арсен Тахировтың қаны басына шауып, жүрегі дүрсілдеп: «Мемлекеттік тіл дейді ғой! Оның тілін кім біліп жатыр. Күллі жұрт орыс тілінде сөйлеп, ағылшын тілін үйреніп жүр. Мықты ел болса мемлекетінің тілін тек қазақ тілі жасамады ма!» деп жанындағы көмекшісі Катяға бұрқылдап сөйлеп, әкелген қағазын қолға алды. Сары шашы күзде піскен бидайдың сабағындай жылтыраған, аспан көз қыз бастығына жағынып:

– Арсен Арсланович, қайтесіз сол әйелдің сөзін, дүйсенбі күні кетеді де бәрін ұмытады, біз қазір-ақ ұмыттық, – деп мұрнының үстіндегі секпілдері бұрынғыдан қарала-құрала болып, беті жалпая түсіп күлімсіреді.

Арсеннің шыныдай көк көзі қағазда қадалғанымен, көңілі бағанағы әйелдің барлық әріптестерінің алдында масқаралап кеткенінде. Жаны жай таппай, жан-жағына қарап тұр еді, әйелді алып кеткен қауіпсіздік кезекшісі келді:

– Арсен Арсланович, жаңағы әйел Астанадағы телеарнаның басшысы екен. Бас менеджерді шақырыңдар деп талап етіп жатыр. «Бүгін сенбі, ертең жексенбі демалыс күндері басшылар келмейді» деп әрең тоқтатты Қауіпсіздік бастығы» деп жайсыз хабар айтты.

Арсеннің «Астанадағы телеарнаның басшысы екен» дегенінен жүрегі табанына түсті. «Таңертеңгі түріне қараса, ауылдан келген сауын­шы сияқты еді» деп әйелді қанша менсінбегісі келгенімен, жүрегінің түкпірінен бір қорқыныш басын көтерді. Түске дейін жанындағыларға сыр бермегенсіп, тіпті күндегісінен көңілді көрінгенсіп жүрді. Қауіпсіздік кезекшісінің: «Бас менеджерді шақырыңдар деп талап етіп жатыр» дегені жанын жауратып, мәселенің жай қызмет көрсетудегі кемшілік емес, мемлекеттік тіл мәселесіне тіреліп тұрғанын ойлап зәресі зәр түбіне кетті. «Түркиядағы басшыларыңа шығамын. Халықаралық мәселе етіп көтеремін!» дегені тегін болмады. Демалыста жатқан бастығы түскі  тамағын ішіп болды-ау дегенде кеңсеге оңаша барып телефон соқты. Жағдайды жұқалап жеткізді. Арсен Тахировтың мәлімдеуінше: есігінің кілтінің қуаты таусылған әйел ресепшнге келіп шу шығарған. «Қызмет көрсетулерің нашар, басшыларыңды табыңдар» деп талап етіп, бастыққа айтатынды маған айтыңдар деген өзін суретке түсіріп алған.  Шу шығарған соң қауіпсіздік бастығын шақырған болып шықты. Мәселені осылай жеткізген соң, Бас менеджер:

– Сендерге есіктің кілтіне шағым баяғыдан түсіп жүр, ескеріңдер дегем. Ол әйел қашанға дейін болады екен, – деп сұрады.

– Дүйсенбі қайтады, – деп Тимур мүмкіндігінше елеусіздеу етіп айтқан болды.

– Кешірім сұрап, шығарып салыңдар, – деді бастығы.

– Сәбит Нұрғалиевич, мен сізді тек хабардар етіп қояйын дегенмін, – деді жағымпаздана.

– Дұрыс, мен бәрінен хабардар болуым керек, – деді бастығы қызметкерінің тиянақтылығына риза болған үнмен.

«Ең, негізгісі шеф біледі! Ол әйелден кешірім сұрап қайтемін, ертең кетеді» деп көңілі жайланған менеджердің көмекшісі өзі ойлағандай аман-есен жұмыс күнін аяқтап, әйелге шаң қаптырдым деген оймен үйіне қайтты. Бірақ жүрек құрғырдың сезбейтіні бар ма?! Дүйсенбіге дейін суыт бір жағдай болатындай суылдап, сол көзінің қабағы тартып, ұйқысы бұзылып әбден мазасы қашты. Түн суытып, күзгі жауын терезені шертті.

– Түнде мазаң болмай шықты ғой, қайта-қайта тұрып, – деді таңғы кофені қайнатып жатқан келіншегі.

– Аспанды қарасаңшы, қара бұлт басып тұр. Соның әсері болар, жүрегім қысылып шықты, – деді де, тостерден нанын алып орындығына жайғаса кетті. Алды-артымды өрт алды деп қалай айтсын. Келіншегі:

– Желбегейіңді ала салсаңшы, қара бұлт қаптап келе жатыр! – деп қамқорсып шығарып салды.

Маңайды сұрғылт тұман бүркеп, қорғасындай қара бұлт болып Ақтаудың аспанына ғана емес, Арсен Альбертовичтің өміріне де құйындатып, дауылдатып бір сұмдық төніп келе жатты. Жұмыста қызметкерлерін тексеріп болып, енді менің көзімнен таса қалған не бар деп жан-жағына тіміскілене қарап тұрды. Ұзын дәліздің түбінен үстінде ұлттық дәстүрде тігілген әдемі қызыл панбарқыт желбегейі бар, қалың шашын төбесіне жинаған, өкшесі бір қарыс әсем топылайын тық-тық басып, сұңғақ бойлы әйел келе жатқанын көрді. Көзінде үлкен қара көзілдірік. Еркек емес пе, сымбаты келіскен жанға сүзіле қалды. Әйел тура ресепшнге тартты. Дәл жанына келіп:

– Сәлеметсіздер ме, Бас менеджердің кеңсесі қайда? – деп сұрағанша танымады.

«Түріне қараса, ауылдан келген сауыншы сияқты» деп сенбі күні менсінбеген әйел! Бастығын сұрағанда зәресі зәр түбіне кетті. Әйелді көрмеген болып шеткі есікке зып берді. Тіркеуші қыз:

– Не шаруамен жолығайын деп едіңіз, біз көмектесейік, – деп жылы сөйлеп жатыр.

– Маған Бас менеджер керек! – деді әйел айтқанынан қайтпай.

– Ол кісі әлі келмеді.

– Сағат оннан асты ғой...

– Ол кісі қалаға жиналысқа кетті...

– Ол келгенше күтемін.

– Түстен кейін келеді, – деді Катя қыз «даукес әйелді» танып.

Әрі оның сағат түскі 12-де бөлмені босатуы керек екенін біліп тұрып. Бар ойы әйелді ғимараттан шығару, әйтпесе, әріптес кіші бастығына мына әйел абыройсыздық жасағалы тұрғанын іші сезді.

– Жақсы, мен бастығыңызға жолыққанша осында отырамын, – деді де әйел холдың үлкен терезелерінің алдындағы жасыл диванға барып жайғасты.

Арсен сығалай қарап тұрған жерінен шығып Катяға келіп:

– Кетпеймін дей ме? – деді. Секпіл бет сары қыз қазық басы қақаңдап:

– Бастығыңды күтемін деді, – деп жауап берді.

– Ол бүгін кетпеуші ме еді? – деп, Арсен компьютерге төніп, әйелдің бөлмесінің нөмірін терді.

– Иә, оған барып түскі 12-ден қалмай шығуы керегін ескерт! – деді. Іш есебінде – әйел кетеді, бар бәле де сонымен ілесе кетеді. Катя әйелдің жанына барып,  аузы-аузына жұқпай сөйлесті де қайта келіп:

– Арсен Арсланович, ол әйел бастықтарыңа жолықпай кетпеймін, тағы создырамын деді, – деп көзі атыздай болып жауап берді.

– Қырсық! Ол бәледен қалай құтыламыз енді... – деді де Катяны өзімсініп, сөзінің соңына балағат қосып жіберді.

Арсен «Мына қатынның, көкбетін-ай! Қайдан ғана байланыстым!» деп холлдың түкпірінде қаққан қазықтай болып теңізге терезеден көз салып отырған әйелге жын көргендей алыстан зәрін төгіп жүр. Түндегі қара бұлттың көбесі сөгіліп, түске қарай Күн қақ төбеге көтеріліп, сәулесі күллі мейманхананың әйнектерінен ішке молынан құйылып атшаптырым холдың бұрыш-бұрышындағы интерьерлік бұйымдарды жарқыратып көрсете бастады.

Сыртқа шығатын әйнек есік сырылдап ашылып, Бас менеджер – Сәбит Нұрғалиұлы енді. Жанында Толағайдай тау тұлғалы қауіпсіздік қызметінің бастығы бар. Екеуі көзіне түсісімен Арсен алдарынан шығып амандасты. Ондағы ойы дәл қазір бәлеқор әйелді көрсетпей, бастығын кабинетіне ұзатып жіберу. Ол Бас менеджерді сөзге айналдырып, бөліп алғанымен қауіпсіздік қызметінің бастығы қарсы жаққа бұрылып бара жатып, холлда отырған, өткенде күзетшілері алдына әкелген әйелді көріп қалды. Жанына жақындап:

– Апай, сәлеметсіз бе? – деп ізетпен амандасты. Әйел де оны бірден танып, көргеніне қуанып қалған нышанмен:

– Сәлемет пе, айналайын, мен сізді күтіп отыр едім, – деп жауап берді.

– Сіз өткенде бүгін қайтамын деген едіңіз?

– Уақытымды тағы екі күнге создырдым. Арсен Тахировпен арадағы инсидентті біржақты етпей кетпеймін. Ана тілімді, мемлекеттік тілді басқа мемлекеттен келіп жұмыс істеп жатқандарға қорлатпаймын, – деп табандылықпен өз мақсатын жеткізді.

Мәселенің тереңдеп кеткенін байқаған қауіпсіздік қызметінің бастығы:

– Тахиров Қазақстанның азаматы, мына Құлсарыда туған. Ұлты татар, – деп нақтылап түсіндірді. Арғы ойы өкпе өршіп кетпесін деп.

– Ендеше, тіпті керемет! Оның қазақ тілінің керегі жоқ дегеніне мен басқа мемлекеттен келген екен деп ойладым. Татар тілі мен қазақ тілі туыс.  Оны үйрену Еуропаның тілдерін үйренуден қиын емес. Қазақстан азаматы Ата Заңында жазылған мемлекеттік тілін білуге міндетті, – деп әйел нүктесін қойды да:

– Шырағым! Маған бастығыңды тауып бер! – деп талап етті.

Өзі бастығымен есіктен бірге енгенде көріп қалды ма деп, шын ниетімен:

– Қазір, апай, ертіп апарайын, – деп екінші қабатқа көтерілетін баспалдаққа бастады. Батыс жақ қабырғасын түгелдей терезе алған шағын ғана бөлмеде алдынан шығып:

– Мен Сәбит Нұрғалиұлы боламын, апай! – деді ұзын бойлы жұқа жігіт.

– Өте жақсы, жарығым, – деген әйел өзін –  журналист Әсем Жомартқызы деп таныс­тырды. Қауіпсіздік қызметінің бастығы екеуін кездестірді де, есікті ақырын жауып шығып кетті.

– Кешелі-бері өзіңді күтіп жолдан қалдым, – деп әңгімесін бастаған әйел болған жайды түгелдей баяндап, телефонынан Арсеннің суретін көрсетті. Екі бет қағазға қолмен қазақ және орыс тілдерінде жазып алып келген шағым-хатын қоса берді.

Бас менеджер әйелдің сөзін бөлмей түгел тыңдап шықты да:

– Маған бұл мәселені Тахиров айтқан. Бірақ жағдайды басқаша түсіндірген болатын, рұқсат етсеңіз, осы жағдайды көрген ресепшн мен күзет қызметкерін, Арсен Тахировты шақырайын, – деді.

– Дұрыс болар еді. Кеше ғана Бұқаралық ақпарат құралдары «нағыз мемлекетшіл әкім – Маңғыстаудың әкімі. Ол Ресей тіліндегі сұрақтарға да мемлекеттік тілде жауап берді!» деп жаһанға жар салып жатқан. «Маңғыстау облысы әкімінен Үкімет басшыларынан ­бастап, барлық министрлер, әкімдер, депутаттар, жалпы мемлекеттік қызметкерлер үлгі алуы керек! Орталық коммуникация қызметінде есеп берген облыс әкімі өзге ұлт өкілдерінің орысша қойған сұрақтарына қазақша жауап беріп, ұлттық және мемлекеттік мүддені қорғай білген саңлақ саясаткерлігімен елді риза етті. Қаны бар қайраткердің қайраты да нар болатыны анық» деп жазып жатыр.  Президентіміз «Ана тілімізді ардақтамасақ – елдігімізге сын!» деп жар салып жатыр. Ал мында сіздер бөлек мемлекет болып отырсыздар, – деп сөзбен шымшып алды. Жас басшының шамына тиіп кетті ме:

– Апа, біз де мемлекеттік тілдің мәртебесін ойлаймыз, – деп келе жатыр еді, есік қағылды.

– Рұқсат! – дегенді естіген соң екі еркек пен бір қыз сау етіп кіріп келді. Екі жақ бір-бірімен амандықтан соң жас басшы орыс тіліне көшті:

– Сіздер сенбі күнгі таңертең демалушымен Арсен Тахировтың арасында болған жайсыз жағдайды көздеріңізбен көрдіңіздер ме?! – деп күзет қызметкері мен ресепшн қызметкеріне қарады.

– Көрдім! – деді секпіл бет, көзі тұздай қыз.

– Мен соңғы жағын ғана көрдім, – деді күзет қызметкері.

– Міне, шағым-хат, міне сурет. Сурет телефонды тартып жатқанда бұлдырлап түсірілген. Мен бағанадан шағым иесі – Әсем Жомартқызын тыңдадым. Ол кісінің мәлімдеуі сіздің маған жеткізгеніңізден басқаша өрбиді Арсен Арсланович, – деді. Дәу сары жігіт бастығының алдында қайқақтап қып-қызыл болып, тұтыға:

– Мен де сізге болған жайды айттым, – деді.

– Маған айтқаныңызды қайталап шығыңыз, – деді бастығы. Арсеннің баяндауы бойынша: «кілті есікті ашпаған демалушы мейманхананың қызметіне наразылық айтып, ашуланған. Орыс тілінде сабырға шақырған ­Арсенге айқайлап суретке түсіре бастаған. Сол үшін телефонын қолынан алып алуға тырыстым» деп жайма-шуақтандырып, бар кінәні әйелге аударып аяқтады.

– Ал, шағым-хатта басқаша, – деген басшы, хаттың  орыс тіліндегі нұсқасын зуылдатып оқып шықты да:

– Қайсысының айтуы шындық? – деді Екатеринаға қарап.

– Инсидент мемлекеттік тілге байланысты басталды, – деді де орыс қызы әріптесін қанша қорғағысы келгенімен, түбінде шындық ашылып қалар деді ме, болған жайды сол қалпында баяндап шықты. Мұндайды күтпеген Арсен Тахиров әріптесін көзімен атып, қызара бөртіп, зілденген пішінде отырды.

– Апай, бұлар әлі жас қой, кешіріңіз! Енді келушілермен мемлекеттік тілде сөйлесуді біз де талап ететін боламыз, – деп қипақтай қарады әйелге. Әсем Жомартқызы:

– Міне, есіктен аттағалы төртеуің де Қазақстанда отырып, мемлекеттің тілінде бір ауыз сөйлемедіңіздер, – деп еді, бастық:

– Апай, мына екеуі түсінбейді ғой, – деп ақтала бастады.

– Бәрі осы, бір орыс отырса қалған он қазақ «бәріне түсінікті болу үшін» деп ресми тілде сөйлегеннен басталады. Бірінші басшы мемлекеттік тілді сыйласа, мына жігіт маған «сенің тіліңнің маған керегі жоқ» деп бетіме басып, «маған ағылшын тілінде сөйле» деп мазақтамас еді. Тілімізді сыйламақ тұрмақ, аяқ тартпады ғой. Сол үшін бұл азамат осы қызметінен кетуі керек. Сонда ол басқаларға сабақ болады. Әрқайсымыз өз отырған жерімізде мемлекеттік тілді қадірлете алмасақ кім болғанымыз? – деп орыс тілінде сайрай жөнелді.

– Апай, бұл жігіт біздегі негізгі маманның бірі, бірден шығарып тастай алмаймыз. Үйретеміз ғой, кешіріңіз бір жолға, – деп бастық безілдей жөнелді.

– Ол неге өзі үш күннен бері кешірім сұрамайды! Осындай менің ана тілімді де, өз н­амысымды да басынып отырғаны үшін қалдым, – деді. Бастық:

– Апай, қалған күндеріңізді компанияның есебінен төлейміз, – дей бастап еді әйел:

– Әй, шырағым, мені жарылқамай-ақ қойыңдар! Өз несібем өзіме жетеді. Мынаны жұмыстан шығартпасам – менің ұлтымды сүйгеніме сын деген байламға келдім. Татар мен қазақ тілінің арасында көп айырмашылық жоқ ағылшын тіліндей. Ол қазақтарды менсінбей тұр! – деп ашу шақыра бастады.

– Мына Құлсарыда өскен ғой, – деген бастық тағы қызметкерін ақтауға көшті.

– Құлсарыда өссе, ана тілін сыйламай, адайдың арыстандарына қалай сыйып жүр. Бұл оларға мынандай екіжүзділігін көрсетпейді! Егер нағыз адайлар мына сөзін естісе, елден қуып жібереді, – деген соңғы сөзді бәріне түсінікті болсын деп ресми тілде айтты.

Тахировтың астындағы үстел қозғалып, аяғы жер тепкілеп, енді өзіне амандық жоғын білді. Отты көздерімен әйелді жеп жібере жаздап, ашулы ернін жымырып, терісіне сыймай, ішкі толқынысы қызара-бөртіп жылтыр жүзіне шықты. Басына күн туғанын білсе де, орнынан тұрып ұлтының тілі үшін күйінген қазақ анасынан кешірім сұрауға жалған намысы жібермей, тесірейіп отыр. 

Сәбит Нұрғалиұлы әйелдің айтқандарының шындық екенін сезсе де, өз бағалауындағы жақсы маманын жұмыстан шығарып жіберуге қимады. Қайткенде де демалушыдан кешірім сұрап, моральдық шығын өтеп құтылудың жолына кірісті. Әсем Жомартқызы болса алған бетінен қайтпай, демалыс орнының өтемақысынан ұлтының намысын жоғары ұстап, мемлекеттік тілді қорлаған қызметкерді жұмыстан шығартуды талап етті. Солай етпесе, ертең-ақ Тахиров бұрынғыдан бетер қазақ тілін қорлайтынын байқады. Журналист деген мамандық иелері психологтардан адамды кем түсінбейтін. Әсем Жомартқызы Бас менеджердің ешбір келісіміне илікпеген қалпы Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының мәдениет пен туризмді бақылайтын бөлім бастығына жағдайды төгілдіріп тұрып жеткізіп шағым-хат жөнелтті.

Облыс пен қаланың бөлім басшысы бас қосып «RIXOS» мейманханасына келіп, хат иесімен жүздесті. Жағдайдың анық-қанығын біліп, Бас менеджермен кездесіп, Тахиров пен Әсем Жомартованы, Екатерина мен сол күнгі қауіпсіздік күзетшісін шақыртып жиналыс өткізіп, талқылады. Істің нәтижесінде – Арсен Тахиров қанша тіл білетін керемет маман болса да, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін сыйламағаны үшін жұмыстын шығарылды.

 

***

Өз ойынша «қадалған жерінен қан алмай тынбайтын, «тіл мен жағына сүйенген бір бәлеқор әйелдің қырсығынан» айлығы мен майлығы бірдей, жайлы жұмыстан айырылып, дәурені өткен Арсен Тахиров «Ақтаупортқа» барып орналасты. Жылдан аса оның қазақтың тілін сыйламайтыны жайлы жайсыз әңгіме басшылардың құлағына жетіп, өткендегі әйел айтқандай, «нағыз адайлардың арыстандары» сылтау тауып айдап шықты. «Ағылшын тілін жақсы білетін маман қай жерге де керек» деп бөсіп жүргені әшейін болды. Қайда барса да, АҚШ-тан, Еуропадан оқып келген қазақ жастары қызмет істеп жатыр.

Айлығы аз, азабы көп жұмысқа барғысы келмей, басы бұлғаңдап тағы біраз жүрді. Есіл-дерті ақша! Осыдан бір жыл бұрын Арсен ­Арсланович емес пе еді. Атын әлемдегі ауқаттылар құрметпен атайтын RIXOS мейманханасының белді бір қызметкері еді. Бүгінгі жүрісі мен кешегі тірлігінің арасы жер мен көктей. Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам деген рас екен. «Басқа бәле – тілден» деген де бекер айтылмаса керек. Тілдің қасиетін білмеп еді, кепиеті ұрды ма?! Енді не болды, бір тілді қатынның кесірінен күллі тірлігі адыра қалды. Қаржысы болмаған соң тұрмысы төмендеп, отбасында ырың-жырың көбейді.  Ресейде оқып жүргенде үйленген келіншегі орташа өмірді місе тұтпай, кішкентай қызын алып өз еліне тартып отырды. Мардымсыз жұмыстан тапқан тиын-тебенмен ішімдікке салынды. Денесінің қызуын басуға қыз-келіншектерді де алып келді. Еш жерден ойындағыдай жұмыстың орайы келмей жүргенде баяғы ұлтшыл әйелге кеудесінде кек тұтанды. Күйзелді, өзін-өзі оймен мүжіді. Өмірінің осылай қырын кеткеніне сол кінәлі, «сол әйел артыма түсіп май шелпек қызметімнен қудырмағанда шаңырағым да шайқалмас еді» деп ойлап, ұйқысы бөлінді. Өзіне ұқсаған аспанкөз періштесін сағынды...

Аты-жөнін білетін әйелді интернеттен іздеп тауып, әлеуметтік желіден нақтылады. Ішіп алса болды сол әйелге бір жамандық жасаса, кегі қайтып, көңілі тыншып, баяғы өмірі қайтып келетіндей көрінді де тұрды. Әйелге деген қараниеті буындырып жан таптырмай, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған соң ұшақпен Астанаға тартты. Әсем Жомартқызының қызмет орнын тауып алып, сыртынан аңдуға кірісті. Жұмысына жеке көлігімен келеді. Арсен  такси жалдап соңынан ілесіп отырып үйіне дейін барды. Жекежайда тұрады екен. Көлік тұрағының  қақпасы алыстан пультпен басқарылып, жоғары қарай көтерілгенде көлігімен ішіне еніп кетті. Тура көзінің алдында сырылдап қақпа жабылды. Қызмет орнына кіре алмайды, айналдыра күзетте. Үйінің алдында ұстай алмайды, үш метрлік қорғанға айналдыра камера орнатып тастаған. Енді қайтпек?!

Айналасына алақ-жұлақ қарап, мына екі қабатты, әйнек терезелері көп үйге кірудің жолын іздеп, үш айналып шықты. Ит тұмсығы батпастай қоршау. Арғы жағынан алабайдың арпылдағаны естіледі. Бір кезде есік алдына дәу қара көлік тоқтап, ішінен қолында портфелі бар, ұзын бойлы еркек түсіп қақпаға беттеді. Қақпа ашылып күзетшінің алабажақ киімін киген жігіт шығып есікті айқара ашып, кіргізіп алды. «Келген үйдің қожайыны, ана әйелдің күйеуі болар. Күзетшілер бар екен» деп ойлап қойды аңдушы. Күзетші дарбазаны ашып қара мәшинені өзі айдап кіргізіп алды. Алыстан қарауылдап тағы біраз жүрді де бүгін ештеңе тындыра алмасын біліп, қарсыдағы саябаққа тартты. «Ертең жексенбі. Демалысты қалай өткізер екенсің, «жалмауыз кемпір», сонда кездесерміз» деп ойлап ұнжырғасы түсіп, жалдаған пәтеріне қайтты. Жолай шағын маркетке кіріп нан, жұмыртқа, айран алды. Жұмыртқаны қуырып теледидар алдында отырып жүрек жалғады.

Түнімен мазасы кетті. Түрлі түс көріп, көрпесі тұншықтырды. Ұйықтаған, ұйықтамағаны белгісіз, аласұрып шықты. Төсекте аунап жатты да, «Мен ұйықтау үшін келген жоқпын ғой. Ерте барып аңдиын. Мүмкін ол әйел сыртқа шығып қалар» деп апыл-ғұпыл атып тұрды. Бетін шала жуып, қалпағын басына жапсыра, күртешесін жүре киіп, далаға тартты. Жерге жарық түскенімен, көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Тек ары-бері көлік ағылуда. Сарыарқаға да көктем келіп қалыпты, иісі салқын ауамен санаңды сілкіндіреді. «Бүгін қолыма түсерсің, «жалмауыз кемпір!» деп тісін қышырлата қайрап, үйді айнала бере алдынан бүлкектеп бұралқы ит өтті. «Бүгін жолым болады!» деген ой келді. Аялдамада екі-үш адам қараңдайды. Оларға жақындап келіп, өзіне керек бағытқа баратын автобустың санын сұрастырды. Көп кешікпей, күткен көлігі де келді.  Екі ортасын резеңкемен қосып қойғандай «гормошка» деп аталатын автобус жауынқұртша ирелеңдеп жүріп саябақтың алдына түсіріп кетті.

Қыстан жалаңаш шыққан ағаш бүрлей бастапты. Арсен ортасын қақ жарып өтіп, кешегі «жалмауыз кемпірдің» үйінің тұсынан шықты. «Соверен» деген темекінің бір талын алып езуіне қыстырып, кешелі бері қарауылға алған ақ үйге тесілді. Терезелерінде жарық бар. Жібек шілтердің арғы жағынан үй ішіндегілердің көлеңкелері көлбеңдейді. Тағы қанша  жүргенін кім білсін, саябақтың ішінде адам қарасы көбейді. Біреулер көліктерін тоқтатып қойып, саябаққа кіріп теренкурды бойлап жүгіріп, турниктерге тартылып спортпен айналысып жатыр. Арсен жолдың бойымен ары-бері дамылсыз жүріп, саябақтың басына бір, аяғына бір шықты.

Бір кезде ол көздеген үйден біреу шығып саябаққа қарай жүрді. Тұлғасының жіңішкелігіне қарап, «Жалмауыз кемпірдің» өзі болса екен?» деп ойлады. Қарсы жүріп, алдынан шықты. Спорт күртешесін киген сол екен! Мұндай қуанбас. «Қанды басың бері тарт!».  Құрығына өзі келіп түсетін түрі бар.  Бұл ойын жинағанша әйел алдын кесіп жүгіріп өтті. Қолында шағын гантелі бар. Онысымен қолын ары-бері сермелеп барады. Арсен қуанғанынан маңайына көз салмай, әйелге ерді. Үлкен үйдің қақпасынан әйелдің соңынан алыстан күзетшісі де ілескен болатын. 

Әйел саябақтың ортасын кесіп өтіп, оң жақтағы жаттығу алаңына қарай тартты. Кек қуған жігіт жылдамдата басып, арақашықтықты жақындатты. Алаңшада бір-екі адам дене қимылдарын жасап жатты. Әйел солардың маңайында иіліп-тұрып, аяқ-қолын созып, гантелін сермелеп жаттыға бастады. Оның алаңсыз жаттығып жатқанын көріп күзетшісі алыстан бақылап, темекі шегіп тұрған.  Арсен дәл осы кезде әйелдің жанына келіп:

– Асем?! – деді қарлығыңқы дауыспен. Еңкейіп тұрған әйел басын көтеріп:

– Да! – деді бейтаныс еркекке. Жарты жыл бұрын шала шарпы көрген адам қайдан есінде қалсын.

Арсен «жалмауыз кемпір» екеніне көзі жеткен соң әйелді итеріп жіберді де, қолынан түскен гантелді жерден сондай бір жылдамдықпен жұлып алып, жығылып бара жатқанында басынан періп-періп жіберді. «Ойбай!» деуге ғана шамасы келген әйел біржолата сәуірдің сәулесінен енді-енді жібіп келе жатқан қатқыл қара жерге сұлады. Шаруа­сын тындырғанына кегі қайтқандай болған Арсен саябақтың  басына қарай аяқ-қолы жерге тимей зымырай жөнелді.

Алыстау тұрған күзетші әйелдің шаңқ еткен дауысы құлағына жетісімен жалт қарағанында қашып бара жатқан күртешелі еркекті байқап қалып, соңына түсті. Арсен саябақтың үлкен қақпасынан шыққан соң соңымнан қуғыншы жоқ деп ойлап, баяу жүріске түсіп бағдаршамнан көппен бірге өтіп бара жатты. Үстіндегі көк күртешесі мен қара бас киімінен көз жазбай қуып келе жатқан күзетші оны көшенің екінші жағына өткенінде желкесінен шап берді.  «Өй, сен не? Не керек өзіңе? Жібер!» дегеніне қарамай дәу қара жігіт кері қарай сүйрелеп, саяқбаққа алып барды. Арсеннің боқтық сөздеріне де жауап бермей, бағанағы өзі әйелді ұрып кеткен бұрышқа қарай сүйрелей жөнелді. Сонда барып Арсен өз қылмысын көріп соңынан жеткен қуғыншы екенін түсініп, жұлқынып босап кетуге тырысып жанталасты. Қара дәу де қарулы екен, жіберер емес. Арсен қалтасында жүретін пышағын алуға ұмтылып еді, күзетші де тісқаққан екен, қолын қайырып артына ұстап алып сүйреледі.

Жаттығу алаңында ел шулап жүр. Жығылған әйелдің басын біреуі сүйеп отыр. Бас жағындағы топырақ бетінде қан көрінеді. Дәу қара келіп:

– Жедел жәрдем шақырысып жіберіңіздерші! – деді.

Арсен әлі жұлқынып тұр.

– Шақырдық... шақырдық, – деп шуласты жұрт. Күзетші сәл босатса қылмыскерден ­айырылып қалатынын біліп, жерге сұлатты да, тақымына қысып алып, қалтасынан телефон шығарып, полиция шақырды.

– Ой, сұмдық-ай, тыныш жүріп жаттығу да жасай алмаймыз!

– Мынау сұмдық-қой! – деген наразылық дауыс шығады.

Көліктерін шыңғыртып жедел жәрдем мен полиция қосарлана жетті.

2201 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы