• Қоғам
  • 05 Тамыз, 2021

Қызыл аймақтағы Қазақстан

ҚР Үкіметі елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы отырыс өткізді. Жиынға министрлер мен өңір басшылары қатысты. 

Елдегі эпидемиологиялық-санитарлық жағдай бойынша Қазақстан Республикасы 26 шілдеден бастап «қызыл» аймақта тұр. Түркістан облысын қоспағанда, барлық өңірлер қызыл аймақта орналасқан. Инфекциялық төсек-орындары 70% толған өңірлер үшін «қоңыр-қызыл» аймақ пайда болды.

Үкімет отырысында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 3 тамызында ­республика ­бойынша жұқпалы аурулар төсек-орындары 56%-ды, реанимациялық төсек-орындар 44%-ды құрады.

 «Коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерге әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында Министрліктің жетекші қызметкерлері мен медициналық жоғары оқу орны профессорлары мен оқытушылары Қазақстанның 10 өңірін аралады. Өңірлерде егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, жағдайды тұрақтандыру үшін нақты ұсыныс берілді» деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жиында.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, елімізде вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні, шамамен, 9,4 млн доза вакцина пайдаланылған. Оның ішінде бірінші компонентін 5 480 094 адам алды, бұл тиісті халықтың 55,4%-ын құрайды. Екінші компонентін 3 941 941 адам ­немесе тиісті халықтың ­39,8%-ы ­салдырды. Министрлік тағы 4 млн адамға қосымша 8 млн дозаны жеткізуге келісімшарт ­жасады.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың мәлімдеуінше, елімізде вакцина алғандардың ішінде ауру жұқтырған науқастар саны 0,1% құрайды. Науқастардың 99,9% вакцина алмаған.

«Бұл ортақ иммунитеттің қауіпсіздігі мен тиімділігін растайды. ­Вакцинация коронавирустың тұрақты ­мутация жағдайында қорғанудың жалғыз әдісі болып отыр. Сондықтан әрбір қазақстандықтан вакцинациялау ­туралы саналы шешім қабылдауы – өзін, жақындарын қорғауды және елімізде ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға үлес қосуын сұраймын» деді Е.Қиясов.

Айта кетейік, ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, елімізде қызмет көрсету саласындағы барлық қызметкер вакцина алуға міндеттелді. Вакцина алмаған немесе әр жеті күн ­сайын ПТР тестілеуінен өтпеген қызметкерге жұмысқа келуге рұқсат берген басшылар енді айыппұл төлейді. Оның мөлшері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462 ­немесе 425-бабында бекітілген. Нақтырақ айтсақ, жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға – он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл қарастырылған.

Майя МҰРАТБЕК

 

790 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы