• Білім және ғылым
  • 05 Тамыз, 2021

Денсаулық сақтау емес, Денсаулық министрлігі деген дұрыс-ау!

Азаматтың суреті

Сөздердің оғаш түсініктері туралы

Білім мен ғылымның шарықтаған заманында да, халықтардың сауаттылығы дамыған шақта кейбір сөздердің  оғаш  түсініктері  бары рас. Әсте бұл сөздердің ерте кезде  қолданыста болғанынан болуы мүмкін. Санамызға бойлай сіңіп  кеткендіктен  көңіл аудармай бізбен бірге  қатар жасасып келуі соның дәлелі болса керек. Бұл сөздер ғылымның тіл білімі саласы құзырындағы дүние. Ал ғылым  тұрғысында  О.Сүлейменов «Дәл ғылымдар барда, гуманитарлық, яки дәл емес ғылымдар – тілтану және тарих бар. Кейінгі екеуі үндіеуропизмнің жалған нұсқауларын арқа тұтады. Бұлар XIX ғасырдағы Еуропада әришілдік індет негізінде қалыптасты да, соның кеселінен әлі арыла алмай келеді. Адамзат баласының көне тарихы XIX ғасырдың саяси және мәдени картасына қарап отырып пайымдалды. Ешбір  диалектикаға жатпайтын мұндай жабайы көзқарас өз теориясын ғалымдардың болашаққа  деген үмітін үзбей, оның тұжырымдарына жарқыншақ түсірмей, бірде бір әрекет жасалмапты» дейді.     

Тарих мәселесін шегере тұрып тіл білімі  ғылымының құзырындағы тіл  сөзінің  түсініксіз  оғаш  тұстарын талқылауға арнасақ деймін. Бұл тақырыпта тіл-сөзінің түсінігі және атқаратын қызметі жайында өз пікірімді білдіруді жөн санадым. Олай болса тіл ғылымы мамандарының осы тақырып төңірегіндегі  пікірлерін білу қойылған сұрақтың шешімін табуға септігін тигізер деген мақсатпен бір-екі  үзінді  келтіріп  кету  қажеттілігі  туындайды.  Бесінші  сынып  «Қазақ  тілі»  пәнінің  оқулығында   «Тіл – қасиетті, құдіретті ұғым. Сендер бұл сыныпта тілдің   құндылық екенін ұғына отырып, оның қоғамдық-әлеуметтік қажеттілігін түсінетін боласыздар. Тіл арқылы  ата-бабаларымыздың сан ғасырлық мәдени мұраларымен танысасыңдар. Тіл адамдардың бір-бірімен қатынас жасауының құралы» деп  түйіндеген. 

Б.Ысқақ  тіл  жайында «тіл  адамзат қоғамында қатынас, сөйлесіп пікір алысудың құралы. Тіл мен қоғам өзара тығыз байланысты, біріншіден, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл – адамзат қоғамының өмір сүруінің қажетті шарты. Тіл – тірі тарих. Онда халықтың ғасырлар бойы жинақтаған іс-тәжірибесі мен даналығы бар. Тілде оны ­жасаушы халықтың тарихы, шежіресі бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің ізі естіліп тұрады» дейді. Оқулық мектеп мұғалімдері мен жоғарғы оқу орындарының филология факультетінің  Қазақ  тілі  мен  әдебиеті  мамандығын  меңгеруші  студенттеріне арналған.

  Жоғарыдағы дерек көздерінен  алынған ақпараттар негізінде  пікірімізді  ортаға  салсақ,  тіл сөзінің мағынасының анықталмағанын  байқауға  болады.  Екі дереккөз  авторлары  тіл  сөзінің  мән-мағынасын  анықтамаса  да, тілдің атқаратын қызметінен ­хабардар етті. Демек, тіл сөзінің мағынасың анықтау басты мақсат болып қала бермек. Осы сәтте ертеде, менің жас кезімде шырқалатын «сайра тілім, сайра» деп айтылатын өлең еске түседі. Өлең сөйлемдерінің мағынасын зерттеу барысында  мынадай  болжам жасауыма  жол  ашты.  Халықтардың қарым-қатынасында болатын сөздерді – тіл, тек қана тіл шығарады деген ұғымнан туындаса керек. ­Сонымен қатар жоғарыдағы  тіл  білімі  мамандарының – тіл сөзіне берілген анықтамалар жиынтығы  да   осы пікірді нығыздай түседі. Сол себептен тіл сөзінің мағынасын толық және дәйекті анықтау  кажеттілігі  туындайды. Тілдің – сөз шығару процесіне қатысу белсенділігін талдап-анықтап тұжырым жасап, пікірімізді білдіру  тіл проблемасының шешуі болмақ. Ол үшін бірінші сынып  «Ана тілі»  оқулығының  Тіл  тақырыбына  арналған  екі  сабағының мазмұнын  талдап  өз  пікірімді   білдіру  кажеттілігі  туындады.

1-сабақтың  тақырыбы  – ТІЛ  ЖӘНЕ  СӨЙЛЕУ

2-сабақтың  тақырыбы – СӨЙЛЕМ, СӨЗ,  ­ДЫБЫС, ӘРІП

Көріп отырсыздар, бірінші сабақтың тақырыбы – тіл және сөйлеу.  Келесі екінші сабақтың тақырыбы – сөйлем, сөз, дыбыс, әріп. Бұл сөз тіркесі сөздің орындалу кезеңдеріне қарама-қайшы пікір. Сөйлемді айту үшін сөз керек, сөзді айту үшін дыбыс, жазу үшін әріп керек, олай болса сабақ тақырыбы – ­дыбыс, әріп, сөз, сөйлем деген сөз тіркесімен дәріс беру сөйлемнің орындалу кезеңдеріне сәйкес келеді. Таңғаларлығы – сабақ тақырыбында көтерілген дыбыс, әріп, сөз, сөйлем, сөздерінің анықтамасы, нақты мәні сабақ  бағдарламасынан  тыс қалған.  Бұл  дегеніңіз – оқушыға дыбыс, әріп, сөз, сөйлем сөздердің мағынасы  түсініксіз  болып  қала  бермек.

 Жоғарыдағы олқылықтарды толықтыру мақсатында  дыбыс,  әріп,  сөз,  сөйлем, сөздерінің түсініктемесін және мәнін баяндап түсіндіру  қажеттілігі туындайды. 

 Дыбыс – әлемдегі  тіршілік иелерінің өмір сүруіне және дамуына қажетті құралы. Дыбыс алмасу сәтінде жан-жануарлармен жәндіктер қауіп-қатерді басқа амалдарды орындауға арналған дыбыстар көмегімен қарым-қатынаста, түсіністікте болып тіршілік ­жасайды. Дыбыс шығару қабілеттігі тіршілік иесінің санасы мен ми құрылысының жетілуіне тікелей байланыста болады. Адам санасымен ми құрылымының басқа тіршілік иелерінен жоғары сатыда болуына ­байланысты дыбыстың  әртүрлі түрлерін шығарып сөйлеуді меңгерген. Осылайша, адамдар бір-бірімен сөйлесіп түсіністік табатын тіршілік иесі болып қалыптасты.

 Әріп – әр дыбыстың ырғағына сай таңбаланатын белгі. Әріп сөзді жазып оқуға жол ашты. Адамдардың алдыңғы буыны соңғы буынына қағазға, сазбалшыққа, тасқа жазып, ақпарат қалдыруға қолы жетті.

Сөз – бірнеше дыбыстан тұратын әрбір халықтың бір ұғымды, мағынаны білдіретін әріп қосындысы. Сөзді айтуға да, жазуға да болады.

Сөйлем – бірнеше сөзден тұратын белгілі бір халықтың бір ұғымды білдіретін мәні анықталған сөз тіркесі.

Сөйлесу – ұлты және сөзі бір халықтың  сұхбаттасушыға  өз ойын  білдіретін сөздер тіркесімен  жеткізе  білу  қабілеттілігі. 

Ендеше, адамның  дыбыс  шығарып  сөйлеу  процесіне  қатысатын мүшелерін  анықтау,  тіл  сөзінің  анықтамасын  шешудің  кілті  болмақ. 

Адамның дыбыс шығару қабілеттілігі  сыбызғының дыбыс шығаруына  ұқсас  болады  деп ойлаймын. Сыбызғыға үрлеу қаншалықты қажет болса дыбыс шығаратын ауыз, мұрын, қуыстарына да соншалықты қажет. Өкпе барлық дыбыстарды шығаруға қатысатын адам ағзасы. ­Дыбыс шығару процесінде ауыз мұрын қуысындағы қандай мүшелердің қатысуын  анықтау тілдің сөйлеу процесіне қатысуының  көрсеткіші болмақ.  Ол үшін Ж.Түймебаевтың  шығармасынан мына  үзіндіні  келтірсек.  Бұл  кестенің мәліметтерін зерттеу тілдің сөйлеу процесіне қатысу белсенділігін анықтауымызға  септігін  тигізетін  мәлімет  болмақ.  

 

Тілдің қатысына қарай            Жуан           а, о, ұ, ы, у

                                               Жіңішке      ә, ө, ү, і, е, и

Еріннің қатысына қарай          Еріндік        о, ө, ұ, ү, у

                                               Езулік          а, ә, ы, і, е, и

Жақтың қатысына қарай         Ашық          а, ә, о, ө, е

                                               Қысаң         ұ, у, ы, і, и, у

 

Кесте мәліметтерінің  негізінде тіл  қазақтың дауысты он бір  дыбысының  шығуына  қатысады  екен.  Демек, дыбыстан  әріп,  әріптен  сөз,  сөзден  сөйлем  туындайтын  заңдылықтың  негізінде  тілдің  сөз  шығаруға  қауқарсыз  екенін  байқау  қиындыққа  түспейтінін  түсінуге болатын  құбылыс.  Бұл  тұжырым  тілдің  сөз  сөйлеп,  ойымыздағы  пікірімізді  сұхбаттасушыға  жеткізетін  мүше  емес  деген  түсінік жасауға  негіз  болатын ақпарат деп  қарастыруға  болады. Осылайша, жоғарыдағы ­кесте  мәліметтерінің  көмегімен біз дыбысты, сөзді,  сөйлемді  шығаратын  мүшелер – тіл,  ерін,  жақ,  мұрын  және  өкпе  екендігін  дәлелдеп,  көз  жеткіздік.  Осы  тұжырымның  негізінде,  сөйлесіп  пікір  алысудың  құралы – СӨЗ  демекпін.    

Тіл, сөз  туралы А.Байтұрсынұлы «Сөз шумағы дегеніміз бірнеше сөзден тұратын сөйлемнің  анықтамасы. Сөйлем  сөздің жиынтығы. Ендеше, сөзді – Тіл  деп  түсінуіміз  керек» деген.   Автор  өз шығармасында  бұл  ұстанымнан  ауытқымаған. 

Тіл сөзінің ұғымы  ата-бабаларымыздың жасаған алғашқы ұғымымен жалғасын тауып қала берген. Демек, ықылым заманда шырқалған «Сайра тілім, сайра» өлеңі кейінгі буынның санасына терең сіңіп  баз  қалпында мағынасын өзгертпей  бізге жеткен. Ал тіл сөзінің анықтамасын қатесіз берген автор да, ата-бабаларымызға көзсіз табыну салтымен өз шығармасын ескі түсінікпен сомдаған. Сайрайтын да тіл, сөйлейтін де тіл.  Қатынас  құралы  да  тіл. Ықылым заманнан келе жатқан осы ұғым мағынасын жоғалтпай, бүгінгі таңда қолданыста болуының себебін осылай түсінуіміз керек. Осы ұстанымға  сүйенген әл-Фараби  Ғылымдар  классификациясы  атты  еңбегінде  ғылымдарды төмендегіше  жіктеген.

1. Тіл  білімі  ғылымы  және  оның  тараулары.

2. Логика  және  оның  тараулары.

3. Және  т. б.

 

Сөз  өнері  дегеніміз не?     

 

Сөз өнері  жайында  А.Байтұрсынұлы: «Сөз өнері бір нәрсе турасындағы өз пікірімізді, қиялымызды, көңіліміздің күйін айта білсек сол сөз өнері ­болады. Санадағы пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіппен қисынын, кестесін сөз арқылы баяндап жазу – шығарма болады. Сөз шығару өнерді керек етсе, өнер Ғылымды керек етеді. Осылайша, сөз өнерінің Ғылымы туады» дейді. Автордың  ұғымымен  ғылымдар классификациясы төмендегідей сипатталады.

1        Сөз өнері  ғылымы

2        Педагогика  ғылымы

3        Тарих  ғылымы

4        Және  т.б.

Ықылым заманнан  қолданыста  болып  келген тіл  білімі  ғылымының  қалыпты  түсініктері мен  ұғымдары  түбегейлі  өзгеріп  Сөз  өнері  ғылымы  деген  атауға  ие  болды.  Менің  пайымдауымша,  ерте кезде Сөз  өнері  ғылымы  ғылым  ретінде  қарастырылмай, зерттелмей  тоқырау  заманын  ­бастан  өткізгенге  ұқсайды. 

Осы жіберілген қателіктің салдары болар, өткен ғасырдың басында өмірден  озған Абай атамыздың қара сөздеріндегі «Жибили, хасил, жан қуаты. ғибадат, ләкин,  бірлан,  кәмәләт,   бірадар, шәриксіз,  ғайыпсыз,  хақтығы,  испат,  якини,  таклиди,  ғафу,  шафағат,  табарака,  қазірет, бәйіт, хикмет, мейіл, ғибрат, дүр» деген сөздерді  бүгінгі таңда  мектеп  бағдарламасында, көркем  әдебиет  айдарынан  да  кездестіре  алмайсыз.  Осылайша, бір ғасырдың  төңірегінде  жоғарыдағы  сөз  болған  қазақ  сөздері  қазір Өзбекстан халықтарының қарым-қатынас,  пікір  алысудың  құралы  ретінде  пайдаланып отыр. Бұл  бүгінгі  өзбек  деп  аталатын  халықтардың  қазақ  халқының  сөздерімен  өзара  түсінік  табысуы  олардың  Қазақ  халқымен  салыстырғанда  қазақырақ  болғанының  дәлелі  ретінде  қарастырғанымыз  шындыққа  туыс  тұжырым  болмақ.  Осы  ақпарат  негізінде  өзбек,  қазақ  деп  аталатын  екі  халықтың  тегі  бір (фамилиясы)  қандас  халықтар  екенінің  дәлелі  ретінде  түсінуіміз  керек. Сәті  түсіп  тұрған  кезеңде  айта  кетейін,  зерттеушілердің  әжетіне  жарар, өзбек  халқының   өзбек  деп  аталғанына  2028  жылы  аттай  600  жыл  толады.  Оның аралығында  көшпелі  өзбектер  деп те аталды.  Ал ертеде өткен біздің бабамыздың бабасының бабасы Ғалішер, Фердоуси, Низами сияқты сөз  майталмандары  оқулықтарымызда да жоқ – оқымаймыз. Негізінде әдебиетіміздің  бастауы  арғы шетін білмеймін,  бергі  шеті  осы жерден басталатынын  әрдайым есте сақтағанымыз абзал. Бабаларымыз қазақ тайпаларының өкілі ретінде  әлемге  белгілі  болатын. Қаңлы, Қоңырат, Сіргелі, Жалайыр дегендей. Ол заманда қазіргі ел атауына не болған Өзбек хан өзі тұрмақ бабалары да жарық дүниенің есігін аттамаған-ды. Болашақта  осы  жіберілген  олқылықты  болашақ  сөз  өнерінің  Талапкерлері  мен  Ғалымдары  орнын  толтырып  қандас  халықтардың  туыстастығын арттырып,  елдестіруге  септігін  тигізер  деп  ойлаймын.

Болашақта  жоғары оқу орындарының  филология   факультетінде  дәріс алып  жүрген  студенттер  Сөз өнерінің маманы болып  тәмамдайды. Бұл  сөз  өнерінің  мамандары  сөз  өнері  (филология) факультетінде  дәріс  алады  деген  тұжырым.      

Түрік – бұл сөзді қазіргі кезде Түркі деп айтамыз  да, жазамыз да. Түрікменстан сөзін – түрік деп жазамыз, бұл жазудын қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс. Түрік – қазіргі кезде түрік тілдес  халықтардың түп атасы. Олай болса бұл халықтар тілдес және қандас халықтар.

 

Сөз түзелсе

 

Түркістан – қазіргі таңда жоғарыда айтылғандай, бұл сөзді Түркістан деп айшықтап қалаға кірер жолдың барлығына діңгекке жазып қойдық. Қалаға кіріп-шыққан барша  қауым бұл сөзбен жіті таныс және көзге үйреншікті белгі. Кірер кезде қалаға жеттік, шығар кезде қаладан шықтық деген ғана ой келеді. Осылайша, түп атамыздың Түріктің есімін дұрыс жаза алдық.

АУДАН – төртбұрыштың ауданы ұзындығы мен енінің қөбейтісіне тең делінеді. Аудан сөзінің орысшасы район. Байқасақ район сөзінің қазақ тіліндегі аудармасы аудан сөзінің мағынасына  сәйкес келмейтіні  көрініп  тұр. Бұрыс аудармаға ұқсайды.  Қазіргі кезеңде Саха елінде аудандарын  ҰЛЫС  деп атайтын көрінеді. Бұл бір ұлыстың аумағы деген мағынаны білдіргені болар. Олай болса, бізде өз ­аудандарымызды математикалық терминдерден алып, аудан сөзін математика еншісінде қалдырып, Ұлыс деп атасақ, өз мағынасына сәйкес келеді деп ойлаймын. Бәйдібек ұлысы, Отырар ұлысы, Сайрам ұлысы  деген  сияқты. Осылайша, математикалық терминдегі аудан сөзін саяси-әкімшілік құрылымына сәйкес келетін Ұлыс сөзіне ауыстыру елімізді сауатты елдер қатарында болуымызға септігін тигізетін  қадам болмақ.  Сонымен  қатар  қандас  бауырларымыздан  алынған  алғашқы  Ұлыс  сөзі  болашақта  сөз  өнерін  зерттеуші  азаматтарға  бағдар  болмақ.

  ДЕНСАУЛЫҚ  САҚТАУ. Үкімет  құрамында  Денсаулық  сақтау  министрлігі – деген  ұжым  бар.  Бұл  жерде  атқаратын  қызметі  емес, зерттеуіміз  сөз  төңірегінде  болғандықтан – сақтау сөзіне  көңіл  аударамыз.  Сақтау –  бұйымдар, заттар, жеміс-жидектер, бақша, дән өнімдері және  т.б. адамға  қажет дүниелердің адам  ағзасына  залалсыз  болатын  тұсын  анықтайтын  сөз. Ал  бүгінгі  таңда  денсаулықты  сақтайтын қамба да, қойма да салынбағаны  жұртшылыққа  мәлім Сақтау  сөзі  кеселдің  алдын  алу  амалдары  деп  түсінсек,  бұл  бағытта  да  ұжым  мамандары  мардымды  жұмыс  атқармаған. Бұқара  халық  арасында  кеселдің  алдын  алу  жолдары мен  тәжірибелері  насихатталып,  түсіндіру  жұмыстары  жүргізілмеген. Шамасы бұл денсаулық  қағидалары  мектеп бағдарламасына  еңгізіліп, дәріс  берілсе,  оқушыларымыз денсаулық  ұғымдарымен таныс  және  сауатты  азамат  болып  қалыптасар  еді. Мұндай  бетбұрыс  дені  сау   адамдардың  көбеюіне  төте  жол. Осы  айтылған пікірлер негізінде бұл мекемені – ДЕНСАУЛЫҚ МИНИСТІРЛІГІ деп  айшықтау  мәселенің  шешімі  болар  демекпін.       

ОБЫЛЫС – орысшасы ОБЛАСТЬ  сөзінің  қазақшаға  үйлесімді  аудармасы. Қазақ сөзінде  жер  ауданын анықтайтын сөздердің  бірі Өңір болса  керек. Ендеше, осы кезде жаңа қолданысқа еніп келе жатқан Өңір сөзін Облыс сөзінің орнына қолдансақ, қазақшамыз қазақшаға жақындай түсетін сияқты.

ЖАТЫР – адам  тіршілігінде  қолданысы  шектелген  сөз.  Мәселен, ұйықтап  жатыр, демалып  жатыр  деген  сияқты. Сонымен  қатар жатыр – әйелдер  ағзасы. Қазіргі  таңда  сөйлем  мәтініндегі  ұғымына,  мағынасына, үйлесу  сәттеріне  мән  бермей  оңды-солды  айтылатын  сөз. Мәселен, шығарып  жатыр, келе  жатыр деген  сияқты. Санамен сараласақ – қалайша  әрекет, амал  жасалынбай  қандай  да  бір  зат, бұйым шығармақшы. Қалайша  жатып-жүрмей  келмекпіз.  Сорақысы – осындай  ақпаратты  жаңалықтар  бағдармаларында  қалың  жұртқа   насихаттаушы  жоғары білімі  бар,  сөз  өнерінен  хабардар БАҚ  қызметкерлерін  қатысуымен  іске  асуында  болып  тұр.

    Жаңа адамдар жанында  жаман  адамдар  болмаса  екен  деп  тілейік. Іске  сәт,  болашақ  зерттеушілер.

   Т.ЖЕТПІСОВ

 

4697 рет

көрсетілді

18

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы