• Руханият
  • 05 Тамыз, 2021

ЕКЕУІНЕ ТІЛЕК-НИЕТ ЕРЕКШЕ

Қырық-елу жыл бұрын іссапармен Атырауға (ол кезде Гурьев)  жол түсіп, ұшақтан түскен бойда қарсы алдымыздағы үйдің маңдайшасындағы «Өзің үшін жұмыстанғаның – қоғам үшін жұмыстанғаның» деген жазуға көзіміз түсті. Көпше түрде айтып отырғаным, жанымда ортақ тапсырманы орындау үшін бірге шыққан Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкері, көкшетаулық Ағзам Жұманқұлов бар-тын. Әлгі жазуға назар аударған ол «ананы қарашы» деді. Не демек болғанын біле қойған мен: «Жұмыстану – жұмыс істеу ғой» дедім. «Әрине, – деді ол. – Естімеген сөз болған соң...».

Осы бір сөздің өзі-ақ бар қазақ – бір қазақ дегеннің айғағындай көрінеді.

Өз басым содан бері «жұмыстануды» үнемі қолданамын. Сөйлегенде де, жазғанда да. Елу үш жыл бір мекемеде жұмыстанған кезде көріп-біліп, куә болған мұндай жай қаншама! Иә!

Тірі пенде өмір бақи тырбанып-тыпырлап, тіршілік үшін тайталас, қарбалас шақ күндердің күні (жақсы мағынадағы) мәресіне жетеді екен. Оны зейнеткерлік дейді екен. Әне, сол зейнеткерлік тақияны кигенімізге, бұйырса, жиырма төрт жылға аяқ басыпты. Аз ба, көп пе, бағамдай жатарсыз. Ал мен үшін зейнеткерлікке дейінгі дәурен (одан кейінгі жиырма төрт жыл да) көзді ашып-жұмғанша өте шыққан қас-қағым сәттен бір ауса неғылсын?! Қас-қағым!..

Әйтсе де, зейнеткерлікке дейін және кейін бастан өткерген ыстық-суық, иірім, жазмыш, туралық, әділдікті ту етіп ғұмыр кешкен өр мінез өрен, ер көңіл ерен жақсылар мен жайсаңдар, бірімен жақын, бірімен алыстан сыйласқан ағайындармен бір кезең, бір дәуірде тыныстап, бірге жүрген дариға дәурен – бәрі (барлығы) сол қас-қағым сәтке сыйып тұрғаны ше? Тағдырдың баға жетпес тартуы емес пе?

Әне, сондай күндердің бірінде – бір кезде «Лениншіл жас» газетінде бір бөлмеде қатар отырып жұмыстанған, сол басылымның бас редакторы болған Сейдахмет Бердіқұлов (редакциялар Көк базардың қарсысындағы тоғыз қабатты шыны үйде болатын) телефон соғып: «Сағаттың үйіндегі келін сендерде істей ме?» десін. «Иә» дедім. «Аты Шәрбану ма?». «Иә». «Онда соған айтшы, маған келіп кетсін». «Құп, Сәке!».

Сейдағаңның Шәрбануды не үшін келіп кетсін деу себебін бірден сездім. «Лениншіл жаста» орынбасарлық орын бос. Шәрбануды дереу Сейдахметке жібердім. «Қуана бер, жақсы хабар естуің мүмкін» деуді де ұмытқан жоқпын.

Екі-үш күн төңірегінде Сағат ешкімге бет қаратпайтын азулы бастық Сейдағаңа орынбасар боп шыға келді. Біз тоғызыншы, олар жетінші қабатта. Әдейі барып Сағатты құттықтап шықтым. Сейдағаңмен аптасына бір  не екі рет бірге түстенеміз. Оны жақсы білетіндіктен, ешқашан артық сөзге бармаймын. Көбіне сөйлейтін – ол, тыңдайтын – мен. Сұрақтарына жауап берумен шектелемін. «Дұрыс болды ма?» деді бір жолы Сағатты меңзеп. «Әрине» деуден басқа не дейін.

Сағат Әшімбаевты да білемін. Алғашында университетті бітіретін жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының арнайы шақыруымен жұмысқа тұрған уыздай жас журналист (қазір көрнекті жазушы) Шәрбану Бейсенованың жарқосағы, одан соң, әдебиет сыншысы ретінде. Одан соң, журналдың бас редакторы Мұса Дінішевтен бастап,  барша қызметкердің үйлерінде кезектесіп жайылатын дастарқан басында. Сондай шақтарда көп сөйлемейтін, өзін сыпайы ұстайтын Сағаттың ойы терең, білімді екені көрініп тұратын. Ашық-жарқын, жан дүниесі мөлдір, шыншылдығына журналдағылар тәнті екенін айта жүреді. Ал оны ­Сейдахмет орынбасарлыққа шақырған ­кезде Сағаттың қайда, қандай жұмыс істейтіні жадымда жоқ. Бірақ бірінші ұлдары Дәурен дүниеге келіп, екінші рет сәбилі болар қарсаңда басқалар сияқты олар да пәтер машақатын көріп жүргені есте. Бір жолы «Қазақстан» баспасы директорының Бекмұратов деген маған жақсы таныс, егде жастағы орынбасары: «Білесің ғой, үш бөлмелі үйде жалғыз тұрамын, пәтер жалдайтын адамдар болса айтарсың» деді. Дереу Шәрбануға айттым, олар сегізінші микрорайондағы әлгі үйге дереу көшіп барып, біршама уақыт сонда тұрды. Сағат пен Шәрбанудың екінші сәбиі Мәулен сол пәтерде дүниеге келді. Шәрбану перзентханадан шығысымен Сағат шілдехана жасады. Оларды қадірменді Мұса Дінішев, Өтебай Қанахин, Жекен Жұмаханов, Қуандық Шаңғытбаев, Қажкен Ахметов, Өкім Жайлауов сынды аға буын әріптестер  құттықтап, баталарын берді. Мәуленнің бөлменің бір бұрышында қолтоқпақтай боп құндақтаулы жатқан қалпы осы күнге дейін көз алдымда. Содан ба, оған деген ықылас, қимас сезім әлі күнге жалғасулы. Мені таныр-танымас, білер-білмес, мәселе онда емес, бүгінгі жігіт ағасы Мәуленге деген о бастан көңілде орныққан тілек-ниет, пейілде. Соны түбі бір білдірсем деуші едім, орайы енді келгендей.

Е, одан бері қаншама су ағып, қаншама көктем, жаз, күз, қыс өтті! Атағы аспанға шарықтап, әйгілі сыншы-ғалым атанған, Радио және телевидение жөніндегі мемлекеттік комитеттің председателі секілді жоғары лауазымды қызмет атқарған, мейлінше ұлтжанды Сағат өмірден озғалы ширек ғасырдан асты. Қашанда Алла Мәуленге жар боп, өмір жасы ұзақ болғай. Сағат көре алмай кеткен шапағат-қызықтар оның аяулы жары, менімен бір шаңырақ астында он алты жыл бірге қызмет істеген Шәрбану мен ұлы Мәуленге, немере-шөберелеріне нәсіп болғай деп тілеп жүремін әрдайым да.

Осы мақала тақырыбын «Екеуіне тілек-ниет ерекше» деуімнің тағы бір себебі, мен үшін қазір танымасам да, құлдырап шауып жүретін оқушы кезінде көріп, ықыласым ауған, бала бейнесі көз алдымда тұратын тағы бір азамат бар. Әуелі оның да ата-анасы туралы айта кету парыз. Оның әкесі белгілі ғалым, медицина патриархы, академик Төрегелді Шарманов. Әне, сол Төкең, Төрегелді Шарманов докторлық қорғап, профессор болған соң, Ақтөбе медицина институтында ректор боп жүрген жерінен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі қызметіне жоғарылап, Алматыға оралды. Ал, ол кезде маған ауылдас, бауырлас, Соғыс ардагері, ­медицина ғылымының ­докторы, профессор Әмір Тұрлыбайұлы ­Алданазаров майданнан оралған бойда орналасқан Қазақ өлкелік-паталогия ғылыми-зерттеу институтында (бұрынғыша) жұмыс істейтін. Төрегелді Шармановпен аралары жақын, сыйлас, сырлас еді. Сол ғазиз жан  айтатын: «Төрегелді министр боп келген бойда жоспарлау басқармасын басқаруға оңтүстіктің бір пысық жігітін тауып беріңіз деп қолқа салды. Мен көп ойланбастан, Келес ауданының өзім жақсы білетін бас дәрігері Көпжан Арынбаевты ұсындым. Ол ұзамай сол қызметке келді. Жоспарлау басқармасы министрліктің қаржысына жауапты сала. Көпжанды сен де біледі екенсің ғой, аузынан тастамайды» деп.

Иә, Көпжанды білетінмін. Жасы қатар замандас, құрдас. Алматыға келісімен жолығып, жаңа қызметі жайлы «бұрын істемеген, бейтаныс жұмыс, алып кете аламын ба, жоқ па» дегендей күдігін де жасырмаған. Министрдің өзіне деген ықылас, көзқарасын да бүкпейтін. Пәтер алғанша «Қазақстан» (қазіргі «Жетісу») қонақүйінде тұрды. Пәтер алған соң әйелі Раушан, ұлы Талғатты көшіріп әкелді. Сол кездерде Көпжанның үйіне жиі баратын мен  бұрын білмейтін, бітім-болмысы өзгешелеу, сөзі салмақты, қара торының көріктісі дерлік, үстіне келісті шуба киіп, басына қалыңдау орамал тартатын жылы жүзді, қартаңдау әйелді көріп жүрдім. Көпжан ол кісіні үлкендермен бірге, кейде жасы кіші қонақтарға қосып та шақыратын. Көпжаннан «бұл кім?» деп сұраған емеспін, кім екенін «Төкеңнің анасы ғой» деп алғаш көргенде-ақ айтқан. Бір барғанда Төкеңнің анасын ержетіп келе жатқан бірі ұл, бірі қыз – екі немересімен бірге көрдім! Қайран ананың өзге қонақтармен ісі болмай, есіл-дерті немерелеріне ауды да отырды.

Көпжан тағы бірде «келіп кет» деген соң барсам, дастарқанда буы бұрқыраған тұтас бір қойдың еті, бөтен ешкім жоқ, тек Төкеңнің анасы мен әлдебір бейтаныс жас әйел. Көпжан ол әйелді Төкеңнің зайыбы деп т­аныстырды. Және Төкеңді осы әлгінде аэропорттан алыс сапарға шығарып салғандарын айтты. ­Дастархан сол үшін жайылыпты.

«Апа, балаңыз аман-сау оралсын. Сол кезде тағы бас қосайық» деді Көпжан Төкеңнің анасына қарап.

– Айтқаның келсін. Сен де баламсың ғой. Алла жар болсын, – деді Төкеңнің анасы.

Төкеңнің анасы мен зайыбы ерлі-зайыпты Көпжан мен Раушанға риза боп, көңілді отырды. Оларды Көпжанның үйінде кейін де көріп жүрдім.

Осы жазбаларды хатқа түсіру үшін ойланып-толғанып жүргенде, «Ана тілі» газетінде Төрегелді Шарманұлының ертеректе отбасы мүшелерімен бірге түскен суреті жария­ланды. Онда Төкеңнің өзінен ­бастап, анасы, зайыбы, балалары – бәрі бар. Таныс бейнелер көзіме оттай басылды. Мұны Жаратқан Иенің ойға алған ниетімді қолдағаны шығар деп, өзімше жақсы ырымға баладым. Қалай дегенде де, кездейсоқ деуге келместей сәйкестік.

Сол күндер де өтті-кетті. Бүгінде менің Төкең сынды тұлғаның ет жақындарымен дәм-тұздас болуыма сеп жасаған Көпжан да, Төкеңнің анасы, зайыбы да жоқ бұл өмірде. Марқұмдардың рухы шат болсын.

Одан бері не заман. Біраз уақыт бұрын тоқсан жасты еңсерген Төрегелді Шарманов аста-төк той жасауға құлқым жоқ. Телефон не электронды пошта арқылы құттықтау жетеді. Аты жаман аурудан сақтанайық дегендей лебіз білдіріпті. Аты жаман ауру демекші...

Бірде теледидардан «Алмазные ­советы» деген жазуға көзім түсті де, бұл не екен деп, көрсетілген уақытта қарасам, жасы алпыстың о жақ, бұ жағында дерлік әлдебір қытай азаматы әлгі аты жаман ауру жайлы кеңес айта бастады. Мәнді, мағыналы, тұшымды ой-пікірлер айтып жатқаны. Мынау деген сирек маман ғой. Е, мұндай сирек маман кейін болмаса, бүгін қайдан болсын бізде. Орысша көсілуіне қарағанда, әлде Мәскеу, әлде Петерборда оқыған қытай (не кәріс) азаматы. «Алмазные советы». Бәрекелді!

Хабар бітті. Аяқталар сәтте «қытайдың» аты-жөні Алмас Шарман деп  айтылды. О, деген! Аты жаман ауру жөнінде мынадай кеңес беруші қазақ болғаны ма сонда?!

Әлбетте, солай! Қазақ! Басқаларды қайдам, өз басым бірден білдім. Бұл сол баяғы, елу жасында ажал құшқан аяулы досым Көпжанның үйінде көрген бала. Төкеңнің ұлы. Алмас! Көп жылдан бері қайда жүріп, қайда тұрғаны (біздейлерге) беймәлім, біреу анда, біреу мұнда, Америкада дейтін Алмас болып шықты. Оның әжесі, анасы, Көпжан еске түсіп, жан дүнием әлем-жәлем болсын.

Бельгерше айтқанда, мың тәуба! Мәулен, Алмас! Бәлкім, бір-біріңді танымассыңдар. Мені екібастан. Әңгіме онда емес, менде боп тұр. Біріңді сәби, біріңді бала кездеріңнен білетін шынайы ықыласта. Мұндай болады.

«Өмірдің өзенінде жылдар ағып,

Келешек келе берер жыл жаңарып.

Жақыннан кейде оны байқамасақ,

Алыстан өсе берер тұлғаланып».

Осылай толғаған Сырбай Мәуленовке тағзым! Бұл шумақты өткен ғасырдағы 50-ші жылдарының басында ұлы ақын қалай тауып айтқан, біліп жазған! Тегі бұл шумақтың осындай да кәдеге жарайтынын білген боп тұр-ау, шамасы!

Зәкір АСАБАЕВ,

 «Қазақ журналистикасының

қайраткері»,

Төлеген Айбергенов медалінің иегер

1755 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы